Құлдық саналы шенеуніктер жиырма жыл бойы ұлттық идеологиямызға тосқауыл болып отыр

Орымбек Сарсенбин:

1

- Аға, мерейтойыңыз құтты болсын! Алпыс деген аз жас емес, осы уақытқа дейін өмірден қандай ой түйдіңіз? Өткен күндерге бір сәт мойын бұрсаңыз? - Иә, өзіңіз айтқандай 60 деген аз жас емес. Осы алпыстың асқарынан өткенге көз жүгіртіп, ой түйіндейтін болсам, әр адамның бойындағы ең жақсы қасиеті, әрі қоғам алдындағы парызы – ол еліңдегі болып жатқан істерге белсене араласу. Елдің қарыштап дамуындағы жолдың дұрыс болуы және негізгі құндылықтарын (тіл, мәдениет, рух,салт-дәстүр, имандылық т.б. ) бұлжытпай сақталуына, үнемі дұрыс бағытта дамуына ат салысу. Бұл әрбір адамның отан алдындағы борышы деп есептеймін. Бұл ел үшін, елдігің үшін кәдімгі қызыл шеке майдан. Мен 1974 жылы Семей педагогикалық институтының тарих факультетін бітіре салысымен қоғамдық жұмысқа шақырылдым. Облыстық комсомол комитетінде еңбек жолымды бастадым. Жастайымнан әке - шешемнің бойыма сіңірген қасиеті-өткірлік, турашылдық және ар-намысымды дүниенің арзан қызықтарына алмастырмау. Осы мінезімнің кесірінен талай кедергілерге тап болдым. Ол кезде партия, комсомол сынды қоғамдық ұйымдарда көбінесе пендешілік, бастыққа жағыну, өтірік болса да сөзін сөйлеп, сойылын соғу сияқты қасиеттер «карьера» жасау үшін керек болды. Осындай жолмен бастықтардың көңілінен шыға білгендер, яғни бойында «көнбістіктен» басқа қасиеті жоқ адамдар лезде өсіп, көтеріліп жатты. Мен көбінесе қоғамдық жұмыстан қол үзбей араласып келе жатқанымды, өзімнің басыма қонған бақыт деп есептеймін.Олай дейтінім қоғамдық жұмысқа белсене араласқан адам, «ұйықтап, бұғып» жатып, менің шаруамды басқа біреулер тындырып берсін дегендерден әлдеқайда айрықша адам. -Адам дүниеге келіп, ер жетіп қалыптаса бастағаннан-ақ отаныма, еліме не істей аламын, қандай пайдамды тигіземін деп ойланады. Сіз осы уақытқа дейін елім үшін, ұлтым үшін не істей алдым деп ойлайсыз? -Шамам келгенше ШҚО, Семей қаласы туған өлкеме, кіші отаным болғандықтан оның дамуы, халықтың әл-ауқатын көтеру, экономикасының өсуін, халыққа қызмет көрсететін негізгі салалары (жылу, ыстық су, ауызсу) және елді мекендердің жарықтандыру, көгалдандыру, бір сөзбен айтқанда абаттандыру істеріне белсене араластым деп айта аламын. Қоғамдық пікір туғызып, көптеген жиындарда мәселелерді тура айтып, ашық түрде талап қойдым. Облыс және қала әкімдерін талай жиындардың үстінде сынауға тура келді. Нәтиже де жоқ емес. «Ақ Жол» партиясының 2008 жылы қала әкіміне, облыс әкіміне берген нақтылы ұсыныстарының 80% пайызы орындалды. Осы айтылған мәселелердің біршамасы өздеріңіздің «Жас қазақ үні» газеттеріңізде мақала болып жарық көрді. Осының барлығы халықтың игілігі үшін істелген істер. Журналист болу-ол адамның өз еркімен, жүрегінің қалауымен халқының, жерлестерінің мұң-мұқтажын шартарапқа атой салып жеткізу. Осы кезге дейін талай кемшіліктерді де, жетістіктерді де газет бетінде жария еттім. Осы мақалаларымның ықпалының арқасында қаламызды абаттандыру саласында көптеген оң өзгерістер болып жатыр. Семейде он алты кіші саябақ бой көтерді. Орталық алаң адам танымастай өзгертіліп жатыр, аралды