Ұлтқа тұтқа болған тұлға
2018 ж. 15 қыркүйек
2677
0
Өткенге топырақ шашу өнегелі өреннің ісі емес. «Тарихқа тас атсаң, ол саған зеңбірек кезейді». Жаһанның жарымына жуығын уысында ұстаған Кеңестер Одағының ішкі және сыртқы саясатын жүргізетін партия-шаруашылық номенклатурасына ұлт өлкелеріндегі жергілікті ұлыс өкілдері де енгізіліп, олар Мәскеудің көкейіндегі сөзді күмілжімей айтуға тиіс болды. Идеология саласында халықтар достығы, ажырамас бірлік сияқты саяси маркетингке сүйенетін жәдігөй насихат жүргізу жүктелген кадрлардың көбісі осынау құйтұрқы міндет үдесінен көріне білді. Дегенмен, ұлы суреткер Ғабит Мүсірепов «ұлттың ядросы-сарыуызына» теңеген Жұмабек Тәшенов, Ілияс Омаров сынды «арпа ішіндегі бір бидайдың» жауға-қалқан, жасқанғанға қорған болғанын айтпасақ, ақиқатқа қайшы келерміз. Осынау ұлы тұлғалардың ішінде жаңа, ұлттық тұрпаттағы елдік саясат және руханият қайраткері, ұлтқа тұтқа болған ұстазым Михаил Иванович Есенәлиев те бар.
Рухтас ағалары «Хакім» деп атаған Михаил Есенәлиевтің өмір жолы көпшілік қауымға болмаса да, саясаттанушылар мен зерттеушілерге белгілі. Дегенмен, министр Есенәлиевтің республика сыртқы саяси мекемесінің беделін көтеріп, оны материалдық-техникалық, кадрлық тұрғыдан нығайту жөнінде әр жылдары атқарған толайым тірлігіне куәгерлердің бірі болғандықтан, өзіме белгілі кейбір жәйттерді оқырманмен бөлісуді жөн көрдім. Михаил Ивановичтің республиканың дипломатиялық қызметін жаңа деңгейге көтеру жөнінде ауқымды шараларды қалай қолға алып, жүзеге асырғаны әлі күнге көкейімде сайрап тұр. Ол ең алдымен министрліктің оперативтік (жауапты қызметкерлер осылай аталатын-ды) құрамын Мәскеудің жоғары оқу орындарын, атап айтқанда Халықаралық қатынастар институтын бітірген жастардан жасақтады. Мәселен, 1982 жылы хаттама бөлімінің қызметіне алынған Алаштың ардақты азаматы Болатхан Тайжанов, консулдық бөлімнің бастығы Жақсыбек Еспембетов, баспасөз және ақпарат бөлімінің меңгерушісі Қадыр Қабдешев МГИМО мен Жоғары дипломатиялық мектепті тәмамдаған азаматтар-тын. Болатхан ағамыз Йеменде, Египетте, Жақсыбек ағай Ганада, Қадыр ағай Кубада істеген тәжірибелі дипломаттар еді. Аудармашы Алмаз Хамзаев министрдің көмекшісі-бірінші хатшы, МГИМО түлегі Әбу Ахметов консулдық бөлімнің бірінші хатшысы, Морис Торез атындағы Мәскеу шетел тілдері институтын бітірген Зухра Ақышева консулдық бөлімнің екінші хатшысы болды. М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін тәмамдаған осы жолдардың авторы баспасөз және ақпарат бөлімінің екінші хатшысы қызметіне қабылданды. Сол жылдары Михаил Иванович бүгінгі қазақ дипломатиясының көрнекті өкілі Ерлан Ыдырысовты Оңтүстік-Шығыс Азиядағы дипломатиялық жұмысынан кейін аттай қалап, министрлікке шақырып алғанын, оған жастығына қарамай талай-талай жауапты тапсырмалар жүктегенін білемін.
