Генералдың ақырғы аманаты
2019 ж. 19 қаңтар
6225
1
Қайран біздің ағалар...
Бұл 1945 жылдың қысы еді. Грауденцте соғыс қызып жатқанда «Генерал Рахымовтың дивизиясына концерт қоюға әртiстер келе жатыр» деген хабар тарады. Туған жерден жырақта от пен оқтың ортасында жүрген жауынгерлердiң қуанышында шек жоқ. Бұл кезде Кеңес әскерлерi Польша жерiн жаудан азат етiп жатқан. Жергiлiктi халық жауынгерлердi қуана қарсы алған едi. 16 күннiң iшiнде 215 шақырымға созылған Польшаның 124 елдi мекенi гитлершiл басқыншылардан тазартылды. Әрбiр адым жер үшiн жантүршiгерлiк шайқас болып, Кеңес әскерi сол жылы 25-ақпанда Грауденц қаласын қоршауға алады. Оған 37-шi гвардиялық атқыштар дивизиясы мен 2-шi күштi армия бiрiге отырып қол жеткiзген едi.
37-шi гвардиялық атқыштар дивизиясының командирi даңқты қолбасшы, генерал-майор Сабыр Рахымов болатын. Ол концерт қоюға әншi жерлестерiнiң келгенiне қатты қуанады. Елден келген өнер иелерiнiң iшiнде бұлбұл көмей әншi Роза Бағланова бар.
– Iштерiңде менiң қарындасым бар екен ғой, қазақтың қызы – Роза Бағланова деген қайсың? – деп, ол кiсi бiздiң арамызға өзi iздеп келдi. Сұңғақ бойлы, ұзын келген, шашы қап-қара, қырықтардан асқан кiсi екен. Әңгiме арасында ол өзiнiң туыстары жайында сөз қозғады, кiшкентайдан жетiм қалғанын айтты. Кiм бағып, кiм адам еткенiн, тегiнiң неге Рахымов болғанын – бәрiн-бәрiн айтып бердi, – дейдi Халық қаһарманы, Қазақстанның Халық әртiсi, әншi Роза Бағланова әңгiме арасында.
Майдан даласында жүрген жауынгерлердi рухтандырып, көңiлдерiн көтеруге келген өнерпаздарға генерал Рахымов жерлесi Тоғанбайды таныстырады. Қазақстанның мақтанышы, Кеңестер Одағының Батыры, Днепр шайқасының қаһарманы Тоғанбай Қауынбаевтың майдан даласында аты аңызға айналып тұрған кез едi. «Отан үшiн» атты майдандық газетте жауынгер-ақын Сағынғали Сейiтовтiң «Тоғанбай» деген өлеңi жарияланған болатын. Елден келген әншiлер шаршағанына қарамай, күнiне үш реттен концерт бердi. Тiптi, жау жағының мазалап, оқта-текте оқ жаудырып қоятынына да қараған жоқ.
Әншiлердi генерал Сабыр Рахымовтың дивизиясына арнайы апарып концерт ұйымдастыратын жөнi бар едi. Ержүрек қолбасшының сарбаздары мұндай құрметке лайық болатын. Мұның алдында Солтүстiк Кавказды басқыншылардан азат етудегi генерал Рахымовтың ерлiгi мен әскери шеберлiгi Сталиннiң өзiн таңқалдырған.
Сұрапыл соғыс жүрiп жатқанда да қолынан iс келетiн бiлiктi басшыны таңдап-талғап отырған. Әскери iстердегi генералдың шеберлiгi маршал Рокоссовскийдi де мойындатты. Ол 1-Белорус майданының жаңа қолбасшысы Жуковтан генерал Рахымовты майдандағы жағдайдың тым ауырлығына байланысты 2-Белорус майданына жiберуiн өтiнген. Рахымовтың 37-гвардиялық атқыштар дивизиясына келу себебi осы болатын.
Оңтүстiк Қазақстан облысындағы Қазығұрт тауының баурайында туып-өскен Сабыр Рахымов өзбек елiнде тәрбие алған. Сөйтiп, төскейде малы, төсекте басы қосылған екi елдiң төл баласына айналды. Оның кезiнде «өзбектен шыққан тұңғыш генерал» атанғаны да сондықтан едi. Алайда, ол өзiнiң сүйген жары, майдандас серiгi Құралай Натуллаеваға «Менiң арманым – қазақ болып өлу» деп талай айтыпты.
– Мен Сабырмен соғыста бiрге болған адаммын. Сабырдың қайтадан қалай қазақ болғаны ұзақ әңгiме. Бұл мәселемен айналысып, ары-берi шапқылағаныма елу жыл болды. Бармаған жерiм жоқ, ақырында, жоғары әскери училищенiң мұрағат бөлiмiнен «Сабыр Омарұлы» деген құжатын алып барып жағдайды түзедiм. Соның өзiнде 1996 жылы халықаралық сотқа берiп барып, соның арқасында ғана оның қазақ болғандығын дәлелдей алдым, – дейдi генералдың сүйген жары, соғыс ардагерi Құралай Натуллаева.
Генерал Рахымов елiнен келген әртiстерге үлкен сый-құрмет көрсетiп, арнайы дастархан жасаған. Маңайындағы жоғары шендi офицерлердi түгел жинап, келген қонақтармен ашық-жарқын әңгiме құрады. Елге деген сағыныш сезiмi жеңiп, бiр сәт Роза қарындасымен қазақша сөйлескен.
Соғыс уағында ең қажет нәрсе – қауiпсiздiк пен сақтық шаралары. Сабыр Рахымов жауынгерлердi қанаттандырып, соңында өздерiн күткен ел бар екенiн тағы бiр естерiне салып, дем беруге келген қонақтарының жай-күйiне қатты алаңдаған. Алайда, майдан даласында талай мәрте қан көрiп құтырынған қанқұйлы фашистер қонақжайлылық таныта қоймапты.
– Бiздi концерт қоюға жауынгерлер орналасқан үйлерге, госпитальдерге алып барады. Кейде «Бұл жер өте қауiптi» деп басқа жерге қарай тасиды. Сөйтiп жүрiп, концерт ұйымдастырып жүрдiк. Бiрде, кiшкене демалып жатқан кезiмiз едi, «Сақтаныңдар! Жау ұшағы!» деген айғайлаған дауыстар шықты да, бәрiмiз сыртқа қарай жүгiрдiк. Артынша, сол жатқан үйiмiздiң төбесiн бомба жапырып тастады. Бақытымыз бар екен, дер уағында шығып үлгердiк.
Қазақтың қаһарман қызы, әншi Роза Бағланованың майдан даласы жайында айтар әңгiмелерi аз емес. Генерал Сабыр Рахымов туралы да көп дерек бiледi екен. Кезiнде он бес одақтас республика халқының Отаны бiреу ғана болатын. Ондағы барлық жұрт бiр елдiң ғана азаматы едi. Генерал Сабыр Рахымов ресми түрде қазақ болуды туған ел алдындағы борышым деп санаған. Кеңестер Одағының Батыры атағы қаза тапқан соң берiлген генералдың аманаты елу жылдан кейiн орындалған. Бұл жерде генералдың сүйiктi жары Құралай Натуллаеваның ерекше еңбегi мен асқан табандылығын айтпай кетуге болмас.
Әнуарбек Әуелбек, Ақпарат ісінің үздігі, ҚР Мәдениет қайраткері
qazaquni.kz