Тіл ғылымының тарланы
2019 ж. 11 қаңтар
6397
0
Филология ғылымының докторы, профессор Байынқол Қалиевтің бүкіл ғылыми-шығармашылығын саралай қарасақ, қазақ тілі мәселелеріне, сондай-ақ жалпы қазақ тілі мәдениетіне арнап жазған ғылыми, ғылыми-көпшілік мақалалары мен көлемді зерттеу еңбектерінің аса мол екеніне көзіміз айқын жетеді. Солардың шоқтығы биік бір саласы – қазақ тілі лексикографиясына тікелей қатысты еңбектері екені даусыз. Ұстаз-ғалым шығармашылығындағы осы саланы айрықша атап көрсетіп отыруымыздың өзіндік мәні бар. Себебі ол осы саланы дамытуда айшықты қолтаңбасымен көрініп жүр. Оған ұзақ жылдық ғылыми-практикалық зор ізденістің арқасында жетті. Сөздік түзу ісі кез-келгеннің тісі бата бермейтін, ұңғыл-шұңғылы мол, күрделі ғылымдардың бірі десек, онда Байынқол Қалиұлы сол ғылымның ғылыми-теориялық жағын терең меңгеріп, сөздік құрастырудың талай қиыншылықтарын басынан өткеріп, мол тәжірибе жинақтап, үлкен мектептен өтті.
Ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің 2017 жылдың 26 сәуіріндегі «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық еңбегінің «Таяу жылдардағы міндеттер» деген тарауында: «... ұлт мақтанышы біздің бұрынғы өткен батыр бабаларымыз, данагөй билеріміз бен жырауларымыз ғана болмауға тиіс. Мен бүгінгі замандастарымыздың жетістіктерінің тарихына да назар аударуды ұсынамын. Бұл идеяны «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы арқылы іске асырған жөн», – деп ұлты үшін ерен еңбек еткен танымал тұлғалардың кең насихатталуы керек екенін атап айтты. Ал Байынқол Қалиұлы – өзінің ерен еңбегімен халқының қалаулы тұлғаларының бірі болуға әбден лайық жан. Оған оның саналы ғұмырының барлығын қазақ тіл білімінің өзекті мәселелерін зерттеуге арнағаны дәлел.
Рухани жаңғырудың өзегі ұлттық тілді дамытуда жатыр. Сол себептен де қазақ тілінің бүкіл сөзін жинақтап, сөздік түзу – барша игілікті істің бастамасы болып саналады. Қазақтың әр сөзі оның дүниетанымдық білімінің жинынтығы (концепт), баға жетпес ұлттық рухани қазынасы. Соны терең түсінген Б.Қалиұлы сонау 1966 жылдан бастап қазақ тілі сөздерін жинақтап тіркеуге алудың ыстығына күйіп, суығына тоңып үздіксіз еңбек етті. Сөйтіп, қазақ руханиятына қомақты үлес қосты.
Ол, ең әуелі, 1966-1986 жылдары жарық көрген «Қазақ тілінің он томдық түсіндірме сөздігінің» құрастырушыларының бірі болса, содан кейінгі жылдары өзінің жеке өзі де, ұжымдық авторлармен де 25 сөздік құрастырды. Солардың бірқатарын атап көрсетсек, Б.Қалиұлының тікелей қатысуымен «Орысша-қазақша және қазақша-орысша терминдер сөздігі» (1996), «Өсімдік атауларының орысша-қазақша және қазақша-орысша сөздігі» (2005), «Өсімдік атауларының қазақша-орысша сөздігі» (2012), «Өсімдік атауларының үш тілді аударма сөздігі» (2012), «Өсімдік атауларының түсіндірме сөздігі» (2012), «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» (2014), «Мұқағали тілі сөздігі» (2018) жарық көріп, халық игілігіне айналды.
Бұл сөздіктердің, әсіресе 2014 жылы жарық көрген «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» деген еңбегінің қазақ тіл танымынан алар орны зор. Онда 15 томдық «Қазақ әдеби тілінің сөздігінде» (2005-2011) жоқ сөздер мен сөз тіркестері қамтылған. Олардың жалпы саны: 10 мың 690 атау сөз бен 2 мың 645 тұрақты тіркес – барлығы 13 мың 335 тілдік бірлік. Бұл тілдік бірліктердің күллісін өзі іздеп тапқан, барлық мағыналарына автор тарапынан анықтамалар берілген, мысалдар келтірілген. Сөздіктің көлемі 726 бет.
Сондай-ақ, Б. Қалиұлының «Өсімдік атауларының түсіндірме сөздігінің» қалың оқырман қауымға берері мол. Сөздік, әсіресе ауылшаруашылық мамандарына, ботаниктер мен биологтарға, дәрі-дәрмек дайындаушыларға таптырмас құрал.
