Pálsapa – таза ойлау жүйесі
2018 ж. 24 желтоқсан
11726
0
Замандарда ойлау жүйесі бұзылған. Содан адамзат санасына қателіктер сіңісіп, олар қоғамдарды саяси, әлеуметтік, экономикалық, рухани дағдарыстарға жеткізуге бастамшы болған. Хакім Абайдың «Қайғы шығар ілімнен» дегені осы. Ілімшілер саф ойды бұзушылар. Жалған қағида жасаушылар, адамзатты адастырушылар. Соның нәтижесінде қазіргі әлемдік жағдай орын алған. Тағы да алапат қасірет – соғыс өрті тұтану қаупі барын жүрегінің сезімі, көңілінің көзі бар жандар аңғаруда.
***
Ой түбі – ниет. Ойлауды бұзу – ниетті бұзу. Ойлаймын, сонда бізден не кінә? Өз қатарымызбен мектепке бардық. Оқытты, үйретті, тәрбиеледі. Оқытқанын, тіптен, дұрыс-ақ десек, үйреткені теріс, тәрбиесі қате болды. Пионер бол деп үйретті, ол дұрыс па еді? Құдайға қарсы шық, халық дәстүріне қарсы шық, би, молда, төре, бай, хан дегендерге қарсы шық, – деді. Біз көндік, санамызға салдық, осындай теріс түсініктерді білім дедік. Одан не шықты? Қателікке толы өмір тәжірибесі қалыптасты. Теріс тәжірибе насихатталып ән, өлең, поэма, роман жазылып, кинофильмдер қойылып, сезім-түйсік-санамызды жаулады.
Иә, дәл солай болды, менің құрдастарымның ойлау жүйесі теріс бағыт алды. Бірақ, ол заманда мұның бәрі дұрыс делінді. Орта мектепті аяқтап, арман қуып, қиялдап жоғары оқу орындарына институт, университеттерге білім алу жолына түстік. Бағыт дұрыс. ХІ ғасырда Жүсіп Баласағұн айтқан екен: «Құт негізі – білім», – деп. Жастар жаппай білімге ұмтылдық. Бірақ, тағы да алдымыздан теріс оқу басталды, солардың бәріне тоқталмай-ақ қояйық, өзім білетін, өмірлік кәсібіме айналған ойлау жүйесі «философия» туралы баяндайын.
Философия, мен ерекше қызығып оқитын пән. Оның тарихы сонау антикалық дәуірден бастау алған. Ертеде еміс-еміс естіген Сократ, Платон, Аристотельдер – атақты философтар екен. Мұндай ойлау жүйесі көне Үнді, көне Қытай, көне Египет елдерінде болған көрінеді. Бергіде немістің классикалық философиясы, оның әйгілі өкілдері: Кант, Фейербах, Гегель дегендер, одан бергідегі дөйлер: Карл Маркс, Фридрих Энгельс, Ленин т.б.
***
Философия қызық деген идеямен Тәуелсіздік жылдарына жеттік. Алайда, философияның таза ойлау жүйесі екеніне күдік енгелі қашан, бірақ ол күдікті сейілту үшін оның орнына жүйелі білім қажет, оны қайдан алмақпыз? Философияға күдік, оның табиғатындағы атеистік сарынға қатысты еді. Философия білімінде Жаратушы деген идея жоқ, бәрі өздігінен жаралатын жаратылыс. Осылай болған соң, философияда дін мен ғылым бір-бірімен үйлесім таппаған, кереғар ұғымдар. Бұл қалай деп қоямын. Отбасы тәрбиесінен дінге жақын болғандығымнан дінді ханталапай қылғанды құптамаймын. Философтар дін, діндер дегендердің, тас-талқанын шығаруда. Осы халды кемеңгер Мұхтар Әуезов «Абай жолы» романында Абай ойы арқылы тамаша бейнелеген. Абай түсінігінде философтар құдайсыздар. Осы жағдай маған аса әсер етті. Неге дейсіз ғой... Философия ғылымдарының докторы атану үшін «Абай дүниетанымындағы Алла мен Адам болмысы» деген диссертация тақырыбын таңдадым да, 1994 жылы «Философиялық антропология және теология» мамандығы бойынша докторлық диссертацияны қорғадым. Осы кезден бастап отандық ғылымға «Қазақ философиясы» деген ұғым қалыптаса бастады. Философия институты ұжымының басым көпшілігінің қазақ философиясы дегенге қаны-қас. Олар маған әлденеше рет:
– Ғарифолла қазақ философиясы, қазақша ойлау деген болмайды, олай деу ұят болады, – деп мені ұялтқан болды. Не деуге болады? Өздері қазақ бола тұра қазақша ойлау деген жоқ, – дейді. Сонда хакім Абай ойы қазақша емес пе? Әлеуметтік, қоғамдық, рухани тәжірибе Карл Маркс ілімінің терістігін айқындап берді. Тәуелсіз мемлекеттер туын тіге бастады. Тәуелсіз ой оянды, басқаша да ойлау жүйесі бар-ау деген сана бой көтерді. Осы бағытта мен 1994 жылдан бастап «Сана болмысы» деген авторлық жоба бастадым, бүгінде «Сана болмысының» он сегізінші кітабы жарыққа шығуға даярлануда.
