ТҰҢҒЫШ
2018 ж. 12 қараша
7415
0
Әйгілі суретші Әбілхан Қастеев туралы сыр
Қастеевке дейін де қазақ сурет салған. Даламыздағы қаптап жатқан балбал тастар мен таңбалы тастар сол сурет өнерінің сан қырының бір қыры емес пе? Текемет, ши, алаша, түскиіз, сырмақ, белдік, құрларға салған ою-өрнектер де ежелден өнерсіз халық еместігімізге айғақ қой. Зергерсіз ел болмағанымызды бәріміз де білеміз. Оның бер жағында Қазыбек бек Тауасарұлы Ұран-Майқының тұқымында Көркембек атты тас шебері болғанын, оның үш жерде салған тас сарайы ешкі ойнаққа айналып жатқанын өкіне жазған-ды. Сол үш тас сарайдың бірі Тараз қаласының маңында, Тұрар Рысқұлов ауданының жерінде Ақыртас аталатынын әркім-әркім айтады, бірақ әлі ғылыми тұрғыда зерттелген жоқ. Ол жайында өткен ғасырдың 60-70-жылдарында «Білім және еңбек» журналы біраз жазып, ғалымдар тарапынан қажетті қызығушылык, болмаған соң, ақырында олар да тынышталған. Әйгілі Мүйізді Өтеген батыр да сурет өнерін тәп-тәуір меңгеріп, досы Қазыбек бектің суретін қағаз бетінде калдырыпты. Одан беріректе, ХІХ-ғасырда, Шоқан да артына сан алуан сурет қалдырған болатын. «Жасыратыны жоқ, – дейді Ғабит Мүсірепов, – Ұлы Октябрь революциясына дейін бізде адам бейнесін суретке түсірген бір-ақ қазақ болды. Оның аты – Шоқан» (С.Мұқтарұлы «Шоқан және өмір». 1985). Шоқанның інісі Мақы да қолөнері бар кісі болған. Қысқасы, қазақ ежелден-ақ ою мен сурет салушылардан ада болмаған. Ою мен зергерлікті кәсіп еткендер кездескенмен, сурет салумен айналысқандар, яғни кәсіптік маманданған суретшілер болмаған. Оған белгілі дәрежеде діннің де әсер еткенін бәріміз білеміз. Әбілхан ағамыздың қазақ өнеріндегі орны да осы орайда айқындалады: ол – қазақтың тұңғыш кәсіби суретшісі. Бұл – өте үлкен абырой. Өйткені, одан әлдеқайда әдемі салатын, ебі де, таланты да аса жоғары суретшілер бола береді және болуға да тиіс, бірақ солардың бәріне де бастамашы болған Әбілхан ағаның орны мәңгі өзгермейді. Бұл бақытты Әбекеңнің басына қондырған – талантымен қоса уақыттың сәттілігі. Қазақ Әбілхан аға тектес атағы шыққандарды бақ қонған адам деп сыйлайды. Ондай адамдардың күндеушісі де көп болады. Себебі: «Біз де одан кем салмаймыз. Керек десең, артық саламыз. Бірақ сонда да бәрі Әбілхан, Әбілхан дейді де жатады», – деушілер шығады. Ондайлар Қастеевтің көзі тірісінде де болған, әлі де бар. Мен бұл пікірді 1983 жылдың аяғы мен 1984 жылдың басында өткен жағдайларды еске ала қозғап отырмын. 1984 жылы 1 ақпанда Әбілхан ағаның туғанына 80 жыл толатын еді. Сол мерекенің қарсаңында бұған дейін Т.Г.Шевченко атындағы көркемсурет галереясы атанып, одан кейін жаңа мекенге ауысқалы жай ғана көркемөнер мұражайы делініп тұрған өнер ордасына қазақтың тұңғыш халық суретшісі Әбілхан Қастеевтің атын беру туралы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетіне ұсыныс түсті. Мәселе Д.