Дала геометриясы

Адам дүниеге тағдырына жазылған пешенесімен келеді. Ал ұлы Жаратушы сол пендесіне бақты ниетіне қарай береді. Пейілі таза, жүрек құмырасы жауһарға толы жанға ол нұр-шапағатын төгіп тұрады. Мұндай жанға шынайы дос, берекелі шаңырақ, көңілі сүйген іс береді. Оған осы жолда айнымас үш дос табылды.

Ұлы ұстаз әл-Фараби: «Ұстаздың мінез-құлық нормасы мынадай болады: ол тым жұмсақ та болмауы тиіс, ол тым қатал да болмауы керек, ырыққа да тым жығыла бермеуі керек». Осы қағида Мәжиттің бойында ұялаған, нағыз педагогке тән қасиеттер деп бағалауға болады.

Білім Мәжит Қоңырбайұлы Өтешке абырой әкелді. Дүние қызығын қуып, өзін де өзгені де ұмытқандар арасында ол барынша сыпайы, мәдениетті, көркем мінезге бай болды. Ол – білімнің бітпейтін байлық және бақыт екенін сезе білді. Осы жолда кім мұратты болса, сол бақытты деп білді.

Иә, Мәжит Өтешов туралы ұзақ жазуға болады. Әттең, оның ғұмыры қысқа болды. Ойға алғанының бәрін орындай алмай кетті.

Халыққа үздіксіз білім берудің негізгі буыны – жалпы білім беретін мектептер өміріндегі өзгерістер болып табылады. өзгеріс, жаңару осы білім саласында көбірек орын алып отыр. Ол ұлттық мектептің моделін қалыптастырды. Тұлғаға бағдарланған оқу-тәрбие технологиясын іске асырды.

Метематика – адам дамуын реттейтін пән. Оны «ғылымдар патшасы» дейді. Түркі әлемінің көсемі Ататүріктің: «Нағыз тәрбиешілері жоқ ұлт, оның әлі ұлт атын алу қабілетіне ие бола алмағаны» – деген сөзі бар. Жоғарыда айтылғандай, Мәжит Қоңырбайұлы ұлтымыздың ұлт дәрежесінде дамуы үшін ұлт тәрбиешісі қатарын арттыруға ұмтылды, ұлт тәрбиесіне математик ұстаз санатында айрықша үлес қосты.

Әбдімәжит Қоңырбайұлы Өтеш – 1958 жылы 28 маусымда Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Ақтоғай ауылында дүниеге келген. Әкесі Қоңырбай есепші, девит-кредитті ұршықша үйірген өз ісінің шебері болған. Анасы Күлжан Тайкешова кезінде Ташкенттегі атақты Орта Азия университетін қазақ қыздары арасында тұңғыш бітірген математиктердің бірі болатын. Оны анасы қолынан жетектеп жүріп, өз саласына салыпты.

Ол республикалық физика-математикалық мектебін үздік бітіріп, Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтының физика-метематика факультетін математика мұғалімі мамандығы бойынша бітіріп, бар өмірін мектепте ұстаздық етуден бастады. Ол

еңбек жолын 1997 жылдан бастап, кезінде өзі білім алған Алматыдағы физика-метематика мектеп-интернатында бастап, кейін 126-шы физика-метематика мектеп лицейінде, 173-ші лицей директоры болып қызмет етті. Осы жылдары ол басқарған мектептердің 235 оқушысы «Алтын белгі» иегері атанды. Олардың ішінде ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысында 125 балл жинақтаған түлектері көп болды. Осылардың бәрінде М. Өтештің оқу-тәрбие ісін бүгінгі өзгермелі замандағы ақпараттық технологиялар талабына сай ұйымдастыру, білім берудің инновациялық технологияларын кеңінен игеру, мектеп жұмысын жаңаша басқару барысындағы тың өзгерістерінде жатты.

Бүгінгі күнде мұғалім еліміздің білім беру саясатындағы басты тұлға ғана емес, оқыту сапасын жаңа деңгейге көтеру мәселесін шешуде айқындаушы рөлді де атқарады.

Тәуелсіз еліміздің жігерлі, білімді жастарын тәрбиелеу – ұстаздардың басты парызы. Ұстаздар қауымы бұл орайда өздеріне жүктелген міндетті абыроймен атқарып жүр.

