Ән мен жырдың арқауы – ана тілі
2018 ж. 15 желтоқсан
3371
0
Алматы қаласы Тілдерді дамыту басқармасының 2018 жылға арналған жоспарына сәйкес «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ҚР Тәуелсіздік күніне арналған «Ана тілім - ән-жырым» атты ән салу, терме айту, көркемсөз оқу шеберлігі бойынша қалалық байқау болып өтті. Байқауда 18 жастан асқан үміткерлер өз бақтарын сынауға мүмкіндік алды.
Бұл ауқымды шараның басты мақсаты – қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту, мемлекеттік тіл саясатын насихаттау, дарынды жастарды анықтап, оларға барынша қолдау жасау, сол сияқты Қазақстанның қол жеткен табыстарын көрсете отырып, рухани бірлікті нығайтып, отансүйгіштік сезімді тәрбиелеу, қазақтың ұлттық мәдениеті мен өнеріне, әдебиеті мен тіліне деген ықыласты арттыру болатын. Байқау барысында ұйымдастырушылар алдына қойған мақсатқа жетуге барынша күш салғанын көрсетті. «Халық іші - өнер кеніші» - деп тегін айтылмаған, ел арасында танылмаған таланттардың көп екеніне көз жеткіздік.
Бұл байқау алдымен алып қаланың барлық сегіз аудандарында өткізіліп, жүзден жүйрік шыққандар іріктелініп, бүгінгі қорытынды, шешуші кезеңге жеткен болатын. Қойылар талап та төмен болған жоқ. Ән, терме, көркемсөз жанрындағы «Сұлу сазды әсем ән», «Толғауы терең жыр-терме», «Мағыналы ойлы көркем сөз» атты үш номинация бойынша жарысқа түскендердің алдында Отан, туған жер, ана тілі, Тәуелсіздік, Желтоқсан, ынтымақтастық пен татулық сияқты күрделі тақырыптарды қамту міндеті тұрды. Оған қоса ән салу, терме айту, домбыра тарту, көркем мәтінді мәнерлеп оқу, сахнада өзін-өзі ұстау тіпті киім сәніне де басты назар аударылды. Гүлмира Ақүрпекова, Баян Бекетова, Марат Оралханов, Нұрмұхан Шаймерденов, Бақыт Қалымбет секілді көпшілікке кеңінен танымал әдебиет, өнер, қоғам қайраткерлерінен құралған төрешілер алқасына жеңімпаздарды анықтау да оңай болмады. Айта кетуіміз керек, жобаның авторы, шараның басты ұйымдастушыларының бірі, тіл жанашыры – Бақыт Қалымбет. Тағы бір айта кетерлік жағымды жағдай, бұл сайыста ешкім марапаттан тыс қалған жоқ. Бас жүлде, алғашқы үш орындарға қаржылай және бағалы сыйлықтар, қалған қатысушыларға сыйлықтар мен марапаттау қағаздары табыс етілді. Ән салудан бас жүлдені Бағдат Нысанбай, жүлделі үш орында Рая Тәліпханова, Қажымұқан Қалиев, Аружан Жұмабаева, терме айтудан сәйкесінше Нұрша Бақытбекқызы, Рауан Ескіліков, Айбын Жамалы, Ғибрат Жұмағұлов, көркемсөз номинациясы бойынша Сағыныш Қорғанбаева, Бейбарыс Зарипов, Ермек Тұрғанбеков, Нұрлан Сағынаев топ жарды.
Жүлделер мен марапаттау қағаздарын жеңімпаздарға белгілі әнші Гүлмира Ақүрпекова, ақын Баян Бекетова, әнші-сазгер Марат Оралхановтар тапсырып, жас таланттарға ана тілін аялап, өнер биігінен көріне берулеріне тілек білдірді. Ақын Баян Бекетова бұл өткізіліп отырған шараның маңызы зор екенін ерекше атап өтті. Еліміз Тәуелсіздік алған күннен бастап тіл тақырыбы үнемі күн тәртібінде тұрғанын, кезінде көптеген қиындықтарға тап болғанын, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту бүгінгі күні де өткір мәселе екенін еске салды. «Ана тілім - ән-жырым» сияқты байқауларды жыл сайын өткізіп тұру тілге деген нағыз жанашырлық болып табылатынын, оған қоса отансүйгіштік, ұлттық құндылықтарды жастардың бойына сіңіруге,олардың рухани дамуына, енді ғана бастау алған өнерлерін одан әрі ұштауға үлкен септігін тигізетінін жеткізді.
Ия, жыл бойы ұйымдастырылған игі іс те өз мәресіне жетті. Кеш соңында қазақ тілінің көкжиегін кеңейту жолында көптеген істерге ұйытқы болған аудандардың жұмысы да қорытындыланды. Аталмыш көрсеткіш бойынша Алматы қаласының Алмалы, Алатау, Медеу аудандары жеңімпаз деп танылды. Бұл жерде біреу жеңді, біреу жеңілді деп айту да орынсыз. Белгілі бір мақсатта өткізілген ауқымды шараның басты жеңімпазы Ана тіліміз болды десек қателеспейміз. Қазақ тілінің мәртебесі өссе, ұлтымыздың мерейі үстем болады.
Зейнолла АБАЖАН
qazaquni.kz