Қонаевтың алдына дейін барып, оң шешілуге ыңғайланды. Бірақ күбір-сыбырлар Орталық Комитеттің ішін де кеулеп жатты. Әбілхан ағаның туған күніне аз қалғанда, мәселе кенет теріс айнала бастады. Сондағы көре алмастардың ең басты көлденең тартқаны – Әбілхан ағаның маманданған жоғары білімінің жоқтығы. Сол кезде Орталық Комитетте істейтін Қуаныш Сұлтанов: «Беке, кім екенін білмеймін, біреулер үлкен кісіні бүлдіріп қойыпты, қол қоймады», – дегенде жүрегім өкініштен жылап қоя берді. «Қонаев Әбілхан ағаны жақсы білетін еді ғой», – дедім суретшінің өз сөзін есіме алып. Ағаның отбасы да, ол кезде Сақыш шешеміз әлі тың еді, достары мен Қуаныш та қарап жатпады. Қазақ сәулет өнерінің қарт тарландарының бірі Нұрғазы Оразымбетов ағамыз Димекеңе кіріп мән-жайды қайта түсіндіргеннен кейін ғана, туған күніне бір-екі күн қалғанда Д.А.Қонаев шешімге қол қойып, қазақтың өнер мұражайына Әбілхан Қастеевтің аты берілді. Ол кісінің кәсіби жоғары білімінің жоқтығын желеу етіп, салған суреттерін сатып алғанда, төменгі бағамен алу жағдайлары үнемі орын алып келген мәселе. «Карл Маркстің «Өмір – күрес» дегені – осы», – дейді мұндай жағдайды іштарлыққа жатқызғысы келмегендер. Бір қызығы, Әбілхан аға ондай өзіне жасалған кедергілердің бәрін болуға тиіс нәрселердей қабылдаған: күйіп-піспеген, кектенбеген, есе қайтармаған, түк көрмегендей, түк білмегендей, жайдары қалпын сақтап жүре берген. Кім біледі, сырты солай көрінгенмен, іші бір сәт те болса әлем-жәлем болатын кезі болған да шығар. Оны бір білсе, зайыбы Сақыш апай білер еді, бірақ ол кісі де ондай мінезі бар еді демейді. Соған қарағанда, ағаның мінезі айрықша, айрықша болғанда да тым айрықша болған-ау! Мен Әбілхан ағаны бар-жоғы үш-ақ дүркін көрдім. Бірінші рет Жаркентте. 1969 жыл болатын. Аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы кезім. Қай кез, қай күн екені қазір есімде жоқ, әйтеуір, күз айларының бірі, өйткені жүгері зауыты жұмыс істеп тұрған болатын. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, Социалистік Еңбек Ері Шаймұханбет Сапиев аға өзі телефон соқты. Ол кезде Сапиевтің өзі телефон соғуы мәселенің аса маңызды екендігін айтпай-ақ түсіндіретін. Сен Қастеевті білесің бе? – деді Сапиев. – Білем, – дедім ойланбастан. – Білгенде калай білесің? Танысып, сөйлесіп пе едің? – Жоқ. Біздің Шежінде туғанын, Қазақстанның Халық суретшісі екенін, – деген болуым керек. – Оны бізден басқалар да біледі, – деді Сапиев салқын, абыржыңқы дауыспен. – Бұл кісі өз бетімен келеді екен, осында мұғалім қарындасына қонақ болып, сол үйден қайтады екен. Келгенін, кеткенін не біз білмейміз, не сендер білмейсіңдер, ұят нәрсе ғой бұл. Оператор баласы екеуі қазір де сол Алтынсарин мектебінде істейтін қарындасыныкінде көрінеді. Қазір сол мектептің деректірімен сөйлес, ертең Әбекеңді құрметті пионерге қабылдаңдар, жақсылап кездесу өткізіңдер. Мен