ЖУРНАЛИСТИКА МЕКТЕБІ ҚАЛАЙ ҚАЛЫПТАСАДЫ?
2018 ж. 24 желтоқсан
4341
1
Кейінгі кездері қазақ журналистикасы төңірегінде сан алуан қайшылықты пікірлер бар. Мысалы, белгілі топ ұлттық ақпарат құралдарының кәсіби деңгейі әлемдік өлшемдерден көп төмен, тіпті, орыстілді журналистикамен салыстырғанда көш кейін қалып келеді деген уәжді алға тартса, келесі бір тараптар бұған мүлде керісінше дәлелдерін келтіреді. Олардың ойынша, қазақ баспасөзі артта қалды деп байбалам сала беру бекер, қайта біз кейбір көрсеткіштер жағынан көптеген көршілес елдердің газет-журналдарынан оқ бойы озық кеттік; сөйтіп бұл салада да дамудың жаңа жолына түстік дегенді айтады.
Дау жоқ, соңғы жылдар бедерінде қазақ журналистикасының біршама жаңа сапалық белестерге көтерілгені анық. Бірақ, қалай дегенмен де, көптеген олқылықтардың да орын алып келе жатқаны жасырын емес. Біз бұл тұрғыда кезіндегі әйгілі «Лениншіл жас мектебі» аталған шеберлік көрігінен өткен өкілдердің бірі, танымал қаламгер, бүгінде «Қазақстан-Zаман» газетінің бас редакторы Ертай Айғалиұлымен пікірлесуді жөн көрдік.
– Ереке, бір мамандық саласында ұзақ жылдар істеп, шеберліктің шыңына шыққан адамды белгілі бір кәсіптің «сүйегін шағып, майын ішкен» деп жатамыз. Өзіңіз де журналистік салада талайдан бері келе жатырсыз-ау.
– Ат жалын тартып мінген бозбала шағымнан бері, иншалла, қаламым қолдан түспепті. Еңбек жолын әп дегенде аудандық газетте корректор болып бастадым. Жетпісінші жылдары аудандық газет түгілі республикалық газеттердің өздері баспахананың қарабайыр техникасымен шығатын. Әсіресе, аудандық газетті шығару өте ауыр болатын-ды. Бәріміз әріп теріп, май-май болып жүруші едік.
– Одан кейінгі қызметіңіз «Лениншіл жаста» (қазіргі «Жас Алаш») жалғасты емес пе? Осы тұста сұхбатымыздың негізгі өзегі болар мәселемізге тереңірек тоқталсаңыз. Мен сұрағалы отырған жәйттердің бірі сонау Бейімбеттерден басталған баспасөз тілі мәйегінің беріде оңбай жұтаңданып кетуі мәселесі еді. Әрине, асылдың бәрі құрыды, барлығы бірдей жойылып бітті деп ауыз сипауға да болмас. Дегенмен, алмағайып ғасырлар тоғысында бірталай нәрседен айырылып қалғанымыз анық.
– Журналистиканың басты құралы тіл екені рас. Қазақ тілі әлемдегі ең бай тілдердің бірі. Жазба әдебиеттен Бейімбеттерді атап отырғаның қисынды. Бірақ қызыл тілдің шешендері әріде жатқан жоқ па? Небір ділмар шешендеріміздің ауызекі тілдерінің өзі жоғалғанда бүгінгі жазба тіліміздің ұсқыны жолда қалатын еді ғой. Сол үрдісті іліп әкеткен бейімбеттік дәстүрлердің де үзіліп кетіп, қайта жалғанған тұсы алпысыншы-жетпісінші… сексенінші жылдар екенін кейінгі жас журналистер біле бермеуі мүмкін.
– Қазіргі қалам ұстаған жастардың көпшілігі «Лениншіл жастың» ұстаханасы деген ұғымға да мән бере қоймай ма деген қаупім бар. Сіздің өзіңіз де «Сейдахмет шапанынан шыққан сайыпқырандардың» бірісіз.
