ЖАҺАНДЫҚ РЕЙТИНГТЕ КӨШ БАСТАҒАН БІЛІМ ОРДАСЫ
2018 ж. 26 қазан
6321
6
«Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университеті – отандық жоғары білім беру жүйесінің қара шаңырағы. Университет бүгінде тарихы 1928 жылы еліміздегі жалғыз педагогикалық факультеттің ашылуынан бастау алатын жетекші оқу орнына айналып отыр. Оның қалыптасуына белгілі ұлт қайраткерлері – Ахмет Байтұрсынов, Темірбек Жүргенов, Халел Досмұхамедов, Сәкен Сейфуллин және басқа да көптеген көрнекті тұлғалар зор үлес қосты. Университетте Қазақстанның қарышты дамуына қажетті мамандар даярлайтын 14 академик, 155 ғылым докторы және 380 ғылым кандидаты сабақ береді» деп атап өтілген Елбасының Құттықтау хатын оқу орнының басшысына табыс етті. Сондай-ақ, ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің құттықтау сөзі оқылды. Француз Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Филипп Мартинэ құттықтау сөз сөйледі. Ректор Такир Балықбаев өз сөзінде мерейтойлық іс-шараның маңыздылығын атап, Қазақстанның педагогика саласындағы жетекші ғылым және білім беру орталығы - Абай атындағы ҚазҰПУ жетістіктері мен әлеуеті туралы баяндады. «Қазақстандағы алғашқы жоғары оқу орны қазіргі уақытта еліміздің ірі ғылыми және білім беру орталығы болып табылады. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті жыл сайын жаһандық және ұлттық рейтингте өз орнын жақсартуда. 2018 жылы QS World University Rankings рейтингсінің қорытындысына сәйкес Абай атындағы ҚазҰПУ әлемнің үздік университеттері арасында 481-ші орынға (2017 жылы 481-ші орында болған) көтеріліп, өз позициясын нығайтты. Ал Emerging Europe және Central Asia арнайы рейтингінде Еуропаның және Орталық Азияның 30 еліндегі 200 жоғары оқу орындарының арасында Абай атындағы ҚазҰПУ 86 орынды иеленді (2017 жылы 91 орынды иеленген болатын). Абай атындағы ҚазҰПУ - республиканың педагогикалық жоғары оқу орындарының беделі биік көшбасшысы болып табылады. Қазіргі уақытта университет әлемнің 25 еліндегі 130 жоғары оқу орнымен ғылыми және академиялық байланыс орнатып, халықаралық ынтымақтастықты табысты түрде кеңейтуде». Ректор университет мерейтойы аясында оқу орнының шетелдік әріптестерінің қатысуымен өткізілген бірқатар іс-шараларды атап өтті. Атап айтқанда, Францияның 8 университеттерімен меморандумдарға қол қойылғаны университет тарихындағы маңызды іс-шаралардың бірі. Кездесуге университеттің тарихы мен жетістіктері туралы деректі фильм ұсынылды. Салтанатты мерекеде ұлттық эстрадамыздың жұлдыздары әннен айрықша тарту жасады. Атап айтқанда, белгілі әнші Медеу Арынбаев пен білім ордасының 3-курс студенті Олесья Хоменко екеуі Шәмші әндерінен поппури орындап, елді риза етті. Әнші Гүлмира Ақүрпекова гитарамен сазды әндерін салса, «Қоңыр» тобы қазақтың қоңыр әндерін шырқады. Ал Жанар Айжанова әйгілі «Қазақ қызын» сызылтты. Шара барысында университеттің өнерлі студенттері ән айтып, би билеп өз өнерлерін ортаға салды. Жиыннның басты ерекшелігі – қазақ және ағылшын тілдерінде өткендігі болды.