***
«Ойлау жүйесіне қатысты қателіктің мәнісі неде?» дегенге келсек, біздің «Философия» деп жүргеніміз, қайта зерделеп қарастыруды қажет ететін ұғым екен.
Философия гректің «филео» – сүйемін, «софия» – даналық деген екі сөзінен шыққан деп студенттерді оқытып келдік, әлі де айтудамыз және оны тұңғыш айтқан Пифагор дейміз. Кім білсін? Солай ма, жоқ па, әйтеуір айтып, жазып келеміз. Енді күдік қоюланды.
***
Сонда философия мен pálsapa-ның айырмашылықтары неде? Бүгінгі күнге дейінгі барша философиялық оқулық, сөздіктерде және өзге де әдебиеттерде pálsapa гректің философия сөзінен шыққан, соның арабша аудармасы делінуде. Түбірімен теріс пікір. Назар салыңыз, pálsapa деген екі лексикалық компоненттен құралған фәл+сафа. «Фәл»-ды қоя тұра, «сафа» дегенді түсіндірсем, ол арабтан қазаққа енген сөз – сапа. Қазақта «ф» деген төл дыбыс жоқ, «Ф» араб лексикасынан енген. Арабтар «сафа» десе, біз «сапа» дейміз, орысшасы качество. Енді қараңыз, философия дегеннің бойында «сапа» деген түсінік жоқ қой. «Фәл» дегенге келсек, қазақ оны «пәл» дейді, тілімізде сәл-пәл деген түсінік бар.
Философия дегеннен сіз «фәл» немесе «пәл» дегенді таппайсыз, демек араб ойшылдары гректің «философия» дегенінен өзге ойлаудың жаңа, тың жүйесін жасаған.
Осы тұста орыс мәтелін еске салған жөн, ол «Ұрының басындағы бөркі жанады». Еуропалықтар «pálsapa» грек «философиясының» арабшаланған түрі деуден жалығар емес. Мысалы, орыс ғалымы А.А. Игнатенко: «Фалсафа не стала простым переводом на арабский язык античной философии, она – новый во многих отношениях более высокий этап развития человеческой мысли...», – дейді. Байқайсыз ба, бұл ғалым да pálsapa гректің философиясының арабша аудармасы дейді. Бұл теріс пікір.
Олар бір ауыздан «араб pálsapa-шылары оригиналды (тума) ойшылдар емес, ең мықты дегенде, олар грек философиясының комментаторлары» деген тұжырым жасап алған. Осы тезиске біз де құлай сеніп қалғанбыз, онымыз дұрыс па? Тәуелсіздік дегеніміз тәуелсіз ойлау емес пе?
***
Араб pálsapa-шылары грек философиясына бас имей-ақ, бірақ оны білім ретінде қабылдап, тума төл ойлау жүйесін қалыптастырушылар, менің білуімше, осы істің басында тұрған әл-Кинди.
Pálsapa деген таза ойлау деген мағына береді. Таза ой иесі – Жаратушы.
***
Pálsapa-да дін мен ғылымның арасында қайшылық жоқ. Бұл бір.
Екіншіден, pálsapa-да теология мен pálsapa арасында қайшылық жоқ.
- Философияда дін мен ғылымның арасында қайшылық болды.
- Философияда сенім мен танымның арасында қайшылық болды.
- Философияда сезім мен сананың арасында қайшылық болды.
- Философияда сезім мен ақылдың арасында қайшылық болды.
- Философияның өзегі қайшылық.
