Халық ғалымы
2018 ж. 14 қыркүйек
3793
0
Қоғамдық ғылымдар саласында ғалымдар әр түрлі болады. Көбінің тірегі диссертация болады да, сол тіректі орнатып алған соң, яғни диссертациясын қорғап алған соң, сол қазықты айналумен ғұмыр кешеді. Кей ғалымдар өзі білер тақырыптың тағанынан шықпайды, «ғылым – ғылым үшін» жолынан ауытқымайды. Сондықтан, ондай ғалымдар, әдетте, халықтан алыс тұрады, оған халық та назар аудармайды. Ал ауқым-қарымы кең ғалымдар аз кездеседі. Мұндай ғалымдар өмірдің сан тарауын талдауға салып, уақытпен үндесіп, заман сөзін, заман ағымын ой таразысына салып, өткен мен бүгінді ғылыммен жалғап отырады. Әрине, мұндай ғалым ғылымға тән қасаңдыққа қамалмайды. Осыған орай, халықпен етене болады, халық рухының жаршысына айналады. Ғылымның насихатшысы болады. Осындай ғалымдарға «Халық ғалымы» деген атақ берсе, жарасар еді.
Бүгінгі күні 70 жасқа жетіп отырған «Қазақ тілінің жанашыры», «Қазақстан Республикасы ғылымына еңбек сіңірген», ҚР Оқу ісінің үздігі, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, профессор Серік Нығметоллаұлы Негимов халық ғалымдарының алдыңғы қатарынан орын алатыны кәміл.
Халық сөзімен сусындап өсті. Көкшетау баурайындағы, Сілеті өзені бойындағы небір шешен де көсем қариялардың сөзін бала кезінен санасына сіңіре берді. Бұған оқуға құмарлығы қосылды. Осы әдетімен жетпіске де жетті. Қазақ университетінің тіл-әдебиет факультетінде оқығаны білгенін біліммен бекітуге сеп болды. Халық сөзінен тоқығанын, асыл сөзден оқығанының сырларын ашқысы келіп ғұмырын ғылыммен байланыстырды, жастық шағын Ұлттық ғылым академиясында әдеби зерттеумен айналысуға арнады. 30 жасында «Қазақ өлеңінің әуездік ерекшеліктері» тақырыбында диссертация қорғап ғылым кандидаты болды.
Кейін, 1980 жылы бұл диссертациялық жұмысы «Өлең өрімі» деген атпен кітап болып шықты. Бұл кезде қазақ сөз ғылымы өлең теориясы жөнінен З.Ахметовтің «Өлең сөздің теориясын» ғана білетін еді. «Өлең өрімі» деген аталымы қандай жаңалық болса, мазмұны да әдебиет ғылымы үшін сондай тың дүние еді. Поэзия халықтың даусы екенін қарабайыр қазақтың қай-қайсы да біледі. С.Негимов қазақ ғылымында осы дауыстың теориялық қисынын алғашқы болып заңдастырды. Қазақ өлеңінің үндік әуезі, ырғақтық түзілімі, ұйқас пен өлшем сияқты қасиеттерден тұратын дыбыстық жүйесінің табиғатын ашып-айқындады, дерексіз құбылысты көзге көрсетіп, қолға ұстатып нақтылап берді. Қазақ өлеңі ырғағының үш саласын айқындап берді, олар: бірінші, жүйелікке, үндестікке, дыбыс әуезділігіне құрылатын дәстүрлі өлең үлгілеріндегі әуендік ырғақ. Мұнда ырғақтық бөлшектердің қабысуы, бір-біріне пара-пар келушілігі бар; екінші, жазба әдебиет өкілдерінің, атап айтқанда, Абайдың «Сегіз аяғындағы» келте тармақтарға құрылған ырғақтар. Атап айтқанда, бір фраза, бір сөз тіркесі келте ырғақтың ең шағын бірлігі болып есептеледі; үшінші, жазба әдебиет өкілдері поэзиясындағы алуан үнді айнымалы ырғақтар.