Мұғалім мамандығының мәртебесі туралы қазақ зиялысы Ахмет Байтұрсынұлы «Жақсы мұғалім мектепке жан кіргізеді», – деп бекер айтпаса керек. Ал халқымыздың батыр ұлы Бауыржан Момышұлының «Ұстаздық – ұлы құрмет. Себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де ұстаз өсіреді. Өмірге ұрпақ әкелген аналарды қандай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз.

Бүгінде мектеп оқушыларының функциялық сауаттылығын дамыту қоғамда өткір тұр. Бұл дегеніміз – оқушының пәнді терең түсіну қабілетін дамыту, алған білімін сыныптан тыс жерде, кез келген жағдайда тиімді пайдалана білуін қамтамасыз ету. Ал функциялық сауаттылығы дамыған тұлғаны қалыптастыру, мектеп қабырғасында басталады. Мектеп – үйрететін орта, оның жүрегі – мұғалім.

Халыққа үздіксіз білім берудің негізгі буыны – жалпы білім беретін мектептер өміріндегі өзгерістер болып табылатынын уақыт көрсетіп отыр. Мектепте мұғалімдер берген информациялар жаңару ұғымында әлдеқайда әсерлі болуда. Бұл эффектінің ғылыми ой-жүйесінде «білімнің ауысуы» деген жанама аты бар. Мұндай эффекті мемлекеттің экономикасының өсуіне және дамуына да үлкен ықпалы бар екен. Бұл эффекті Мәжит тәжірибесінде көп кездесті. 2013 жылы Алматы қаласы Алатау ауданында жаңадан 178-ші мектеп ашылып, оны басқару Мәжит Өтешке жүктелді. Сол мектепке бұрынғы 126-шы мектептен 500 оқушы ауысып келді. Оқушылар жаңадан ашылған мектептің негізгі «критикалық массасын» құрады. Сол жылы осы мектепті бітірген 58 оқушы «Алтын белгі» иегері атанды. Оның

соңынан неге мұнша оқушы ере келді? Мәселе, жақсы ұстаздың ұлағатында жатты. Бірақ ол мектеп ұжымын басқаруда «Бөліп алда билік ет» қағидасын емес, «Біріктір де бағытта» принципін басшылыққа алды. Бүгінде оның осы тәжірибесі мен мектепті басқару стилін «Педагогика» оқулығының «Мектепті басқару бөліміне» енгізіп, басшылыққа алсақ артық болмас еді.

Жаңалыққа жаны құмар ұстаз мектептегі емтихан формасын өзгертті. Қарсылықтарға да тап болды. Осылайша ол мектепте көп салалы функция қалыптастырды. 1998 жылы еліміз мектептері үшін пәнге арнап, «Репетитор», «Математика», «Алгорифм» атты республикалық физика-математикалық бағыттағы журналдар шығарды.

Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, «Мұғалім қандай болса, мектеп һәм сондай болады». Мұғалім күн сайын оқушылардың ой-санасын дамытып, олардың көзқарасы мен дүниетанымын, өмірге, мемлекетке, қоғамға деген қатынастарын қалыптастырғанда ғана нәтижеге жетеді. Өмірлік қажетіне жаратарлық білім мен тәрбие алған, өз орнын табуға қабілетті, елінің дамуы мен гүлденуі үшін еңбек ететін, бәсекеге бейім, бойында ұлттық құндылықтар қалыптасқан өскелең ұрпақты тек өз ісінің майталманы атанған педагогтар ғана тәрбиелей алады. Мұғалімдердің күнделікті сабағын қалай беретінінен, білім-білігінен, озық үлгісінен бұрын оның оқушылары әртүрлі конкурстар мен олимпиадаларда қандай орын алғандығына мән беру қажет. Сабақ беру үрдісі демекші, Әбдімәжиттің кез келген уақытта мектепте өтіп жатқан сабақтарға қатысуы оның дағдылы әдетіне айналған. Ол бірде математикалық талдау сабақтары өтіп жатқан сыныпқа кіріп, оқушылар арасында викториналық сұрақ сабақтарын өткізіп, балалардың логикалық ой-өрістерін байқайды. Соңынан оқушылардың бәріне өзімен бірге алып келген тәттілерін үлестіріп, бір марқайып қалыпты. Бұл да оқушыларды ынталандырудың және мұғалімге сенім артуының бір амалына сайыпты.