де барармын. Соны ұйымдастыр. Өзің бар, сонан соң хабарлас. Ол кезде Жаркент қаласындағы жалғыз қазақ орта мектебінің деректірі Жақсыбай Исаев ағаймен дереу хабарласып, ертесі Әбілхан ағаны сол мектепте құрметпен қарсы алу қамына кірістік. Мен ауылда тракторшының немесе шопырдың өзгелерге мұрнын шүйіріп, шөбін түсіріп бергенше бес жалындырып, отынын тасып бергенше алты рет алдына келтіріп зықын шығарғанын талай көзіммен көргенмін, өзім де сан рет сондай жағдайды басымнан кешкенмін. Әбілхан аға да болар-болмас бірдемеге ренжіп қала ма, ренжіп қалса, Сапиев те қоса ренжиді-ау деген ойлар, әрине, мені зыр жүгіртті. Мен өйткен соң, аукомолдың, аудандық пионерлер үйінің қызметкерлері тіпті алашапқын болды. Ертесі Әбекең мен баласы Әбілтайды Алтынсарин мектебінің ауласында кернейлетіп, сырнайлатып қарсы алдық. Құдай-ау, не түрінде, не жүрісінде, не киім киісінде титімдей болса да паңдық болсашы, қайта бізден бетер қысылып, бізден кешірім өтінгендей кішірейіп, жалпы қазаққа мәшһүр Қастеев күлімсіреп қана балаларға қайта-қайта басын изеді. Кәдімгі әр ауылда бар ақпейіл ақсақалдың кейпі. Мектептегі кездесуден кейін Жаркент жүгері зауытына бардық. Соның бәрін баласы Әбілтай камераға түсіріп жүрді. Әбекеңнің есімнен кетпейтін бір ерекшелігі – Сапиевке көрсеткен ілтипаты. Ол кезде Шаймұханбет Сапиев – атақты басшы, облыстағы беделді бірінші хатшы, Социалистік Еңбек Ері, республика бойынша да ауызға ілініп жүргендердің бірі. Ондай адамға бір-екі ауыз болса да қолпаш сөз айту, көпшік қоя сөйлеу кімге де болса міндет сияқтанатын. Ал Әбекең өйтпеді, кәдімгі өз баласының үйіне қыдырып келген адамша емін-еркін сөйлесіп қана жүрді. Әркім-әркімге елпектей бермейтін Шаймұхан аға да ағытылып сөйлеп, жақын ағасына жөн-жосық жасап жүргендей, біз күтпеген кішілік көрсетті. Екі ағамның сол сыйластығы, жеке мүдеден жоғары халықтың мүдеде түсініп, ел қадірлеген адамды қадірлей білу қасиеттері мені айрықша сүйсінтті. Кісімсінген, бәлсінген біреулерге Шәкеңнің әдейі істейтін біраз мінезін білетін едім, Әбілхан ағаның қасында оның бірін де байқатпай, арқа-жарқа, шын пейілмен жүрді. Екінші рет Әбілхан ағаны Алматыда ақын ағамыз Рахметолда Нұрпейісовтікінде көрдім. «Ауылдан шыққан бала. Қызметі өсіп, Алматыға ауысып келіпті, жазушылығы бар», – деп таныстырды Рахаң. Дәрігер ғалым Қожақан Шәкенов бәрі ежелгі таныстардың әңгімесін айтып отырды, мен тұңғыш танысып отырған ортада тып-тыныш әңгіме тыңдадым. Атақ, абырой дегендердің Әбілхан ағаның мінезіне, қылығына қылаудай да кінәрат түсіре алмағанына қатты қайран қалдым. Үшіншісінде «Октябрь революциясы» орденімен марапатталуына орай құттықтай барған бір топ ағалармен бірге 1971 жылы Әбілхан ағаны өз үйінде көрдім. Біз барғанда үйінде жоқ еді, қайдан келгені қазір есімде жоқ, әйтеуір, бір жақтан бізден соң келді. Баяғы бұлжымайтын