- Pálsapa-да қайшылық жоқ, түсінік және түсіндіру бар
***
Осы айтқандардың теориялық принципі: Жаратушы – абсолют. Ұлы. Абсолютті тану мүмкін емес, бірақ біз абсолютті Жаратушы деп тұрмыз. Егер абсолют Жаратушы болса, заңды сұрақ туады.
Жаратушы нені жаратты? Жаратушы абсолют болғандықтан, дүниені тегіс жаратты. Дүниенің заңдылықтары бар, олар: физикалық, химиялық, биологиялық, математикалық, медициналық, әлеуметтік т.б.
Осы тегіс дүниенің заңдарын біз білмекпіз, танымақпыз және өзіміздің тұрмысымызға қолданбақпыз. Бұл деген сөз ғылымдарды қалыптастыру, оларды кемелдендіру, сол білім мен ғылымның нәтижесін тұрмыста қолдану, оны технология дейміз. Технологияның сатылары, дәрежелері бар. Қазір айтып жүрген IT технология, индустриалдық өндіріс т.б. бәрі де осы Жаратушының жаратқандарын білуге қызмет ететін істер.
Біздің, яғни адамдардың ғылымы және технологиясы күннен күнге күрделеніп толыса, кемелдене берген сайын біз ЖАРАТУШЫ ДЕГЕН ИДЕЯҒА ЖАҚЫНДАЙ БЕРЕМІЗ.
Міне, pálsapa-ның басты принципі.
***
Сонда философия деген қайда қалмақ. Ешнәрсе бүлінген жоқ. Әр жердің өз ағашы бар дегендей «Философия» Батыстың ойлау жүйесі, ойлау мәдениеті.
Pálsapa әу бастан мұсылмандық дүниетанымнан өсіп-өркендеп шыққан ойлау мәдениеті.
***
Философия деген ұғым көне заманнан бері деген даулы тезис. Антикалық заманда философия емес, софистика, софизм дегендер болған. Ол қараны – ақ, жақсылықты – жамандық деп тапжылтпай дәлелдеп беретін ойлау тәсілі болған, ол жаңа Еуропа заманында «диалектика» деп аталды.
Еуропада орта ғасырда схоластика деген болған.
ХVІІІ ғасырға дейін біздің философия деп жүргеніміз өз атымен метафизика деп аталып келді. Огюст Конт осы метафизикаға қарсы шығып, өзінің позитивизмін ұсынған.
Ал, pálsapa болса, ол Х ғасырдан бері аталып, айтылып, жазылып, зерттеліп келуде.
***
Pálsapa неге кеңес жылдары пән ретінде оқытылмады. Себебі, ол Құранға, яғни мұсылмандық дүниетанымға негізделген. Pálsapa деген таза ойлау дегенді білдіретін кең мазмұнды, мағлұмды ұғым, ол Карл Маркс іліміне, әрине кереғар. Большевизм идеологиясына да кереғар. Сол себепті, pálsapa және оның әйгілі тұлғалары «жабулы қазан» қалпында қалды. Енді, Тәуелсіздік саяси кеңістікке айналып, егемен мемлекет болған соң, жастарға нені оқытуды, өзіміз айтуымыз керек шығар.
***
Pálsapa мен философияға әмбебап ұғым, түсініктер ортақ, бірақ мағыналық жағынан түсінуге келгенде олар өзгеше.
Философия жаңа заманда (XV ғ.) таза христиандық ойлау жүйесі болып, толыға берді. Неміс философы Карл Ясперс былай деген: «Библия и библейская религия являются основой нашего философствования, дают нам постоянную ориентацию и служат источником незаменимого содержания. Философствования Запад – признается это или нет – всегда связано с Библией, даже тогда, когда оно борется с ней» (Карл Ясперс «Смысл и назначение истории» Москва, «Республика» 1994, с.446).
Сондықтан, философия деген ұғымды христиандық мағынасынан шығарып, заманында Аристотель айтқан негізге салған жөн болар. Ол ғылымға физикаға дейінгі «алғашқы философия» (теология) және физикадан кейінгі «метафизика» деген ұғымдар енгізген. Ол жөнінде өзінің «Метафизика» еңбегінің алтыншы кітабына жазып кеткен.
***
Pálsapa-шылар антикалық ойшылдарының еңбектерін араб тілінде, мұсылмандық дүниетаным негізінде қайта жандандырған.