Кейінгі толқынға ұлағатты ұстаз болған Михаил Иванович болашағынан үміт күттіретін жастарды іздеп тауып, бір-бірімен таныстырып, білістіріп отыратын. 1982 жылдың жазында Қытайдағы Кеңес елшілігінде жұмыс істеп жүрген Қасым-Жомарт Тоқаевты арнайы шақырып, министрлік аппаратымен жүздестірген еді. Осы аталған ардақты азаматтар Михаил Ивановичтің сенімін ақтай білді. Болатхан Тайжан ағамыз Египет араб республикасындағы, Әбу Ахметов Тәжікстандағы тәуелсіз Қазақстанның Төтенше және Өкілетті елшілері болып істеді. Есенәлиев жолдамасымен Дипломатиялық академияны үздік тәмамдаған Ерлан Ыдырысов Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі болды, бүгінде ол Ұлыбританиядағы еліміздің Төтенше және Өкілетті елшісі. Ал, өзінің көмекшісі Алмаз Хамзаев Испанияда елші болды, Бас хатшы Ғани Қасымов Кеден комитетін басқарды, Мәжіліс депутаты болып сайланды. Академия дегеннен шығады, Есенәлиев келгенге дейін бұл арнайы оқу орнына дипломаттарды республика партия органдары жолдамамен жіберіп келсе, енді бұл мәселе министрліктің қарауына көшті. Министр қызметіне кіріскенге дейін елшілік жұмыс тәжірибесі болмаған Михаил Иванович Мәскеудегі орталық аппараттың жұмысымен егжей-тегжейлі танысып, сол кездегі КСРО сыртқы саяси ведомствосының басшысы Андрей Андреевич Громыкомен әріптестік, достық қарым-қатынас орната білді. Сөйтіп, Дипломатиялық академияда Қазақстанға арнап қосымша орындар бөлуге қол жеткізді.
Сондай-ақ Михаил Иванович келгенге дейін қазақстандық кадрлар шетелдік іссапарларға, тағылымдамаға жіберілмесе, бұл түйін де тарқатылды. Бірнеше шетел тілдерін білетін қызметкерлердің жалақылары ол кездері салыстырмалы түрде төмен болатын. Мәселен, екінші хатшы 145, ал бөлім меңгерушісі 220 сом алатын. Одақтық ведомстводағыдай дипломатиялық шен (ранг), шет тілі үшін үстеме төленбейтін, киімге ақша бөлінбейтін. Михаил Иванович тікелей А.Громыконың өзіне шығып, мәселе оң тұрғыдан шешілген соң, мұндай жеңілдіктерге өзге одақтас республикалар дипломаттары да қол жеткізгеніне өзім куәмін.
Халықаралық қатынастар тарихында Михаил Иванович Есенәлиев Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясында сөз сөйлеген тұңғыш қазақ ретінде қалды. Бұл сапарға министрлік ұжымы 3-4 ай бұрын дайындалды. Мен «Қазақ Советтік Социалистік Республикасы» деген ақпараттық-анықтамалық басылымды ағылшын, француз, неміс және орыс тілдерінде Министрлер кеңесінің баспаханасынан уақытында шығарып үлгердім. Қыркүйектің басында Нью-Йоркқа қазақтың ұлттық тағамдары-қазы, шұжық, жал-жая, республикада өндірілетін шарап, кондитер өнімдері салынған «сәлемдеме» жөнелттік. Дипломатиялық поштамен жіберілген кісі бойындай жәшіктің сыртындағы әдрісті көк сиямен өзім толтырған едім. Ассамблея жұмысына 3 айдай қатысып, елге оралған соң Михаил Иванович совет делегациясы бөлек ұшақпен АҚШ-қа ертерек кеткендіктерін, ал өзі Андрей Андреевич Громыкомен бірге жеке ұшақпен жеткенін әңгімелеп берген-ді. Кейін бұл естелігі 1987 жылы
«Қазақстан» баспасынан жарық көрген «Небоскреб на Ист-Ривер» атты кітабынан орын тепті.