мінезімен, көсіліп сөйлемейтін қалпымен ортамызда отырды. Біз жиырма шақты едік, сондықтан ол кісінің есінде көбіміз қалмаған да шығармыз. Алайда, қарияның бет құбылысын, айтып жатқан мадақтауларға елпілдемей, қайта қысылыңқырап отырғанын байқау маған аса бір айрықша жаңалық болды. Сол отырыста Әбекең бізге Қонаев жайында бір қысқа ғана әңгіме айтты. Димекеңнің Ғылым академиясында президент кезі болса керек. Қазіргі Шоқан ескерткіші тұрған арада жалғыз дамылдап отырған Әбілхан ағаға академиядан шыққан Димекең арнайы бұрылып кеп амандасады: «Сіз Әбілхан аға емессіз бе?» – депті. «Иә», – дейді бұл кісі. «Сіздер бақыттысыздар ғой, – депті Димекең. – Істеген қызметтеріңіз де, өздеріңіз де – бәрі халықтың көз алдында. Біз бүгін мұндамыз, ертең андамыз; бүгін мақталсақ, ертең датталамыз; қызметімізге де, өзімізге де қарамайды, қайда жұмсаса, сонда барамыз. Бізге бірдеме деп халық та ара түсе алмайды, біз де халыққа бәлен дей алмаймыз». Осы сөзді Әбілхан аға аса бір түсіністікпен, сүйсініспен еске алды. Бодан елдің қайраткері көмейінде тұрған тәуелділікті, сірә, солай жеткізген-ау деп ойлаймын. Ол кезде емес, қазір ойлаймын. Халқына өз қалағанынша қызмет жасай алмайтынын, жасатқызбайтынын біліп тұрған адам өз қынжылысын ол кезде одан артық қалай білдірсін-ау! Әбілхан ағаның жуастығы мен кішіпейілдігін біз кейде біржақтылау түсінеміз. Шындығында, ол кісі «жуастан жуан шығатынның» дәп өзі. Қайсарлығы, бекінген ісінен беті қайтпайтындығы, еріну дегенді білмейтін еңбекқорлығы – оның бойындағы білімділерге есе жібермейтін қасиеттері. Әбекеңнің өмірдегі тұрқын мына бір жағдай жақсы бейнелейді. Бұл әңгімені ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты Ерніс Шәкенов ағамыздан естіп ем. Оның жігіт кезі екен. Әлдебір жұмыспен Жаркенттегі бір мекемеге таңертең барады. Күзетші әлі ұйқыда, қабаған иті бос жүріпті. Ойында еш күдігі жоқ Әбекең қақпаны жұлқып ашады да аулаға кіріп барады. Қабаған ит ес таптырмай арс етіп төсіне шапшиды. Иттің екі аяғы мен аузы кеудесінде. Басқа амалы қалмаған Әбекең ойланбастан итті қапсыра құшақтай алады. Қоя берсе, ит, сөз жоқ, бір жерін жарақаттайды. Көмекке келе қоятын ешкім көрінбейді. Ал кейпі мен тұрқын байқаса, ит анау-мынауға бой бере қоймас пәлекеттің өзі. Міне, ендеше деп, Әбекең итті кеудесіне қатты қысқан күйі тұра береді. Былқ еткізбей тұншықтыра қысады. Бір кезде ит ақыры сылқ етіп құлайды. Сөйтіп, Әбекең итті құшағына қысып тұрып-ақ құлатады. Айқайламайды да, қорқып бажылдамайды да, иттің де үнін шығармайды, өзі де үндемейді. Өйтіп өзіне қарсы шапқан қарсыласын құшағында тұншықтыру әркімнің қолынан келе бермейтін қасиет екенін бәріміз де білеміз. Бұл оқиға Әбекеңнің қандай да болсын әрі қиын, әрі тұтқиыл жағдайларда да асып-саспайтынын, жуастықпен өзін жүндете бермейтінін байқатады. Бүкіл мінезі мен болмысының негізі