ӨРНЕГІ ОНЫҢ ӘН ЕДІ...
2018 ж. 22 қазан
5671
0
Алматының шығыс бетінде, Кіші Алматы өзенінің бойында қазір Тәттімбет атындағы көше бар.
Өткен ғасырдың елуінші жылдары ол көше «Садовая» аталатын және қала құрамына кірмейтін, «Горный Гигант» совхозының бөлімшесі еді. Тұрғындары түгелдей алма өсірумен айналысатын-ды. Әр үйдің іргесінен басталатын жекеше бақтар мен совхоз бағының арасы үзілместен жалғасып жатар еді. Қалаға тиіп тұрғанмен, ауылға тән сипатын да бұзбай әрі табиғат аясындағы өзгеше сұлулығын да қоса сақтай алғаны өз алдына, тамыз-қыркүйекте бұрқырай аңқып, саф ауада алма иісіне араласа ұйып қалатын неше түрлі жеміс-жидегінің қою хош иісі тіпті ғажап еді. Әсіресе, кешқұрым Алатаудан өскен сары желмен желпи жететін жұпарының кісіні ішпей-жемей мас қылатын кереметін ұмыту мүмкін емес.
Осы бір жәннат төріндей тамаша ауылда менің бір жақын ағайым тұратын-ды. Институтқа түсуге келіп, сол үйде емтиханға дайындалып жатқам. Әсеттің бір ауылдас ағайыны да сол көшеде тұрады екен. Араларында екі-үш-ақ үй бар жақын көршілер болғасын, әрі қазағынан орысы басым мекен ғой, жақсы араласатын-ды. Ұмытпасам, сол үйдің біз қатарлы бір ұлы осы бөлімшеде бақтың түнгі қарауылы болып істесе керек. Әсет екеуімізді таныстырған
осы жігіт.
1956 жылдың тамызы еді. Үшеуіміз кешқұрым өзен жағасында отырып ұзақ әңгіме-дүкен құрдық. Көп әңгімеден тек Әсетке қатысты жәйттер ғана есімде қалыпты: сол жылы ол Алматыдағы №12-қазақ мектебін бітірген, Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияның композиторлық бөліміне оқуға түспекші болып жүрген. Жаңылыспасам, «Алмалы Алматым» дейтін бір әні бар еді. Ол ән туралы бұған дейін-ақ естігем, өйткені осы 12-мектепті менің немере ағам да Әсетпен бірге бітірген. Сондықтан, ол бауырым Әсеттің бұл әнді қалай шығарғанын әжептәуір оқиға ретінде әңгімелеп, тіпті нәшіне келтіре шырқап та берген. Ол өзі кезінде тәп-тәуір әнші еді.
Айналып келгенде, Әсет туралы тиіп-қашты мәліметім бұрыннан-ақ бар-тұғын. Соның әсері болар, мен оны болашақ өнер иесі ретінде ғана емес, қазірдің өзінде танылған талант есебінде мойындағандай едім. Олай дейтінімнің тағы бір себебі – әлгі немере бауырымның айтуына қарағанда, Әсеттің сол әні тіпті белгілі балалар композиторы Ибрагим Нүсіпбаев басқаратын балалар хорының орындауында Қазақ радиосынан шырқалып та тұратын көрінеді.
Әңгімелесіп отырғанда, кенет Әсет маған: «Өзің арақ ішкіш емессің бе? Ішкіштер құсап бетіңді безеу басып кетіпті», – демесін бе! Екі жағым мен алқымым астында майда безеуім болушы еді, бірақ араққа әуестігім жоқ-тұғын. Ішкіштердің бетіне безеу шығады дегенді естігенім де осы. Кейін де ести қоймаған сияқтымын. Құлағыма түрпідей тиген бұл сөзіне не жауап қайтарғаным есімде қалмапты.