Ғұлама ғалым әл-Фарабидің «Ұстаз жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында сақтайтын, ешнәрсені ұмытпайтын алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі, мейлінше шешен, өнер-білімге құштар, аса қанағатшыл, жаны асқақ, ар-намысын ардақтайтын, жақындарына да, жат адамдарына да әділ, жұрттың бәріне жақсылық пен ізгілік көрсетіп, қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ержүрек болуы керек» –деген сөзінен мұғалімнің бейнесі көрініп тұрады.

Қазіргі заман талабына сай креативті оқушыға қажетті білімді меңгертудің тиімді жолдары мен әдіс-тәсілдерін іздестіру, яғни сол талапқа сай болу әр ұстаздың міндеті. Елбасымыз Нұрсұлтан

Назарбаевтың: «Бізге керегі – шын дарындар» деген сөзі бар. Сондықтан оқушының жеке тұлғасын қалыптастыруда креативтіліктің қандай маңызы барын зерделеп, креативті ойлау қабілетін дамытуды математика пәнін оқыту мәселесімен байланыстыру оқушының сабаққа деген қызығушылығын арттыруы аса маңызды.

«Креатив» сөзі адамның шығармашылық дарын деңгейі, шығармашылық қабілеті деген мағынаны білдіреді. Жаңа білімді терең меңгеру мектептердің материалдық-техникалық жабдықталуына, оқытудың сапалық мазмұнын арттыруға, ұстаздардың біліктілігін жетілдіруге, заманауи технологияларды қолдануға тікелей байланысты екені талас тудырмайды. Қазіргі білім беру ісінің адамға қояр басты шарттарының бірі – «алған біліміңді өміріңде іске жаратып үлгір, өмір өзгерістерімен қабыса қимылда, ол үшін өмір бойы оқып үйрен, ал қажетіңе жарамайтын білімге алтын уақытыңды қаза қылма» деген қағи- даға келіп саяды. Өйткені, заман алға басқан сайын дамимын деген адамға уақыттың қадірі барған сайын артып келеді. Қазіргі жекелеген пәндердің бір-біріне кіріктірілуін осымен түсіндіруге болады.

«Үш тілді білім беру – болашаққа бастар жол» демекші, үш тұғырлы білім берудің маңызы мен алға қойған мақсаттары да орасан зор. Әлемде дамыған 30 елдің қатарына кіру мақсатында ғылым, білім, тілімізді дамытып, жаңа заман талабына сай, бәсекелестікке қабілетті ел, болуымызға апаратын бірден-бір жол да осы. Шынымен де жаңа адамды тек жаңашыл ұстаз ғана тәрбиелей алады. Мәжит Өтеш өзі басшылық еткен мектептерінде ең бірінші осы құндылықты басшылыққа алатын болған.

XXI ғасыр өмірдің барлық саласында табысты болу үшін мұғалімдерден тынымсыз еңбектенуді талап етіп отыр. Жаңартылған оқу бағдарламасы аясында тек өз пәнін, өз мамандығын шексіз сүйетін, бала үшін ұстаз ғұмырын құдіретті деп санайтын білімді мұғалімдер ғана жұмыс істей алады. Жаңа технологияларды күнделікті сабақ үрдісінде пайдалану, оқыту мақсатына жетудің тиімді жолдарын көрсетеді. Қазіргі оқыту барысында қолданылып жүрген көптеген технологиялар жеке тұлғаның жетілуіне, оқудың тиімділігінің негізін құруға бағытталған. Бұл жөнінде Әбдімәжит Қоңырбайұлының өз пайымы болды. Ол бұл туралы: «Өткен ғасыр қазақ елі үшін жалпы сауат ашу ғасыры болса, ХХІ ғасыр математикалық сауат ашу ғасыры болмақ. Бұл қажеттілікті халық қазір терең түсінді. Көпірлердің салынбай жатып құлап қалуы, үйлердің қисайып қалуы, тіпті тәуелсіздігімізге 25 жыл болса да мемлекетімізде бір мұнай өнімдерін өңдейтін зауыттың салынбауы – осының бәрі қоғамдағы математикалық сауаттылықтың кемдігінен» – дейді. Осының бәрін бір жолға қою үшін елімізде

математикалық мектептерді көптеп ашу идеясын ұсынады.

Бір Мәскеудің өзінде 200-ден астам физика-математикалық бағыттағы мектеп бар екен. Ал Қазақстанда жалғыз мектеп. Ол неге жалғыз?!. Осыны ой елегінен өткізген ол жатпай-тұрмай жүріп, бір ғана Алматы қаласында төрт бірдей физика-математикалық мектеп ашуға ұйытқы болып, олардың бастауында тұрды.