осы бір күтпеген жағдайда итпен кездескен сәтінен айқын аңғарылады. Әбілхан ағаның атақ-даңқын әсіресе қатты шығарған оқиға – Амангелдінің суретін салуы. Көп жұрт оған баға бергенде, айнытпай салғандығын бірінші айтады. Әрине, көрмеген адамды өзі көргендей салу, оны көзі көргендердің бірден танып таң қалуы – ол да асқан шеберліктің белгісі. Бірақ Әбекеңнің ең басты шеберлігі – Амангелдінің айрықша адам екендігін айрықша көрсете білуінде. Амангелдінің батыр екенін білмейтін бейхабар адам да оған бірден ынта қойып, оның тегін адам еместігін тани қарайды. Тоны, тұмағы, қылышы, дәптері – бәрі де оны айрықша қазақ етіп тұр. Қабағы, алысқа қадалған көзі, басылған мұрты, күтімді сақалы, ықшам киінісі мен ұқыпты жарасымы – олар да оның ойлы, қыран қазақ екенін бірден байқатады. Мені ағаның қатты баурайтын тағы бір суреті – «Талас алқабы». Бұл – қазақ даласының ғажап әуенін бояумен бейнелеген құдірет. Ең әуелі шексіз, шетсіз дала түседі көзіңізге. Сонан соң сол даланың қан тамырындай иірілген өзенді, оның түбін су шайған жарлары мен жағалауын, жайылып жатқан өткелін, өткел аузында қайнаған өмірді, ел-жұрттың тыныс-тіршілігін көресіз. Алыстан, жақыннан өзенді сағалаған ел тіршілігін бірде айқындап, бірде сағымдатып әр қырлы бейнелейді. Тіршіліктің симфониясын ауада қалқыған шат күлкісімен, жарасымымен полотноға дәлме-дәл әкеп түсіре қойғандай. Ол салған табиғат суреттері де шетінен ғажап: дәл сол арада, қасында тұрғандай сезінесіз. Ағаның сүйсініп отырып, жан-тәнімен құлай отырып салғанын әр бояудың дәлдігінен, соншалықты нанымдылығынан да аңғарасыз. Әбілхан ағаның ең үлкен ұстазы – өмір. Оның ішіне туған жері, ауыл-аймағы, әке-шешесі, ата-бабасы, жалпы қазақтың жалпақ даласы – бәрі кіреді. Көрген-білгенінен, естігенінен, азды-көпті оқығанынан ой түйген, өнер үйренген адам. Ол Хлудовтан үйренген. Бір ғажабы: ол өзі Хлудовқа да көп нәрсе үйреткен, яғни ұстазының өзіне ұстаздық жасаған. Мен мұны жайдан-жай айтып отырғам жоқ, шынында да солай. Оған дәлел – 1935 жылдың мамыр айында Байтұрсыновтың «Суретші Хлудовтың картиналары бойынша қорытынды пікіріне» Хлудовтың жазған жауабы (ҚР Орталық мемлекеттік мұражайы, 1308-қор, 1-тізбе, 154-іс). Хлудовтың жазуына қарағанда, Байтұрсынов ол кезде мұражай кеңесшісі екен. Өз пікірінде Байтұрсынов суретшінің қазақ тұрмысында не мүлде кездеспейтін, не кездессе де сирек кездесетін жағдайларды салғанын баса айтады. Байтұрсыновтың пікірі мәшіңкеге басылған, ал Хлудов өз жауабын сол мәшіңкеге басылған пікірдің ара-арасына сыямен жазған. Пікірдің бас-аяғы он беттен тұрады. Байтұрсыновтың кей пікірі жауапсыз қалған. Сірә, оған суретшінің айтары жоқ болса керек. Былайша айтқанда, кемшілігін мойындаған ғой. Тұжырымдап айтқанда, Байтұрсыновтың басты сындары мыналар: 1. Қазақтың ері мен әйелін жартылай жалаңаш көрсетуі. Оған Хлудов жауап жазбапты. 