абаттандыру жуық арада қолға алынбақ. Жаңадан жылу электр орталығын салу мәселесі шешімін тапты. Байырғы ЖЭО - 1 және тағы басқа үлкенді-кішілі қазандықтар түбегейлі, күрделі жөндеуден өтіп бітуіне аз-ақ уақыт қалды. Семей қаласында су ысытқыш екі алып қазандықты құрастыру-монтаж жұмыстары қарқынды жүріп, бұйырса қыс маусымына дейін іске қосылмақ. Журналист әрдайым түйіткілді мәселені ашық түрде жария етеді. Ал ұяты, жауапкершілігі бар билік өкілдері оны дұрыс деп тауып, қаржы бөліп іске асырады. Семей қаласының әкімі А. М.Кәрімов және ШҚО әкімі Б.М.Сапарбаев мырзаларға қаламыз және бүкіл өңірге үлкен оң өзгеріс әкелгені, жаңа серпіліс бергені және оңтайлы тындырған істері үшін халқымның атынан үлкен алғысымды білдіремін. Осы аты аталған адамдармен журналист ретінде түсіністік тауып, қарым-қатынасымыз, өзара сыйластығымыз жаңа, жоғары деңгейге қөтерілгенін өзіме үлкен мәртебе деп бағалаймын. -Сөз барысында біршама әлеуметтік мәселелерді айтып жатырсыз. Осы бүгінгі таңда, еліміздегі қандай түйіткілді мәселелер сіздің жаныңызға батады? -Жаныма ең қатты бататыны-еліміздің рухынан айырылып бара жатқаны. Рухсыз елді қайда айдаймын десе оп оңай. Қазақстан сынды мемлекетті басқару, жерден жеті қоян тапқандай қуаныш. Олай дейтінім қоғам бір адамдай жұмылып өз мүддесін қорғамайды, айдауға көніп, алдауға сеніп пендешіліктен, бас сауғалаудан ары кете алмай жүр. Рух жоқ жерде тіл де, мәдениет те, салт-дәстүр де барлығы аяққа тапталып қалады. Солай болыпта жатыр. -Соңғы уақытта елімізде тіл мәселесі бойынша дау-дамау, талас-тартыстар болып жатыр? Бұл жайында өзіңіз де хабардар боларсыз? Сіздің көзқарасыңыз қалай? - Тіл деген мен үшін ұлт, ел тірегі. Сондықтанда басқалардан ерекшелігі, тәуелсіз мемлекет екендігіміздің айғағы. Тіл үшін ұсыныс беріп, өтініш жазып, билікке телміру, қайыр күту кезеңі өтті. Коррупцияға белшесінен батқан, билік тармақтарына бүкіл ел болып, мәселені турасынан қою керек. Тілдің жанашыры бола білуді, оны қорғай білуді, ашық талап қоя білуді бүкіл қазақ «Жас қазақ» үні газетінен оқып үйренсін де, нәрленсін. Рахмет сіздерге. - Осы тіл мәселесіне қатысты зиялы қауым өкілдері Елбасына Ашық хат жолдаған болатын. Алайда сол Ашық хатқа қол қойған біршама адамдар «байқаусызда қол қойдық», деп сөздерінен тайып шықты. - Жалпы, осы жиырма жылдың ішінде ашық хат та, жабық хат та, көп адам қол қойған хаттар да аз болған жоқ. Өкінішке орай қазақ тілін қорғау, орыс тілінің экспансиясын тоқтату проблемасы әлі орнынан қозғалатын түрі жоқ. Оған билік басындағы адамдар кінәлі деп есептеймін. Ол үшін әр қазақ өз тағдырымды Мұхтар Шаханов, Аманкелді Айталы, Қазыбек Иса, Әлихан Бәйменов т.б. шешіп береді деп, жата бермей, әрқайсысы осы адамдардай болуы қажет. Миллиондаған қазақ бір адамдай ойланып, тіл қорғанысы майданын құрса, байқаусызда қателесіп қол қойыппын дегендер, табан астындағы түкірік құрлы болмай қалады. Қазақта «Жалғыз ағаш орман болмайды», деген қанатты сөз бар. 1989 жылы Тіл заңы қабылданып, 1991-ші жылы Қазақ мемлекеті құрылды. Өкінішке орай Елбасын қоршаған құлдық санасы бар шенеуніктер жиырма жыл бойы ұлттық идеологиямызға тосқауыл қойып тежеп