Алтын балдақ ақберен...
2011 ж. 28 қазан
2603
0
Өмір-дерек:
Өзбекәлі Жәнібек (28.8.1931 – 22.2.1998) – мемлекет қайраткері, этнограф, тарих ғылымының кандидаты (1990). Абай атындағы Қазақ педагогигалық институтын (қазіргі Алматы мемлекеттік университеті) бітірген (1952). Шымкент (қазіргі Оңтүстік Қазақстан) облысының Келес ауанында мектеп мұғалімі, оқу ісінің меңгерушісі (1952 — 1955), Келес ауданы комсомол коммитетінің 1-хатшысы (1955 — 1956), Шымкент облысының комсомол коммитетінің хатшысы (1956 — 1961), Қазақстан АКЖО ОК-нің 1-хатшысы, хатшысы (1961 — 1970), Қазақстан компартиясы Торғай облысы коммитетінің хатшысы (1970 — 1975), Қазақстан компартиясы ОК-нің шет елдермен байланыс бөлімінің меңгерушісі (1975 — 1977), Қазақстан мәдениет министрінің орынбасары (1977 — 1988); мәдениет министрі (1987 — 1988), Қазақстан компартиясы ОК-нің хатшысы (1988 — 1991) қызметтерін атқарды.Жәнібеков қазақ халқының ұлттық мәдениетінің, ана тілінің, дәстүрі мен әдет-ғұрпының жаңарып, дамуына елеулі үлес қосты. 20 ғасырдың 70-жылдарының өзінде-ақ Қожа Ахмет Иасауи кесенесінің қалпына келтірілуіне ұйытқы болды. Жәнібековтің бастамасымен Қазақстанның көптеген қалаларында этнографиялық мұражайлар ашылды, Қазақстанның тарихи және мәдени ескерткіштерін сақтау мен қалпына келтіру мақсатын көздеген “Арқас” қоғамы құрылды. Жәнібеков “Шертер”, Адырна”, “Алтынай”, т.б. фольклорлық өнер ансамбльдерін ұйымдастырды. “Наурыз” мейрамының, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, Ш.Құдайбердиев есімдерінің халқына қайта оралуына белсене ат салысты. Ана тілін дамыту бағдарламасының мемлекеттік тұжырымдамасын жасауға қатысты. “Қазақтың ұлттық қол өнері” (1982), “Жаңғырық” (1991), “Уақыт керуені” (1992), “Жолайрықта” (1996), “Қазақ киімі” (1996), “Ежелгі Отырар” (1997), “Тағдыр тағылымы” (1996, 1-кітап, 1997, 2-3 мәрте Еңбек Қызыл Ту орденімен, медальдермен марапатталған.кітап) еңбектері жарық көрген. Оны Қазақстан зиялы қауымы Темірбек Жүргенов, Ілияс Омаровтан кейінгі, солардың деңгейіндегі мәдениет қайраткері деп таныды.
«Жылқының да жылқысы бар, Қазанаты бір бөлек. Жігіттің де жігіті бар, Азаматы бір бөлек» дейді дана халқымыз. Марқұм Өзбекәлі Жәнібекті осы санатқа қоссақ, қателеспеспіз. Ол туралы «елден ерек туған ер, нағыз азамат еді» дейді білетіндер... Көзі тірісінде аты аңызға айналған адамдар көп емес. Солардың бірі – мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібек. Ол кісіні қатарластары «Өзекең» десе, кейінгі буын інілері «Өзағаң» депті. Қалам ұстағандары өзекті өртер өкініш пен көкірекке мақтаныш сезімін қатар ұялатар талай естеліктер де жазыпты. Өзбекәлі Жәнібек 1931 жылы 28 тамызда Оңтүстіктің Отырар ауданы, Сарықамыс ауылында қазіргі – әл-Фараби елді мекенінде туған. Алдымен әкесі өліп, қабырғасы қатайып, бұғанағы бекімей жатып шешеден айырылған ол жастайынан жетімдіктің тауқыметін тартады. Аталас ағайындарының қолында қалған Өзбекәлі бала жасынан еңбекке араласып, өмір оны ерте есейтеді. Мектепте сабақты жақсы оқиды. Жұрттың ескі киімін киіп, бірде аш, бірде тоқ жүріп, Отырар ауданындағы онжылдықты бітіреді. Жастайынан білімге құштар Өзбекәлі «Алматы, қайдасың?!.» деп жолға шығады. Сонда оның қалтасында жол қаражаты да болмапты. Әйтсе де, қайсар да өжет қара бала еті тірілігінің арқасында Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының тарих факультетіне оқуға түседі. Күндіз оқып, түнде вагоннан жүк түсіруді бес жыл бойы кәсіп етіпті. «Жатақханадан орын