Гүлзира Айдарбекова: Қайрат орысша қате сөйледі деп күлген адамның өзі дүбәра жан
2018 ж. 12 қараша
6784
2
Гүлзира Айдарбекова қазақ тілі мен Қайраттың орысша қате сөйлегенін сынаған елге жауап берді. Ұлына қазақ тілін үйреткенін мақтаныш санайтынын жеткізді.
Бұл туралы stan.kz хабарлады.
“Қай елге барсаң да, сол елдің тілімен сөйлеп жүрміз. Ешкім біз түсінсін деп қазақша сөйлемейді. Нан сұрай алуың үшін сол елдің тілін білуің керек. Ал, бізде керісінше. Өзгелер түсінсін деп орысша сөйлеседі. Орысша қате айтсаң күліп, мазақ етеді. Қазақша сөйлемеуді ар санамайды. Қайрат Түркістанда туғанымен, Алматыда өсті. Әкесі екеуміз де жастайымыздан Алматыда тұрамыз. Бірақ Қайратты қазақша тәрбиеледік. Қайратты жастар үлгі ететін болған соң қазақ тілін үйреттік. Ол – елдің адамы. Қайраттан бастап еді әншілер арасында кино түсіру сәнге айналды. Қайрат үлкен-кішіге үлгі болып жүр. Сондықтан Қайрат орыс тілін қате сөйлейді деп сынамай, қазақ тілінде сөйлемеуді ар көргеніміз дұрыс. Қайрат орысша қате сөйледі деп күлген адамның өзі дүбәра жан. Оянайық, қазақты қазақ мазақ етпейік”, – дейді анасы желідегі парақшасында.
Желі қолданушылары Айдарбекованың сөзін қостап, өз ойын жазып жатты.
“Өте дұрыс айттыңыз. Қазақ қазақпен қазақша сөйлесуі керек. Өзге тілде қате сөйлесе күлетін жағдайға жеттік, Қайратты қазақша тәрбиелегеніңізге рахмет”, – дейді желі қолданушылары.