Бір қызығы, «ұлттар достығы» принципін ұстанғанымен, Михаил Иванович оперативтік қызметке жүз пайыз дерлік жергілікті ұлт өкілдерін қабылдады. Өзге ведомстволарда аппараттың тең жарымына жуығын славян нәсілінің өкілдері иеленіп жатса, министрліктегі орыс ұлтының жалғыз өкілі Протокол бөлімінің бірінші хатшысы Сергей Держиев болатын. Ал, егемен мемлекеттің жаңа тұрпатты дипломатиялық қызметін қалыптастыру қолға алынған 90-шы жылдардың басында Михаил Иванович министрліктің кадр комиссиясын басқарды. 1992 жылдың күзінде болған комиссия отырысына шетелдік қызмет тәжірибесі бар маман ретінде мен де шақырылдым. Министрлікте сол кездері ақпараттық-талдамалық басқарма құрылып жатты. 1994 жылы штат құрамы бекітіліп, оның басшылығына кезінде Египетте Болатхан Тайжановпен бірге жұмыс істеген, Мәскеуде, одақтық министрлікте Таяу Шығыс проблемалары секторын меңгерген қазақстандық ұйғыр азаматы Роберт Шәкірұлы Тұрдиев тағайындалды. Мен осы басқарманың қызмет бағыты, міндеттері жөнінде министр Қасым-Жомарт Тоқаевқа жазбаша ұсыныс бердім. Кейіннен ол ықшамдалып, 1995 жылы жазда «Казахстанская правда» газетінде «Идеологический суверенитет и информационная независимость должны стать приоритетной внешнеполитической целью» деген ұзақтау тақырыппен жарияланды. Бұл мақаланың ҚазТАГ-қа қатысты тұсын сол кездегі Ресейдегі елші Тайыр Мансұров басшы дипломатиялық қызметкерлердің республикалық кеңесінде жасаған баяндамасында пайдаланды.
Бұл кезең ақпараттық саладағы «мылтықсыз майданның» бел алып тұрған шағы-тын. Бұрынғы метрополия-Мәскеуден Солженицын мен Жириновский буырқанған бурадай жынын шашып, өзіміздегі Масанов, Гиллер сияқтылар қанден иттей балаққа жармасып жатқан-ды. Бұрындары орыс тілінде некен-сяақ мақалаларым ретіне қарай жарық көріп жүрген. Сөйтсе де, орталық басылымдарда жарияланған, «Солженицын вернулся: обустроится ли теперь Россия?», «Не терять ориентиры в информационном пространстве», «Превратится ли лаборатория дружбы в полигон межнациональных конфликтов?» сияқты сыңарезу «Караван» газетінің «қаһарына» ұшыраған материалдарымды Михаил Иванович оқып жүреді екен. Содан бір кездескенде «мына жинақтарда сенің де үлесің бар», деп «Небоскреб на Ист-Ривер» деген кітабын «Высокообразованному, двуязычному журналисту Жетписбаю с пожеланием высот творческой деятельности» деген, ал «Размышления вслух» атты жинағын «Қадірлі Жетпісбай ініме, жақсы тілекпен» деген қолтаңба жазып ұсынған еді.
Михаил Иванович тәуелсіздік жылдары дипломатиялық кадрлар даярлауға, соның ішінде халықаралық тақырыпқа жазатын журналистерді шыңдауға белсене араласып, көп тірлік тындырды. Атап айтқанда, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ұстаздық қылып, талай көгенкөздің көкірегіне нұрлы сәуле құйды. Бүгінде қаламгерлер ұстаханасы-журналистика факультетінің оқытушы-профессорлар құрамы Есенәллиев – ұстазды ыстық ықыласпен еске алады.
Еліміздің сыртқы саяси құрылымын қаз тұрғызып, қалыптастырған Төлеген Тәжібаев, Асқар Закарин, Мәлік Фазылов сынды тұғырлы тұлғалар қатарында абзал ұстазым Михаил Иванович Есенәлиевтің де есімі Қазақстан дипломатиясының тарихына алтын әріптермен жазылған.
Жетпісбай Бекболатұлы,
әл Фараби атындағы ҚазҰУ кафедра
меңгерушісі, профессор
Қазақ үні