*** ҚАЗАҚТЫҢ ҚАРАШАҢЫРАҚ ОҚУ ОРДАСЫ
Такир Балықбаев, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры, профессор Құрметті оқу орнымыздың түлектері! Өздеріңізге белгілі, бүгін Қазақстандағы тұңғыш жоғары оқу орны, қазақ жоғары білімінің қара шаңырағы – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің құрылғанына 90 жыл толып отыр. Осы 90 жылда оқу орны қазақ сахарасы үшін 170 мыңнан астам педагогтар мен 3 мыңнан аса ғылыми кадрлар даярлап шығарса, бүгін осы түлектеріміздің өкілдері, университетімізді әр жылдары бітіріп, еліміздің ғылым-білім саласында, мемлекеттік органдарында, әдебиет, мәдениет салаларында, халық шаруашылығының әртүрлі буындарында абыроймен еңбек етіп жүрген Сіздермен мерейтой аясында кездесіп отырғанымызға қуаныштымыз. Өздеріңіздің жастық шақтарыңыз, қызыққа толы студенттік жылдарыңыз өткен Аялы алтын ұяға қош келдіңіздер. Құрметті түлектер! Алдымен университеттің өткені мен бүгіні туралы қысқаша мәліметті естеріңізге сала кетсем деймін. Абай атындағы ҚазҰПУ 1928 жылы Қазақ мемлекеттік университеті болып ашылған. Сол кездегі шешім қабылдаған ел басшыларының ойы бойынша университет педагогика, ауыл шаруашылығы және медициналық бөлімнен құрылуы керек болатын. Бірақ сол жылы тек педагогика бөлімі ашылды. 1929 жылы басқа бағыттарда жеке институттар ашу туралы шешім қабылданып, сол жылы зоотехникалық-ветеринарлық институт, 1930 жылы ауылшаруашылық және медицина институттары ашылды. Содан бастап университет Қазақ мемлекеттік педагогикалық институты болды. Сол кезде мұнда Санжар Асфендияров, Ораз Жандосов, Халел Досмұхамедов, Баймен Алманов, Ілияс Қабылов, Ахмет Байтұрсынұлы, Сәкен Сейфуллин, Темірбек Жүргенов, Әлімхан Ермеков және т.б. қазақтың көптеген зиялылары жұмыс істеген. Бірінші ректорымыз – Санжар Асфендияров. Ол кісі университетімізді 1928-31 жылдары басқарды. Медицина институты ашылған соң сол жаққа ректор болып ауысты. Бұл – оқу орнының бірінші даму кезеңі. Яғни, университет болып қалыптасып, мамандар даярлау жағына көбірек көңіл бөлген шағы. Екінші кезеңі ретінде 40-жылдардан бастап 80-жылдардың соңына дейінгі уақытты айтуға болады. Бұл кезде мектептердің саны көбейіп, ұстаздарға деген қажеттілік артты, жоғары білім алатын жастардың саны еселенді. Сонда еліміздегі жалғыз педагогикалық институт қазіргі ҚазҰПУ еді. Кейін облыс орталықтарында пединституттар ашыла бастады. Сол кездің барлығында кадрлардың негізгі дайындалатын орталығы осы жер болды. Дәл осы жылдары бізде педагогика ғылымының негізгі дамуы басталды. Сол кезде институтты Жүнісбеков Жұмабек, Мәлік Ғабдуллин, Асқар Закарин, Серғали Толыбеков сияқты ректорлар басқарды. Біздің математик, физик, тарихшы, әдебиетшілер – тек қана педагогика ғылымы емес, Қазақстандағы тұтас ғылымның дамуына үлкен үлес қосқан кісілер. Университетіміздің атақты ҚазПИ болып дүркіреп тұрған кезі сол кез еді. Тағы бір үлкен кезең – еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі уақыт. Ол кезде білімнің диверсификациясы басталып, оқу орындары әртүрлі бағытта дами бастады. Біздің университет Алматы мемлекеттік университеті болып өзгеріп, жай ғана педагогикалық деңгейден көп салалы оқу орны деңгейіне ауысты. Құқықтану, жаратылыстану ғылымдары, қоғамдық ғылымдар, экономика, халықаралық қатынастар, саясаттану тәрізді көптеген салалар пайда болды. 2003 жылы ұлттық педагогикалық университет атанып, ерекше мәртебе алған соң, қайтадан педагогика саласын дамытуға ден қойылып, Болон үдерісіне көшуге байланысты мамандарды дайындаудың, оқу бағдарламаларының құрылымы өзгерді. Ұлттық тәрбие, ұлттық құндылықтарға ерекше көңіл бөлінді. Бүгінгі таңда QS әлемдік университет рейтингінде ҚазҰПУ үздік 500-дің ішіне кірді. 