Сонымен қатар, өлеңдегі ырғақ, әуезділік сияқты құбылыстардың тілді тірек ететінін айғақталды. Тоникаға құрылатын батыс поэзиясынан қазақ поэзиясының өзгешеліктерін әдеби-тарихи тұрғыдан, тілдік-эстетикалық тұрғыдан түсіндіріп берді. Совет заманында әдебиет идеология құралы екеніне әбден сеніп қалған жұртына әдебиеттің сөз өнері екенін тағы бір дәлелдеп берген Серік Нығметоллаұлы болды. Секең бұл жолы да халықтың өз сөзінің заңдылықтарын халықтың өзіндігі ете білді. Сондықтан, да ғылыми қауымдастық бұл зерттеуін аса жоғары бағалады. Халық өлең сөз таразысының басын ұстауды Серікке сеніп тапсыратын болды.
1992 жылы «Ақын-жыраулар поэзиясының образдық-метафоралық жүйесі» тақырыбындағы докторлық диссертациясының негізгі мазмұны «Ақын-жыраулар поэзиясының бейнелілігі» деген монографиясында (1991 жыл) баяндалған еді. Бұл еңбекте де халықтық поэзияның сөз өнері екенін ғалым тағы да айғақтап шықты. Көзі қарақты қауымның «Өнер алды – қызыл тіл» екеніне көзі жетті. Бұл еңбекте ғалым ақын-жыраулар жырындағы сөз бейнесі, сөз суреті, сөз өрнегі, сөз әсері, сөз мағынасының құбылуы, сөз сұлулығы, халықтық поэзия дәстүрі сияқты келелі мәселелердің шешімін көрсетіп берді. Поэзияның көркемдігі тілдің эстетикалық қызметімен жасалатынын шеберлікпен түсіндіріп берді. Кейін бұған ақын-жыраулар поэзиясының тегі мен төркінін, мәнерін зерделеуді қосып «Ақын-жыраулар. Генезис. Стилистика» деген атпен шығарған оқу құралы (Алматы: Ғылым, 2001) шәкірттердің рухани қажетін өтеп жүр.
Халықшыл ғалым бар ғұмырын халық ақындарын ғалым ретінде насихаттауға арнады десек, артық айтқандық болмайды.Сал-серілер өлкесінде өскен ғалымның «Өнерпаздық өрнектері», «Қазақтың сал-серілері» атты еңбектері Арыстанбай, Құлтума, Ақан сері, Жамбыл, Үкілі Ыбырай, Шашубай, Доскей, Иса т.б. отыздай ақынның жасампаздығын жалпы жұртқа жария етті. Елдің эстетикалық сұранысын қанағаттандырды. Бұл кітаптар қазір білім қуғандардың ғана емес, жалпы оқырманның іздеп жүріп оқитын кітаптарына айналды.
Қазақ ауыз әдебиеті Серік Негимовтің өмір бойғы серігі болып келеді. Ол осымен тәрбиеленді, есейді, асқарға шықты. Сөйтіп, халықшыл ғалым, қазақтың шешендігін шиеттей кезінен бойына сіңірген тума шешен, профессор Серік Негимовті Қазақстан орта және жоғары мектептеріне айрықша танытқан еңбек «Шешендік өнер» (Алматы: Ана тілі, 1997) еңбегі болды. Бұл Қазақстан тәжірибесінде аталмыш салаға арналған алғашқы оқулық еді. Қазақ би-шешендерінің мұрасы С.Негимовке дейін әдеби мәтін, көркем сөз мәтіні ретінде ғана қаралып келгені белгілі. Ал олардың «әлеуметтік-қоғамдық мәні, мемлекет тағдырын шешудегі ересен қызметі елеусіз, ескерусіз» қалып келген еді. Профессор С.Негимов мұны өнер, қарекет ретінде тұғырлап берді. Бұл еңбекте ғалым көркем сөз шешеннің рухани дүниесі мен сыртқы келбетінің гармониялық келісімінен туатынын дәлелдейді. Сөз сөйлеушінің ақылы мен жүрегіндегі болатын асыл ойлар, сезімдер шешеннің сыртқы тұлғасынан (бет-жүз құбылыстары, қимыл-әрекеттері) айна-қатесіз аңғарылатынын мысалдармен жеткізеді. Сондай-ақ, автор шешеннің өнерпаздық дарыны, шығармашылық тәжірибесі, көркемдік танымы, шынайы көңіл-күйі, табиғи болмысы сынды ғылым нысанасына ілінбеген жайттарды да қозғайды. «Шешендік өнерде» тұғырланған жайттарды тізіп көрсетсек артық болмайды: шешеннің тақырып таңдауы, мақсат-міндетті айқындауы, материал жинап іріктеуі, реттеуі, сөйлеудің жүйесі мен қисынды түзілісі, айғақ-дәлелдер табу, айту шеберлігі, дыбыстау ағзаларының әрекеті, тыңдарманмен байланыс, сендіру, үйрету, тәрбиелеу, талдау, шешеннің сыртқы келбеті, ым-қимыл, тұспалдарды пайдалану тәсілі, сөйлеуге ауызша я жазбаша дайындалу, сөйлеуге жаттығу сырлары, ойлай білу, тексеру қабілеті, шешен сөздегі логика заңдары, аудиторияның ерекшеліктері, шешендік өнердің басқа ғылымдармен байланысы, тілдік, стильдік табиғаты, көркемдік кестесі т.т. Дәл осы кітапта қазақтың Асан қайғы, Жиренше, Төле би, Қаз дауысты Қазыбек, Әйтеке би, Сырым Датұлы, Абай және бұлардың жолын жалғастырушылардың шешендік тұлғалары кескінделді. Дәл осы кітап Тәуелсіздік кезеңде ұлттық рухымызды жаңғыртуға елеулі үлес қосты.
