Ғалымқайыр Мұтанов: Ұлы Дала Елі – жасампаз тарих елі
2018 ж. 27 қараша
6708
0
Елбасы Н. Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы өзі атап өткендей «Рухани жаңғыру» жалпыұлттық бағдарламасының жалғасы ретінде жарық көрді.
Мақалада Ұлы Дала Елінің бүгінгі мұрагері тәуелсіз, бірлігі мен берекелі тыныс тіршілігі ұйысқан еліміздің әлемдік өркениетте алатын орны айқындалған. Бүгінгі Қазақстан сан ғасырлық тарихтың ғана емес, әлемдік өркениет қазынасына енетін бай мәдени игіліктің иесі екендігін зерделеу, насихаттау аса маңызды міндет екендігі көрсетілген. Себебі, қим-қиғаш оқиғаларға толы жаһандық үдерістірде кез келген ел мен мемлекеттің бүгінгі әлеуетін ғана емес, өткен замандардың даңқты парақтарының мұрагерлері ретіндегі жағымды бейнесін де әлемге танытудың маңызы ерекше.
Егер, мәдениет кез-келген халықтың, мемлекеттің бет-бейнесін айқындайды, негізгі құндылықтарын қалыптастырады десек, мақалада Ұлы даланың адамзат өркениетіне серпін берген озық технологиялардан бастап, рухани құндылықтары мен жасапмаз рухының қалыптасуының сипаты, негіздері мен ерекшеліктері айқын көрсетілген.
Біздің жерімізден бастау алған, атақты «Ботай» қонысы арқылы әлем ғалымдары мойындаған жылқыны қолға үйрету мен атқа міну мәдениеті, жылқы шаруашылығы, металлургия ісі, «аң стилі» атанған зергерлік өнер ата-бабаларымыздың аса жоғары өркениет өкілдері ретінде көшпелі және отырықшы мәдениетті тоғыстыра отырып, өзіндік ерекше әлем қалыптастырғандығын көрсетеді. Нәтижесінде Ұлы Жібек жолының бойымен тек сауда байланыстары ғана жүзеге асып қана қоймай, әртүрлі мәдениеттердің үлгілері де кең тарап, ежелгі Қазақстан аумағы түрлі мәдениеттердің тоғысқан аумағына айналды. Ұлы даланың өзіндік рухы мен қайталанбас сипатын «Алтын адам» атанған сән-салтанаты мен даңқы қатар жарасқан даңқты билеушілер басқарған, қуатты мемлекеттер айқындай түсті. Тасқа қашалып, мәңгілікке жазылған руна жазулары мен онда баяндалған ерлік тарихы қайталанбас өр рух пен ата-бабаларымыздың дүниетанымы мен құндылықтарынан, озық мәдениетінен сыр шертеді. Осылайша Ұлы Дала Елі инттелектуалдық дамудың да тұғырына көтеріліп, оның небір даңқты перзенттері, соның ішінде адамзаттың «екінші ұстазы» атанған әл-Фараби сынды тұлғалар дүниеге келді.
Қазіргі таңда әл-Фараби есімі әлем жұртшылығына кеңінен танымал, олар біздің ұлы бабамыздың түркілік тегін, ұлы ғалым ретіндегі рөлін бағалап, мойындап оры. Мысалы, Голландиялық, Туркиялық ғалымдар өздері бастама көтеріп, біздің университетімізбен бірлесе отырып, әл-Фарабидің өмірі мен қызметіне арналған бірнеше деректі фильмдер
дайындады. Әл-Фараби бейнесі арқылы еліміздің ежелгі өркениет ошағы екендігін мойындап қана қоймай, оны әлем жұртшылығына таныстырды. Бұл, даңқты бабамыздың мұрасы арқылы елімізді танытудың бір ғана мысалы екендігін айтқым келеді.
Елбасы мақаласының тағы бір ерекше маңызы ұлттың рухын күшейтіп, болашаққа деген сенімін нығайтады. Себебі, адамзат өркениетінің көптеген мәдени және технологиялық жетістіктері біздің жерімізден бастау алып, әлем жұртшылығына тарағанын білу, өзінің қайталанбас сипаты бар өркениет қалыптастырған елдің ұрпағы екендігіңді сезіну барша қазақстандықтардың, соның ішінде жас ұрпақтың бойындағы елімізге, өзімізге деген құрметті арттырып, кеудемізге мақтаныш сезімін ұялатып қана коймай, оларды рухандырып, болашаққа деген сенімін нығайтады. Ұлттық сананың көкжиегін кеңейтіп, отарсыздандыру үдерісін жылдамдатады.
Жақын арада әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Елбасы мақаласында айтылған жасампаз тарихымыздың жеті қырынан сыр шертетін «Қазақ Елі» тарихи-көркемдік кешені ашылады. Бұл кешен студен жастардың бойындағы ұлттық рух пен ұлттық сананың кемелденуіне, ұлттық салт-дәстүріміз бен тілімізді, мәдениетімізді сақтауға, бағалауға, дамытуға серпін беруді жүзеге асыру және насихаттауды мақсат тұтқан. Әрине, бұл Елбасы бастамаларын жүзега асырудағы бір ғана қадам.
Осы орайда, «Рухани жаңғыру» жалпыұлттық бағдарламасын жүзеге асыруды аталған мақалада қойылған жаңа міндеттер мен мақсаттарды ескере отырып орындау баршамыз, соның ішінде зиялы қауым өкілдері үшін отан мүддесі жолындағы, болашақ ұрпақ алдындағы зор міндет.
Ғалымқайыр Мұтанов
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры, академик
qazaquni.kz