Тұманды сейілткен «Талан»
2018 ж. 21 қыркүйек
4560
0
Соңғы жылдардағы сенімсіз сюжеттермен, жалған диалогтармен, қолдан құрастырылған хикаяттармен «жасанып» алған қазақ киносы өз өтірігіне өзі сеніп алғаны сонша, онысын көрерменге күштеп таңып, «менің шындығыма сенің де сенуің керек» дейтін өзімшіл халге келді. Шыны керек, кроссворд сияқты қолдан құрастырылған «ішің білсін, әләуләй» фильмдерден жұрт шаршап кетті, құдайдың бір азабындай аяғына дейін әрең шыдап көреді. «Көркем фильм» сценарийді қажет етпестен, режиссердің дайын схемасымен түсірілуге көшті. Басқа жұрттың мың рет пайдаланып кеткен идеясын мың бірінші рет қымсынбастан қайта бас салып, өзінікі секілді етіп көрсету қалыпты жайтқа айналды.
Халықаралық кинофестивальдардың ең үлкен пайдасы, бір мезетте бірнеше елдің әртүрлі жанр, әрқилы пішінде түсірілген фильмін салыстыра отырып көруге мүмкіндік алуы арқылы өз киноңның кемшілігін, яки өз режиссерлеріңнің артықшылығын қиналмастан тани аласың. Халықаралық Еуразия кинофестивалінің конкурстан тыс «Керуен» бағдарламасында әлі жарыққа шықпаған, тұсаукесері күзге қарай жоспарланып отырған «Таланмен» кездескенде, көп киноның бірі емес, нағыз ұлттық кәсіби төлтума туынды екенін бірден түйсіндік.
«Талан» – «Сардардан» кейін он үш жыл бойы фильм түсірмеген режиссер Болат Қалымбетовтің жаңа картинасы. Фильм сценарийін жазушы Жүсіпбек Қорғасбектің «Қасқыр-адам» повесінің желісі бойынша Ғазиз Насыров екеуі бірігіп жазған. Үмітсіздік жайлаған 1930 жылдардағы үркіншілікте елі мен жерін тастап шығуға мәжбүр болған бір ауыл қазақтың қасіретті тағдырымен өрілген картина ең алдымен тақырыбымен ерекшеленеді. Замана тұманы бетін бүркеген өткен күннің шындығын өнер тілімен ашуды жөн көрді ме, ендеше, Б.Қалымбетов заман қаһарманының бейнесін жасауды да парыз санап отыр.
Ол қаһарман – Керім мен Тағай. Бұл тақырыпта «Аманай мен Заманай» бастаған бірқатар картиналар түсірілді, бірақ «Таланның» олардан басты айырмашылығы, қоюшы режиссердің бүгінгі киноның бағытын басты назарда ұстай отырып, «кино тіліне» көбірек мән бергендігі. «Кино тілі» дегенде, бұл кейіпкерлердің аузындағы сөз емес, режиссердің шарықтаған ойы мен қиялын дамытуда қолданған тұспалы, емеуріні, көрерменге айтқысы келген ой-ишарасы көп сөздің орнына орайлы «ойнап» тұрады. Көркем фильмдерде молынан қолданған, бірақ әлдеқашан ұмытыла бастаған, ең өзекті ойдың бір ғана штрихпен берілу шеберлігі мұнда ондап саналады.
Арғы бетті көздеп, ағайынын бастап шекарадан өткелі тұрған жерінен қызылдың қырағы жендеттерінің қолына түсіп, мерт болған Таласбектің соңында қалған қос жетімек, Тағай мен Керімнің кейінгі өмірін суреттеуге құрылған фильм тұтас бір кезеңнің шындығын көрсетеді. Қасқырдың апанына тығылып аман қалған Жұмабайдың немересі Керімнің мінезінде бөрі жүрегінің батырлығы бар. Адамдардан жырақ, жалғыз өзі тау ішінде, табиғатпен етене өскен Керім мейлінше батыл, еркін. Таласбектен қалған бір қоржын алтынның кездейсоқ мұрагері бола тұра, буына буынын алдырмаған тектілігін табиғатпен әдемі үйлестіріп әкеткен.
Керісінше, заманына сай өткір адам болсын деп асырап алған әкесі бөрінің жүрегін жалаңаш қолымен суырып алып, қанын сорғалатып тұрып жегізсе де, батыр Таласбектің ұлы Тағай соншама жасық. Солай бола тұра қу, қатыгез. Керім бала күнгі досы Тағаймен кездескенше фильмнің соңына дейін сөйлемейді. Мылқау адам емес екенін іш сезеді, бірақ көздері сөйлеп тұратын кейіпкердің үндемегенін көрерменнің өзі де қалайтындай. Тіл жоқ. Неге? Бала күнінде көз алдында қырылып қалған әке-шешесі, ағайыны, әсіресе үкісі үлбіреп, тұлымшағы желбіреген кішкентай Үміт қарындасының тамшылаған қанын көрген Керім ішін кернеген күллі әлемге деген ішкі қарсылығын осылай көрсетеді. Керім жастайынан зұлымдық, қиянат көріп өссе де, табиғатпен қоян-қолтық үндестікте өмір сүргендіктен болар, адамдар арасында, өркениет ішінде жүрген Тағайға қарағанда, әлдеқайда адами, мейірімді.
