Николай ЩЕРБИНИН: 20 ЖЫЛ тіл үйренуге АЗ УАҚЫТ ЕМЕС, ОРЫСТАР РЕНЖІМЕУІ КЕРЕК! Мемлекеттік тілді білмегендер, елді қалай басқарады?

      - Николай Иванұлы, соңғы кездегі көп талқыға түсіп жатқан тіл мәселесі жайлы, М.Шаханов бастаған тіл жанашырларының хаты туралы не айтар едіңіз? -  Менімше, 20 жыл тіл үйренуге аз уақыт емес. Орыстар ренжімеуі керек. Біз өскен кеңес заманында жергілікті ұлт өкілдерінің басы алтын болса да, орыс тілін білмегендіктен қызметтен өспегендерін, шеттетілгендеріне талай рет куә болдым. Олар менен ақылды, қабілеті артық болды, бірақ менен төмен қызметте болды, орыс тілін нашар білгені үшін. Енді олар өз елінде, тәуелсіздік алған елінде тағы да сол «кемшілігі» үшін, өз ана тілін  орыс тілінен кем қойып құқай көруі дұрыс емес қой. Менің бір байқағаным, КСРО-ң құрамында болған 15 республиканың ішінде ұлттық құндылықтарынан, тілінен, барлық салт-дәстүрлерінен ең көп айрылған  -  қазақтар. Енді соның орнын толтыруға жасаған іс-әрекеттері  үшін айыпталмақ па? Тағы бір мысал. Кеңес заманындағы кавказдық республикалар - Армения, Грузия, Әзірбайжан қазақтардан бұрын Ресейдің отары болса да орыс экспансиясына төтеп бере алды. Неге? Олар өз тіліне зорлық жасауға қарсы тұра алды. Қазақтар тұра алмады. Армяндар мен грузиндер орыс әрпін, кириллицаны  қабылдаған жоқ. Ал қазақ әліппесі үш рет өзгерілді. Мен сыныпта сабақ бергенде балаларға әрқашан мынаны айтамын. - Біз ертең кетеміз. Сендер мемлекеттік басқару креслосына отырасыңдар. Мемлекеттік тілді білмесеңдер, елді қалай басқарасыңдар. Сендерге бүгінгі басшылар ағылшын, қытай тілдерін үйреніңдер деп ұран салып, құлақтарыңды бұрап жатыр. Ал сендерге, туған елінің мемлекеттік тілін үйрене алмай жүргендерге, мұндай ұранды көтеріп тықпыштау, нағыз ақымақтық емес пе?!

Әңгімелескен  С.Жүсіп, Қызылорда қаласы

*Николай Иванұлы Щербинин Қызылорда қаласындағы

№ 233 мектепте  тарих пәнінен сабақ береді.

«Абай-ақпарат»

*Мақала қысқартылып, тақырыбы өзгертілді.