Дәл сол күні ме, әлде келесі күні ме, Әсеттің әлгі қарауыл туысқаны екеуімізді түнгі «жорыққа» ілестіріп шыққаны бар. Әбден жұрт аяғы басылған шақта қолымызға бір-бір дейілше (шағын қап) ұстатып, бақтың қалың ортасындағы өзі жақсы білетін зәулім апорт ағашының түбіне ертіп келді. Қараңғы түннің өзінде ағаш басындағы жұдырықтай ірі-ірі апорттардың ағараңдаған сұлбасы көз қызықтырады. Иісі тіпті бұрқырап тұр. Бір-біреуін үзіп алып, әшейін екі бармағымызбен-ақ қарс-қарс айырып, күртілдете жедік дейсің! Үлкендігі сондай, екіге бөліп барып тістемесең, аузыңа сыймайды... Қызығып кеткенбіз ғой, ішіміз онсыз да алмаға бөгіп жүрген.
Сонан соң әдейілеп келген шаруамызға кірістік: бойымыз еркін жететін бұтақтардағы әрқайсысы жарты келіден кем тартпайтын үлкен-үлкен алмаларды бырт-бырт үзіп, бипаздап ыдысымызға саламыз. Бипаздайтын себебіміз – қасымыздағы қарауыл «басшысы»: «Абайлаңдар, ұрылып қалмасын», – деп, ескертіп қояды. Әлімізге қарап та жинамаппыз. Жарты дейілшедей алманы көтеріп, үйге жеткенше иығымды кесіп жібергені есімде.
Бұл жорықтың аты – әрине, ұрлық еді. Және өз басымызға түкке қажеті жоқ ұрлық. Қарауылдың өзі жүріңдер деп шақырған соң ғана. Сонша қиналып жеткізген «жүгімді» әлгі қарауылдікіне тастап кете қоймаған шығармын-ау. Кейін Әсет екеуміз бұл оқиғаны әзіл үшін еске алып: «Біз түнгі «жорық» үстінде табысқан достармыз» – деп күлетін едік.
Мен ол жолы конкурстан өте алмай, ауылға қайттым да, біраз жыл байланысымыз үзіліп қалды. Араға үш жыл салып Алматыға тағы келдім де, ҚазМУ-дың филология факультетіне түстім. Бұл кездері Әсет «дүрілдеген» атағы бар жас композитор атанып қалған-ды. Баяғы достығымызды еске алып бір-бірімізді іздегеніміз де жоқ, бір-бірімізді жатырқағамыз да жоқ. Кездесе қалсақ, қауқылдай амандасып, реті келсе, бір-бір саптыаяқ сыра сыйласып, қоштасатынбыз.
Университеттен соң мен Әсеттің туған жері – Жамбыл ауданына мектеп мұғалімі болып орналасқам. Екі жылдан соң директордың оқу ісі жөніндегі орынбасарлығына жоғарылағам. Бір күні қызмет бабымен аудандық атқару комитетіне соғып едім, сол жерде Әсет ұшыраса кеткені. Шұрқырай амандастық. Сөйтсем, ол осы ауданның Мәдениет бөлімінің бастығы болып тағайындалған екен. Бірақ бұл қызметті ол ұзақ атқарған жоқ. «Е, не болып қалды?» – деймін ғой жолыққанда. «Ой, құрысын! Мен істейтін жұмыс емес екен. Үнемі бензин іздестірумен күнім өтеді. Біреу дау айтып келеді, екіншісі әлдене сұрап келеді. Бәрін мен тауып беруім керек. Күндегі тірлігің осы. Бастық боласың дегенге шіреніп жүреді екем деп ойламаймын ба?!. Қысқасы, ол менің қолым емес екен, соны білдім» – деп қарқ-қарқ күледі. Әсеттің мінезін анық танытатын деталь – осы.
Бұл қызметтен босағасын Алматыға қайтып кетер деп едім, бірақ ол Ұзынағашта біразға дейін қалып қойды. Аудан орталығындағы талабы бар балаларға пианинодан сабақ беріп, соны нәпақа етіп жүретін. Осы тұста екеуміз қайта жақындасып кеттік. Әсіресе, мен мектеп директоры деген лауазымға ие болған соң, аудан орталығына жиірек қатынайтын болғам.
