Рулы елге ұран болған Қарқабат ана
2018 ж. 26 желтоқсан
8458
0
– Сіз бір мақалаңызда «Осы өңірлерден шыққан Жұбан ана, Нұрпая ана, Белен ана, Айғаным ханым, Ақтолыс ана, Айпара ана және көптеген әйгілі аналар шоғырында дара тұрған Қарқабат ана есімі қазақтың Ұлы жүзі руларының қалыптасуына ұйтқы болған Домалақ анамен ғана салыстыруға болатын ірі тұлға деуге әбден негіз бар» депсіз. Осы жөнінде айтып берсеңіз? – Әңгімемізді тақырыптың тәрбиелік мәнінен бастайын. Құрылған қоғамдық бірлестіктің (қор емес) ерекшелігі сол, тек Қарқабат ана есімін есте қалдыру шараларымен шектеліп қалмай, ең бастысы, дәл қазіргі таңда аса өзекті-аналар тақырыбын көтеру. Сол ұлы аналарымыздың рухани болмысын тануға, қыздарымызды олардың талбесік тәрбиесінен тәлім алуға шақыру- атқарылар істердің түпқазығы болмақ. «Ел болам десең бесігіңді түзе!» дегенге де саяды. Әсіресе, қыздарымыздың әлуметтік желілерден «қазақ қызы» деуге ауыз бармайтын әбес қылықтары әбден асқынған, ұлт қамын сырып қойып, көрінген «көк аттының» етегіне жармасып, шет ел асуы (санын айтудың өзі шошырлық) тым шектен шыққан қазіргі тұста аналар тақырыбы қай кездегіден де өзекті. Рухани қажеттілік екені даусыз. Ал, жаңағы әуелгі сауалыңызға келсек, қазақта небір қиын-қыстау кезеңдерде ақыл-парасытымен ұлтты ұйытып, бүкіл ру өнеге-үлгі тұтқан абзал аналар аз болмағаны тарихтан белгілі. Оған Қарқабат ана жөнінде қысқаша мынадай тарихи айғақ-деректерді келтірсек те жеткілікті. Мысалы, ән мен жыр дүлділі Біржан сал Қожағұлұлы ақын Сарамен айтысқанда: «Қарқабат, Қарақожа – ата-бабам,Осындай ерегісте қолдайтұғын!...» демей ме?! Яғни, бүкіл Арғынның атасысаналатын Қарақожамен қатар атауының өзі-ақ, Қарқабат ананың қазақтың ұлт болып, ұйысуына қосқан зор үлесін, тарихи алар орнын айқын аңғартар дәлел болмақ. Алашкөсемі Әлихан Бөкейханов өзінің «Қарқаралы уезі» кітабының 32-33-беттерінде сол кездегі Қарқаралы өңірінің белгілі ақсақалы, шежірешісі Мақат Ақайұлы Қаракесек және Қарқабат ана туралы өзіне айтқан көлемді шежіре-аңызды келтіреді. Оның мәтіннің толық нұсқасы қолымызда бар. Мұны «Қазақ энциклопедиясы» осы айтылған деректерді толықтыра және түгелдей дерлік растай түседі. – Қарқабат ана есімін Арқа жерінде ежелден-ақ қастер тұтқан ғой. Кешегі кеңестік мәңгүрттендіру саясаты салдарынан кейін де көп аталмай, көмескі тарта бастағаны да жасырын емес еді... – Ол рас. Мейрамсопыдан тарайтын бес ұл: Қуандық, Сүйіндік, Бегендік, Шегендік, Қаракесек (Болатқожа) «Бес Мейрам» деп аталатыны мәлім. Қарқабат ана өзінен туған Болатқожамен бірге Мейрамның бірінші әйелі Нұрпаямен бірге елінен ере келген жеңгесінің ұлы Қамбарды (Балқожа), кейінірек туған Шұбыртпалы (Темірқожа) мен Жалықпасты да (соңғы екеуі Мейрамның өз кіндігінен) өз қамқорлығына алып, қоса тәрбиелеп өсірген ана. Олардың бәйбіше балаларымен тату болуына, іргелері сөгілмеуіне ғұмыр бойы күш салғаны ел ішінде әлі де аңыз боп айтылады. Тіпті, бәйбішеден туған Сүйіндіктің де емшек беріп өсірген, сүт анасы болған. Бұл жерде оның бәрін айтып жеткізу мүмкін емес. Тек қосарымыз, Қарқабат ана тәрбиелеген аталған төрт атаның («Төрт Қаракесектің») тұқымының өзі қазіргі күнде қаулап өсіп, Сарыарқа бойын ен жайлап, қалың қазақ елінің шаңырағын көтеріскен, іргесін бекемдескен қабырғалы ру Қаракесек атанып, бүгінге жетіп отыр. Демек, Қарқабат анамыз демограф-ғалым Мақаш Тәтімовтің дерегі бойынша, ұзын саны бүгінде миллионнан асып отырған барша Қаракесек руының арғы ұлы анасы. Академик-жазушы Ғ.