– Иә, жетпісінші жылдардың орта тұсында сол газетке орналастық. Шынын айтқанда, о тұста «Лениншіл жаста» жұмыс істеу деген қол жетпес арман болып көрінетін еді. Онда газеттер аз. «Социалистік Қазақстан» әу бастан-ақ қасаң тілімен, коммунистік партияның қаулы-қарарларымен қалың жұртшылықты жалықтырып біткен. Жастарды мүлде тартпайтын. Ал «Лениншіл жасты» іздеп жүріп оқушы едік. Шерхан Мұртаза, Сейдахмет Бердіқұлов ағалардың жазғандарын құныға оқып, ауыздан тастамайтынбыз. Оралхан Бөкейдің эсселері біз сияқты жас журналистерді қатты баурады. Меніңше, ол қанмен, текпен келетін қасиет болса керек. Еліктейтінбіз. Бұл сөз өнерінің құдіретін қойсаңшы! Аш жүрсек те таң атпай «Лениншіл жасты» сатып алатынбыз. Тағы бір ұмытып бара жатқан нәрсем – Сейдахмет, Шерхан, Оралхан ағалардың өздері еліктеген ірі тұлғалар бар ғой! Оларды қалай аттап өтеміз! Саттар Ерубаев, Баубек Бұлқышевтердің отты мақалаларын, очерктерін біз де сүйсініп оқыдық, нәр алдық. Соның шарапатын әлі күнге дейін көріп келеміз.
– Сіз келгенде «ЛЖ» ұстаханасында кімдер жұмыс істеп жатыр екен?
– Оралхандар басқа қызметке кеткен соң Сейдахмет аға тағы да бір топ жас берендерді газет шаңырағының астына топтастырыпты. Біз барғанда олардың әрқайсысы бір-бір тұлғаға айналып, өздерінің жазу стильдерін, тілдерін қалыптастырған кәнігі қаламгерлер еді. Жарылқап Бейсенбаев, Жақау Дәуренбеков, Серік Әбдірайымов, Ырым Кененбаев, Сағат Әшімбаев, Орысбай Әбділдаевтардың әрқайсысы жеке-жеке мектеп екенін айта кеткен жөн. Әрине, олардың қаламгерлік шеберханаларын зерттеп, қалам тербеу сырларына үңіліп, тарқата жазып, журналистиканың оқулығына кіргізуге құлықсыздық танытуымыз, олардың еңбектерін Журналистика факультеті шәкірттерінің құлағына құюға ынталанбауымыз – қателігіміз. Ондай ниет баяғыдан бар, негізінде. Бірақ соны жүзеге асыруға бел шешіп кірісе алар емеспіз.
– Сөзіңізді бөлейін… Осы тұста тағы бір ерекше мектепті ұмытып бара жатқан жоқсыз ба? Марат ағамыздың мектебін айтамын.
– Қабанбаев мектебін ұмытуым мүмкін емес қой. Сөз ретінде Мәкең туралы арнайы тоқталғалы отырғанмын. Марқұм Марат ағамен «Ана тілі» газетінде біраз жыл бірге істедім. Ағаның жазушылығы бір төбе де, журналистикасы бір төбе еді. Алғашқыда тәуелсіздігімізбен бірге ширыққан Марат Қабанбаев дүниелерінің бір шоғырын «Парасат» журналынан оқып жүрдім. Тоқсан екінші жылы «Ана тілі» басылымына ауысып келді. Публицистика саласындағы шоқтықты дүниелері «Ана тілінде» жарияланды. Тынбай, үзбей, шиырып жазып жүрді. Тез жазатын еді. Мақаладағы кестелі ойларын мысалдармен өріп, өрнектейтін. Оның қаламынан туған дүниелерді ел-жұрт іздеп оқыды. Ақиқатқа құмар, мейлінше шыншыл, қаламы ұшқыр журналист еді ол.
Қазақ тілінің мәйегін пайдаланып шебер, шешен жазу, әрине, екінің бірінің маңдайына бұйырмаған нәрсе. Ол ерекше талантты қажет етеді.
– Сол тамаша дәстүр, терең иірімдермен толғана қалам тербеу үрдісі біртіндеп өшіп бара жатқандай көрінеді. Ол ненің әсері деп ойлайсыз?
