Берлинде қазақ әдебиеті мен мәдениеті орталығы ашылды
2018 ж. 19 қараша
2109
0
Берлин мемлекеттік кітапханасында Қазақстан мәдениеті мен әдебиетінің орталығы ашылды. Бұл жоба еліміздің мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен "Рухани Жаңғыру" бағдарламасы аясында ұйымдастырылып отыр.
Кітапхананың негізі 1661 жылы қаланған. Мұнда 10 миллионнан астам кітап бар. Енді олардың қатары 200-ге жуық қазақстандық шығармамен толықты. Жергілікті халық Абай Құнанбаев, Сәкен Сейфуллин, Әбіш Кекілбаев және Немат Келімбетовтың шығармаларымен таныса алады. Сонымен қатар кітапхана қорына еліміздің мәдениеті, салт-дәстүрі мен тарихы туралы кітаптар енгізіледі.
Үмітхан Мұңалбаева, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының директоры:
- Мұндай орталық 25 елде бар. Осылайша басқа мемлекеттермен тығыз байланыс орнатып жатырмыз. Жергілікті халық әдебиет арқылы қазақтың тарихын, болмысын түсіне алады.
Берлиндегі отандық әдебиет пен мәдениет орталығының ашылуына еліміздің зиялы қауым өкілдері де келді. Жазушылар мен ақындар болса, шығармаларын мекеме қорына табыстады. Дәл осы күні белгілі қазақстандық драматург Баянғали Әлімжановтың үш бірдей жинағы және Сәуле Досжанның «Мое чужое сердце» кітабының неміс тіліндегі нұсқасының таныстырылымы болды.
Қазақстанның Ұлттық академиялық кітапханасы мен Берлин кітапханасы ынтымақтастық шекарасын нығайтуды көздеп отыр. Қос тарап меморандумға қол қойып, өзара тәжірибе алмасып, қазақстандық әдебиетті Еуропаға кеңінен таныстыруды қолға алмақ.
Дереккөз: 24.kz