отыр. Соның салдарынан Тәуелсіздігімізді алғаннан кейін туған жастарымыздың тең жарымы ана тілін түсінбей, салт– дәстүрін білмей өсіп келеді. -Еліміздегі жүргізіліп жатқан саясат қандай деп ойлайсыз? Көңіліңіз тола ма? -Осы біздің елде, Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде жүргізіліп жатқан идеологиялық саясаты бар ма, әлде жоқ па? Менің ойымша жоқ. Тіліміз аяқ астына тапталып, қорғалмай жатса, орыс тілі еліміздің басым көпшілігінің сөйлеу, ойлау құралы болса, дініміз экстремизмге айналып бара жатса, жұмыссыздық 50%–ға жуық халықтың басында болса, сарбаздарымыз ұрып-соғудан өліп жатса, жер қазба байлықтарымыз шетелдіктердің май- шелпегіне айналса, билік өкілдері жемқор деп сотталып жатса, мемлекеттік қызмет ұрлау құралына айналса онда не деуге болады? -Сонымен қатар, қоғамымызда дін мәселесі өршіп, қиын болып тұрғаны белгілі. Осы мәселеге қатысты өзіңіздің ой-пікіріңіз қандай? -Өркениетті елдердін бәрінде дін мемлекеттік мәселе. Біздің ата заңымызда Дін мемлекеттен бөлек деген жазуды түзетпей болмайды. Егерде әр бір ата-ана ұрпағына жастайынан ненің халал, ненің харам екендігін түсіндіріп, тәрбиелеп, дәстүрлі дінімізді ұстанса бүгінгідей жастарымыз әр түрлі ағымдардың жетегінде кетпес еді. Ол үшін жалпы халықтың діни сауатын ашып, мемлекеттік қызметке орналасатын адамның иманын тексеру қажет. Алладан қорықпаған адам қылмыстың кез келгеніне барады. -Биыл Тәуелсіздік алғанымызға 20 жыл толып отыр. Осы атаулы күнде қазақ халқына айтар тілегіңіз? -Қазақтың әр бір азаматы құлдық санадан арылып, Қазақ елінің өркениетті ел болуына белсенділік қөрсеткенін қалаймын. Қазақ ұлтының жүрегіне иман ұялап, Алланың үйі мешіттерге жамағат толып, әрбір отбасының бақытты болғанын тілеймін. -Әңгімеңізге үлкен рахмет! Атпал азамат, табанды тарланбоз «Ақ жол» партиясында елге еңбегі сіңген атпал азаматтар аз емес. Солардың бірі – бүгінде асқаралы алпыстың асуына шығып отырған Орымбек Сәрсенбин. Орекең осынау өмір жолдарында өрге тартып келе жатқан, қайраткерлігі мен қаламгерлігін қатар алып келе жатқан абыройлы азамат. Алаштың ордасы болған Семейде алаш рухты азаматтардың болуы заңды да. «Ақ жол» партиясының қазығын қағысқан, қиын кезеңдерде қияс кетпеген, тар жол тайғақ кешулерде табаны таймаған тарланбозымыз осы – Орымбек Сәрсембин. Орекең саясатпен қоса республикалық «Жас қазақ үні» газетінің Семей өңіріндегі меншікті тілшісі болып, қалам тербеуде. Жәй тілші емес, зор мәселелер көтеріп, оның орындалуын қадағалап, ол орындалғанша облыс, қала, партия басшыларынанан бастап, бас редакторға дейін тыныштық бермейтін Орекеңе әрқашан да еңбегіңіз жемісті бола берсін дейміз. «Жас қазақ үні» газетінің «Қаламдоз» сыйлығы беріліп отырған Орекеңе өзіңіз айтқандай мынау майдан өмірде әрқашанда жеңісті, ұл-қызыңыз өрісті, келешегіңз келісті бола берсін, шаңырағыңыз шаттыққа тола берсін дейміз. Құтты болсын, Ореке, Алпысыңыз! Алпысыңыз- арайлы тал түсіңіз. Жалғандықты жайлаған жағадан ап, Әділдіктің жолында тартысыңыз! Жүзіңіз жарқын күйде Жүзге жетіп, Бақыт үшін жұмсалсын бар күшіңіз! Зор құрметпен. «Жас қазақ үні» газеті редакциясы атынан Қазыбек ИСА.            Әсел Рзаева