Елбасы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында барлық жастағы азаматтарды қамтитын білім беру ісінде өзіміздің озық жүйемізді құруды жеделдету қажеттігін атап көрсеткен болатын. Айталық цифрландыруды, 3 D-баспаға негізделген Вig- Dаtаны, биотехнологиялардың, жүргізушісіз автокөлік пен медицинаның жинақтау және талдау әдістерін дамыту, индустрияландыру талаптарына сәйкес жаңа мамандықтарды енгізу – бүгінгі жаһандану үрдісіне тән құбылыстар. Осыған орай білім беру бағдарламаларының басымдығы өзгерістерге үнемі бейім болуға аударылып, жаңа білімді меңгеру қабілетін күшейту талап етілген.

XXI ғасырда жеткіншектеріміз үшін қандай мамандықтар тиімді болмақ? Әлем елдерін түгелдей дерлік шарпып, жиі қайталанатын дағдарыстарынан жаппай жайлаған жұмыссыздығы еш қалыспайтын мына нарық заманында жастарымыздың қандай кәсіпті меңгергені жөн?

Дүниежүзілік экономикалық форумның есептеулері бойынша, бүгінде маңызды болып саналатын құзыреттіліктердің 35 пайызы енді бес жылдан кейін толықтай өзгеріске ұшырайтын көрінеді. Айталық, бірқатар мамандықтардың мазмұны мен сапасы трансформацияға ұшыраса, кейбір мамандықтар толықтай жойылып кетеді екен. Сөйтіп олардың орнына мүлде жаңа мамандықтар пайда болмақшы. Ондай өзгерістердің көптеген салаларын қамтитыны да белгілі болып отыр. Сонда қайтпек керек? Ондай тұйықтан шығар жол біреу – адамдар алда келе жатқан өзгерістерге дайын болу. Азаматтық ұстанымды қалыптастыру пән сабақтарында, сондай-ақ, оқушымен жүргізілетін әртүрлі сабақтан тыс танымдық және тәрбиелік іс-шараларда да тиімді шешімін таппақ. Оның басты мақсаты – түрлі тәрбиелік шаралар арқылы оқушы қабілетін дамыту, оның мәдени және рухани жағынан өсуін қамтамасыз ету. Оқушылар арасында сауалнама жүргізу, осы салада белгілі бір ақпараттық базаны құру үшін мәдени кештер өткізу, технология, экономика саласындағы ең маңызды мәселелер бойынша дөңгелек үстелдер мен конференциялар өткізу.

Қазақстандағы білім беру жүйесінде білім сапасын өзгертудің өзекті мәселелерінің бірі – жалпы білім беретін мектептерде жаңартылған білім беру бағдарламасын енгізу қолға алынған. Жаңартылған білім беру бағдарламасы – заман талабына сай келешек ұрпақтың жан-жақты

құзыреттілігін қалыптастыратын бағдарлама. Бұл бағдарламаның математика пәнін оқытудағы басты ерекшелігі – білімді функциялық және шығармашылықпен қолдану, зерттеу жұмыстарын жүргізу, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдана отырып, деректер базасын өңдеуді қалыптастыру. XXI ғасырда қажетті кең ауқымды дағдыларды дамыту. Бұл – Мәжит Қоңырбайұлының басты арманы еді.

Елбасының рухани жаңғыру, яғни отандастарымыздың санасының оянуы, рухының серпілуі, ұлттық мәдени-генетикалық коды ғана халықты алға бастайды. Рухани жаңғыру арқылы санамызды жаңартып, ұлттық бірегейлікті биікке көтеру арқылы біз жаңа биіктерге көтерілеміз. Тәжірибелі ұстаздың идеялық ой-мақсаты да осы арнаға жұмылдырылған.

Ұрпақ тәрбиесі-ұстазға байланысты. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде ұстаздың еңбегі зор. Сондықтан да ол әрдайым қасиетті тұлға ретінде ерекшеленеді. Бүгінгі өскелең ұрпаққа ұлттық білім мен тәрбие беретін болашақ педагогтарды дайындау орта мектептерден бастау алатынын ол өзіне мұрат етті. Ол үшін педагогикалық мамандыққа бейімділігі бар оқушыларға мектепте «Педагог мамандығына кәсіби бағдар» деген атпен креативтік (шығармашылық) арнаулы курстар жүргізіп, болашақ мұғалімдерге мектеп қабырғасынан-ақ нақты бағыт берілуі керектігін алға тартты.

