Аспанға шапшыған арғымақ
2019 ж. 19 қаңтар
6354
0
1954 жылы жазғасалым Украинаның астанасы – Киев қаласы ерекше құлпырып сала бердi. Жаймашуақ кездiң жанға жайлы уақыты болатын. Украин халқы өз елiнiң Ресеймен тiзе қосқан 300 жылдығын тойлап жатқан. Оған әлемнiң түкпiр-түкпiрiндегi 65 мемлекеттен қонақ шақырылды. Солардың қатарында достық қарым-қатынасы ертеден басталған Қазақстаннан келген кiсiлер де бар едi.
Киевке Қазақстаннан барлығы оншақты адам келдi. Iшiнде бұлбұл көмей әншiмiз Күләш Байсейiтова, мың бұралған бишiмiз Шара Жиенқұлова бар. Арасындағы ең жасы – Ермек Серкебаев. Ол кездерi саяси қуғын-сүргiн көрiп, Мәскеуде қызмет етiп жүрген Мұхтар Әуезов делегация қатарына жолдан қосылған. Атақты партизан, жүрек жұтқан батыр Қасым Қайсенов бұлардың бәрінен де ертерек барып алған едi.
Қазақ даласынан тойға тарту ретiнде бiр сәйгүлiк алып барған болатын. Үш жүз жылдық мерейтой ресми түрде Киевтiң Орталық стадионында аталып өттi. Сол кездi сағына еске алатын Халық қаһарманы, жазушы Қасым Қайсенов:
– Халық керемет көп жиналды. Украина Үкiметi бiр жақта трибунада отырды. Бiз атты алып келгенде, Мұхаң – Мұхтар Әуезовтiң айтуымен, аттың екi жағынан Күләш пен Шара жетектейтiн болған. Ең алдымен, Мұхаң мен Нұртас Оңдасынов, сосын ат жетектеген екi қызымыз, артынан делегация мүшелерi жүрiп отыратын болды. Аттың ер-тұрманының өзi қымбат, Қостанай малының тұқымы болатын. Атты осылай жетектеп, үкiмет алдына апарып тапсыруымыз керек едi, Күләш пен Шара екi жағынан ұстаған ат жүрмей қойды. Алдыңғы екi аяғын көтерiп, аспанға шапшып тұрып алды, – дейдi.
Қазақ жұрты қашаннан-ақ өзi қадiр тұтар сыйлы қонағына ат мiнгiзiп жатады. Себебi, қазақ үшiн жылқы малы – мүлде бөлек дүние. «Ер қанаты – ат» деп, оны ерекше бөле-жара атаған. Жол азабына қарамай, алты айшылық жердегi сонау Украинаға ат жетектеп баруы да сондықтан едi. Бiрақ, Күләш пен Шараның жетегiне ат жүрмей қойған.
«Адам жылқы тектi» деп қазақ тегiн айтпаған. Қалай болған күнде де, қазақ пен жылқының арасында беймәлiм бiр байланыс бар. Қазақтың қос шынары – Күләш пен Шараның жетегiне жүрмей, ат аспанға шапшығанда, әркiмнiң әрқалай ойлағаны рас. Ал, шындығында, бұл аттың өзiндiк қасиетi бар болатын.
– Төрт түлiк малдың iшiнде жылқы қазаққа ең жақыны болып есептеледi, жанындай жақсы көретiн малдың бiрi. Жылқы деген әрi тамақ, әрi көлiк. Жылқының мiнезi де қызық, өзi қазақпен ортақтасып тұрады. Қазақ тұрған жердiң бәрiнде жылқының Керқұлан дейтiн бiр түрi болды. Ол 1917 жылға дейiн бар болатын, содан кейiн ол құрып кеттi. Анау, Прежевальский жылқысы деп жүргенi сол – Керқұлан. 1917 жылдан кейiн ол тек Жоңғарияда бар-тұғын. Жылқының тағы бiр Тарпаң деген тегi бар едi, оның ең соңғы тұяғы 1864 жылы Украин даласында оққа ұшты. Содан кейiн Тарпаң болған жоқ, – деген болатын бір әңгімесінде этнограф-ғалым Жағда Бабалықұлы.
