Абат ата немесе Байлар – Жандар балалары
2018 ж. 06 қазан
26726
5


Генерал-губернаторға хат
«Көк ұлы, Көтенші қол басып, көшік ұлы Әбілхайыр сұлтанды, Бибатыр ұлы Досмұхамет мырзаны, Жандарбек ұлы Сопыбек мырзаны жібердік. Біз Қоқанға қарайтын Қоңырат деген ел едік, қанша залымдық қылса да, қонысымызды қимай шыдадық. Енді бізді патша ағзам қарауыңа алып, Қоқан зорлығынан құтқарып, қалауыңша жерге орналастыр. Жолда Түркістан ұлығы Мырзанияз айдың төрт жаңасы күні бізбен соғысып, әруақ ұрып, жеңіліп қашты. Бір үлкен зеңбірек, неше жүз қара мылтықты басып қалып, бес жүздей адамды өлтірдік. Қоқаннан әскер келмесе, Түркістан ұлығында қарсы шығар шама жоқ. Сәрсенбі күні бесінде жазылды. Қол қойғандар, мөр басқандар, Маханбет, Хұсейін, Мырзахмет» – делінген. Бұл хаттағы Сопыбек – Мұсабектің ағасы Жандарбектің баласы. Ал Көшік ұлы Әбілхайыр сұлтан деген кісіні зерттеу керек сияқты. Көшік – Байлар-Жандар руының бір атасы. «Сұлтан» деген атағы ма, атының жалғасы ма, белгісіз... Хатқа қол қойғандар мен Досмұхамет мырза туралы да толық мәлімет алу керек. Жалпы мұрағаттарда қаншама құнды құжаттардың шаң басып жатпағанын кім біледі?... Мұсабек батырдың бұл ерен ерлігін қалың қазақ түгел қолдап, дүлдүл ақын Майлықожа: Сары даланы шаң қылған, Қоқаннан олжа мол қылған. Мырзабиді өлтіріп, Батырлығын даң қылған. Мұсабек батыр Жаңдардан, – деп мадақтап, жыр арнады. Сонау Жетісудағы ХХ ғасырдың Гомері атанған атақты Жамбыл Жабаев та үн қосып, «Хан мен ақын» атты дастанында (1946 жылы орыс тілінде жариялған) осы көтеріліс туралы көркем суреттейді. Әдебиетші ақын, Бауыржан Момышұлы мен Әбділда Тәжібаевтың сүйікті ұстазы болған Тәңірберген Отарбаев 1935 жылы Ташкентте шыққан «Социалды шашу» атты жинақта «Мырзаби оқиғасын» жариялап, тарихи шындықты нақты суреттеп берді. Көрнекті жазушы Әбжаппар Жылқышиев та Мұсабек батырдың ерлігі туралы «Дауылдан кейінгі жорық» повесін, белгілі ақын Нәмет Сүлейменов «Мұсабек батыр» дастанын жазды.Көшелі ел болады Көшік деген
Байдербістің балалары Көшік, Көбек, Құлия және Тама деп айтып өттік. Көшік – өсіп өнген, тамырын тереңге жайған іргелі аталардың бірі. Көшіктен – Таубұзар, Жауғашты, Малай, Ерназар, Тәлтек, Собақ және Кенегес тарайды. Негізі Кенегес, Кенембай – Көшіктің інісі Құлиядан туады. Бірақ Кенегес – Көшікке кіреді де, Кенембай – Жандарға жатқызылады. Бабаларымыздың баталасуы бойынша осылай. Тамадан ұрпақ жоқ. Көшіктен көптеген датқа, батыр, болыс билер, халық қайраткерлері, шаң шығарған шабандоздар шыққан. Ел аузында: Өздігінен ешкімге өшікпеген, Кеңдігінен кем болмай, өсіпті ерен. Байлар-Жандар атаның ең үлкені – Көшелі ел болады Көшік деген, – деп айтылған өлең жолдары сақталып қалған. Әсіресе, қалмақпен соғыста қайрат көрсеткен Ерназар-Тәлтек батыр, күллі көшікке ұран болған Торғауыт датқа, қайқы қылышы қазірге дейін сақталып келген Құлажан батыр, Елемес пен Атықай, Шоңай мерген, оның баласы, Қоқаның өкілі Мырзабиді өлтіруге қатысқан Рысқұлбек батыр, Жаңкүшік, Санияз батырлар т.