2014 жылы Елбасының ұсынысымен Франциядағы әлемге аты әйгілі Сорбонна университетімен бірігіп Сорбонна-Қазақстан институтын аштық. Онда халықаралық қатынастар, менеджмент, халықаралық құқық секілді мамандықтар оқытылады. Оларға Париж Сорбоннасының мұғалімдері сабақ береді. Біздің студенттер сонда барып оқиды. Соңында екі жоғары оқу орнының дипломын алады. Бүгінгі таңда университетіміз әлемдік үдерістердің талаптарына сай даму жолына түсті деп айта аламыз. 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарын қабылдадық. Ондағы негізгі идеяларымыз бойынша, ТМД елдеріндегі озық педагогикалық, зерттеу және цифрлық университет болуды мақсат етіп отырмыз. Біздің университетімізді 90 жылда бітірген түлектеріміздің ішінен белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері де, жазушылар да, ақындар да, ғалымдар да, көрнекті мұғалімдер де шықты. Әрине, оның бәрін атап өту мүмкін емес. Алайда, біздің сала бойынша КСРО-ның Еңбек сіңірген ұстазы Нұрғалиев Құмаш, КСРО-ның Социалистік Еңбек Ері атағын алған, Әбсеметов Құдыс, «Құрмет» орденінің иегері, дарынды математик-ұстаз Өтеш Мәжитті ерекше атап өткім келеді. Бүгін, міне, оқу орнының 90 жылдығына арналған форумға түлектеріміздің үлкен бір шоғыры жиналып отыр. Сіздердің әрқайсыларыңыздың бүгінгі қоғамда өз орындарыңыз бар. Осы жиынға қатысушылардың ішінен бірнешеуін атап өтейін. Бүгінде түлектеріміздің бірі Мұқашев Төлеубек Төлеуұлы Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Қобландин Қалыбек Ибрагимұлы – Қазақстанның Монғолиядағы, Әбдікәрімов Сержан Оралбайұлы – Қазақстанның Чех Республикасындағы төтенше және өкілетті елшілері. Надыров Шәріпжан Марупұлы, Бүркітбай Ғелманұлы Аяған, Мәмбетқаиев Ережеп Әлқайырұлы – көрнекті ғылым қайраткерлері. Қасенов Асхат Серікұлы – «ҚазМұнай Газ» АҚ корпаративтік хатшысы, Жағыппаров Нұрлан Төлеужанұлы «ҚазКомерц Банк» АҚ Басқарушы директоры, Амантаева Майра Тұрғанқызы – Қазақстан Республикасы Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрайымы. Әбенов Мұрат Абдуламитұлы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары, Абдуллаев Серік Халықұлы – «Атакент» орталығы басқармасының төрағасы, орталығының директоры, Садықов Еркін Тоқмұхамедұлы – ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті төрағасының орынбасары. Тәжібаев Мұхтар Ілясұлы – Алматы қаласы Жетісу ауданының әкімі, Шілмамбетов Әділет Исабекұлы – «Алянс-петролиум» мұнай базасының директоры, Матыжанов Кенжехан Сламжанұлы – «Нұр Отан» ХДП Алматы филиалы төрағасының бірінші орынбасары. Мелдешов Жанболат Жарылқасынұлы – «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті, Қасымберкебаев Тәңірберген Қасымақынұлы – Достық үйі – қоғамдық келсім орталығының директоры. Біздің түлектеріміздің ішінде көрнекті әдебиет, өнер, мәдениет қайраткерлері де көптеп саналады. Соның ішінде Қазақстан Суретшілер қауымдастығы басқармасының төрағасы Ерболат Тоғысбайұлы Төлепбай, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Байтұрсын Есжанұлы Өмірбек, Халықаралық Сергей Есенин атындағы сыйлықтың лауреаты, ақын Қазыбек Иса Жарылқасынұлы, ақын Ахмет Кендірбекұлы, әншілер Медеу Уәлиханұлы Арынбаев, Рамазан Өмірәліұлы Стамғазиев сияқты белгілі өнер иелері бар. Әрине, мен бұл жерде Сіздерді бөле-жарып отырған жоқпын. Сіздердің әрқайсыларыңыз біздің университетіміздің мақтаныштарысыздар. Сондықтан, баршаңызды құрмет тұтамыз. Бүгінгі той ортақ той. Баршаңызды жоғары білімнің қара шаңырағы – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің 90 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын. Бүгінгі осы жиында біз Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Түлектер қауымдастығын құру туралы мәселе қойғалы отырмыз. Өйткені, мұндай ұйым құру шетелдердің жоғары оқу орындарында бұрыннан келе жатқан дәстүр. Біздің еліміздің жоғары оқу орындарында да ашылып жатыр. Түлектер қауымдастығы оқу орны мен