тимей, пәтер жалдадым. Қымбатына стипендиям жетпейді. Арзанында жағдай жоқ. Бір қыс орындықты қаздай тізіп, соның үстіне жатып шыққан кезім болды...» деп еске алыпты Өзағаң бір әңгімесінде. Қиыншылыққа төзе жүріп, институтты үздік бітірген Өзбекәлі Жәнібек еңбек жолын Келес ауданындағы орта мектептен бастайды. Пионер жетекшісі болып жұмысқа кіріскен ол көп ұзамай-ақ тарих пәнінің мұғалімі, артынша оқу ісінің меңгерушісі, соңынан аудандық комсомол ұйымының жетекшісі болып қызмет істейді. Іскерлігімен көзге түскен жас қызметкер аудан басшыларының назарына ілігеді. Өзбекәлі Жәнібек өз естеліктерінде Әбжаппар Жылқышиев пен Көшербай Ысқақов сынды аудан басшыларының есімін ерекше құрметпен еске алады. «Осы кісілердің қамқорлығының арқасында үлкен өмірге жолдама алдым...» дейді. Өзбекәлі Жәнібек Оңтүстік Қазақстан облысында комсомол ұйымының хатшысы, кейіннен бірінші хатшысы болып қызмет етіп жүрген кезіндеәділетсіздікке жаны қас Өзбекәлі Жәнібек Оңтүстік Қазақстан облысының бірінші хатшысы Макаровпен ұстасып қалады. Қазақ жастарының болашағы үшін! Бұл мінез деген шіркінді қойсаңшы... Әлгі көккөз басшы қазақ жастарын қой бағуға үндеп, жанын салмай ма?!. Сонда Өзағаң: «Қойды қазақтың атасы бағып еді, енді баласы бағуы керек пе? Олар білім алса, ел қатарлы қызмет істесе болмай ма?» деп қарсы атылыпты... Талантты да іскер, жауапты да еңбекқор адам назардан тыс қалған ба? Табанды, тиянақты, жауапкершілігі мол, қабілетті, жанып тұрған жас Өзбекәліні билік басындағылар да байқайды. Сол кездегі астанамыздың төрінде отырған әкім-қаралардың назарына ілігіп, аттай қалап Алматыға шақырады. Алдымен Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитетінің хатшысы, соңынан бірінші хатшысы болып сайланады. Бірде КСРО-дан шетелге шығатын жастар арасынан қазақстан өнерпаздары домбыраны ала барып, бірақ қазақша ән айтуға Мәскеу басшылары (ВЛКСМ) қарсы болыпты. Сонда Өзбекәлі Жәнібек: «Егер біздің қазақ жастары шетелде домбырамен өнер көрсетпесе, пресс-конференция ұйымдастырып, сөз сөйлеймін де, қазақ жастарын алып қайтамын!» депті. Мәскеулік басшылар қайсар қазақтың талабына амалсыз көніпті. Бұл оның ұлттық намысының қаншалықты биік болғанын көрсетсе керек. Өзбекәлі Жәнібектің жастар үшін, ұлт үшін сіңірген еңбегін тізбектеп тауысу мүмкін емес. Осындай мінезі мен ерен еңбегінің арқасы шығар, Өзбекәлі Жәнібек «жастардың жалынды жетекшісі», «Ғани Мұратбаевтан кейінгі жастар көсемі» деген атқа ие болады. Одан кейін де Мәскеуден басталып, Мәскеуден тарайтын кеңестік билік Өзағаңа талай жауапты қызметтерді сеніп тапсырады. 1970 ж. жаңадан ұйымдастырылып жатқан Торғай облысына облыстық партия комитетінің үшінші хатшысы, 1975 ж. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің шетелдермен байланыс бөлімінің бастығы қызметін атқарады. «Арғымақ атқа міндім деп, атажұрттан айырылма» деп, қай қызметте болмасын, Өзбекәлі Жәнібеков қазақ мүддесін бір сәт те ойынан шығармай, қолында бар мүмкіндігін ұлт ісіне арнайды. Жылдан-жылға абыройы артып, аты асқақтай берді. Дос сүйінді, дұшпан күйінді. Қаңғыбас қанден иттедің жүрмейтін жері, шабаланып, балаққа жармаспайтын кезі жоқ. Олар Өзағаңның да балағынан тартты. Филология ғылымдарының докторы, профессор Құлбек Ергөбек Өзбекәлі Жәнібек туралы естелігінде былай дейді: «Дұшпандары оның мәдениет қайраткеріне айналып тұлғаланып бара жатқанын да көре алмады, көре тұра көргісі келмей қиналды. Ақыры ілкімді ісін емес, іскерліктен туындайтын талапшылдығын мінезсіздігіне