ТІЛ мен ҰЛТ – ТҰТАС ҰҒЫМ
2018 ж. 29 қазан
2624
0
Алматыда қалалық әкімдіктің қолдауымен Тілдерді дамыту басқармасы ҚР Премьер-министрінің өкімі бойынша бекітілген Қазақ тілі әліпбиін латын жазбасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен көшіру жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес «Қазақстандағы жазу тарихы және жаңа латын әліпбиіне өтудің ғылыми-практикалық негіздері» атты конференция өткізді.
Ия, мұндай шаралар қазір бүкіл еліміз бойынша тұрақты өткізіліп жатыр. Елбасының өзі қолдаған бұл мәселе соңғы жылдар қызу талқыланып, көпшіліктің басты назарында болып келеді. Ол түсінікті де, тіл ұлтымызды анықтайтын басты белгі болып табылады. Қазақ тілі болмаса, қазақ деген ұлт та болмас еді. Сондықтан, латын жазбасына көшу кезеңінде оған сергек қарап, мұқият дайындалуымыз аса қажет және тіл білімі саласындағы ғалымдар мен мамандарға үлкен жауапкершілік жүктейді
Алдын ала айта кетелік, Тілдерді дамыту басқармасы осы жолы өткен ғасырда еліміз латын жазбасын пайланған тұста жарық көрген сирек кітаптар көрмесін қатысушылардың назарына ұсынған екен. Бұны ұйымдастырушылардың ұтымды ісі деп түсінген жөн. Өйткені, әңгіме латын графикасына көшу жайында болған соң латын қарпінде басылған кітаптарды өз көзімен көріп, өз қолымен ұстауға мүмкіндік алған шараға қатысушылар ерекше әсерде болғанын байқадық.
Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты директоры Ерден Қажыбек, аталмыш ғылым ордасының бас ғылыми қызметкері Зейнеп Базарбаева бастаған белгілі ғалымдар өз ойларын ортаға салды. Баяндамашылардың айтуынша шешімін таппай жатқан сұрақтар әлі де шаш-етектен. Ұлттық ерекшеліктерімізді білдіретін төл дыбыстарымызды қалай жазудан да басқа мәселелер жеткілікті көрінеді. Орыстардан енген ц,ч,щ секілді әріптерді алып тастау немесе қалдыру, өзге де тілдерден енген кірме сөздерге қатысты даулы мәселелер әлі де нақты шешімін таппаған. Баяндамаларда кейбір ғалымдар тарапынан ағылшын тіліндегі кейбір атаулар мен сөздерді сол күйінде қабылдап жазу керек деген ұсыныстар бар екені айтылды. Бірақ, ол да біздің қазақ тілінің дамуына өзінің кері әсерін тигізері сөзсіз. Сондықтан, ондай сөздер мен атаулардың қазақша баламасын табу аса қажет. Ия, оларды бірден аудару қиын. Уақыт өте келе оның да шешімін біртіндеп табуға болады. Қазақтың тілі бай, сондықтан, ол жағына аса күмәнданудың қажеті жоқ. Мысалы медициналық атаудағы кариесті – тісжегі, витаминді – дәрумен деп қолданып жүрміз. Осының өзі-ақ аудармада мол мүмкіндіктер бар екенін көрсетпей ме? Рас, медициналық, техникалық салалалар бойынша терминдерді түгелдей аудару қиынға соғары белгілі. Дегенмен, кірме сөздерді қазақшаландыруға күш салу керек.
