ЖЕЛТОҚСАН ЖҮРЕГІМІЗДЕ!
2018 ж. 15 желтоқсан
3898
0
Желтоқсан көтерілісінде студенттер ғана емес, жұмысшы жастардың да үлес салмағы айырықша басым болды. Өйткені, Алматыға келгесін орыстың тілі мен орыстық өктем саясаттың езгісін көбірек көрген де осы жұмысшы жастар. Оқуға түсе алмаған ауылдың қазақ жастары қалаға тіркелу мүмкіндігі болмағандықтан қай жерде жұмыс күші жетіспесе, амалсыз сонда баруға мәжбүр. Жылы жердің барлығы дерлік тілі жүріп тұрған өктем ұлт өкілдерінің қолында. Өзім де құрылыс саласында көбірек жұмыс істеп жүріп, империялық саясаттың озбырлығына жарылып кетуге шақ жүруші едім. Енді өзіме тағдырлас, жиырма шақты жігіт болып көтеріліске бірге қатысқан құрылысшылардың көз алдында өткен оқиға көрінісіне олардың өз әңгімелері арқылы зер салайық.
Советхан Бөгісов:
– Мен 1958 жылы 25 сәуірде Семей облысы Ақсуат ауданында тудым. 1975 жылы Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы «Қарасу» совхозында В.П.Чкалов атындағы орта мектепті бітірдім. 1977-1979 жылдары Мәскеуде әскери борышымды өтеп, Алматыға келіп тұрақтадым. Желтоқсан ұлт-азаттық көтерілісі кезінде мен «Алмаатаоблтяжстрой» тресіне қарасты ПМК-33 мекемесінде тас қалаушы, ағаш шебері болып жұмыс істеп, «Дружба-1» деп аталатын жатақханада тұратынбыз. 16-желтоқсан күні кешкісін жұмыстан шығып, Фурманов көшесі 197 «б» жатақханада тұратын Қарлығаштың (қазіргі әйелім, ол кезде жүріп жүрген қызым болатын) туған күнін атап өтуге жиналып таныс құрбы-құрдастармен бас қостық. Сол кеште сағат 8-дер шамасында радиодан соңғы хабарды естідік. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Пленумы болып, бірінші басшы Д.А.Қонаевты орнынан босатып, орнына Мәскеудің арнайы жіберген адамы Г.В.Колбинді тағайындапты. Бұл хабар ашық күнде аспаннан жай түскендей әсер етіп, бәріміз дүрлігіп кеттік. Қасымдағылар:
– Бұл қалай? Қазаққа қазақ басшы табылмағаны ма? Бұған бей-жай қарап үнсіз отыруымыз жарамайды. Жолдастар, ертең Л.И.Брежнев алаңына ұрандар жазып алып, бәріміз бірге барайық, – деді, Рахила деген Қарлығаштың жан құрбысы. Шұбартаулық сол қыз – өжет, турасын айтатын қайсар, ұлтшыл қыз болатын. Жайсыз суық хабар қуанышты отырысымыздың шырқын бұзып, көңіл-күйді түсіріп кетті. Бойымызда намыс оты тұтанып, бір келсем, бірге тұратын жігіттердің бәрі дүрлігіп жатыр екен. Секен, Ерғали, Қайрат, Самиғолла, Қабыкен, Жасұлан, Құсыбек, Сайранбек деген жігіттермен бәріміз жиналып, түнімен жоспар құрдық. Құсыбек Өскеменнен келген менің сыныптасым болатын. Жатақханадағы қазақ жігіттердің барлығын құлақтандырып, болып жатқан жайды түсіндірдік. Бәрінің де пікірлері бізбен үндесіп, қолдай түсті. Бұл нағыз қазақ жастарының ұлтымыз үшін неден болса да тайынбайтын қайсарлығын көрсетті. 