– Қазір ақпараттар ағынының күшейіп тұрған кезі. Орыстану сеңінің өзін зорға бұзып шыққан қазақылық салтымыз енді-енді өркен жая ма деп үміттенген тұста тағы бір жаһандану дейтін қауіпке тағы кезіктік. Еуропаға, Америкаға еліктеу белең алған тұс қазір. Әрине, бәрі жойылып бітті, құрыдық деп ойбайға аттан қосу жараспас. Бар. Бірақ, бұрынғы Бейімбеттер, Саттарлар, Баубектер, Сейдахметтер, Мараттардай майын тамызып, елдің рухын оятып, намысын қайрайтындай, оқырмандарды терең толғаныстарға бастайтындай қазақтың небір асыл сөздерін шеберлікпен қолданып жазу дағдысының біртіндеп қалып бара жатқаны рас. Осы орайда Журналистика факультетін бітірсе де шағын хабар жаза алмайтын жастардың көбейе түскенін қинала отырып айтуға тура келеді. Мұндай келеңсіздікті дереу доғару қажет-ау. Оны алдымен кейінде жер-жерде қаптап кеткен Журналистика факультеттері тоқтатса деп ойлаймын. Талант ақшаға сатылмайды. Бәйгеге шын дарындарды іріктеп қосқан абзал. Одан соң, әрине, басылымдар қасаңдық «ауруынан» арылса, өзге де толып жатқан кәсіби кемшіліктерді жоюға күш салып отырса сөз өнерінің айдыны біршама түзелер ме еді деген пікірдемін.
Әңгімелескен Құлан Сағатұлы
Тақырыпқа тұздық «ЛЖ» ҰСТАХАНАСЫНА ҚАРЫЗДАРМЫЗ Өз басым «Лениншіл жас мектебі» деген ұғымға зор құрметпен қараймын. Меніңше, қазіргі қазақ журналистикасы нақты кәсіби биік деңгейлерге көтеріліп, ел абыройын асқақтатып жүрген болса ол үшін бәрінен бұрын сонау «ЛЖ» «университетіне» қарыздар деп білемін. Біз демократия қазаққа тәуелсіздік алғаннан кейін келді дегенді жиі айтамыз. Шындығында, оның көріністері сонау социализм дәуірінің өзінде «Лениншіл жас» бетінен күн сайын көрініс беріп жататын еді. Мысалы, сол кездегі қаламдары қанатты Оралхан Бөкей, Сағат Әшімбаев сынды жастар бастаған қаламгерлер ұлт мүддесіне қатысты ойларын ерекше бір тосын тәсілдермен астарлап болса да шебер жеткізіп отыратын-ды. Сол секілді қылышынан қан тамған тоталитарлық жүйе тұсында Ұлыстың ұлы күні Наурызды ретін тауып алғаш рет көрсеткен Сейдахмет Бердіқұлов ағамыз болатын. Жұрт газетті нөмір сайынғы «Екі көзі – қырда», «Сол саңлақтар қайда екен?!» немесе «Соңынан қос ат мініп қусам ба екем?» деп келетін тартымды тақырыптары мен көкейтестілігі жағынан да, безендірілуі тұрғысынан да шебер мақалалары үшін ғана емес, әлгіндей тапқырлығы мен батылдығы үшін де жақсы көретін-ді. Мен сексенінші жылдардың орта тұсы мен тоқсаныншы жылдардың басында «ЛЖ»-ның Орталық Қазақстан өлкесі бойынша өз тілшісі қызметін атқардым. Журналист ретінде сол тұстарда алған сабақтарым үшін өзімді аса бақытты сезінемін. Небір шебер қаламгерлермен әріптес болу қуанышы бұйырған еді. Өкінішке қарай, кейін сол мектеп үрдістері біртіндеп бұзыла бастады. Атты-бұттылап, не болса соны және қалай болса солай жазатын әдет пайда болды. Бір қарағанда ол әшейін ғана нәрсе болып көрінуі мүмкін. Алайда, өйтсек қателесеміз. Себебі, қоғам «денсаулығы» көбінесе сол елдегі журналистика ахуалына байланысты келеді. Ендеше, бұл аса сақтық пен зор жауапкершілікті қажет ететін күрделі сала. Әрине, заман өзгерді, құндылықтар басқа дегенімізбен кәсіби шеберлік әрдайым бірінші кезекте тұрса деп ойлаймын. Ендеше, «ЛЖ» мектебіндей журналистика мектебін қайта қалыптастыру керек.Төлеубай Ермекбаев, қарағандылық журналист
qazaquni.kz