XX ғасырдың атақты ойшылы Бертран Рассел pálsapa туралы құнды ойлар айтқан: «...Мы обязаны арабам в знании греческой философии, потому что, когда ее снова начали изучать в Европе, требуемые технические термины были взяты с греческого или латинского языков. В философии арабы были лучшими комментаторами, чем оригинальными мыслителями. Их значение для нас состоит в том, что они, а не христиане были непосредственными наследниками той части греческой традиции, которая сохраниласъ толъко в Восточной империи. Контакт с магометонами в Испании и в меньшей степени в Сицилий способствовал ознакомлению Запада с Аристотелем, а также с арабскими цифрами, алгеброй и химией. Именно этот контакт содействовал возрождению эрудиции в XI веке, приведшему к схоластической философии». (Бертран Рассел. История западной философии. Ростов-н/Д.: Феникс, 1998. с.328-329).
Бертран Рассел XX ғасырдың көрнекті ғалымы, оның пікірлерімен санасқан жөн. Ол да Еуропалықтарға тән сөзді қайталап, арабтар комментаторлар, оригиналды ойшылдар емес деген тұжырым жасаған.
Кезінде И.Г.Гердер былай деп жазған: «Арабтар болмаса, Гербер де, Альберт Великий де, Вилла Новалық Арнольд те, Роджер Бэкон де, Луллия Раймуид та болмас еді. Олардың бәрі Испанияда арабтардан оқыды немесе солардың шығармаларын оқыды. Тіптен Фридрик II-нің өзі араб кітаптарын аударуға қамқор болып, ғылымдардың жандануына жағдай жасады» (Гердер И.Г. Идеи к философии истории человечества. – М.: Наука, 1977. С.601).
Осы мәселе туралы замандасымыз Рене Генонның да айтқан мына пікірлерін қосуға болады: «Схоластика деген атаумен танылған ортағасырлық философия: мұсылмандық, иудейлік және христиандық болып бөлінеді. Алайда, оның дәл осы мұсылмандық саласы қалган екеуінің бастау көзі болды. Әсіресе, иудейлік схоластика Еуропада ол тұста араб тілі арнасында гүлденді». («Ақиқат», №7. 1994. 42-б.). Ортағасырлық схоластика болса, В.Вунттың айтуынша, жаңа заман философиясының басы болған (Вундт В. Введение в философию. М., 1998. С.1390).
***
Батыс Еуропа ойшылдары теология мен философияны бір-бірінен ажыратуға қаншама талпынғандарымен, Мераб Мамардашвили айтқандай: «Классическую европейскую культуру, т.е. ту, что складывается к началу 17века на гребне возрождёнческого подъема, можно определитъ как культуру христианскую». (См.: «Вопросы философии», №5. 1992. С.115). Сондықтан да Еуропада араб тіліндегі ойлау жүйесін, яғни pálsapa-ны бағалау христиандақ дәстүрде болып отырды. Басты мәселе – Платон мен Аристотельді араб pálsapa-шыларының түсінігінен тазартып, олардан христиандық дәстүрдегі ойшылдар жасау мақсаты тұрды. Осындай сыңаржақ көзқарас туралы Рене Генон өзінің «Еуропаға ислам өркениетінің ықпалы» деген еңбегінде нақтылы айтқан.
***
Pálsapa тарихы әл-Киндиден басталып, қазіргі заманға жеткенін айтпақпыз. Демек, pálsapa-ның типологиясын белгілеу қажеттілігі бар. Pálsapa тарихының типологиясын анықтауда қандай өлшемдерді алу керек деген мәселеге айналды. Әдетте, типологияның өлшемдері: тарихи, географиялық, аймақтық немесе ұлттық болып келеді. Біз pálsapa-ның типологиясын анықтауда саяси-географиялық өлшем қолдандық. Себебі, pálsapa араб тілі негізінде ғана емес, ол саяси негіздерде жүзеге асқан феномен. Осы тұрғыдан оның төрт тарихи-мәдени кезеңін белгіледік.
Бірінші кезең. Бағдат халифатына қатысты, әл-Кинди, «Таза ағайындар» еңбектеріне байланысты қарастырылатын тарихи-мәдени кеңістік.
Екінші кезең. Халифаттан өзге мұсылман мемлекеттерінің пайда болуына байланысты ислам мәдениеті Аравиядан тыс аймақтарда гүлдене бастады, соның бір көрінісі – Орта Азия мен Қазақстан аумағында ерекше түрде дамыған pálsapa, оның өкілдері: әл-Фараби, Ибн Сина, Омар Хаям, Аттар, әл-Ғазали, т.б. Бұлар парсы-түркі жұртының ойшылдары.