17-желтоқсан күні таңертен жұмысқа барып, өзіммен бірге істейтін 20-ға жуық қазақ жігітін түгел ұйымдастырып, алаңға баратын болдық. Бірге жұмыс істейтін орыс ұлтының өкілдері мен басшыларымыз бізге кедергі келтіргеніне құлақ аспадық. Өйткені, «Алаңға студенттер, жұмысшы жастар жиналып шеруленіп жатқанда біз неге жайбарақат жұмыс істеп жүруіміз керек?» дедік те тартып кеттік. Алаңға жеткенімізде қоршаған қарулы әскерилер мен милиционерлер сап түзеп қаптап тұр екен. Жастар жан-жақтан лек-легімен ағылуда. Осы алаңда Мұрат Сәбиев пен оның інісі Маратты кездестірдім. Сәбиев Марат «Ақ үйге» келіссөзге барған бес жігіттің бірі болатын. Ол батыр тұлғалы, ерекше ұлтшыл, нағыз қазақтың қайсар азаматы еді. Ағалы-інілі екеуі де Желтоқсан көтерілісіне бастан-аяқ қатысқанына куәмін. Олар – ШҚО Күршім ауданы Қалғұты ауылынан. (Мараттың кейін қайтыс болғанын естідік). Тажалдан тайсалмай ол кезде талай ерліктер жасаппыз. Оның бәрін тізе берсек қағазға сыймасы анық. Әттең талай жастың тағдыры қыршынынан қиылғаны өкінішті-ақ. Сол құрбандыққа саналы түрде барып, жалаң қолмен мұздай қаруланған жендеттерден тайсалмаған азат ойлы, өр мінезді қазақ жастарының қимылдарына қалай сүйсінбеске? Қиын күнде бас болып, бұғып қалмай қажыр-қайрат көрсетті. 18-і күні кешкі сағат 5-6-лар шамасында жиырмаға жуық жігітті әбден ұрып-соғып, жабық машинаға қойша тиеп, Қаскелеңнен әрі бір зираттың ортасына апарып тастады. Тас қараңғы түн, қақаған аязда қансыраған бізді айдалаға қалдырып кетті. Қасымда сол жиырманың екеуі Жасұлан Тоғанов пен Құсыбек Мұхамеджанов болатын. Отарлаушылардың осынау қиянатынан қалай ішің жылысын? Сол көрген зорлық пен қорлықтың кесірінен денсаулықтан айырылдым. Жасым қырықтан аспай жатып, 3-ші топтағы мүгедектікке ұшырап, ауыр еңбекке жарамсыз боп қалдым. Әйтсе де өкініш жоқ. Сол бір елге салмақ, сынақ болған сындарлы шақта намыс пен ардың туын көтерген азаматтармен бірге болғанымызды мақтан тұтамын.
Секен Ажитаев:
– 1958 жылы 21 тамызда Семей облысы Ново-Покровка ауданы «Комсомол» ауылында дүниеге келдім. Екі жасымда ата-анам Семей облысы Абай ауданы «Қайнар» совхозына қоныс аударып, балалық шағым сонда өтті. Он жылдық мектепті, сол ауылда аяқтадым. Поэзия пайғамбары, ұлы Абай атамыз туып-өскен құнарлы топырақтың бізге әсері аз болмаған шығар. Қазақ халқының тауқыметті тағдыры осынау ұлан-ғайыр өлкені ұрпағына аманат етіп, аман жеткізген ата-бабамыз аттан түспеген, найзасын қолдан тастамаған. Ар мен намыс жолында тәуекелден таймаған, Алған беттен айнымаған. Киелі бабалар салған сара жолдан таймау бізге де парыз.
Мен, ол кезде Алматы «Кульбытстрой» тресіне қарасты СМУ – «Академстрой» Құрылыс-монтаж басқармасында ағаш шебері болып жұмыс істеп, «Дружба-1» деген құрлысшы жастардың жатақханасында тұрдым. Жұмыстан шығып кешке бөлмеге келгенде алаңда аласапыран басталып жатқанын естідік. Бұл – 16 желтоқсан күні. Ертеңіне жұмысқа барып, осы жөнінде жігіттермен ақылдастық. Қалайда алаңда болып жатқан оқиғаны өз көзімізбен көруді ұйғардық. Бірге жұмыс істейтін Жүнісов Қабыкен, Оразалин Жангелді, Оралбаев Самиғолла, Аман (Волгоград облысынан) , Әлмағанбетов Қанат, Қайырбаев Ерғали, Тоғанов Жасұлан, т.