Сол кезде жолығып қалып жүреміз. Кездесуіміз жай өтпейтін. Ол көбіне маған жаңа шығармашылық табысы төңірегінде әңгімелейді, әндерін салып береді. Шамасы, сол тұстағы оның ең «музыкалық сауаты мықты» тыңдаушысы мен болсам керек. Жақсы әнді жаныммен түсініп, қуана құттықтайтыным болмаса, қайбір жарытымды пікір естіді дейсің менен. Тек адал көңілімді сезетін шығар, сонан соң қуанышын бөліседі де.
Бір жолыққанда ол: «Тамаша ән шығардым» – деді сүйінші сұрағандай қуанып. Әннің аты – «Ұялшақ қыз» екен. Ыстық-суығы басылып үлгермеген жаңа ән болғасын ба, қайта-қайта ыңылдай айтып, маған да үйретіп жіберген. Әсеттің жаңа әні деп, біраз жұртқа өзімнің жаман дауысыммен-ақ мен де «шырқап» беріп жүрдім әуелгі кездері. Қазір есімде «Мен сені жақсы көрем ұялшақ қыз» деген жалғыз жолы ғана қалыпты. Ән өте парасатты, байсалды, әрі тұнып тұрған лирика еді. Халық сүйіп айтатындай, жастар арасына тез тарайтын-ақ жөні бар ән-тұғын. Бірақ, Әсеттің белгісіздеу көп әндерінің арасына сіңіп, танылмай қалып қойды. Оның себебін кейін өзім топшыладым. Бірақ, қырсық теріс ақылдан болған. Әсеттің ол әнін тыңдап көрген алматылық бір білгіш оған: «Мына әнді мынандай жеңіл-желпі махаббат мәтініне қор қылу – обал. Тынысы кең патриоттық әнге айналдыру керек. Мәтінін өзгерт» – деп кеңес берген ғой. Әсет соны құп алған. Екі ортада өзгеше сұлу бір ән халыққа жетпей архивтің арасында қалып қойды. Кейде әуен бағын мәтін ашатыны осы мысалдан-ақ байқалса керек-ті. Әсетпен бірге қыдырған кездердің өзі қызықты да болушы еді. Бір жолы күні бойы бірге жүрдік те, мен әлдебір себеппен ауылыма қайтып кете алмайтын болғасын, аудандағы жер үй іспетті жатағандау мейманханадан екеуімізге екі орын сайлап, ақшасын төлеп, көшеге қайта шықтық. Бір кісінің үйіне кіріп, тындыра кететін шаруам бар еді, соға шығайыншы деп, соған бұрылдық. Отағасының өзі де, әйелі де үйде жоқ екен, балалары олардың тек кешке қарай ораларын айтты. Әрі орталыққа жақын, әрі үш-төрт бөлмелі кең үйді көрген соң, Әсет: «Оу, Марал, осынау кең сарайдай үй тұрғанда мейманханаға түнеп неміз бар. Осында-ақ қонбаймыз ба?» – деді. Бір қызығы, әлгі үйдегі жеңгеміз өзгеше салақ кісі-тұғын. Ондай үй туралы қазекем: «тойған кісі тамақ ішпейтіндей» деп жатады. Мен Әсетке соны айтып, ишарамен айнала төңіректі нұсқадым. «Сол да сөз бе? Сойталдай қызы бар екен, тазалаттырамыз, – деді де, қасындағы құрбысымен сөйлесіп отырған он үш-он төрттердегі талдырмаш қызға қарап. – «Оу, қарағым, сен осы үйдің қызысың ба?» – деді. Қыз басын изеген. «Өзің әп-әдемі бойжеткен бала екенсің. Мына үйдің іші не деген масқара! Өстіп те үй ұстай ма екен!? Анау ыдыс-аяқтың, мына еденнің бес батпан кірін неге жумайсың? Әке-шешең келгенше, мына үйдің ішін тап-тұйнақтай тазалап қой. Біз кешке осында келіп қонамыз. Папаң мен мамаңа солай деп айт... Қане, тұрыңдар да кірісіңдер» – деп, бұйрықты беріп кеп тастады. «Ет асып қойыңдар» – демегеніңе шүкір деп күлдім де:
– Мынау шының ба? – деймін тысқа шыққан соң. – Ақшасын төлеп тастадық, қонақүйде-ақ жата бермейміз бе?..
