Қайрат Айтбаев. Шертпе күйдегі өзекті мәселелер
2018 ж. 22 қазан
4969
0
Күйші Жанғали Жүзбай шертпе күй өнеріндегі өзекті мәселелер туралы, Тәттімбет және оның күйлерін жеткізушілер жайында мақала жазу керектігін айтқан болатын. Осыған байланысты ойымда жүрген дүниені хатқа түсірейін деп шештім. Арқа күй өнерінде Тәттімбеттің есімі бірінші аталады.
Ең әуелі Тәттімбетте қанша күй бар, Әбікен Хасенов, Мағауия Хамзин, Таласбек Әсемқұлов және басқа да күй жеткізушілердің күйлері Тәттімбеттікі ме, әлде Тәттімбетке телініп жүрген халық күйлері мен халық композиторларының күйлері ме деген мәселе бар. Әбікен Хасеновтың орындауында грамапластикаға жазылған күйлердің ішінде «халық күйі» деп шертілген бірнеше күй бар еді. Кейіннен ол шығармалар Тәттімбет жинақтарында тұтасымен Тәттімбет күйлері деп берілді. Мысалы, Ә.Хасенов «Қосбасардың IV» түрін Әбдінің күйі деп берген. Ал, осы күйді Тәттімбет күйі деп бергенде жазушы, кітап құрастырушы авторлар неге сүйенді, қандай мәліметке иек артты, стильдік тұрғыдан күйді талдап, Тәттімбет пен Әбдінің композиторлық ерекшелігіне салыстырмалы түрде анализ жасады ма? «Әлде, көп айтты болдымен...» кете берді ме? Бұл − тәттімбеттанудағы өзекті мәселенің бірі.
Екінші мәселе − күйдің шертілуінде. Біз Тәттімбет күйлерін тартушылардың ең үздік шебері Ә.Хасенов екенін білеміз. Әбікеннің бейне камерада сақталған таспасы (записі) жоқ, аудио таспасы ғана бар. Бір сөзбен айтқанда Әбікеннің күйшілік техникасы бізге беймәлім. Оның шерту әдісі қалай болды?.. Домбыраны төкпелетіп тартты ма немесе шертіп бастап, кейде төкпелеп кете ме? «Анығында осылай» деп айта алмайтындай бұлыңғыр күйде тұр. Шертудің де бірнеше түрі бар. Жалғыз саусақпен тыңқылдатып шерту, жалғыз саусақты батырыңқырап жігерлі шерту (бұл кейде төрт саусақпен көсіп шерткендей естілуі де мүмкін.). Екі саусақты бір-біріне ілестіре шерту бар. Ол сипай тартуға да көнеді, домбыраның бауырына батырыңқырап шертуге де ыңғайлы. Үш саусақпен, төрт саусақпен шерту әдісі бар. Оны Арқада «қара қағыс» дейді. Саусақтарды кезектеп тастау және тұтас қағып шерту, «кесіп шерту» шерпе күйде кең қолданылатын әдістер. Мысалы, Тәттімбеттің «Бес төре» күйін бастағанда Әбікен кесіп шерту әдісін қолданады. Домбыра кісінеп кеткендей әсер қалдырады. Осы шертістердің қайсысын Әбікен жиі қолданды, тіпті, бір шертісті жиі қолдануға бола ма, әлде болмай ма, бұл да ойланарлық мәселе. Әбікендей ұлы күйші бір тактыда шертудің бірнеше түрін қолдануы да мүмкін. Себебі, шын күйшілік жаттандылықты көтермейді. «Бозайғырды» тартқанда домбыраны төкпелетіп отырғандай естіледі. Бірақ, ол төкпелету шерпеге тым жақын. Оның төкпе күйдегі «төкпелетіп қағу» әдісінен тым алыс екенін байқаймыз. «Қоңыр» күйінде қолданған әдіс-тәсілдерін қарасақ мүлде бөлек. Домбыраны сипай қағып, күңірентіп қана отырғанмен, күйдің соңғы буынында төкпелеп тартқандай көрінеді. «Сылқылдақ» пен «Саржайлаудың» да шертілу тәсілдері әр түрлі. «Сылқылдақ» күйінде көбінесе астыңғы ішекті даралай тартады да, көсіп шерту әдісін кең қолданады. «Сарыжайлау» күйінде қос ішекті тұтас шерту әдісі көп кездеседі. «Сарыжайлау» жігерленіп шертіп отырғандай көрінгенмен, дыбысы жұмсақ естіледі. Бұл күйде де кейде төкпелеп алатындай көрінеді. Тек төкпелеткенде білекпен тарта ма, әлде Әбікеннің сұқ саусағының қуаты ерекше күшті ме деген екі ұдай ойда жүремін. Бізге түсініктілеуі «Көкейкесті» күйіндегі теріс қағыс қана. Ол күйде де тек жоғары қағу әдісін қолдана ма, әлде алма-кезек қағыстар басым ба деген мәселе бар.