балап, сан-саққа жүгіртті. Сумаң сөзді жоғарылы-төмен жұмсап бақты. Көзге көрініп, көрінбей керме тартылды арынды мәдениет қайраткері алдына. Бар ойлайтыны – бас қамы, мансап қамы. Ел көзінде аңызға айналған Өзбекәлі өсіп кетсе – өздеріне қауіп. Қауіпті сирету, сейілтудің бірден-бір жолы – жолына керме тарту! Керме аты біреу, жолы – өтірік, өсек, жүйкеге тию, жұмысына бөгесін болу, ұлтшыл деп ағаш атқа мінгізу, нәсілшіл, деспот деп жарғы тағу… дегендей көп-ақ. Өтірік, өсекке бәйге атындай аңқылдайтын (Абай) қазақ емеспіз бе?! Арғы жағы белгілі. Аққа – құдай жақ! Алайда, аққа да дақ жұғады екен. Жабыла жүріп Өзекеңді қызметінен сырғытып Алматы облыстық атқару комитетінің бәленбайыншы орынбасарлығына жіберді. Тұтас ұлттың – мәдениет қайраткерін, жалпы жәмиғаттың «тіл, аузымыз тасқа!» – деп жүрген, рух сардарына айналған мақтанышты тұлғасын көзге көріне бермес бір бүйірге апарып, көлегейлеп ұстау – байғыз бейіл басшылардың бар мақсаты! Өз шәкірті – облысты басқарып отырған азамат «Өзекең бізге қиын болады ғой…» – депті қиналып, қызметке қабылдағысы келмей. Өзекең осы бір оқиғаны қинала отырып айтып еді. Біз де қазір қағазға түсіруге қиналып отырмыз… Өйткені, көзі тірі, арамызда дін-аман жүріп жатыр. Аман болсын, тәйірі!..» (Қ.Ергөбек). «Халық күбірлесе – тау естиді, Тау күбірлесе – Тәңірім естиді». Жақсының жақсылығын да, жаманның жамандығын да халық кейде сыбырлап, кейде күбірлеп, кейде айғайлап айтып жатады. Тәңірде құлақ бары рас болса, онда хақ төрешінің әркімге өзіне лайықты сыбағасын берері де сөзсіз... Бер жақта болмаса – ар жақта... Алматы облыстық атқару комитетінің орынбасары, Қазақ ССР Мәдениет министрінің орынбасары, онан соң Қазақ ССР Мәдениет министрі, тәуелсіз Қазақстанның Мәдениет министрі, Парламент мәжілісіне бес жыл қатарынан депутат... Бірде тасы өрге домаласа, енді бірде тауы шағылып, жігері құм болды. Олай болуына, әрине, аяқтан шалған, көре алмайтын дұшпандары себепші. Дегенмен, «адам боп келдім өмірге, адам боп өту – парызым» деп, азаматтығына кір шалдырмай тіршілік кешіп, 1998 жылы 22 ақпанда 67 жасында Өзбекәлі Жәнібеков жарық дүниеден өтті. Өз өтініші бойынша, «Арыстанбаб» әулие кесенесінің маңына жерленді. Көз жұмар алдында Өзағаң өзін емдеген әр дәрігерге жеке-жеке алғыс хат жазып, адамшылықтың ерекше үлгісін көрсетіпті. «Үйіне бір барғанымда баласы Бауыржанға төлқұжатын ұсынды: «Ов»-ты алдырып, жаңа паспорт алып кел... Қазақ болып өлейін!» деді. Қасында есітіп тұрған менің құйқа тамырым шымырлады...» деп Құлбек Ергөбек қабырғасы қайыса еске алады. Бірде Өзбекәлі Жәнібеков: «Ақ түйенің қарны жарылды» деп, Құр шаңғытқан самалсыз желден қорқам. Жұлқарды бай, момынды кедей еткен Нарықтық асар-аспас белден қорқам. Жақсы менен жаманды айырмайтын, Қазақтың көзін басқан шелден қорқам. «Ырыс алды ынтымақ» кеткеннен соң, Азып-тоза бастаған елден қорқам... – депті. Болашақтың қамын ойлаған Өзбекәлі Жәнібеков осы бір шумақ өлеңінің астарына талай ақиқатты сыйғызыпты-ау. Қазір не көп, құр дабыра, науқаншылдық көп. Солардың бәрі Өзағаң айтқан құр шаңғытқан жел емей, немене? «Арпа арасындағы бөдененің көкейін тары теседі» демекші, бүгінде бытпылдық әнге басып жүрген талай бөденелердің көкейін байлық тескен заман болды. Жақсы мен жаманды айырмайтын қазақтан ынтымақ қашып, көзін шел басқандай күйде. Ағаштың басына түскен құрт оның тамырына да жете алады. Өзағаңның қорқынышы бүгін көкейінде сәулесі бар әр қазақтың қорқынышына айналғандай...Сәуле ӘБІЛДАХАНҚЫЗЫ