Француздың ұлы ойшылы Жан Жак Руссо «Ұстаздық уақыт ұту емес. Ол – өз уақытын аямау, өзгенің бақытын аялау» - деген екен. Бүкіл қоғамның қолдауына және құрметіне ие болған ұстаздарды осы ұлағатқа лайық десек, неге мұғалімнің уақытына құрметпен қарамаймыз?

Қоғам үнемі қозғалыстан тұрады. Онда күн сайын қарбалас жұмыс. Сол жұмыстардан мұғалімдер де тыс қалған емес. Бірде атқарушы биліктің мұғалімдерге де көше сыпыртып қойған кездері болды. Осындай бір науқан кезінде билік тарапынан мектепке «Көше тазалауға шығыңдар» деген бұйрық түседі. Бұл талапты орынсыз көрген Мәжит Қоңырбайұлы басшылыққа: «Кешіріңіздер, мен республиканың түкпір-түкпірінен жинаған мұғалімдеріме көше сыпырасыңдар, деп айта алмаймын» – деп өз қарсылығын білдіреді. Бір қарағанда мұны майда-шүйде деуге де болмас. Бұл жердегі бар мәселе – жоғарыдағы мұғалім уақытын ұрлау, оның бақытын аяламауда болып тұр емес пе?

Қоғамның алдында тұрған тағы бір кезек күттірмес міндет – мұғалім мамандығын, өте жеңіл қолжетімділіктен құтқару. Қазіргі кезде жоғары білімді маман болудың ең оңай жолы – мұғалімдік болып қалды. Бұл

ұғым түбірінен қате пайым. Ол осыған қиналды. ҰБТ-дан ең төменгі балл алған үміткер педколледжге барады. Бірақ сүйіспеншілікпен емес. Содан кейін білімін сырттай жалғастырып, кез келген мектептің мұғалімі болып шығады. Оның мамандыққа дақ түсіргеннен басқа берері жоқ. Сондықтан педагогикалық оқу орындарына 100 балдан жоғары баға алған үздіктерді ғана қабылдау тәртібін енгізу қажет.

Жүсіпбек Аймауытов «Мұғалімнің айналысатыны – үнемі қозғалып, өзгеріп, өркендейтін тірі адам болғандықтан, біркелкі әдістен табан аудармай, шектеліп қалуға болмайды. Сабақ беру үйреншікті жай шеберлік емес, ол – үнемі жаңадан жаңаны табатын өнер», деп жазған екен. Сондықтан, жаңашылдықты енгізе білу де біліктіліктен шығады. Осының бәрі Мәжит Қоңырбайұлының бір басынан табылып жатты.

Жайраңдаған жарқын мінез, адал асқақтық, адаспай табатын із бен іс оның айнымас мұраты болды. Ол ұстазға тән істі бастап, ұрпақ сабақтастығы үшін жақсы жол салып берді. Соңында өнегелі отбасы, асыл жары – Алтыншаш, бауырын жазған балапандары, түстен, естен шығармайтын туыс, ағайын, достары қалды. Ондай адамның достары көп болатынын, олардың қанша жұмсағанмен азаймайтынын көрсетіп берді.

Жаңашыл ұстаздың еңбегі өтеусіз қалған емес. Ол «Құрмет» орденінің және Ыбырай Алтынсарин сыйлығының иегері, Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің үздігі, республикалық, қалалық, аудандық деңгейдегі түрлі марапаттарға ие болды.

Атақты Эйнштейн өзінің бақыт формуласында: «Бақыт – деген еңбек, дамалыс және тіліңді тыйып ұстау»- деген екен. Мәжит аз өмір сүрсе де, өте бақытты өмір сүрді. Өзгенің бақыты үшін күресіп жүріп, денсаулығының сыр бергеніне мән де бермеді. Театрда отырып, отырған орнында бір мызғып алатындай бұл өмірмен қоштасып кете барды. Оны ақтық сапарға 300 мыңдай адам арулап шығарып салды.

Ұлт көсемі Ахмет Байтұрсынов Мәжиттей қайраткер жандар туралы: «Тыныштықпен өмір сүре алмайды. Өйткені көздеген мақсатының, ойлаған мұратының жолында неден болса да қайту жоқ» – деп айтқан екен. Мәжит Қоңырбайұлының жарқын образы осы.

Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.