Әрине, бұл аттың арғы аталарының бiрi осы Украин даласында оққа ұшқанын ешкiм бiлген жоқ. Бiлген күннiң өзiнде, ұлан-асыр той үстiнде ол кiмнiң есiне түсе қойсын. Сыйға алып барған ат ойламаған жерден мiнез көрсеткенде, ел-жұрт шошыңқырап қалды.
Асаулық танытқан арғымақ аспанға шапшығанын қойғанда, төрдегi құрметтi орында отырған маршал Буденный жүгiрiп келiп, атты аялай берген. Қазақстан делегациясын бастап барған Нұртас Оңдасынов халқымыздың рәсiмi бойынша тойға тарту ретiнде әдейi арғымақ әкелгенiн айтты.
– Аттың екi аяғын аспанға көтерiп, мiнез көрсеткенiн көрген жұрт «Аттарың асау ма, немене?» деп сұраған едi. Оған Мұхаңның қалжыңдап: «Ол асау емес, аттың сiздерге сәлем берiп жатқаны» дегенiне жұрт бiраз күлiп алды. Тойға келген Буденный трибунадан жүгiрiп түсiп, қатты қызығып, аттан айырылғысы келмей, қызықтады да жүрдi, – дейдi Қасым Қайсенов.
Марқасқа маршал аттың сырын жақсы бiлсе керек. Сүйрiктей сәйгүлiкке қатты қызыққан. Ол жағына бiр шығып, бұл жағына бiр шығып, әбден ындыны құрыған. Аттың жал-құйрығына алма-кезек көз тастап, тосын тартуға таң-тамаша қалыпты. Арғымақты айналшықтап жүрiп алған.
Атты тани бiлетiндерге дауа жоқ. Олар тұлпары қайсы, мәстегi қайсы – сыртынан қарап-ақ ажырата алады. Қазақ жерiнен жаман аттың келмесiн Буденный да бiлген. Ұлы далада аңызға айналған небiр арғымақтар болғанын, бәлкiм, естiген де болар. Бұрынғы қазақтардың да қайсыбiрi болсын, аттың сыны мен жай-күйiн жетiк бiлуге талпынған. Белгiлi сатирик-ақынымыз Қажытай Iлиясұлы соның бiрi десе болады.
– Қазақ жылқының құйрығының өзiн жетi-сегiзге бөледi: қылыш құйрық, сымпыс құйрық, қисық құйрық, ұялы, шұбалаң, шалқұйрық, шолаққұйрық деп келедi. Қазақ үшiн, алдымен, ат, сосын – бап. Екеуi бiр жерден шықса, ол бәйгеден келедi. Пони деген, мәстек деген бiзде болмаған. Жылқыны мен тоғызға бөлемiн, қазақ соның ең тәуiр нұсқасын алып қалған. Алайда, қазаққа бiткен тұлпардың бәрiн сыртқа, Ресейге алып кетiп қалып отырған, содан кейiн өзiмiзге жылқы құтаймаған, – дейдi Қажытай Iлиясұлы.
Украинаға алып барған ат та осындай тектi тұқымнан болатын. Жетекке жүрмей жұлқынған аттан шошынған жұрт Әуезовтiң тапқырлығына дән риза болады. Ел-жұрттың есiн алған ер-тұрман мен қарасаң көз тоймайтын сұлу сәйгүлiк тамаша тойдың сәнiн кiргiзген. Украин халқы Тарас Шевченконың бiр жұртына айналған Қазақстаннан келген тартуды ерекше ықыласпен қабылдайды.
– Күләш пен Шараның жетегiне ат жүрмей қойғанда, аттың күтушiсi: «Бұл ат әйел адамның артынан ермейтiн едi, басқа кiсiлер жетекке алсын» дедi. Содан не iстеймiз, бiр жағынан мен, бiр жағынан Ермек Серкебаев ұстап едiк, ат жүрiп кеттi, – дейдi Халық Қаһарманы, жазушы Қасым Қайсенов.
Шынында, байқап қарап тұрсаң, жылқы да адам сияқты, өзiндiк әртүрлi мiнезi болады. Оның үстiне, той үстiнде тарпаңдық танытқан тұлпар Қазақ даласынан барған емес пе. Күләш пен Шара әйел заты болғасын, жетегiне жүрмей қойған. Тектiлiгiн танытқан.
Әнуарбек Әуелбек, Ақпарат ісінің үздігі, ҚР Мәдениет қайраткері
qazaquni.kz