б. көптеген жолдастарыммен бірге кешкі сағат жетілер шамасында алаңға барсақ, нағыз қым –қиғаш аласапыран басталған екен. Алаңға біз жеткенде мінбеде бір қазақ орысшалап: «Қайтыңдар, қойыңдар! Орталықтың шешіміне бағынбау – басбұзарлыққа апарады. Арты жақсы болмайды» деген сыңайда сөйлеп тұр екен. Сұрастырып білсем, бұл азамат Орталық комитеттің идеология жөніндегі хатшысы – Зақаш Камалединов екен. Оны тыңдаған ешкім болмады. Ұрандатып «Әр халыққа өз көсемі болсын!», «Лениннің ұлт саясаты жүзеге ассын!» деген плакаттар ұстағын жастар «Менің Қазақстаным» әнін қосыла шырқадық. Бейбіт шеруге шыққан жастарды алдыңғы жақтан ұрып, соғып, әдейі арандатуға итермелейтін төбелес те басталды. Жазалаушы жағынан мұздай қаруланған әскерлерге қарсы біздер де қарап қалмадық. Гранит тас кесектерімен қаруланып алған жастар болып, нағыз жан аямас қырғын салдық. Ыза, кекке толы қайсарлықты көрсеттік. Әсіресе, қыздардың қайтпас мінездеріне риза боласың. Шашынан сүйрелеп тепкілеген аяусыз соққыдан қайтпай, жендеттердің жағасына жармасқанына қалай сүйсінбейсің?! Қылшылдаған қызыл шұнақ аязда жендеттер өрт сөндіргіш машиналардан суық су шашып мұзға құлатып сапер күрегімен сілейте соғып қанға бөктірді. Осыншама қатігездік пен қорлықтың табы әр жастың жүрегіне өшпестей жара салды. Небір боздақтар қыршынан қиылып, талай жастың жас ғұмыры абақтыда өтті.
Бізді 18-желтоқсанда сағат күндізгі 11-12-лер шамасында қоршалап қыспаққа алып, соққылап жүріп ұстап, «Целинный» кинотеатрының жанындағы Алматы қалалық ішкі істер бөлімінің жертөлесіне апарды. Тергеп-тексеріп, суретке түсіріп, саусақ іздерін алды. Ешбіреуімізге ешқандай дәрігерлік көмек те көрсетпеді. Шөлден қаталағанымызға да қарамады. Адами қайырым атаулыдан жұрдай бұндай аяусыздық жасаушылармен қалай ымыраласуға болады? Түн ортасы болғанда аузы-мұрнынан лықа толған абақтыда орын болмағасын біздерден қолхат алып, басшыларымызды шақырып, КГБ-ның қызметкерлерінің арнайы жетегімен жатақханамызға жеткізді. Жұмыстан «ұлтшыл», «бұзақы» атандырып шеттетуді бастады. Жоғары оқу орнының кешкі бөлімінің 4-курсынан қуылдым. Кейіннен ісімізді Калинин аудандық сотында қарап, алғашында он бес күн абақтыға жабуға кесіп, кейіннен айып пұл салып босатты. Одан кейін о кезде «КГБ» деп аталатын мемлекеттік қауіпсіздік комитетінде тергеп, түсініктеме жаздырып, сол күннен әлгі мекеменің есебінде тұратынымды қатаң ескертті. Жазықсыз жаланың жанды жабырқатып, жүйкені жұқартқаны өз алдына, үнемі бақылауда, сенімсіздер сабында саналып, жастық ғұмырдың талай жылы өтті. Төгілген қан, өкінішті өртеген, өксікті күндеріміздің өтеуі ел Тәуелсіздігіне ұласты.
Ендігі бар қажыр-қайратымызды осы еліміздің туын жықпай, тілімізді мемлекеттік мәртебесін көтеруге шақырамын.
Жасұлан Тоғанов:
– Ызғарлы желтоқсанның сызды күндері қазақ халқының еркіндік жолындағы ар-намысты ту еткен ақтық сынына айналды. Ол кезде мен, Алматы шаһарындағы «Алматыкульбытстрой» тресіне қарасты «СМУ- Академстрой» құрылыс басқармасында ағаш ұстасы болып жұмыс істедім. Өзім Орал облысы Ақжайық ауданы Өлеңті (қазіргі Жұбан Молдағалиев атындағы ауыл) ауылында туып-өстім. Алматыға оқуға келіп түсе алмаған соң, жатақханасы бар осы жұмысқа орналасқанмын. Қазақ халқын «ұлы халықтар» ұлт ретінде мойындамай, шеттетіп, кемсітіп, үстемдігіне үйретуге тырысқанына наразы болып жүретінбіз. Осының арты Желтоқсан ұлт-азаттық көтерілісіне ұласты.