Осы тұста бір үлкен қауіп барын еске салғанымыз жөн. Қазір үш тілділікті желеу етіп, жалаулатқандар асыра сілтеп кеткенін көріп жүрміз. Әсіресе, білім және ғылым министрлігінің жөн-жосықсыз сансыз реформалары осыған тікелей себеп болып отырғанын көпшілік жақсы біледі. Ағылшын тілін балабақшадан бастап енгізгендер қазақ тілінің ертеңгі күні қандай жағдайға тап болатынын болжай алмайтын сияқты, тіпті ол туралы ойланбайды да. Ағылшын тілімен ауызданған бүлдіршіннен ертең қандай қазақ, қандай ұлт жанашыры шықпақшы? Өзінің ана тілінің уызын ішпеген бала қазақ тілінде сөйлеп, оны игермек түгіл ертең оның исін де сезбейтін күйге жетеді. Онымен бірге ұлттық үрдістер, салт-дәстүр, әдебиет пен мәдениеті де жат дүниеге айналады олар үшін. Бұл қауіптің көкесі. Оны біз басымыздан өткердік. Соны біле тұра, басымыздан өткере тұра тағы да сол қателікке бой алдырып отырмыз. Бұл ретте әлі күнге дейін арыла алмай жатқан орыс тілінің әсерін айтсақ та жеткілікті. Енді міне, орыс тілінің құрсауынан құтылдық па дегенде алдымыздан ағылшын тілі шықты. Орысқа тәуелді болған тілімізді енді ағылшынның арбауына бермекпіз бе? Керек болса, ағылшын тілі он сегіз мың ғаламның ортақ тілі болса да бізге ең бағалысы, ең қажеттісі – тек қана өзіміздің қасиетті қазақ тіліміз. Сол баға жетпес байлығымызды жоғалтып алмас үшін бүгіннен бастап қимылдауымыз қажет. Ережелерді бекітіп, заң жүзінде қабылдаған соң оны түзету қиынға соғады. Шетел тілін білу – заман талабы екеніне ешкімнің таласы жоқ. Өскелең ұрпақ алдымен ана тілін біліп, содан соң жүз тілде сөйлесе де өз еріктері. Біздің билік дәп осындай қатаң талап қоюы керек-ті.
Осы отырысқа қатысқан қазақ тілінің үлкен жанашыры, білгірі Асылы Осман апайымыз ғалымдарға бұл жауапты істе табысты жұмыс тілеп, батасын беріп, ұлттық ерекшеліктер мен қазақ тілінің болашағын алдымен қарастыру керектігін баса айтты. Әрине, тіл мамандары, ғалымдар қарап отырған жоқ. Ұсыныстар көп, бірақ соның бәрін бір жүйеге келтіру тағы да біраз уақытты қажет ететін секілді. Әрине, бұл жерде асығыстық жасасақ, адасамыз. Латын жазбасына бүгіннен бастап көшіңдер деп төбемізден төніп тұрған ешкім жоқ. Тіліміздің төрт қырынан тегіс қарап, түйткіл атаулыны түгелдей шешіп алғанымыз жөн.
Қоғамда қазақ тіліне қатысты мәселе бірінші жыл көтеріліп отырмағаны белгілі. Алдымен тіліміздің кең қолданысқа ие болмай келе жатқаны егемендік алған күннен бастап көпшілікті тұрақты алаңдатуда. Тәуелсіз мемлекет ретінде қазақ тілінің кең қолданыста болуын талап ету – заңдылық. Оған ешкімнің дауы жоқ шығар. Ондаған жылдар орыс тілінің жетегінде кеткен қазағымыздың өзін қазақша сөйлету қиындықтар туындатқан жоқ па? Шынын айтсақ, бұл мәселені біз тәуелсіздік алғанымызға ширек ғасыр өтсе де, толықтай шеше алдық деп айта алмаймыз. Байқасаңыздар, қазақ тілін латын жазбасына көшіру сөз болғаннан-ақ, қазақ тіліне қатысты өзге де мәселелер қоса көтерілді. Біздің тіліміздің байлығы, оның ерекшеліктері және тілімізді таза күйінде сақтап қалу маңыздылығы да баса айтылып жатыр. Ашығын айтсақ, Үкімет қолдап отырған осы латын графикасына өту шараларын пайдаланып біз тілімізге қатысты барлық түйткілдерді кешенді түрде шешіп қалуға тиістіміз. Өйткені, мұндай мүмкіндіктер енді бола бермейді, бұл жағдайды ұлттық тұрғыдан ұтымды пайдалануымыз керек.
Зейнолла АБАЖАН
qazaquni.kz