Ұлы күйшінің рухы асқақтаған күн

Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының камералық залында ұлы күйші Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдық мерейтойы аясында «Құрманғазы мұрасы және оның Қазақстанның заманауи мәдениетіне әсері» атты мәслихат өтті. Жиынға Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі мен Білім және ғылым министрлігінің өкілдері, бірқатар бұқаралық ақпарат қызметкерлері, сондай-ақ белгілі ғалымдар, Астана, Атырау және Орал қалаларынан келген арнайы қонақтар қатысты. Мәжілісте музыкатанушы, өнертану ғылымдарының докторы, Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, профессор Сара Күзембай, Қазақ ұлттық Жаратылыстану ғылымдары Академиясының академигі, Құрмет орденінің иегері, биология ғылымдарының докторы, профессор Ажар Жұбанова, Қазақстанның Халық артисі, мәдениет саласының құрметті қызметкері, «Парасат» орденінің иегері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының профессоры Нұрғали Нүсіпжан, күйші, ғалым, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, профессор Айтжан Тоқтаған; Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ ұлттық өнер университетінің «Домбыра» кафедрасының меңгерушісі, профессор Жанғали Жүзбай, Атырау облысы Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Саламат Сабыр, домбырашы, Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармониясы «Орал сазы» фольклорлық ансамблінің жетекшісі Асқар Кенжеғалиев, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінің директоры Нұрғиса Дәуешев, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының «Қобыз және баян» кафедрасының меңгерушісі, профессор Базархан Қосбасаровтар баяндама жасап, халықтың маңдайына біткен біртуар күйшінің шығармашылығы мен соңына қалдырған баға жетпес мұрасы туралы келелі ойларын ортаға салды. Әнші Нұрғали Нүсіпжан: – Туғанына 200 жыл толған бабамыздың бүгінгі Ел Тәуелсіздігі жағдайындағы мерейтойы ұлттың мәдени өміріндегі алатын орны өлшеусіз. Сондықтан, аталған ғылыми шараны ерекше оқиға деп бағалауымызға негізіміз мол. Өйткені, сонау совет заманында осы консерваторияның өзінде күні кешелерге дейін классикалық салада, көбінесе, орыс музыкасының үгіт-насихаты жүргізіліп келгені ешбір жасырын емес. Енді, міне, егемендігіміз өз қолымызға тиген дәуірде сол ойсыраған олқылықтың орны лайықты толтырылып келеді. Осындай сәттерде алдымызда «анау алып тұлғалардың жоғын жоқтайтын, олардың аруағын асқақтататын елдігіміз бар ма, жоқ па» деген әңгіме тұрар еді. Кешегі күндері Құрманғазы бабамыздың мерейтойына арналған халықаралық фестиваль дүркіреп өтті. Оған бірқатар сырт елдер өз өкілдерін білікті мамандарын жіберіп, бізбен бірге қуанғанын көрдік. Олар ән-күй жарысына келгендей, өздерінің де өнерлерін көрсетіп, көңіл серпілтті. Біздің де жеткен жетістіктерімізге куә болып, қол соғып, риясыз пікір-лебіздерін білдірді. Ондай шараларды ұлттық музыкамыздың нағыз деңгейін көрсеткен әлемдік деңгейдегі ашық сабақ, лайықты іс-шара десек, артық айтқанымыз емес. Көңіліміз толды. Расында да, басқасын айтпай-ақ, өзіміздің түркі дүниесіндегі, мұсылман әлеміндегі дәрежемен салыстырсақ, Құдайға шүкір, елдігіміздің, өнеріміздің шоқтығы биік екені айқын көрінетіні зор мақтаныш сезіміне бөлейді. Мұндайды, айдарымыздан жел ескен сәттер деп асқақ сөйлеуге құштарланбасақ та, еңсеміздің биіктеп, шоқтығымыздың көтерілетіні өтірік емес. Енді, міне, мынау іс-шарада «неміз бар, неміз жоқ» деп және маңызды әңгіме-дүкен құрып отырмыз. Сөйтіп, аруақты Құрманғазы бабамыздың мерекесі ойдағыдай жалғасуда. Тәуба дейік, мұны да үлкен істердің бастамасы деп түсінген жөн. Қазақ музыкасының, дәстүрлі ән-күйіміздің алатын орны, баратын жері, жайлайтын өрісі әлі де кең. Өнердің бір қасиеті – оның өлшеулі межесі болмайды. Ол – шексіз. Тұңғиық терең. Сондықтан, шеберлік талантымен, іскерлікпен игерілген дүние ешқашан да бір жерде тоқтап қалмайды. Қарап отырсақ, біздің осынау әйгілі консерваторияны бітіргенімізге де жарты ғасыр уақыт өтіпті. Құрманғазы атамыздың атындағы оқу орнында білім нәрімен сусындадық, өсіп-өндік. Ұлттық идея, мемлекеттік мүдде тұрғысынан алғанда алдымызда талай-талай асқаралы міндеттер тұр. Біле білсек, желбіреген көк байрағымыздың астында атқарылатын сол қастерлі мұраттардың бәрі Құрманғазы аталарымыздың күйлері рухымен тікелей байланысты. Сол бабалар көксеген арманды жас ұрпақ санасына жеткізіп, ел игілігіне айналдыру – біз арқалаған аманат. Ал аманатқа қиянат жасауға қақымыз жоқ екені өз-өзінен белгілі. Ұлы қазақ елінің қасиеті мәңгілікке, ғасырдан ғасырға жете берсін. *** Іс-шараны консерватория ректоры, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Арман Жүдебаев жүргізіп отырды. Гүлмира САДЫҚ qazaquni.kz