Д.А.Қонаевтай азаматтың Қазақстанды ширек ғасыр басқарған еңбегін елеусіз етіп, бір күнде орнынан алып тастап, қазақтың өңі түгіл, түсінде көрмеген, Ресейдің бір облысын басқарған Колбин деген дүмбілез орысты тағайындады. Ұлтымызды масқаралаған мұндай бейбастыққа қалай төзуге болады? Орыстандыру саясатын әріден орайластырып, қазақ мектептерін түгелдей жауып, орысша білмегендерді адам санатына қоспаудың астарында қазақ халқын ұлт есебінде жоюдың астыртын сыры жататын. Іштей пісіп жетілген ыза-кекке осы саяси оқиға түрткі болды. Алаңда «көппен көрген ұлы той» болғандықтан көппен көрген қорлығымды тізбектеп жатпай-ақ қояйын. Негізінен, бұл шайқас қазақтың қайсар, өр мінез, намыс жолында ештеңеден қайтпайтын қаһарман халық екенін дәлелдеді. Қазақстаннан мұндай табандылық күтпеген отаршылдар ұйымдастырушыларды, бастаушыларды іздеп әлекке түсті. Момын, қойдан жуас қазақты біреу айдап әкелмесе өз бетімен мұндай ұлы күреске шамасы жоқ бұратана ретінде қорлауы – қазақтың табиғатын танымаған әңгүдіктік еді. Осындай жомарт та дархан ел пейілін аяққа таптатпау үшін «Әр халықтың өз көсемі болсын!» деп ұрандап, атойлап алаңға шықтық. Бейбіт шеруге шыққан жалаң қолды жастар мен қаршадай қыздарды сұраусыз қан жоса етіп ұрып-соғып, қорлаудан асқан қандай қатыгездік болмақ?
18-желтоқсанда алаңға СМУ-да бірге істейтін Шарипов Бауыржан, Оралбаев Самиғолла, Жүнісов Қабыкен, Ажитаев Секен, Қайырбаев Ерғали т.б. жігіттермен бірге бардым. Қанша уақыт өткенін білмеймін. Сол қырғын кезінде қоршауға түсіп қалдым. Мені бір сақшы мен бір әскери соққының астына алып, сол кездегі Фурманов пен Сәтпаев көшесінің қиылысынан сүйреп «Ақ орданың» алдына әкелді де талдырып ұрып-соғып машинаға тиеп, Қаскелең жаққа апарып тастады. Жараланбаған біреуіміз жоқ. Кілең зардап шегіп, ит қорлық көрген біздер бір автобусты жалдап қаланың шетіне қайта іліктік. Жұмыста «нағыз халық жауындай» суық көзқарас пен шеттетудің небір түрін бастан кешірдім. Сөгіс жариялап, 13-14 айлық жалақымды қысқартып, үй кезегінен алып тастады. Бастан тиген соққыдан қатты зардап шегіп, дәрігерден көп ем қабылдадым.
Самиғолла Оралбаев:
– 1986 жылы «Алматыкульбытстрой» тресіне қарасты СМУ «Академстрой» мекемесінде құрылыс бригадирі болып жұмыс істеп, «Дружба-1» жастар жатақханасында тұрғанмын. Көтерілістің басынан аяғына дейін қатыстым. 17 күні түнде бір топ қаруланған солдаттар мен миллиционерлер бізді қоршауға алды. Ұсталғандарды аямай ұрып-соғып, тепкілеп машиналарға, автобустарға тиеп әкетіп жатты. Қайда әкетіп жатқаны белгісіз. Үлкен бе, кіші ме, әйел ме, еркек пе, ешкімді аямады. Қасымда жиырмашақты жолдасым болған еді. Екі қызды сақшылар ұрып жатқан жерінен құтқарып, олардан алысырақ жерге алып кеттік.
18-желтоқсанда 40 шақты адамдарды ұстап алып, «Целинный» кинотеатры маңындағы Совет аудандық ІІБ жертөлесіне апарып, ұрып-соғып, бір тәулік қамады. Содан бізді ұстап отырғандарын жұмыс орнымызға хабарлап, кадрлар бөлімі бастығы келіп айып төледі. Бізді жатақханаға дейін «КГБ-ның» бір адамы милиционерлермен бірге әкеліп тастады.
Ол кезде бір жағы КПСС мүшесі едім. Көтеріліске қатысқаным үшін партия қатарынан шығарылдым. Бірақ, отанымның болашағы үшін қатысқаныма өкінбеймін.
Аманғазы КӘРІПЖАН
qazaquni.kz