– Ақшаны қайтарып аламыз. Оны одан да ресторанға жұмсамаймыз ба? – дейді ол.
Бірақ ол күні әлгі үйге қонуды «тағдыр» маңдайымызға жазбапты. Ресторанның алдында Әсеттің жерлес достарын кездестірдік те, олар бізді қоярда-қоймай Қарғалыға алып кетті. Ертеңінде әлгі таныс ағайдікіне соғып, шаруамды біржолата бітіре кетейін деп келсем, үйдің әрі кіріп, тап-тұйнақтай тазарып қалған екен. Тіпті ауланың іші де тілмен жалағаңдай, кешегі көрген қоқыстан түк жоқ. Әсетті ерте келіп, тапсырмасы қалай орындалғанын көрсету керек еді-ау деп күлдім іштей.
Бір күндері Әсет Алматыға қайтып оралды да, біраз уақыт одан тағы көз жазып қалдым. Бұл атақты «Гүлдер» ансамблінің жаңа ұйымдастырылған жылдары еді. Әсет осы ансамбльдің көркемдік жетекшісі болып орналасқан екен. «Гүлдер» шын мәнінде атына лайық тамаша ұжым еді. Даланың көз жауын алар сан-алуан жабайы гүлдерінше құлпырып ұзақ жылдар бойына сахнаның сәнін кіргізген кілең өрімтал жас қыздардан құралған бұл жаңа ұжым бірден-ақ жалпы халық ықыласына бөленіп, теледидар мен газет беттерінен түспей, абыройы тез дүркіреген.
Алматыдан 150-160 шақырымдай жерде тұратын біздер үшін ол тамаша ансамбльдің концертін бір көру арман болып жүрген шақ еді. Қызмет бабымен жолым түсіп, Ұзынағашқа келе қалсам, дәл сол күні «Гүлдердің» концерті болғалы жатыр екен. Ауылға қайтпай, концертті тамашалай кетейін деп шештім де қолым босасымен, жүгіріп аудандық Мәдениет үйіне жеттім. Концерт басталуға дейін әлі де ең кемі екі сағаттан астам уақыт бар екеніне қарамастан, кассада билет жоқ болып шықты. Қап, әттеген-ай, енді қайттім деп қинала аңырып тұр едім, Әсеттің өзі келе қалғаны. Шұрқыраса, жай-жапсар сұрастық. «Оу, Марал, өзге жұрт бір төбе де, сен бір төбе емессің бе? Бұл концертгі сен көрмей, кім көреді? Басталар кезінде кел, өзім кіргізіп алам» – деді әзілдей күліп.
Бұл күні мен мүлдем басқа Әсетті – қайраткерге айналып үлгерген үлкен тұлғаны көргендей едім. Концерт соңында гүл құшақтап сахнаға түгел шыққан ансамбль мүшелері менің көзіме шынында да өрттей жанған қызыл гүл болып көрінген. Ал солардың қақ ортасында бетінен нұры төгіліп, мерейі тасып тұрған Әсеттің кемеңгерге лайық жарқын келбеті әлі күнге көз алдымда! Тік тұрып қол шапалақтап, жерлестерінің «Әсет! Әсет!» деп дауыстаған қошеметі тек Әсеттің өзін ғана емес, оның барша жанашырын түгел толқытса керек-ті.
Маған Әсеттің сол маңғаз кейпі оның даңқ тұғырына бастайтын баспалдаққа аяғын салып тұрған сәтіндей елестеген. Досымның әркімге-ақ арман сол биік тұғырға Құдай берген өнері мен адал еңбегінің арқасында көтеріле алғанына дән ризамын. Әсетпен дос едік дегенді мақтанышпен айтып жүргеніміз соның айғағы емес пе!..
