НЗМ желілік олимпиадасы: жеңімпаздар анықталды

Назарбаев Зияткерлік мектептерінің жалпы білім беретін пəндер бойынша өткізілген желілік олимпиадасының шешуші кезеңі аяқталды. Бұл туралы  qazaquni.kz  ұлттық порталы НЗМ баспасөз қызметіне сүйеніп хабарлайды.
Еліміздің ең ірі қалалары – Астана, Алматы, Шымкентте қаңтардың үшінші жүлдызы күні басталған сайыстың жеңімпаздары марапатталды. Астанадағы физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектепте Қазақстан тарихы мен құқық негіздері пəндерінен өткен олимпиадада бірінші орынды қанжығалағандар анықталды. Тарихтың білгіштері Шымкент қаласындағы химия-биология бағытындағы мектептің оқушысы Сымбат Жүзтан мен Павлодарлық Азат Еділов болып танылды. – «Ұйымдастырушыларға жəне өз мектебіме осындай желілік олимпиадаға қатысуға мүмкіндік бергендері үшін алғысым шексіз. Мұғалімдер кез-келген пəнді түбегейлі оқып жаңа шыңды бағындыруға септеседі. Барлық қатысушылар жүз пайыз өз күштерін ортаға салды», – деді Сымбат. «Құқық негіздері» бойынша Павлодар қаласындағы Зияткерлік мектептің өкілдері Зəмзəгүл Мадеткаримова мен Аружан Канибетова алға шықты. – Пəндік олимпиадаға қатысу – тек мектепте алған біліміңді тексеріп қана қою емес, бұл шынығу жəне өз-өзіңді дамыту, – дейді Аружан Қанибетова.   Жаратылыстану пəндерінің мықтыларын Алматы қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде анықтады. Қорытынды бойынша бірінші орынды 8 мектептен 15 оқушы иеленсе, Алматы қаласы тағы бір мəрте «Үздік олимпиадалық команда» статусын алды. – Біз тағы бір мəрте бағалы кубокка қол жеткізгеніміз үшін қуаныштымыз. Бұл біздің қажырлы еңбегіміз бен дайындығымыздың қорытындысы, – деп алматылық оқушылар өз ойларымен бөлісті. Шымкент қаласы химия-биология бағытындағы Зияткерлік мектепте 250-ге тарта оқушы тілдік жəне математикалық олимпиадаларға қатысып, олардың 24-і жеңімпаздардың дипломына ие болды. – Барлық қатысушылар тілді жоғары деңгейде білетін болып шықты. Сондықтан жеңіс оңайлықпен болды деп айта алмаймын, – деді шымкенттік Диляра Эргашваева. Ол 10-12 ші сыныптар арасында қазақ тілі мен əдебиеті пəндерінен бірінші жəне екінші орын алған жалғыз 9-шы сынып оқушысы. «Әлеуметтік-гуманитарлық бағыттағы пəндер бойынша үздік олимпиадалық команда» атағын Шымкент қаласы ХББ Зияткерлік мектеп пен Павлодар қаласының НЗМ ие болды. Олар барлығы бірінші орынға əрқайсысы он-оннан ие болған. Талдықорғандық  математика пəнінен өткен олимпиаданың  екінші орын иегері Аружан Сабырбек, желілік олимпиадаға қатысу  көптеген студенттер үшін өздерінің дағдыларын дамытуға көмектесетін жақсы дәстүр болып табылады, – деп ойлайды. Барлығы НЗМ желілік олимпиадасына 560-тан астам оқушысы қатысқан. Жеңімпаздар Зияткерлік мектептердің намысын республикалық олимпиадада қорғайтын болады qazaquni.kz