Осы күнге дейін Әбікен мына күйді былай шертті деп батыл айтқан музыкант болған емес (көзбен көрмегеннен кейін батыл пікір айту да оңайға соқпайды ғой). «Айдос», «Қосбасардың» бірнеше түрі, «Азамат қожа», «Секіртпе» күйлерінің біреуінің де шертісін тұтас талдаған күйші-ғалым өкінішке қарай болған жоқ. Келесі мәселе, ол Әбікеннің саусақ басу әдісі. Ол домбыра қағысынан екі есе күрделі мәселе. Осыдан бірнеше жыл бұрын Жанғали Жүзбайдың орындауында үн-таспадан Сүгірдің «Шалқыма» күйін тыңдап отырсам кіші сағасында домбыраның дыбысы мүлде құбылып сыбызғыша ысқырғанын байқадым. Қызығып жүріп бір күні «Шалқыманы» тартып беріңізші деп өтіндім де, әлгі жеріне келгенде ортаңғы саусақты (екінші саусақ) жатқызып жібергенін байқадым. Дыбыстың құбылуы осы әдіспен байланысты екен. «Жәке, мына жердегі әдісті қалай таптыңыз, қайдан алдыңыз?» дегенімде, Жанғали ағам: «Мен мұны Генкеңнен көргем» - деді. «Генкең» деп отырғаны – күйші Генерал Асқаров. Генерал Сүгірдің көзін көрген шәкірті. Әлгі әдісті мен де үйреніп алдым. Ат басындай алтын тапқандай ұзақ уақыт қуанып жүрдім. Сол әдісті білмесең «Шалқыма» шалқымайды. Ол – мектеп. Ал, Әбікен мектебі үзіліп қалды. Әбікенмен бірге жер қойнына Жанғали қолданған әдістердің неше алуан түрі кетті. Тым құрғанда бір шәкірті қалса, оның қолымен қаншама қазына жетер еді ғой?! Бұл жерде саусақты тіктеңкіреп басу мен саусақты жатқызып басқанда дыбыстың құбылатынын, оны білу үлкен маңызға ие екенін айтқым келеді. Енді саусақтың реттілігі (пальцовка) деген бар. Белгілі дәрежеде саусақ реттілігін білу күйдің дұрыс шертілуіне септеседі, шынайы дыбысталуына жетелейді.
Мағауия Хамзиннің өз күйі «Жайлауды» тартқан бейнетаспасы сақталған. Сол бейнетаспаға қарап отырып саусақ басу тәсілі, реттілігі қазіргі күйшілерден өзгеше екенін байқадым. Күйдің сағасында үшінші саусақпен (аты жоқ саусақ) «форшлаг» әдісін қолданады. Дәл сол форшлагты төртінші саусақпен де жасауға болады. Бірақ, ол жағдайда форшлагты мақсатты түрде жасайсың және ол бірден байқалады. Ал Мағауияның өзі сияқты екінші саусақпен пернені басып тұрып, үшінші саусақпен форшлаг әдісін жасасаңыз, ол – табиғи, шынайы болып шығады. Тіпті, қалай жасалғанын өзіңіз де байқамай қаласыз. Мақсатты түрде ыңғайланып әдіс қолдану саусақ реттілігін білмеу салдарынан болып жатады. Ақыр аяғында, тұтас күйінде күйдің рухына зияны тиеді. Біздің кәсіби домбырашылардың түсінігінше бірінші, екінші, төртінші саусақ ережеге сәйкес жиі қолданылады. Үшінші саусақты жиі қолдану – сауатсыздық белгісі іспетті. Мен көрген дәстүрлі күйшінің бірі Дәулетбек Сәдуақасов болатын. Ол кісі де үшінші саусақты кеңінен қолданатын. Яғни, еркіндік бар. Бір, екі, үш, төрт. Шектеу жоқ. Әр саусақтың өзінше әлеуеті, өзінше қасиеті бар. Бұл мәселенің байыбына барып, совет үкіметінің, идеологиясының ызғары болғанын түсінген азаматтар да бар. Дей тұрғанмен, интернационализмге домбыра да қызмет ету керек деп шешкен аға буын орыс, италиян, француз, испан, молдаван халықтарының музыкалық шығармаларын домбыра аспабына «переложение» жасады. Сонысымен, профессор атанғаны қаншама... Сөйтіп жүргенде скрипка, балалайка, гитара аспаптарының саусақ басу ереже-қағидалары «шариғатымызға» еніп, домбыраның көне тәсілдерін ысыра бастады.