б. ел үшін туған ерлер. Жауғаштының Қоңырынан он батыр шыққан деген сөз бар (Қоңыр кейде Қыдыр деп айтылады). Жоғарыда айтып өткен әйгілі Құлажан батыр, Шоңай мерген, Рысқұлбек, Санияз батырлар осы Қоңырдан тарайды. Көшік Қошқарбайдың ұлы Құлажан батырдың ерлігі де ел ішінде аңыз болып кеткен. Ол туралы көнекөз қариялар «көрұғлыдай ерлігі» деп жыр ғып айтып отыратын. Ерлердің елі жолында, Қайда бір басы қалмаған? Қылышың қапты соңыңда, Қабірің қайда, нар бабам?! – деп жырлаған Құлажан батырдың ұрпағы, белгілі ақын Қазыбек Исаның «Керімсал» жыр кітабында «Құлажан батыр» атты балладасы бар. Бұл шығарма кезінде «Жұлдыз» журналында да жарияланған. Құлажан батырдың ұрпақтары, ел ағасы Жұмабай Исым бас болып, Түркістан облысы, Қазығұрт ауданы Көкінің белі деген ауылдан Құлажан батыр жерленген дегенді естіп барып, сол жерге ескерткіш көктас орнатты. Сол зираттан топырақ алып келіп, Ұзын Атаға да ескерткіш белгітас қойып, ас берді. Смайыл мен Бердалы болыстардың, Сары би, Сейназар және Ыбырайым билердің ел үшін еткен еңбектері елеулі. Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында Түркістан Республикасы Халық Комиссарлары Кеңесінің жанынан Этнографиялық комиссия құрылды. Осы комиссияның тапсыруымен зерттеуші Э.А.Шмидт 1922 жылы аймақтың этнографиялық картасын жасау мақсатында Шымкент уезінің оңтүстік-батыс бөлігін, яғни Ақтас, Қазығұрт, Сарыкөл және Сырдария болыстарын аралап, сондағы қазақ руларының тұрмыс-салты туралы көптеген құнды мәліметтер жинақтады. Э.А.Шмидттің мәліметтері бойынша 1922 жылы Қоңырат Көшіктері – Ақбұлақ арық, Бөктелен, Тұздың дөңі, Ұзынқұдық, Төрткөл, Сүткент, Жыңғылшығанақ, Айғырізшыққан елді мекендерін, тоқболаттар – Тоқболат арық, Ойғанақ, Аманжар, Итарқа, Қарасеңгір құдық, Айғожа құдық, Жаутосқан елді мекендерін, жандарлар (қара) – Бөржар, Зағұл, Қараспан, Ойғанақ, Сарыкөл, Жанама, (шорапал) – Бөржар, Кескен, (жолдербіс) – Кескен, (сырымбет) – Көккөл, (көлеген) – Тақыркөл, Қаратөбе, Бақыршасай, Жеңілшығанақ, Көккөл, Тартоғай, Бөршүк, Қызылжар, (алғилар) – Тесіпарық, Байырқұмтоғай, Байтоғай, Рандытоғай, Жаңақұдық, Қосқұдық, (алғилар) -Тесіпарық, Байырқұмтоғай, Байтоғай, Раңдытоғай, Жаңақұдық, Тасқұтан құдық, Местегет, Қараның құдығы...елді мекендерін қоныс етті. Сондай-ақ, зерттеуші көшіктердің ұраны –Торғауыт, тоқболаттардың ұраны – Қалау, жандарлардың ұраны – Табылды, Қарынтай, алғилардың ұраны – Бекмырза, Сауранбай, ал таңбалары, дөңгелек – таңба екендігін айтады. Сөз соңында айтарымыз – шамамыз келгенше шауып, қысқа қайырып болса да, Қоңырат елі мен оған жататын Байлар – Жандар руы туралы, оның атасы – Көшік жөнінде тереңнен тартып әңгіме айтуға тырыстық. Бұл айтылғандар, 2000 жылы шыққан Смадияр Смайылұлы мен Қазыбек Жарылқасынұлының «Қоңырат. Байлар-Жандардың Көшік атасы» шежіре кітабынан қысқаша үзінділер екенін естеріңізге саламыз. Бұл шежірені де шығару кезінде оңай болмаған еді. Жас өркендеріміз үшін өнеге боларлық іс – өткенді ұмытпай қастерлеу. Қорыта айтқанда, кешегі Смайыл болыстың баласы Смадияр ақсақалдың абыройы мен айқайы, қайраты мен қайсарлығы болмағанда, бұл үлкен істің аяғына жетуіміз неғайбыл еді. Смадияр ақсақалдың Шардарадағы Абат ата кесенесін тұрғызуда да бастамашы болғанын ел жақсы біледі. «Тегін білу – тектілік» екенін ұмытпайық. Үлкен тамырдан үрікпейік. Әрдайым Алла жар болып, әруақ қолдасын дейміз. Тарихтың бір тармағы – бұл шежіренің кем-кетігін толықтырып, жалғастырып жазып, ата-баба әруағы алдындағы қасиетті борышын атқару – Болашақтың ісі болып табылады.Қ. Жарылқасынұлы
qazaquni.kz