2. Қазақ қыздарын бас киімсіз, ылғи да дударбас немесе жалбырбас етіп көрсетуі. Хлудов оған да жауап жазбайды. 3. Қазақ әйелдерін жалаңаяқ көрсету. Оған да жауап жоқ. 4. Жапанда тұрған жалғыз киіз үйді салуы. Оған да Хлудов жауап бермепті. 5. Адамдар мен заттарды салуы жеке-жеке алғанда дұрыс-ақ, ал жалпы тұрмыс жағдайында дұрыс емес. Оған Хлудов: «Мен не көрсем, соны салдым. Бәлкім, қазақша нашар білгендіктен, композициялық қате жіберуім мүмкін» депті. Байтұрсыновтың: «Орындалуы мен бейнелеп мазмұндауы жағынан Хлудовтың картиналары әдемі-ақ, бірақ қазақ тұрмысын білетін адам олардың ойдан шығарылған, жат әрі жалған екенін аңғарады» деген тұсына Хлудов: «Ол картиналарды түзету үшін, Қазақстанның ежелгі халқынан шыққан Ходжиковке, Қастеевке жөндеуге беру керек», деп жазыпты. Одан әрі Хлудовтың 18 картинасына жеке-жеке нақты пікір айтылады. Суретші де оның әрбіріне әртүрлі жауап жазады. Негізінен, қателігін мойындайды. Мәселен, «Бие сауу» деген картинасына айтқан сынға: «Мен мұндай нәзік жағына жете алғам жоқ, өйткені, қазақ тілін нашар білдім» депті. Содан кейін: «Бұлар өзі орыс суретшісінің міндетіне кірген жоқ. Мұны да суретші Ходжиковке не Қастеевке беру қажет» десе, тағы одан төменіректе: «Бәлкім, бұл менің қатем шығар, оны жоғарыда мен айтқан суретшілер жөндей алады» деп сеніммен айтыпты. Одан кейін: «Мұны да қатесін түзеу үшін сол суретшілерге берген жөн» депті. «Азалы көш» картинасына қатысты әдет-ғұрып жөнінен айтқан пікірлеріне де Хлудов: «Мұны Ходжиковке не Қастеевке жөндеу үшін ұсынған жөн» дейді. Хлудовтың бұл жазбаларына қарағанда, Қастеевті ол қазақ ауылының тұрмыс жағдайын, күнделікті тіршілігін өзінен тәуір біледі деп мойындағаны, яғни оны тыңдағаны аңғарылады. Ұстаз бен шәкірт бір-бірімен өстіп ұстаздық алмасқан екен. Табандылығы мен еңбекқорлығының арқасында білімпаз замандастарынан ешбір кем түспеген, табиғи ізеттілігі және туа біткен мәдениеттілігімен сыртынан жылтырап жүретіндерден оқ бойы озып өткен ағамен аз ғана сөйлесіп, сәл ғана қасында болғаныма мен өзімді бақытты сезінем. Қазақтың кәсіби суретшілігіне тұңғыш түрен салған аға әрдайым қазақтың есінде. Әбекеңнің – Әбілхан Қастеевтің, Әлекеңнің – Әлкей Марғұланның 100 жылдығын ЮНЕСКО дәрежесінде атап өту – қазақ халқы үшін әлемдік мәдениеттің сапында көріну, әлемдік санатқа қосылу. Мақтан емес, шүкіршілік. Үкіметі, ел басқарушылары халқының даңқын шығарғандарды ардақтай білетін заман қазаққа да туды дегізетін жағдай. Асыл ағаларының халықтық мұрасын әлемдік мекеме алдында таныта, таныстыра білген Иманғали Тасмағамбетов ініміз елі үшін тағы да бір татымды қызмет жасаған екен, көп жасасын. Халқына айрықша қызмет жасап өткендерді бүйтіп айрықша қастерлеу – Үкіметтің ең үлкен тәрбиесі.Бексұлтан Нұржекеұлы, жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты
qazaquni.kz