Рүстем Есдәулет - өнер аспанында жарқ етіп жанған Шоқан болатын...
2018 ж. 16 қараша
4375
0
2009 жылдың жазы. Кезекті шыққан "Шағылға біткен шынармын" атты жыр жинағымның тұсаукесерін өткізейін деп, Өскеменді шарладым. Сол жылдары+ Бердібек Сапарбаев ағамыздың бүкіл Шығысты дүр сілкіндіріп жатқан кезі. Мекемелердің бәрі күрделі жөнделу үстінде. Театрға барсам, ол жердің де шаңы бұрқырап жатыр... Сол кездегі театр басшысы, дарынды ақын, талантты режиссер Рүстем Есдәулетовті өз бөлмесінде кездестірдім. Ол мені көріп, орнынан ұшып тұрып сәлемдесті. Маған ол мүлде жаңа сыпаттағы басшылардың үздік үлгісіндей боп көрінді. "Бақытжан апай, театр жөндеуден өткен соң қайта айналып келіңіз, екінші мәрте тұсаукесер өткіземіз. Өлеңдеріңізден инсценировка жасаймыз",-деп шығарып салды ол мені қос жанары от шашып тұрып. Рүстем Есдәулетов - тым періште, ақ, адал қалпынан айнымай кеткен қазақтың санаулы таланттарының бірі. Ол Абай армандаған Әбіш немесе өнер аспанында жарқ етіп жанған Шоқан болатын...
Мынау- дүниеден Рүстем кеткенде жазылған өлең еді:
Жанардың жарқылын-ай Түнектен түн суырған, Ажалдан артық ұл-ай, Қиылған қыршынынан.
Жанының терезесі Ақылдан нұр төгетін, Кепкендей кенезесі Өнер деп өртенетін.
Иіліп тұрушы еді-ай, Қаз дауы, қаблан бала. Мейірге тұнушы еді-ай, Ақ сөйлеп арман ғана...
Ай -жүзі, күн- уысы, Ар үшін алаңдаған. Періште жымиысы Жер үшін жаралмаған.
Өнерде жазды Рүстем Адам... деп шын атыңды, Өскеменді өрге сүйреп, Төрге әкеп театрды.
Көрермен тәнті болған, Бал ұйып таңдайына, Алтайдың алтын оғлан Сыймады-ау маңдайына...
Аз ғана ғұмырында Ту тіккен төгілдіріп, Тұрғандай тұғырында Мәңгілік өмір күліп.
Бақытжан Раисова, Қазақ үні