Қазір менің есіме Әсеттің дәл осылай мерейі тасыған тағы бір сәті түсіп отыр. Шамасы, 1993 жылдың күзі болса керек. Мен ол кезде Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Мәдениет бөлімінде істейтінмін. Бір күні телефон шалып, кіріп шығатын шаруасы барын айтып, бірінші қабаттағы рұқсатнама бюросына ескертіп қоюымды өтінді. Арада жарты сағаттай өткенде, жайтаңдай күліп, салдырлай сөйлеп, кабинетіме кірді ол. Көңілі көтеріңкі, жүрісі асығыстау.
Асығатын да, қуанатын да жөні бар еді. Қазіргі Республика сарайында шығармашылық кешін өткізбекші болып жүгіріп жүрген. Жаңылыспасам, бұл оның тұңғыш кеші болса керек. Ол кезде осы күнгідей емес, ол сарайға әркімнің қолы жете бермейтін, оның үстіне жаппай кеш өткізу дәстүрге де онша ене қоймаған-ды. Жеке шығармашылық кешті осында тұңғыш рет Олжас Сүлейменов өткізді-ау деймін. Олжастан соң іле-шала осы сарайды Мұхтар Шаханов сұрағанда, Орталық комитеттегі басшылар оның көрермен жинай аларына сеніңкіремей, әрі бұл батылдығына таңырқап, қазіргі Ғ.Мүсірепов атындағы жастар мен балалар театрының сахнасына әрең рұқсат бергені есімде. Ол кезде Республика сарайының сахнасында тек ресми мерекелік концерттер немесе сырттан келген атышулы өнер иелерінің гастрольдік концерттері ғана өтетін. Жылына бір рет «Жігер» аталатын жас өнерпаздар фестивалін өткізіп жүрдік. Міне, осындай жағдайда Әсеттің қазақ елінің төрі іспетті үлкен сахнадан өз талантын құрметтейтін көпшілік алдында шығармашылық есеп бергендей жеке кешін өткізбек болуы дәл сол тұста елеулі мәдени оқиға болғаны анық еді.
Әсет біраз шақыру билетін ала келген екен, Орталық Комитеттегі өзі жақсы танитын, көңілі жақын жігіттерге, кейбір басшыларға апарып беруімді өтінді. Менің есімнен кетпейтін бір оқиға осыған байланысты өтті. Ол кезде Орталық Комитеттің Мәдениет бөлімінде Мәрлен дейтін бір физик жігіт бастық еді. Мәдениет бөліміне еш қатысы жоқ бөтен адам болғандікі ғой, қызмет бабына қатысты күнделікті тіршілігімізде әртүрлі оқыс жәйттер кездесіп қалып жататын. Мынау да сондай сорақылықтың бірі еді. Әсет Мәрленге арналған шақыру билетіне: «Құрметті Мәке және үйдегі құрдас!» – деп жазған екен, соны көрген бетте талағы тарс кетіп: «Мынаның есі дұрыс па? Құрдасы несі? Менімен құрдас болғысы келе ме? Жоқ, әйеліммен құрдас болғысы келе ме? Тапқан екен құрдас болатын кісіні! Билетгі кімге жіберіп отырғанын білмейтін бұл не қылған мақау?! Құрдастың не екенін көрсетейін мен оған. Республика сарайын кім беріп жүр?» – деп жатып ашуланды. Мен сылап-сипап түсіндірген болып жатырмын: жасымыз қарайлас екенін, қазақ ұғымында күйеуі құрдастың әйелі де құрдас санала беретінін, тіпті «әкесі құрдастың – баласы құрдас» дейтін мақал да барын, қойшы, талай нәрсені айттым-ау деймін. Біреудің дайындап қойған кешіне кесірі тиіп, бүлдіріп алмасын деп қорқып жүрмін ғой. Өнердің мәнісін түсінбегесін, өнер иесінің қадірін қайдан білсін. Ойда жоқта қолына тие қалған мансап тізгіні басын айналдырып, өзінің шама-шарқын айырудан қалған ғой. Қазір сол «мықтының» қайда жүргенін кім біледі. Ал Әсеттің есімі өнер тарихына алтын әріппен жазылып қалғаны баршаға аян. Көзі жұмылғанына қарамастан, 500 әннің басын құраған томдары жарық көріп, концерттік кештері өтіп жатуы соның дәлелі емес пе!