Үшіпші кезең. Мұсылман Испаниясындагы Еуропалық pálsapa-ның тарихи-мәдени кеңістігі, оның өкілдері: Ибн Бадж, Ибн Туфейл, Ибн Араби, Ибн Рушд.
Төртінші кезең. Түрік-қазақ ойшылдары: Қорқыт, Қожа Ахмет Иасcауи, Жүсіп Баласағұн, Абай, Шәкәрім.
Сонымен, pálsapa төрт географиялық аймақта өніп-өсті.
***
Pálsapa-ның да, философияның да тірек етіп отырғаны негізінен бір адам, ол – Аристотель. Pálsapa-ның көрнекті өкілдері: әл-Кинди, әл-Фараби, Ибн Сина, Ибн Баддж, әл-Туфейл, Ибн Рушд. Бұлар Аристотель философиясын араб тіліне аударып, оған герменевтикалық талдау жасаған ғұламалар. Яғни, олар – «ұмыт» болған Аристотель еңбектерін Ренессанстық деңгейге көтерушілер. Әрине, бұл ғұламалардың бәрі Аристотельді мұсылмандық негізде түсінген, әрі түсіндірген. Сондықтан, оларды Шығыс перипатетиктері дейді. Сонда Шығыс перипатетиктерін біз pálsapa-шылар деуімізге әбден орынды. Бұлардың тарихи қызметі Еуропаға грек философиясын жеткізу әрі түсіндіру еді. Сол мақсат орындалды, содан барып Батыс Еуропа философиясы қалыптаса бастады, ол Фома Аквианттан бастау алды, яғни Аристотель енді христиандық дүниетанымға орай (сай) түсініле бастады. Алдымен богословиялық (Құдай туралы ілім), теологиялық мәнде, содан кейін Аристотель зиялы философтар көзқарасымен оқыла бастады. Ол Жаңа Заман үлесіне тиді. Бұл қызмет, жоғарыда айтқандай, Ф.Бэконнан басталып, Б.Спинозаға дейінгі аралықты алды. Сөйтіп, Батыс Еуропада ойлау жүйесінің жаңа түрі қалыптасты. Біздің бүгінге дейін жоғары оқу орындарында оқып келген біліміміз – осы христиандық менталитетке, дүниетанымға негізделген – философия.
***
Бағдат халифатында X ғасырдың екінші жартысында Басра қаласында діни – pálsapa-лық бірлестік өмір сүре бастады. Мұны тарихшылар «Таза ағайындар» бірлестігі деп, арабша оларды «Ихван ас-сафа» деп атаған.
«Ихван ас-сафа» туралы толығырақ мәлімет Е.Бертельстің «Суфизм және суфистік әдебиет» деген кітабында да берілген. Онда өздерін «таза ағайындар» деп атаған бұл топ бес адамнан (бізге белгілісі. – Ғ.Е.) құрылған, олар: әл-Мукаддаси, аз-Занджани, әл-Михраджани, ал-Ауфи және Зейд бну Рифаа (немесе Зайд ибн-Руфа’а). Соңғысы осы топтың рухани жетекшісі деген мәлімет сақталған. Бұлар өздерінше энциклопедиялық білім жүйесін жасаған. Олардың мақсаты: Исламға еніп кеткен қоқыстарды «Pálsapa арқылы тазарту». Байқап отырсыз, мақсат өте биік. Демек, ол кезде бұл «ағайындар» әлемдік білім жүйесінің методологиялық мәселелерін меңгергені аңғарылады.
Энциклопедия төрт бөлім, елу бір трактаттан тұрады. Олар мынандай бөлімдер: I. Пропедевтика және логика (1-13 дейінгі трактаттар). II. Жаратылыстану ғылымдары және адам туралы ілім (14-30). III. Әлемдік жан туралы ілім (31-40). IV. Құдай туралы ғылымдар (41-51).
Оқу жүйесі мынандай принциптерге негізделген: оқушы ең алдымен 1) арифметиканы, 2) Евклидтің геометриясын, 3) астрономияны, 4) жердің жеті шеңбері туралы ілім мен Птолемей арқылы географияны оқу, 5) музыка теориясы, 6) математикалық қатынастар туралы ілім. Осыларды оқып-үйреніп, біраз тәжірибе жинақтаған соң, оқушылардың метафизиканы оқуларына дайындығы жеткілікті болады. Метафизиканы оқушылар мынандай тәртіппен оқиды: 7) ғылымдардың классификациясы және теориясы, 8) оларды өмірде қолдану, 9) типология, одан әрі Аристотель бойынша логиканы өту, яғни нақты айтсақ: 10) Аристотельдің Органонына Порфирийдің жазған кіріспесі, 11) категориялар (ұғымдар), 12) герменевтика, 13) екінші аналитика, яғни дәлелдеулер туралы ілім.