Ал ғалымның «Мұқағали тілі сөздігіне» келсек, ол баспадан 2018 жылы шықты. Көлемі 52 баспа табақтай. Мұнда ақиық ақын Мұқағали Мақатаев шығармаларында қанша сөз, қанша фразеологиялық тіркес бар болса, солардың барлығы түгел қамтылып, әрқайсысына түсініктеме беріледі де, сол тілдік бірліктердің ақын шығармаларында қанша рет қайталанып қолданылған саны көрсетіледі, мысалдар келтіріледі.
Ұлттық таным-түсінік пен ой-сананы, яғни рухани құндылықтарды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп сақтаудың, оны одан әрі дамытып жетілдірудің тұғыры – тіл деп танысақ, тіліміздегі сөздердің лексикалық мән-мағынасын дұрыс түсініп, айтылар ой өрісіне қарай орынды қолдана білуде сөздіктердің берері мол екені кімге де болсын түсінікті. Осы тұрғыдан келгенде Байынқол Қалиұлының сөздік құрастыру және оның сан алуан қыр-сыры туралы жазған еңбектерінің қазақ руханиятының кеңістігін кеңейте түсуде аса маңызды екені сөзсіз.
«Сөздік құрастыру және оның сан алуан қыр-сыры» дегеннен шығады, қазіргі уақытта ерінбегеннің көбісі, атап айтқанда салалық ғылымдардың мамандары лексикография жөнінде бәлендей білімі болмаса да, сөздік құрастырумен айналысып жүр. Бұны айтып, олардың құрастырған сөздіктерінің еш пайдасы жоқ деп отырған жоқпыз. Өзінің ғылыми саласының түрлі мәселелері бойынша қазақша таза ғылыми, ғылыми-көпшілік мақалалар мен оқулық-оқу құралдарын жазып жүрген мамандар үшін ондай сөздіктердің тигізер септігі аз емес болар. Алайда сол сөздіктердің көпшілігі орысша-қазақша термин сөздердің жиынтығы әрі қазақша баламасы жоқ сөздердің түсіндірмесі болып келеді. Сосын ондай сөздіктерді не екі тілдік аударма сөздікке, не түсіндірме сөздікке жатқыза алмай қиналасың. Мөлшері, орыс тіліндегі «орысша-ағылшынша» немесе басқадай бір сөздікті алып, соның орысшасын қалдырып, қазақша баламасын «саусағын сорып отырып» құрастырған-ау деген ой келеді. Ондай сөздіктердің авторлары қайсыбір сөздің қазақшасын таба алмай қалса, аударма сөздік ұстанымынан (принцип) шығып кетіп, өзінше түсініктеме беріп кететіні де сондықтан болса керек.
Осыны терең зерттеп-зерделеген Б.Қалиұлының ғылыми мақалаларының (400-ден астам) жартысына жуығы лексикография мәселелеріне арналған. Осы бағыттағы ғылыми мақалаларының бастауы – оның «Қазақ тілінің он томдық түсіндірме сөздігін» құрастырушы ғалымдардың бірі болуында жатыр деп айтуымызға толық негіз бар.
Әлбетте, атам қазақ «Ешкі сойса да, қасапшы сойсын» деп айтқандай-ақ, тіл білімінің осы саласының мәселелері бойынша ғылыми мақалаларды ол жазбаған да, кім жазады. Өйткені, ол аталған сөздікті құрастыру барысында ғылыми-теориялық білім мен біліктілікті мол жинақтады, нақты машықтанудан (практикадан) өтті. Сөйтіп, сөздік құрастырудың қыр-сырын терең меңгерді. Сол білім-біліктіліктің арқасында қазақ лексикографиясының дамып жетілуіне орасан зор ықпалын тигізген ғылыми-теориялық тұжырымы берік көптеген мақала мен іргелі еңбектер жазды. Оларда сөздік құрастыруда, көп жағдайда, еленбей жүрген бірсыпыра мәселелерді көтерді.
Мәселен, Б.Қалиұлы жеке өзінің «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігін» (2014) дайындау барысында бір өзі бір институттың жұмысын атқарып, «Қазақ әдеби тілінің он бес томдық түсіндірме сөздігіне» енбей қалған қыруар сөзді, біз өзіміздің бір мақаламызда олардың біразын «диалекті сөздер, авторлық жеке қолданыстағы сөздер, сөз тудырушы, сөз түрлендіруші жұрнақтар арқылы жасалған сөз тұлғалар, енді біразын күнделікті қолданыста сирек ұшырасатын, сол себептен мағынасы да ұмыт бола бастаған көне сөздер» деп атап көрсетсек те, соларды тіркемге алып, тіліміздің сөз байлығын жинақтауға сүбелі үлес қосты. Аталған сөздіктің «Алғысөзінде» сөздік құрастырушыларға аса қажетті нұсқаулықтарды барынша қамтып көрсетті.
Б.Қалиұлы өзінің мол ізденісінің, ерінбей еңбектенуінің нәтижесінде қазақ тіл білімінің лексикография саласына көлемді зерттеулер берді. Бұл ретте Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында 1966-86 жылдар аралығында өзге ғалымдармен бірлесіп жазған «Қазақ тілінің он томдық түсіндірме сөздігін» ерекше бөліп айтар едік. Бұл сөздік – ұжымдық еңбек. Сөздікке Б.Қалиұлы әрі авторлардың бірі, әрі осы көлемді еңбектің жауапты редакторы ретінде қатысты. Ол – бүкіл 710 баспа табақ сөздіктің қолжазбасын түгелдей редакциялап шығып, оларды баспаға әзірледі; гранка, верскаларын оқып, оның барлық ауырпалықтарын мойнымен көтерді.