Профессор С.Негимов еңбектерінің аса бір айрықша саласы тұлғатануға арналған. Халқымыздың, тіпті дүние жүзінің айтулы тарихи-қоғамдық қайраткерлері, әдебиет пен өнер қайраткерлері ғалымның назарынан тыс қалған емес. Жыраулар мен ақындар арнаулы зерттеуге нысан болғанын былай қойғанда, көсемдер мен шешендер, батырлар мен ғалымдар, әнші-күйшілер, дінбасылары т.с.с. көрнекті адамдардың ұлтқа сіңірген еңбегі, ойы мен қарекеті Серік сөзінде ерекше сәулеленіп кетеді. Осы салада профессор С.Негимовтің ерекше еңбек сіңірген, сүйспеншілікпен жазған туындысы Совет Одағының Батыры, академик, ұлық ұстаз, қоғам қайраткері Мәлік Ғабдуллин туралы болды. Мәлік Ғабуллиндей тұлға туралы жазбауға болмайтынын автор жақсы түсіндіреді: «М. Ғабдуллин таланты сан қырлы, жан-жақты, әр тарапты. Атап айтар болсақ, ғалымдық, батырлық, азаматтық, жазушылық, сыншылық келбеті, қарым-қабілеті әрі қоғамдық, санаткерлік, қайраткерлік, ұстаздық қызметі жіктеп-жүйелеп әңгімелеуді қажет етеді.
М.Ғабдуллин әдебиеттің тарихын да, сынына да араласты. От кешулерде Мәлік батыр жанын шүберекке түйіп, жендеттерге қырандай шүйліксе, қанды көйлек достары жөнінде тебірене жыр шертсе, шежіре өрсе, айналасына, ортасына жарығын жарықтық аямай төксе, ұстаздық еңбегімен сан мың шәкірттердің жүрегіне, көкірегіне нұр құйса, олардың өмір жолдарын, арман-қиялын сәулелендірсе, сөз бен істе мейлінше әділ болса, елдің жүгін ауырсынбай арқалап, қызмет етсе, ұлттық фольклортану ғылымында жоғары оқу орындарының студенттеріне арнап бірден-бір оқулық жазса, елі де Мәліктей ақсұңқар азаматынан даңқ пен дәрежесін, құрмет пен ізетін аямаған. Пайғамбардың 189-хадисінде : «Алла тағала әсемдік пен көркемдікке бейім. Әр адам әсемдікті, ілтипатты, құрметті тілейді...Көркемдікті әр пенде жақсы көреді. Жақсыны ұнатпайтын кісі болмайды» – деп жазылған. Ендеше, Мәләк батырға да көркемдік, ілтипат, ізгілік тән».
Секеңді тек теоретик деу аз, ол өзі қаузап жүрген сөз өнерінің қас шебері де. Қазақ сөзінің небір інжу-маржанын төкпелей толғағанда жаны сүйсінбейтін адам аз болады. Оның қазақтың бата сөздерін жалықпай жинап, үш бірдей кітап құрастырып халық игілігіне айналдыруының түп-төркінінде өз рухының қуаты, ақылмандығы жатыр.