Әсеттің бойында нағыз тума талантқа тән мінез жиі байқалатын. «Қуаныш вальсін» он бес-ақ минутте жаздым, ал «Мұңайманы» табан астында шығардым, шамасы, бес-ақ минут кетті-ау деймін деуші еді. Ал тұрмыстық мәселелерге, жеке басының шаруасына түк қыры жоқтығы сонша, мүлде дәрменсіз адам сияқты көрінетін. Сонан соң сұмдық аңқау еді. Сол мінезін Зәмзура марқұм (жұбайы) үнемі ойынға айналдырып, соңынан бізге күліп отырып айтар еді. Соның бірі мынадай: бірде Әсеттің үйіне бейтаныс әнші қыз телефон шалады. Телефонды көтерген Зәмзура оның бұйымтайы Әсет әндеріне қатысты екенін білгесін, үйге келе ғой дейді де, алқам-салқам отырған оған: «Киіміңді киіп жинақы отыр, қазір саған бір бейтаныс әнші қыз келеді» – деп ескертеді. Әшейінде қозғала қою қиын Әсет «қыз келеді» дегенге елеңдеп, тездетіп жуынып, жұтына киініп, айнаға қарағыштай берген сияқты. Онымен де қоймай, «қыз ба екен, келіншек пе екен» деп сұрап та қоятын көрінеді. Бұл қылығы онша ұнай қоймаған Зәкеңнің ішіне от түсіп кетсе керек, мен саған қыз-келіншекке қырындағанды көрсетейін деп: «Бет-аузың мыж-мыж болып қалай көрінесің? Жақпайсың ба бірдеңе», – дейді ғой. «Не жағайын?» – деп елп ете түседі, кешегі ішістен кейін нәумәздеу отырған аңқау Әсет. Шамасы, сықпытым келіспей қалған-ау деп ойласа керек. «Бетіңді мына креммен сыла да, үстіне опа жақ», – деп әлгі атаған нәрселерін қолына ұстата салады.
Әсет қай бір опа-далап жағып үйренген адам, аяқ астынан клоунға айналып шыға келген көрінеді. Баладай аңқау күйеуінің түрін көріп Зәмзура ішек-сілесі қата, көзінен жас аққанша күледі. Ол қызықты кейіннен Әсеттің көзінше айтып, бізді де күлкіге қарық қылатын.
Жаны жәннәтта болсын, Әсет марқұм өзімді жақсы сыйлаушы еді де, сөзімді тындаушы еді. Ішетін достарына ілесіп, Зәкеңді тыңдамай кететін шақтарында ол мені шақыратын-ды. Сондай бір оқиғадан кейінгі Зәкеңнің әңгімесі есіме түсіп отыр: Әсет бірде «бөтелкелес» достарымен бір-екі күндей қатар «тойлап», үйге оралғасын, Зәмзура оны сыртынан құлыптап, өзі жұмысқа кетеді. Кешқұрым келсе, Әсекең жақсы қызу көрінеді. Үйде ол ішетін ештеңе жоғы өзіне аян, бұл ішімдікті қайдан тауып ішті деп таңырқайды. Балконға шықса босаған шиша тұрғанын көреді. Сөйтсе, бұл Зәкең кетісімен бір жолдасына телефон шалып, «бас жазар» алдыртқан екен. Оны балконнан жіп тастап тартып алады да, досы жерде, өзі жоғарыда тұрып, кезектесе тост айтып, келіншегі жұмыстан қайтқанша көңіл көтерген ғой. Жастық шақтың осындай қызықтары да болған...