Мүсіреповтің айтуынша, анасының есімін ұран ғып шақыратын қазақтың үш руының бірі осы Қаракесек. Көкбөрі қаракесек сарбаздары атажаумен айқасқа шыққанда «Қарқабат! Қарқабат!» деп анасы есіміне сыйынып шапқан. – Қарқабат ананың шыққан тегі туралы да әртүрлі айтылып жүр, бұған не айтасыз? – Иә, ол да рас. Бұл жөнінде мен Қарағанды өңірінің Шет-Бұғылы төңірегінен шыққан Сазанбай батыр жөнінде жазылған «Дала дастаны» атты тарихи-деректі кітабымда және осы жылдың сәуір айының орта шенінде «Орталық Қазақстан» газетіндегі мақаламда толығырақ жазғандықтан, бұл жерде тек мына бір деректерге ғана тоқталайын. Қазақтың «ормандай қалың» Орта жүзі ішіндегі іргелі ру Қаракесек атауының қалай шығуы туралы тарихи баяндар, аңыз-әңгімелер, жыр-шежірелер көп. Өлеңмен жазылған сондай екі көлемді жыр-шежіре қолымызда тұр. Бұларда Қарқабат анамыздың өмірбаяндық деректері, аналық, даналық бейнесі анық көрініс тапқан. «...Кең далада бірліктің отын көсеп, Іргелі ел болыпты Қаракесек, Соларды ер жеткізген Қарқабатты, Бақ дарыған киелі ана деседі. Қасиетті Шадияр Әли екен, Қарқабат анамыздың арғы тегі..», –деп келеді ұзақ жыр. Ұлы анамыздың текті жерден екенін осы Шет өңірінде ғұмыр кешкен атақты абыз кеуде жырау Шортанбай Қанайұлының жыр-шежіресі де дәлелдей түседі: «Сыр кызын Мейрамсопы алған екен. Жеңгесі шығарып сап барған екен. Емшекте жеңгесінің бар баласы, Үш адам келген еді айналасы, Біреуі Арыстанбаб тұқымынан, Бірге өскен бай қызының жан жолдасы...». Міне осы жолдардағы «Арыстанбаб тұқымынан» деп отырғаны Қарқабат анамыз. Қарқабат ер адамға бергісіз аса қайратты, өте ажарлы, ақылына көркі сай ана болуымен бірге, отбасына ерекше мейірімді жан екен. Әсіресе, күйеуін ерекше құрметтеген. Мейрамсопының етіне суық су, табанына сыз тигізбеген. Дәрет алатын құманын түнде қойынына алып жатады. Осыны байқай жүріп, әбден риза болған Мейрам : «Өркенің өссін!» деп бата береген. Қарқабаттың арты жақсы болып, өркені өскені, рулы елге есімі ұран болып, әруақ дарығаны осыдан, – дейді кешегі көнекөз ақылмандар. Мейрамның бәйбішесі де құт дарыған қасиетті кісі болған. Қарқабаттың мейрімділігі мен аналық қасиеттеріне әбден риза болған Нұрпая оның балаларына: «Көрпең кең болсын, тұқымың қалың ел болсын!», – деп бата беріпті. Бұл қазақтың жазба шежіресінің ғұламасы атақты Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы қалдырған мол деректердің бір парасы ғана. Зерделеп қарағанымызда, Қарқабат ана туралы біздің жоғарыдағы келтірген деректерімізді толықтыра түсетін оннан астам дереккөз кітаптардан нақты мағлұматтар кездестірдік. Ал кешегі кеңестік кезеңнің өзінде «Елім-ай»-лап жүріп ел тарихын тереңдете жазған Софы Сматаев ағамызға Алматыға арнайы барып жолыққанымызда, ол өзінің 2010 жылы жеке кітап болып шыққан «Мейрамсопы-Қарқабат» дастанын жазу барысында «Арыстанбаб» кесенесіне барып зиярат ете жүріп, ондағы көнекөздерден Қарқабат анамыздың шыққан тегі, төркін жұрты жөніндегі құнды дерек-құжаттар тапқанын айтып, бізді бір серпілтіп тастады. «Арнайы экспедиция жасақтап, анамыздың туған, қайтыс болған жерлері анықталса, тездетіп