Азаттық аңсаған қазақ көші және ел бастаған Елісхан

2018 Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты және «Ер Жәнібек» халықаралық қоғамдық қорының ұйымдастыруымен 2018 жылдың 2 қарашасында Елісхан Әліпұлының 110 жылдығына орай «Азаттық аңсаған қазақ көші және ел бастаған Елісхан» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтеді. Конфернцияда «Ел бастаған Елісхан» кітабының тұсауы кесіліп, аталған еңбек көпшілікке ұсынылады. Конференция соңында батыр рухына Құран-Хатым бағышталып, арнайы ас беріледі.

Елісхан Әліпұлы (1908-1943) – қазақ халқының басына зұлмат күндер түскен 1930-1940 жылдардағы қанды күндердің құрбаны. Ұлт қаһарманы. Ел-жұртын зұлымдықтан құтқару жолында жан аямай арпалысқан күрескер тұлға. Гималайды тұңғыш рет асып өткен қазақ көшінің басшысы. Алтай-Баркөлді мекен еткен қазақтар Қытай билігінің қысымына шыдамай, үдере көшеді. Көшті қайратты, жігерлі Елісхан бастайды. Елім, жерім деп күрескен шаһиттік өмірдің иесі Елісхан Әліпұлының есімін алтын әріптермен жазып тарихқа таңбаланды. Оның аты әдебиеттерден, тарихи кітаптардан орын алды. Елісхан өмірі туралы жазылған Ж.Шәкенұлының «Қаралы көш» романы Қазақстанда үш рет басылып, түрік тіліне аударылып, Түркияда да жарық көрді. Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның қолына тиіп, Түркиядағы мемлекеттік кітапханалар төрінен орын алды. Осы жылы шілде айында Түрік елінде Стамбул қаласында батырдың 110 жылдық іс-шарасы аса дабыралы аталып өтті.

«Азаттық аңсаған қазақ көші және ел бастаған Елісхан» атты бұл конференция – Елісхан Əліпұлының жауға тізе бүкпейтін қайсар, қатал, ержүректігі мен түркі ұлдарына тəн өр рухының ұрпаққа берер сабағы; батырдың өмір жолы мен ерлік іздері; Елісхан Әліпұлы жайында жазылған әдебиеттер мен ғылыми зерттеулер хақындағы баяндамаларды қамти отырып, азаттық, еркіндік аңсаған көштің мұраты – біздің бүгінгі тәуелсіздігіміз екенін, Отанның қымбат құндылық екенін, оны мəңгі қорғап өтудің қажеттігін ұрпақ санасына сіңіруді мақсат етеді. Аталған іс-шараларға мемлекет және қоғам қайраткерлері, атақты ғалымдар, жазушылар, зиялы қауым өкілдері, Түркия, Германия, Швеция және Моңғолиядан қадірлі қонақтар мен Елісхан батырдың ұрпақтары және БАҚ, т.б. қатысады деп күтілуде.

Өткізілу орны мен уақыты: Алматы қаласы, Шевченко к-сі, 28, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, Тіркелуі - сағ. 9.00., басталуы – сағ. 10.00.

Байланыс телефоны: 8 (727) 272-44-59, 8 (727)261-17-58, 8 (727) 272-68-46. Ұйымдастыру комитеті