Ол шығармалардың ішінде Паганини сында вертуоз орындаған туындылар да болатын. Оны игеріп, техникалық тұрғыдан кәсіби деңгейде орындау үшін саусақ басу ережесін өзгерту керек деп шешкен сыңайлы. Әйтпесе, Құрманғазы күйлерін ең үздік тартқан адамның бірі – Шәміл Әбілтай. Ол күйшінің де саусақ басуында еркіндік бар, яғни кірме ережеге көнбеген ескілік бар. Сол ескілігінде – қасиет бар. Еркіндік, ескілік деп отырғаным ойыңа келгенді жасау емес. Оның да шекарасы бар. Шекарасы, табан тірер діңгегі болмаса, күйге жан бере алмаса ұзақ өмір сүрмес еді. Сол ескіше басуыңыз қаншама дәстүрлі күйшіні жаңашылдыққа жетелеген болатын. Бұған дәлел Мағауия Хамзин күйшілігі. Бірақ, біз Әбікеннің саусақ басуының схемасын жасай аламыз деп ойламаймын. Көбінде тұспал, жорамал ғана. Түк бітірмегеннен, ол да жақсы деп есептеймін. Саусақтың тербелісі жайында да әр түрлі пікір айтылып жатады. Шертпе күйде негізінен «вибрация» (діріл, тербеліс) көп қолданылмайды.
Әбікен репертуарын қарасаңыз Тәттімбеттің «Көкейкестісі» мен Әбікеннің өз күйі «Қоңырда» ғана домбыраны толқытып тербелтеді. Музыка тілімен айтқанда вибрация әдісін қолданады. Бұл вибрация біздің домбырашылар жиі қолданатын ұсақ дірілге ұқсамайды. Сол «вибрацияны» жөн-жосықсыз жиі қолданғаннан кейін күйден мән кете бастады. Әбікен вибрациясының толқыны ірі келеді де, домбыра бебеулеп кетеді. Неге? Себебі, Әбікен тербелістің ескіше, дәстүрлі түрін қолданады. Қазіргі кезде музыкалық оқу орындарының оқу бағдарламасына Тәттімбет күйлері енгізілген, кеңінен насихатталуда деп айтуға негіз бар. Тәттімбетті Әбікен, Мағауия жеткізген күйлер арқылы білеміз. Бірақ, «қай деңгейде орындалып жатыр» деген мәселеге келгенде күмілжіп қаламыз. Себебі, біз Әбікен шерткен күйлердің авторын, әдіс-тәсілін, саусақ басуын, шерту стилін білмесек те, нотографиясын жазып, Тәттімбет күйлерінің бірнеше жинағын шығарып тастадық.
Көптеген күйлерде Әбікен үнтаспасымен сәйкестік жоқ. Үнтаспадағы ұлы Әбкен басқаша тартады да, кітаптағы Әбікен бөлек. Өте жұтаң. Кейінгі жазылған еңбектер алғашқысын толықтырып жатқанына күмән жоқ. Тәттімбет күйлері меніңше үлкен екі топқа бөлінеді. «Қосбасар» формасындағы күйлер және еркін формадағы күйлер. Еркін формадағы күйлерді ішінара оң бұраудағы және теріс бұраудағы күйлер деп екіге бөліп қарауға болады. «Қосбасар» атты күйлердің басты ерекшелігі ән тектес келуінде және үш қайырып тартылуында. «Қосбасар» вокалды музыканың темасынан алшақ болмайды. Ал, еркін формадағы күйлер аспаптық музыканың шарттарын толық сақтайды. Мысалы, «Бес төре», «Бозайғыр» күйлерін қай әнге ұқсатар едіңіз? Арқа күйлерінің бәрі ән тектес, дамымай қалған деген де пікір айтылған кезең болған. Байбына барып, мән беріп тыңдаған, зерттеген адам бұл пікірмен келіспейтіні белгілі.
Айтылған мәселелердің шешімі ретінде, шерпе күй өнерінің бұзылмай, дұрыс насихатталуын қадағалау үшін Жанғали Жүзбай, Біләл Ысқақов, Секен Тұрысбеков, Ермұрат Үсенов, Мұхаметжан Тілеухан, Сәрсенғали Жүзбай, Мұқаш Таңғыт, Мұрат Әбуғазы, Саян Ақмолда, Сәуле Қаниева, Ырымхан Әбілхан, Болат Тәкішов, Қайролла Сәдуақасов, Матай Әбуғазы, Талант Тежекенов сынды шертпе күйді терең білетін күйшілер мен музыкатанушы мамандардың жұдырықтай жұмылып Әбікен, Аққыз, Мағауия тартқан күйлердің саусақ басуы, тактысы, нотасы, қағысы талқыланған іргелі кітап керек. Және кітапқа үнтаспа қосымша ретінде енгізілсе, шертпе күй өнері алға басар еді.
Қайрат АЙТБАЕВ,
Күйші