кітаптар шығаруды қолға алсақ» – дейді жазушы ағамыз. Жергілікті автор Аманолла Шайбековтің сирек кездесетін деректер келтіре отырып, құнды танымдық-зерттеу мақала жариялауы біз үшін күтпеген қуанышты жаңалық болды. Әрі ел арасында өзге де зерттелмеген тың дүниелер, бағалы тарихи деректердің мол сақталуы арада ғасырлар өтсе де ел қамын жеген асылдар есімі өлмейтінін, мәңгі халық жадында екенін көсетіп отыр. Ардақты анамыз туралы ел арасындағы аңыз-әңгімелер, жыр-шежірелер, ғылыми-зерттеу еңбектер жинастырылу ісі басталып та кетті. Анамыздың ғұмырнамалық деректері Мейрамның сонау – Еңсегей бойлы Есім ханның биі әрі қолбасшысы болған тұстарға жетелейтіні де қызықты. – Ардақты анамыз есімін ұлықтау жөніндегі бастамашылыққа негізінен белгілі ғалымдар мен ақын-жазушылар мұрындақ болғанға ұқсайды. – Иә, Қарқабат ана туралы баспасөз бетінде алғаш мақала жариялансымен-ақ бірден жер-жерден көптеген азаматтар, соның ішінде ҚР ҰҒА академиктері Сейіт Қасқабасов пен Диқан Қамзабекұлы, елге танымал жазушы ағамыз Софы Сматаев, белгілі қоғам қайраткері, әрі кәсіпкер Амангелді Ермегияев, филолог-ғалым,ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Серік Негимов, шежіреші-ғалым Мақсат Алпысбес, ақын, «Алматы облысының құрметті азаматы» Бақытжан Тобаяқов, қазақтың ұлтжанды біртуар азаматы, ғарышкер Тоқтар Әубәкіров бастаған бірқатар зиялы қауым өкілдері қолдау білдіріп, тіпті Ынталы топ құруға ынталы болғанын ризашылықпен жеткізе кетудің де артықтығы болмас. – «Қарқабат ең алдымен, қазақты қазақ қылған ошақтың үш бұтындай анау атақты үш бидің бірі – Қаз дауысты Қазыбектің арғы ұлы анасы. Яғни, Қазыбектің арғы атасы Қаракесекті (Болатқожаны) дүниеге әкелген ана. Ал осындай ұлысты ұйыстырған, руды ұйытқан ұлағатты ананы еске салар бір белгі-ескерткіш бар ма? Осынау ұланғайыр Ұлы Дала жерінде!?..Таппайсыз! Ұрпақ алдында ұялар жан болса қанеки?! Өкінішті... » – деп жазған екенсіз «Дала дастаны» кітабыңызда. – Иә, ақын Жұбан Молдағалиев ағамыз: «Мен қазақпын, мың өліп, мың тірілген, Жөргегімде таныстым мұң тілімен...» – деп тегін тебіренген бе?! Ұлт тағдыры сан мәрте қыл үстінде қалтырап, талай жер бетінен жойылып кету қаупі төнген қиын-қыстау тұстарда ерлермен бірге атқа қонған қаһарман қыздарымыз, ақыл-парасатымен ұлтты ұйытып, ұрулы елге сөзі жүрген абзал аналарымыз қазақ даласының әр өңірінде де аз болмаған ғой. Тіпті, өзге түркі халықтарында, күллі шығыс халықтарында деуге де болар, дәл қазақ қыздарындай жауынгер-батыр, әлгіндей ірі тарихи тұлғаға айналған аналар көп кездесе бермейді қарап отырсаң. «Әттең...соларды үлкен экрандардан әлі көрсете алмауымыз, қазіргі жас жеткіншектерге үлгі-өнеге етіп айта алмауымыз қалай?» – деседі көргенді көпшілік. Бұл да бойдағы бодандық, тоталитарлық, құлдық санадан арыла алмауымыздан, демеске амалымыз жоқ. Ойланарлық мәселе. Сөзімнің соңында айтарым, Қарқабат анамыз есімін мәңгі есте қалдыру шараларын жүзеге асыруға (ескерткіш орнату, елді мекендерге атын беру, кітаптар шығару және т.б.) жергілікті билік өкілдері, ел азаматтары, кәсіпкер азаматтар бір кісідей ат салысса, Елбасының «Рухани жаңғыру» бастамасына қосқан лайықты үлесі болумен қатар, ғибратты іс болар еді. – Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Жексен Алпартегі
qazaquni.kz