Бір ғажабы, Зәмзура Әсеттің осындай қылықтарына үнемі кешіріммен қарайтын. Күйеуі емес, қимас бауырындай мәпелеуші еді. Әлгіндей қылықтарын бізге әңгімелегенде, еш зілсіз мәз-мейрам отырып айтар еді. Бала қылығын қызықтағандай сөйлейтін. Үйде жүрген қонақ секілді шаруаға қырсыз мінезін айтып шағынғанын естіген емеспін. Тіпті оның шығармашылық шаруасының өзіне мұрындық болып жүрер еді.
Атын ұмытып калыппын, 1989 жылы «Өнер» баспасынан Әсеттің бір кітабы жарық көрді. Қолжазбасын тапсырып қойғанына бірер жыл өтсе керек, бірақ баспа басшылары өтірік уәдемен жылдан-жылға жылжыта берген сияқты. Мінезі жұмсақ Әсет үндемей қайтып кете беретін көрінеді. Тіпті маған айтуға жоқ қой. Соны жақсы білетін Зәмзура бір күні екеуіміз сөйлесіп отырғанда: «Сен қысыр әңгімені қойып, Маралға анау кітабың туралы айтпайсың ба?» – деді. Ол кезде мен «Жазушы» баспасының директоры едім. Жай-жапсарын естіген соң, мен сол кездегі баспа директоры Сұлтан Оразалиновке хабарластым. Ол менің өзіне ісім түсе қалғанын жақсы пайдаланып, ағасы Кәменнің бір кітабын жоспарға кіргізіп бер деп шарт қойды. Өз бетімше-ақ кітабын «Өнердің» жоспарына кіргізуге қол жеткіздім. Өз уақытысында жасалған «бартер» сауданың бір түрі осындай еді.
Әсеттің бауыры дертке шалдығып, цирроз белгі берген кез еді. Оңтүстік Қазақстанның Сарыағаш ауданында Әбен дейтін бір мықты емші бар екен, өзіміздің атақты бір-екі ақын соған барып, осы Әсеттің науқасы секілді аурудан айығып кетіпті деген сөз тарап жүретін сол кезде біздің Алматыда. Соны естіген соң, бұл да барып қайтуға бел буды. Зәмзураның қан қысымы да қатты көтерілетін, оның да емделгісі келеді. Олардың қасына мен өз әйелім Аңсағанды қостым. Үшеуін пойызға шығарып келгесін, Шымкент обкомындағы жігіттерге телефон шалып, Сарыағашқа жеткізіп салуларын өтіндім. Айтпақшы, олармен бірге композитор Ибрагим Нүсіпбаев пен жақсы шәкірті, татар жігіт Ғалымжан да жолға шыққан. Барлығы Әбен ақсақалдың үйінде он шақты күн жатып, жақсы емделіп келеді. Әсіресе, менің зайыбыма жақты қарияның емі. Әсет те біраз жыл жақсы жүрді. Әсеттің, Зәмзураның дертіне дауа қонбады. Әсеттің жары ғана емес, әлпештеген анасындай қамқор еді. Әсеттің серілікпен шалқып жүруі осы кең де жайсаң зайыбының арқасы-тұғын. Қайран Зәмзураның көзі жұмылғасын-ақ Әсеттің денсаулығы күрт төмендеді.
Сыпа киініп, сұлу жүргенмен, Әсет марқұм мансап, дәулет, дүние-мүлік дегенге мән берген емес. Кісінің сыртынан ғайбат сөз айтпайтын, мейлінше адал, тіпті адалдығы аңқаулыққа апарып соғып жататын тумысы бөлек азамат еді. Ол тек өнер үшін, ән үшін жаратылғандай көрінетін. Музыка, ән дегеннен өзгенің соңына түсіп қумаған таза дарын еді...
Марал ЫСҚАҚБАЙ, жазушы
qazaquni.kz