Ғалымның ұжымдық еңбектерге қосқан қомақты үлесін айтпай кетуге болмайды. «Жамбыл және қазіргі халық поэзиясы» (1975), «Халық ақындары творчествосының көркемдік сипаты» (1982), «Жамбыл Жабаев творчествосы» (1982) т.б. ұжымдық монографиялардағы соны тұжырымдары әдебиеттанушыларға жақсы таныс. Энциклопедиялық-анықтамалық әдебиеттердегі – 12 томдық «Қазақ совет энциклопедиясы», 4 томдық «Қазақ ССР. Қысқаша энциклопедия», 10 томдық «Қазақстан ұлттық энциклопедиясы», «Қазақ әдебиеті», «Бұқар жырау», «Абай», «Шәкәрім», «Мәшһүр Жүсіп», «Қарағанды облысы», «Ақмола облысы» энциклопедияларындағы мақалалары таным мен пайымды парықтаса, «Әдебиеттану терминдерінің сөздігінің» (1996) негізгі астарларының қатарына да жатқызуға болады (бұл сөздікте 40 шақты ұғым мен аталымға кең түсініктеме берген екен).
Профессор Серік Негимов халық мұрасын жинауды ғұмырының мәні етіп алған. Ол жинап, түсініктемесін беріп бастырған Шашубай, Доскей сияқты халық ақындарының жырлары, бірнеше кітапты қамтитын бата-тілек, өсиет сөздер, ән туралы эсселер жинағы («Ардақ», 1989), Мәлік Ғабдуллинің жазғандары – оқырман ойынан шыққан жинақтар.
ҚР «Білім беру ісінің үздігі» Серік Нығметоллаұлының ұстаздық ұлағаты – жан дарқандығының бір айғағы. Ол сонау бозбала кезінде 1966-67 жылдары ауылда орта мектеп-интернаттың тәрбиешісі болған кезден бері оқыту мен тәрбие ісінен ешқашан сыртқары тұрған емес. Алматыдағы ҚызПИ, ҚазҰУ, Астанадағы Еуразия университетінің филология саласынан білім алғандардың көбі – профессор С.Негимов түлеткен мамандар. Ғалым-ұстаз білім-ғылым майданына жетектеп шығарған 1 ғылым докторы, 18 ғылым кандидаты тиісті саласында жемісті еңбек етіп жатыр.
Халықшыл ғалым қоғамдық қызметте де белсенді. Білігі мен білімін танылғандықтан Серік Нығметоллаұлы ғылыми сарапшы ретінде түрлі істер атқаруға тартылады. Ол – бірнеше диссертациялық кеңестің, ғылыми сараптау, әдістемелік сараптау комиссияларының мүшесі; Әдебиет пен өнер салалары бойынша мемлекеттік сыйлықтар беру комиссиясының, Республикадағы ономастика, терминологиялық комиссиялардың мүшесі. Қазақстан жазушылар одағы мен Қазақстан журналистер одағының мүшесі ретінде де қалам қайратын көрсетіп келеді. Елімізде, шет елдерде өткен ғылыми конференциялар мен әр түрлі басқа жиындарда жасаған баяндамалары мен сөйлеген сөздері бір төбе.
18. Бұл – Серік Негимов автор болған кітаптар саны.
20. Бұл – Серік Негимов даярлаған ғалымдардың нақты саны, алда бұл сан еселенетініне күмән жоқ.
900. Бұл – Серік Негимовтің 9-сыныпта оқып жүргенде, 1964 жылы, Көкшетаудағы Қызылту аудандық газетінде жарияланған «Тұлпар» атты ұзақ өлеңінен бастап санағандағы жарияланымдарының саны. «Бұл қалай мұншалықты көп!?» – дерсіз, сабыр етіңіз, қаламгер ғалымның қоржынында әлі де біраз дүние жариялық тілеп жатқанын білеміз.
70. Бұл – профессор Серік Негимовтің жаңа жасы. Жақсылық алда. Ғалым халықтың тілеуімен, халықтың тілеуін тілеп болашаққа тартып барады.
Серік Нығметоллаұлы Негимов – халық ғалымы. Халыққа еңбегі сіңген адам осындай-ақ болсын!
Жантас ЖАҚЫПОВ, филология ғылымының докторы, профессор Астана