Бұл сөздік жалпы түркітілдес халықтардың тілі бойынша алғаш жарық көрген еңбек ретінде де бағалы. Алғаш рет қазақ тілінің сөз байлығы жинақталып, әр сөздің ерекшелігі, лексикалық мағынасы түсіндіріліп, екінші жағынан, олардың әдеби тілдегі қолданысы, қызметі (функциясы), өзіндік айырмашылығы нақтыланып, ажыратылады. Сөздікте әр сөздің сипаттамасы жазылып, лексика-фразеологиялық және грамматикалық қолданысына түрлі жазба әдебиеттерден нақты мысалдар келтірілді. Сөздігінің осындай маңыздылығы ескеріліп, оның авторларының бірі – Байынқол Қалиұлы Қалиевке 1988 жылы ҚазССР-нің Мемлекеттік сыйлығы берілді.
Байынқол Қалиұлы осы еңбегі арқылы қалың қауымға сол жылдан бастап, бұрынғыдан да жақын таныс бола бастады. Өйткені ол аталған сөздікті дайындау барысында қазақ тіл білімінде сөздік құрастыру ғылымының теориясының негізін қалаушылардың және оның ғылыми мектебін ұйымдастырушылардың бірі болды. Оның 2015 жылы жарық көрген «Түсіндірме сөздік жасаудың теориясы мен практикасы» атты монографиясы сол еңбегінің жемісі екені анық. Ғылыми-теориялық бұл еңбек отандық тіл білімі, яғни қазақ лексикографиясы тұрмақ, тіпті шетелдік түркологияда да елеулі жаңалық болып, қазіргі қазақ лексикографиясы бойынша ізденістерден берік орын алды.
Ғалым-ұстаздың есімі бүгінде еліміздің филолог ғалымдарына ғана емес, өзге елдердің де түркітанушы ғалымдарына кең таныс. Оның өз еңбектерінің көбісін лексикография мәселелеріне арнауы заңды да табиғи құбылыс еді. Өйткені, ол – сәби шағынан бастап қазақ сөзінің мәйегіне қанып өсті, ержетіп, ғылым жолына түскен соң І.Кеңесбаев, М.Балақаев, А.Ысқақов сияқты т.б. қазақ тіл білімінің танымал тұлғаларының жанында жүріп тағылымды тәрбие алды.
Байынқол Қалиұлы қазақ тіл білімінің бірнеше саласын қатар ала жүріп, ұлағатты ұстаз ретінде де өз бойындағы терең білімін шәкірттерінің бойына сіңіруде қазақ тілі білімінің, тіпті жалпы тіл білімінің толғақты мәселелерін үнемі қозғаумен келеді. Дәрісханада оқыған дәрістерінде осы пәннің қыр-сырын өзінің теориялық терең білімімен іс жүзінде нақты бекітіп отырады. Университетте оқыған дәрістері бойынша дайындаған «Қазақ тілінің фонетикасы» (2011), «Қазақ тілінің лексикологиясы» (2011), «Сөз мағыналарының негіздері» (2002), «Тіл біліміне кіріспе» (1997), «Жалпы тіл білімі» (1999, 2005), «Тіл білімі теориясының негіздері» (2014) деген еңбектері соның нақты дәлелі болса, олар бұл күнде еліміздің филология факультеттері оқытушылары мен студенттерінің негізгі оқулық-оқу құралдарының біріне айналып отыр.
Ғалым-ұстазға ғана тән жағымды мінез-құлық Байынқол Қалиұлының бойынан, әрбір сөзі мен әрекетінен айқын байқалып тұрады. Әсіресе, Абылай хан атындағы Қазақ ХҚ және ӘТУ-де 1995 жылдан бастап 2002 жылға дейін Қазақ филологиясы кафедрасын басқарған кезде оның кісілік келбеті, кәсіби іскерлігі ерекше көзге түсті.
Бүгінгі уақытта Б.Қалиұлы сол туа біткен табиғи бітім-болмысынан таймай, ғылыми-ұстаздық қызметін жалғастырып, университетте «Қазіргі қазақ тілі», «Жалпы тіл біліміне кіріспе», «Тіл білімі теориясының негіздері», «Тіл білімі ілімінің тарихы» сияқты курстар бойынша студенттерге дәріс оқып, семинар сабақтарын жүргізіп, жас ұрпақтың білімді де білікті әрі әлемдік бәсекеге қабілетті маман болып шығуларына өзіндік үлесін аянбай қосып жүр.
Бейбіт ИСХАН, ф.ғ.к., доцент. Абылай хан атындағы ҚазХҚжӘТУ Қазақ филологиясы кафедрасының меңгерушісі
qazaquni.kz