Бұдан әрі қарай оқушылар табиғатты тануға көшеді. Олар 14) Аристотель іліміндегі: физика, материя, форма, кеңістік, уақыт, қозғалыс туралы, 15) жер және аспан туралы ілім, 16) төрт элементтер туралы, 17) эфирдегі құбылыстар (метеорология), 18) минералогия, 19) табиғаттың қуаты туралы (неооплатониктер туралы мәнісінде), 20) ботаника, 21) зоология. Бұл бөлім минералогиядан басқасы Аристотель ілімі негізінде құрылған.
Табиғаттан, жануарлар әлемін оқудан оқушылар енді адамтануға өтеді. Осы мәселеге орай 21 трактатта жануар мен адамның арасындағы айтыс туралы тәмсіл (притча) берілген. Ондағы ой: егер адам нәпсіге берілсе, ол жануардан (хайуаннан) төмен болмақ.
Адам туралы ілімді де Аристотель бойынша құрастырған «Таза ағайындар» ендігі жерде метафизикалық проблемаларды неоплатонизм негізінде жүйелеген. Бұл бөлім: 31) сандар теориясы, яғни, барлық сандардың бірден шығып, қайтадан бірге қайтатын эманация туралы ілімнен басталады, 32) алғашқы рух және жан туралы әлемдік эманация, 33) макрокосм туралы ілім, 34) рух және рухани қабылдау туралы, 35) жұлдыздардың айнала шоғырлана қозғалысы, 36) махаббаттың мәні, 37) ынтықтандыру және жанның қайта таралуы, 38) қозғалыстың түрлері, 39) себеп және нәтиже туралы, 40) анықтаманың дұрыстығы туралы.
Бұдан әрі Құдай туралы бөлімдері, нақтырақ айтсақ: 41) әртүрлі ілімдер туралы, 42) Құдайға бастайтын тура жол туралы, 43) «ағайындардың» сенімдері туралы, 44) олардың өмір сүру тәсілдері, 45) мұсылмандық туралы, 46) Құдай әмірі және пайғамбарлық, 47) махаббатқа деген тазалық, Алла әмірі туралы, 48) рухани күштердің адамға әсері, 49) мемлекетті басқарудың түрлері, 50) дөңгеленген әлем туралы, 51) магия мен сиқыршылық туралы (Бертельс Е. Суфизм и суфийская литература. М., 1965. С.26-27).
***
Pálsapa – таза ойлау жүйесі, сапалы ой. Мұнда Дін мен Ғылым үйлесім тапқан. Мұқағали ақынның «дін ғылымның анасы» деген метафорасы шындыққа икемді айтылған сөз. Pálsapa – әлемдік гармонияны насихаттайтын таза экологиялық ойлау. Тазалық басы Жаратушыдан. Альберт Эйнштейннің діни сезімі болмаған адамнан ғұлама ғалым шықпайды дегені де осы мәнде айтылса керек.
***
Философия болса христиандық дүниетанымға негізделіп құрылған, бірақ келе-келе құдайсыз ойлау жүйесіне айналған, еуропалық ойлау мәдениеті. Бұл ойлау жүйесі Бертран Расселдің «История Западной философии» деген көлемді еңбегінде жан-жақты баяндалған. Біз осы ойлау мәдениеті шеңберінде ғана болып келдік, оны ғылыми тілде европацентризм деп те атайды. Әрине, европа дүниетанымын, философиясын білім ретінде білуіміз керек, онсыз қазіргі заманға сәйкестік болмайды. Демек, қазіргі философия пәнінің бағдарламасына осы айтылған дилемманы ескере отырып, ұсыныс-өзгерістер енгізуіміз қажеттілік.
Мұндай үрдіс түрік, әзірбайжан, өзбек, түркімен, тәжік ағайындарға енген, олар өздері оқитын ойлау жүйесін – Pálsapa не Fálsapa дейді. Бұл араб елдеріне де тән, олар Fálsapa – дейді.
Бізде ойлануымыз керек!
Академик, жазушы Ғарифолла Есім
qazaquni.kz