Ғаббас Қабышұлы: Абайдың опера мен балетке қандай қатысы бар?
2018 ж. 05 қараша
4923
1
Алматы қаласының Әкімі Бауыржан БАЙБЕК
мырзаның назарына
Бүгінде Алматы қаласы жаңаша сән-салтанат аумағына айналдырылып жатыр. Тұрғандарының да, меймандарының да көзі мен көңілін қуантатын шаһарға айналмақ. Барлық дерлік алаңдары мен даңғыл-көшелерінде жаңғырту жұмыстары қарқынды.
Осы ұлы қарбалас Абай даңғылын абаттауға ерекше мән берілгенін аңғартады. Әлбетте, ол - құдайдың өзі асыл дарыннан құйып бере салғандай шалқар ойлы Ақынның атына сай болуын ойлағандық.
Бұл ұтымды өзгерістерге ризашылығымды білдіре отырып айтар бірер пікірім былайша:
-Сұлу даңғылдың бас көркі болып «Абай ескерткіші» тұр. Наурызбаев Хәкімжан ағамыздың бұл тарихи тамаша туындысына көзім түскен сайын маған Абекең түп-түзу, кең даңғылын бойлай сейілдеп қайтуға қадам басқалы тұрған тәрізденеді. Сол сәтте: - Алаңында «Абай ескерткіші» тұрған республикалық Мәдениет сарайын «Абай атындағы мәдениет сарайы» десек, тым-тым жарасымды болар еді! - деп ойлаймын.
Бұлай ойлағаныма бес жыл болды. Пікірімді ішімде қалдырмайтын ғадетіммен Алматы қаласының Сіздің алдыңыздағы әкімі А.Есімов мырзаға, екі гәзетке хат жолдадым. Өкінішке қарай, ешкімнен, ешқайдан не құптаған, не қарсы болған бір ауыз сөз естілмеді (жалпы бізде «немкеттілік» деген сырқат бар, оған қашан ем табыларын құдай білсін).
Хаттарымда айтылғанындай, құптауға тұрарлық жәйт – Абай атындағы ғимарат, Абай ескерткіші, Абай даңғылы өзі сұранып тұрған жарасымдылық, айрықша әсем ансамбль!
Ал кейбір егде ағайындар қарсы болуы мүмкін жәйт – тарихы 1934-жылдан басталған театрдан бүгін Абай атын алып тастау дұрыс болмайды!
Енді осы екі жәйттің соңғысын ой таразымызға тарталық. Иә, тағдыры театрмен тығыз байланысты жасы үлкен есен-сау артистер «Абай атындағы» деуді өзгертуді өрескелдік деп білер. Оларға сауалым: Абекеңнің опера мен балет өнеріне қандай қатысы болды, осы ыңғайда айтқан бір ауыз сөзі бар ма? Меніңше, Абайдың атына «опера, балет» деген сөздері жанастыру ыңғайсыз-ақ!
Ал театрға Абай атын қоюға нендей себеп болып еді? Немкеттілікпен
үндемей қалған, әлі де үн қосулары екіталай жұртқа жауапты өзім қайтарайын:
Мұхтар Әуезовтің либреттосы негізінде 1944-жылы Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамди қойған «Абай» операсының бас кейіпкері ғана болған Абекеңнің атын қою әу баста-ақ қисынсыздық еді. «Әу бастам» - 1945- жылдың көктемі. Басқыншы фашизмнің мойнын үзген Ұлы Жеңіс халықтың қуанышын шексіз тасытты. Той тойға ұласып дегендей, дана ақынымыз Абай Құнанбаевтың туғанына 100 жыл толды. Сол ұланасырда республика басшыларының бірі (әлде басқа адам ба, одан дерегім жоқ) 14 жыл атсыз тұрған опера және балет театрымызға бүкілхалықтық мерейтойы кезінде Абай атын беруді ұсынды да, мақұлданды. Ішкі-сыртқы саясатқа қайшылығы жоқ.
Ендеше, театрдағы атын қозғамайық та, Мәдениет сарайына сұранып тұрған атын да берелік, көпсінбелік! Ал егер бір қалада Абай атындағы екі нысанның болуы әлдебір заңға томпақ десек, онда театрға қазақ операсының негізін қалаған, композиторлық өнері КСРО-дағы, көптеген шет елдегі әріптестерін тәнті еткен сазгеріміз Мұқан Төлебаевтың атын қою – бірден-бір дұрыс шешім болмас па?!
Сөз ретіне қарай еске ала отыруым артық болмас бір мағлұмат: Мұқан Төлебаев кезінде Қазақ Советтік Социалистік Республикасының тұңғыш гимнінің әуенін жазды. Ғажап қуатты әуен! Ондай әуен бола қоймас. Ал сонда республиканың партия мен үкімет басшылары саясат үшін «бригадалық тәсіл» жасап, Мұқаңа Е.Брусиловский мен Л.Хамидиді қосақтай салды. Ол «құбылысты» зерттегенімде Брусиловскийдің «Мұқан әуенінің қайырмасына бір пікір айттым» деген сөзі ғана табылды, ал Хамидидің ешқандай қатысы болмағаны анықталды. Латиф ақсақалдың: «Гимнге менің қатысым болған жоқ, тіркей салды ғой» дегені бар. Сол қиянатты ашып жазғаным нысанасына жетпеді, оң қарауға міндетті «мықтылар» немкеттілік көрпесін бүркене түсті.
Екінші пікірім (бұл да қала әкімдігіне жазбаша жеткен) – «Жібек жолы» көшеміздегі «Алматы Арбаты» деген сөзтіркесінен құтылу. Мәскеулік жазушы жолдасым ондағы «Арбат көшесі» туралы: «Сонау бір жылдары Мәскеуге әзірбайжан саудагерлер ғана келіп-кетіп жүреді екен. Арбамен. Солар өздеріне қолайлы көше бойынан үш-төрт үйді жалдап алып, жатақхана етіпті және сауданы сол көшеде жүргізіпті. Сөйтіп, сауда қызып, әзірбайжан ағайындар көбейе берген де, мәскеуліктер оларды сырттай «арбаттықтар» дейтін болыпты. «Арба» мен «ат» сөздерінен өздерінше сөзтіркес жасаған ғой. Сөйтіп, «Арбат көшесі» пайда болған» деді.
Ал оны Алматыға кім таратқанын білмеймін. Меніңше, ол алаңшамызды «Суретшілер алаңы» деу жөн, себебі онда суретшілеріміздің туындылары сатылатын болғалы он шақты жыл.
Қорытындым: бұл пікірлерім орынды, Әкім Бауыржан Байбек мырза оң ұйғарым жасайды, жұртшылық құптайды деп ойлаймын.
Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ,
жазушы
Қазақ үні