Ақ қар, көк мұз, аласұрған бораны көп қатал табиғатпен күресіп өмір сүріп жүріп те ол жанының жұмсақтығын, жүрегінің тазалығын сақтай алған. Адамдарды жек көріп, жатбауыр болып кетсе де, мейірімсіздіктің не екенін, қаталдықтың қандай болатынын ұмытқан. Аңға да, адамға да аялап қарайтын Керімге қарағанда, адамдармен күн сайын қарым-қатынас жасайтын Тағай тасжүректің өзі. Тау ішінде бұйығып тіршілік кешіп жатқан өркениеттен тым алыс бұл ауылда тіпті тыныстайтын ауа да жоқ секілді, режиссер бәрін бұрышқа апарып «тығып тастаған».
«Кино тілінің» әдемі көрініс тапқан тұсына оқиғаның үнемі «подвалда», үй астынан қазылған жертөледе өтетінін жатқызар едік. «Үй» – бөлек әлем, «жертөле» – параллель өмір, кеңестік қоғамның шындығы мен адамның өз ішіндегі жаратылыс, болмыс шындығы бір-бірімен еш қабыспайды. Күндіз-түні, тіпті ұйықтағанда да үстінен портупеясын тастамайтын Тағай ылғи осы жертөледен табылады. Ол неге портупеяны шешпейді? Себебі Таласбек әкесін атқан кезде қызылдың қанішерінің үстінде де дәл осындай портупея болған.
Портупея Тағай үшін – биліктің өзі. Оны кисе, бойына күш құйылғандай, өзін қуатты адам сезінеді. Екі адамға бастық болып, бір адамға билік айтса, өзін тақ үстінде отырғандай сезіндіретін кеңестік жүйенің тәрбиесі Тағайдың жеке тұлғасын да солай қалыптастырған. Екі бөлек әлемнің қарсылығы бетпе-бет келсе тек таласқа, кикілжіңге бастайды. Қолдан қауқар келмеген соң, тың тыңдатады. Саптыаяққа ас құйып, сабынан қарауыл қараған 1930-40 жылдардағы сөз таситын, құпия түрде бірін-бірі көрсетіп, итжеккенге айдататын жағымсыз әдетті Б.Қалымбетов кейіпкерлерінің үнемі терезенің арғы жағы мен бергі жағынан сығалауы арқылы көрсетеді.
Жымиып келіп, бас бағып, терезеге үңілетін көрініс фильмде жиі қайталанады. Сол кезеңнің ең ащы шындығы осы. Бұл көріністерді фильмнің бас қаһарманы Тағайдың рөліндегі актер Асан Мәжит бір-біріне кереғар мінез құбылысын түйдек-түйдегімен көрсету арқылы ашты: бір рахат, бір қапа, бірде бұйығы, бірде ойлы кескінмен характерлі актер екенін танытты.
Тау «тағысы» Керім мен пошташы Бибісараның арасындағы махаббат «Таландағы» тартымды оқиғалардың бірі болғанымен, суреттелуі, көрініс табуы жағынан М.Әуезовтің «Қарагөзін» бірден еске түсіреді. Бұл махаббатта сүйіспеншілікпен бірге, ауыр шер бар. Күйеуі соғыста өлген жесір Бибісараның бүкіл денесін жыланша орап, жыбырлатып, ойнақ салған нәпсінің құртын, махаббат аңсаған жас жанының қалауын қос қолындағы қайың сабаумен қара қойдың жүнін аспандатып екіленіп, ентігіп, аяусыз сабаса ғана сабасына түсіріп, тұншықтыратындай.
Сұм тірлікке айтқан лағынеті, тау-тасты тасалап жүріп, жүрегіне шоқ салған «жабайы» жігітке құмарлығы, жалпы әйел жанына жасырынған шындықтың сұсты келбеті актриса Шынар Жанысбекованың ойынымен бүкпесіз тура бейнеленген. Бибісара мен Керім арасындағы махаббат, эротикалық көріністер ашық-шашықтықтан гөрі ұлттық кино өнерінің эстетикасына бағынып, маңыз-мағына үстей түседі.
«Таландағы» сезімді қозғайтын тағы бір деталь – шекара айырығындағы өзен бойында атылып, мүрделерін суға ағызып жіберген әкелерінің басындағы тымағын Керім келіп тауып алғанда да, кейін аяғы ауыр Бибісара Керімнен айрылып, құрсағына біткен шаранасымен шарасыз халде келгенде де, ішін өртеген күйіктен бауырын осы өзенге төсеп, алақанымен су тосып жатады. Жетісу жерінің жауһары – Көлсай мен Шарын шатқалдарының маржандай мөлдір суы кернеген сұлу өзенді фильмнің қоюшы операторы Сапар Койчуманов жанынан да, астынан да, үстінен де түсіріп, су сиқырын әр қырынан көрсету арқылы сұлулығына назар аудартады.
Қарапайым болса да, әзірге, ұлттық киномыздағы тосын әдіс. Б.Қалымбетовтің бұл өзенді Өмір бейнесі етіп алғаны анық. «Өмір қандай күрделі, қиын болса да, ол сондай сұлу, қарапайым...» Фильмнің басталғанда және аяқталар тұсында барлық қырымен көрінген Өмір-өзенде қолмен басылған оюлы текемет әлдекімнің лақтыра салған керексіз тулағы секілді беті ауған жаққа ағып бара жатты. Текеметтің символикалық терең мәні бар. Текемет – сіздің және біздің өміріміз, қазақтың өмірі. Бірақ ол қайда кетіп бара жатыр?..
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,