түлектердің арасын байланыстырып тұратын алтын арқау. Бұл байланыс екі жаққа да тиімді. Міне, мұның бәрі біздің Қауымдастықтың Жарғысында жан-жақты атап көрсетілген. Қауымдастықтың мақсаты – университет пен оның түлектері арасында өзара ұтымды қарым-қатынас орнату, тәжірибе алмасу, университеттің дамуына бағытталған түрлі іс-шаралар мен түрлі бағдарламалар арқылы байланыстарды дамыту болып табылады. Қауымдастық мемлекеттік тіркеуден өткен күннен бастап заңды тұлға құқығына ие болады. Ол өз атынан, тиісті мақсаты үшін, келісім-шарттар жасасуға құқылы. Түлектер қауымдастығы мен университетіміз эндаумент қорын құру үшін жұмыс атқаруда. Біз алдымен, шетелдік және өзіміздегі құрылған Эндаумент-қорлардың жұмыс қағидаларымен таныстық. АҚШ және Еуропа елдерінде эндаумент-қорлар 500 жылдан астам уақыт қызмет етіп келсе, Ресейде бұл тәжірибе 10 жылдан бері қолға алынған, ал Қазақстанда алғашқылардың бірі болып Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті осы идеяны жүзеге асырды. Эндаумент қор – бұл дамыған мемлекеттерге тән атрибуттардың бірі. Ол мемлекеттік және жеке серіктестіктердің дамуына ықпал етеді және әлемдік дамыған университеттер қатарына қосылуға мүмкіндік береді. Эндаумент-қор табысын жұмсаудың мақсаты – университетіміздің халықаралық білім беру кеңістігіндегі деңгейін көтеру, оны білім мен ғылымның, мәдениеттің халықаралық орталығына айналдыру, «қара шаңырағымыздың» қабырғасында инновациялық ғылым мен білім беру қызметінің жаңа қырларын дамытуға үлес қосу, қоғамдағы университеттік білім беру құндылықтарын тарату, ғалымдарға қолдау көрсету. Бұл идея, Түлектер Қауымдастығының президиумын сайлауды талап етеді. Сондықтан, ақпарат жинау жұмыстарының барысында 20-ға жуық тұлғалардың кандидатуралары анықталды. Жарғы бойынша түлектеріміз: •Өз Университетінің артықшылығын насихаттауға; •Университетке материалдық – қаржылық және ұйымдастырушылық, демеушілік қолдау көрсетуге, Эндаумент қорына қатысуға; • Түлектерді жұмысқа орналастыруға ат салысуға; •Университеттің әр түрлі іс-шараларына қатысуға (ашық есік күндері, Түлектер күні және т.б.). •Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы университеттің жетістіктері туралы ақпарат беруге міндеттенеді. Қазіргі уақытта 600-ден аса үздік түлектеріміздің санын анықтадық. Олармен байланысу үшін жұмыс орындарын, телефон нөмірлерін, электрондық пошталарын анықтап әлі де болса толықтырып жатырмыз. Осы аз уақыттың ішінде түлектермен 5 мәрте кездесулер өткіздік. Биылғы және бұрынғы Түлектерге арнап сайт аштық. Онда түлектер туралы мәліметтер толық көрсетіледі. Қазірдің өзінде түлектеріміз университетке көмектесу үшін өз ұсыныстарын ұсынуда. Орыс тілі мен әдебиеті кафедрасының профессоры Шаханова Розалинда Әшірбайқызы екі студентке, Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі, п.ғ.к., профессор, Қанапьянова Раушан бір студентке, Педагогика және психололгия институтының педагогика кафедрасының қауымдастық профессоры Сейдахметов Бауыржан Сейтбекұлы бір студентке бір жыл бойы әр ай сайын 20 000 теңге көлемінде стипендия төлеп отыруға бастама көтерді. Сондықтан, эндаумент-қор – болашақта университетіміздің қаржылық тұрақтылығының негізі болатындығына сеніміміз мол. Бұл қаржыға түрлі жобалар жүзеге асырылып, ғалымдарға, ұстаздарға, студенттерге қолдау көрсетіледі. ҚазҰПУ түлектерін эндаумент-қорды қолдауға шақырамыз! Біз үшін жарнаның кез-келген мөлшері маңызды болып табылады! Қазақтың қара шаңырағында білім алған түлектеріміздің біздің бастамамызға толықтай қолдау көрсетіп, университетіміздің дамуына өз үлестерін қосатынына кәміл сенеміз! Құрметті түлектер! Енді, университетімізде осы жұмыстың бәрін үйлестіріп, бір арнаға тоғыстыратын, қор жұмысына бағыт-бағдар беріп отыратын және жан-жақтағы түлектерімізбен үнемі байланыста болатын түлектер қаумдастығының орталығын құрып отырғанымызды, сонымен бірге оның директоры етіп Болатбек Боданұлы Нұрбатыровты тағайындағанымызды назарларыңызға сала кетейін. Бұдан былай осы азаматпен тұрақты байланыста болуларыңызды сұраймын.ТҮЛЕКТЕР ФОРУМЫНДА ҒАЛАМДЫҚ ІСТЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ
Сондай-ақ, Қазақ еліндегі тұңғыш жоғары оқу орны мерейтойына орай университет түлектерінің форумы өтті. Форумның мақсаты жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасу. Форумға университет ректоры Такир Балықбаев, Қазақстан – Американдық еркін университетінің президенті Ережеп Мамбетқазиев, ҚР Суретшілер одағының мүшесі, Еңбек сіңірген өнер қайраткері, профессор Байтұрсын Өмірбеков, Қазақстан Республикасының өнер, мәдениет және білім саласындағы ҚазҰПУ-дың табысты түлектері, шетел азаматтары мен жоғары оқу орнына дейінгі оқыту факультетінің түлегі Сын Хён (Корея) және отандық эстрада жұлдыздары қатысты. Ректор Такир Балықбаев құттықтау сөз сөйледі, түлектер мен форумға қатысушыларды университет тарихындағы маңызды күндерімен құттықтады. Ректор ҚазҰПУ түлектерінің қуатты және біртұтас қоғамы университеттің дамуына, еліміздің табысына деген маңызды тәжірибелік және интеллектуалды үлесін қосатынына сенім білдірді. Сондай-ақ, шара барысында сөз алған, бұрын Суретшілер одағын басқарған, ҚР Еңбек сіңіріген қайраткері Байтұрсын Өмірбек көркем-сурет графика факультеті туралы кеңінен толғады. Университет ректоры форумға жиналған түлектерге алғыс айта отырып, мерейтойлық іс-шараға қатысқан ұйымдарға ризашылығын білдірді. Форум барысында Түлектер қауымдастығы мүшелері, Түлектер қауымдастығы президенті мен президиум мүшелері тағайындалды. Түлектер қауымдастығының таныстырылымы, концерттік бағдарлама, Университеттің 90 жылдық мерейтойына арналған оқу орнының түлектері мен қонақтарын төсбелгілермен марапаттау рәсімі өткізілді. Сондай-ақ, оқу орнының аудиториялары мен ғылыми зертханаларымен таныстыру ұйымдастырылды. ҚазҰПУ-дың түлектер форуымына жиналған 500-дей белгілі түлектерінен 20 адам президиум мүшесі болды. Тағы 20 адам ректордың қолынан «ҚазҰПУ-ға 90 жыл» естелік медальмен марапатталды. Осындай қос бірдей құрметке лайық деп танылғандар арасында осы оқу орнының көркем-сурет графика факультетінің түлегі, белгілі ақын, «Қазақ үні» газетінің президенті, «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары Қазыбек Иса да бар екендігін атап өткеніміз жөн. Салтанатты іс-шараның соңында «Түлектер – жаңа тарихымыздың жарқын болашағы», «Ұясына қайта қонған түлектер», «Ұшқан ұяға тағзым!», «Көргені көп көш бастайды», «Өнердегі түлектеріміз – мақтанышымыз», «Сорбонна – Қазақстан институтына қош келдіңіз Үздік түлек!» тақырыптарында мәжілістер өткізілді. ҚАРАШАҢЫРАҚ Ең алғашқы жоғары оқу ордасын, Бітіргенім қанат берер үнемі. Қарашаңырақ ғылым жырын толғасын, Сан қияға самғаған сан түлегі! Суретші боп келген баста талабы, Мен бұл жерді жиі көргім келеді, Ақын болдым, мұнда ұшталған қаламы. Қалай ғана мақтанбайын, себебі Ұлылардың тиген жер ғой табаны. Ұзтаздарға ұстаxана әр күні, Табыстары келеді ылғи молайып. Ұядан бұл ұшқандардың барлығы Ұлы Абайдың атына сай болайық! Қазыбек ИСА, Абай атындағы ҚазПИ-дің көркемсурет-графика факультеті түлегіqazaquni.kz
- КазПИ 90 жыл
- Әбсеметов Құдыс
- Түлектер форумы
- дарынды математик-ұстаз Өтеш Мәжит
- Байтұрсын Өмірбек
- Қазақстан Суретшілер қауымдастығы басқармасының төрағасы Ерболат Тоғысбайұлы Төлепбай
- Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Байтұрсын Есжанұлы Өмірбеков
- Халықаралық Сергей Есенин атындағы сыйлықтың лауреаты
- ақын Ахмет Кендірбекұлы
- әншілер Медеу Уәлиханұлы Арынбаев
- Рамазан Өмірәліұлы Стамғазиев
- Такир Балықбаев
- КСРО-ның Еңбек сіңірген ұстазы Нұрғалиев Құмаш