Ұлы әншінің бір сәті
2018 ж. 14 қыркүйек
3946
0
Зәкір Асабаев, жазушы
– Ермек Бекмұхамбетұлы, сәлеметсіз бе? – деймін телефон соғып. –Ауру-сырқаудан саусыз ба? Көңіл күйіңіз жақсы ма?
– Әй, сен қайда жүрсің? – деп саңқ етті. – Жоғалып кеттің ғой!
– Жүрміз. Өткендегі сұхбатты жаңа жылдан бастап қайта жалғастырамыз деп едік.
– Есімде, келе бер.
Әдеттегідей (әйелі жұмыста), өзі үйде екен. Есікті өзі ашты. Қимылы нық. Өңі ширақ. Көздері күлім қағады. Желсоққышты өшірді. Шам жақты. Үйреншікті орнымызға жайғастық. Маэстро әлдебір әуенге салып ыңылдайды.
– Қайсы күні түннің бір уағында Нью-Йорктен – шамасы, сонда командировкада жүрген болса керек – анау әлгі өзіміздің Мәдениет министрі болған ініміз Дүйсен Қасейінов телефон соғады. «Ереке, солай да солай, жаңа ғана Нью-Йорктің симфониялық оркестрі Алмастың фортепиано үшін жазған концертін орындады. Қазір содан шығып тұрмын, халық көп жиналды, концерт тамаша өтті, құттықтаймын», – дейді. «Дирижері кім?» – дегеніме, америкалық атақты біреуді айтты, аты-жөні есімде жоқ. Туған ұлыңның туындылары өз отандастары, онан соң әлем жұртшылығының кәдесіне жарап жатса, қуануға болатын шығар деймін, қалай ойлайсың?
– Құтты болсын. Жақында скрипкашы Жәмилә қызыңыз «Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері» атанды. Ол да құтты болсын.
– А, иә, рахмет. Жәмилә туған інім, Қазақстанның Халық артисі Мұраттың перзенті ғой, бірақ менің де қызым. Фамилиямыз бір. Іншалла, ол да Серкебаевтар әулетінің бір жұлдызына айналып келеді, ұлтжандылығы қандай! Талабына нұр жауа берсін. Жәмиләны көбіне әжесі (менің анам) тәрбиелеген болатын.
– Мұраттың әйелі қазақ па?
– Біз өзі әкемнен бастап барлығымыз интернационалдық отбасы болдық қой. Мұраттың үйіндегі келінім белорус қызы. Жақында, теледидардан көрген де шығарсың, Мұрат басқаратын оркестрмен өзімнің жас кезімнен сүйікті әнім «...Небо синеені» орындадым. Менен кейін Жәмилә скрипкада ойнады.
– Ереке, өзіңіз айтқан «Шығыста бүр жарып, Батыста шешек атқан» қазақ жастарына қатысты бірер сұрақ келіп тұр көкейге. Өткендегі әңгімелерімізде қазақ халқы әлемге әдебиет пен өнер арқылы танылуы тиіс, соңымыздан ерген жеткіншектер бар, алда не күтсек те солардан күтеміз дегендей пікір айтып едіңіз. «Біз болмасақ сіз барсыз, үміт еткен, шырағым» деп Ыбырай Алтынсарин айтқандай, сол жастардың ішінде сенімнен шыға бастағандары бар ма?
– Әзірге бірдеңе деуге ерте. Оларды бір-бірінен бөле-жаратындай ерекшелікті байқадым дей алмаймын. Әйтеуір, шеттерінен дарынды екені даусыз. Егер «асыл пышақтың қап түбінде жатпайтыны» шын болса, бірі болмаса бірі әлі-ақ шырқау шыңға шығып қалуы ғажап емес. Уақыт көрсетеді.
– Ендеше, мынаны айтыңызшы. Орыстілді газеттердің бірі сол жұлдыздарға елді сағынасыңдар ма, қашан ораласыңдар деген сауал қойыпты. Оған М.Мұхамедқызы: «Қайда шақырса, сонда барып ән саламын», Т.Ержанов: «Қазақстанның азаматы емеспін», Э.Құрманғалиев: «Мен қазақпын, бітті», А.Торыбаев: «Шақырса келемін», С.Рахмедова: «Қай қиырда жүрсем де өзімді қазақпын деп сезінемін», ал сіздің ұлыңыз Алмас: «Ниеттері ақ болса, бірінші шақырғанда-ақ оралуға әзірмін», – деп жауап қайырыпты. Осы пікірлерге қалай қарайсыз?
– Қалай қараймын, дұрыс қараймын. Өзің ойлашы, әрқайсысы әр елде жүрген сол қыз-жігіттердің бір-бірін іздеп тауып, атамекенге ат басын бұрулары ғажап емес пе? Байқауымша, сен оларды қара бастың қамы үшін мұхит асқандар қатарына қосқың келетін сияқты. Дұрыс емес. Туған елдің кім-кімді де магниттей тартып тұратын киесі болады. Ол ешкімді де жібермейді. Әне, өздері де айтыпты ғой бірауыздан «келеміз» деп. Қазақтық қаны болмаса, Англияда тұратын М.Бисенғалиев Оралға келіп оркестр ұйымдастыра ма? Австрияда оқитын Алан Бөрібаевты Астанадағы симфониялық оркестрдің бас дирижері болды деп өздерің жазғансыңдар. Ал анау Теміржан Ержановтың «Қазақстанның азаматы емеспін» дегеніне шамданатын дәнеңе жоқ. Мен білемін, ол шынында да, біздің елдің азаматы емес, Мәскеуде туып-өскен. Әлде, шетелде тұратын миллиондаған қандастарымыздың бәрі Қазақстан азаматы ма? Қайта Теміржанның үйірін тауып, ата-тегін ұмытпай, қастерлеп жүргеніне бәрекелде. Алмасқа келсем, «өйт, бүйт» демеймін, өзі біледі.
– Рахмет, Ереке! Келесі сұрақ. Достарыңыз бар ма, көп пе, кімдер? Жалпы, дос дегенді қалай түсінесіз?
– Біз сенімен өмірімде із қалдырған қымбат та аяулы адамдардың барлығы жөнінде – осы әңгімеміз біткенше есіме түскендерді айта беремін деп келіскенбіз. Бір айтқанды екі айтып, қайта күйсеместен, әлбетте. Қазір қатты сезінетін бір нәрсе, адам қартайғанда бала болады деген рас па деп қалдым. Орыстар «стар и млад одинаковы» дейді. Достардың бәрінен дерлік айырылып біттім десем болады. Бала кезде – мектепте бірге оқыған Сәбит деген досым бар еді. Сол екеуміздің жүрген-тұрған, қисық-қыңыр қылықтарымыз еске түскенде көңілім босайды. Өзімді жалғыз сезінемін. Ал енді, бауырым, дос дегенді әркім өзінше түсінетінін менсіз де шамалайсың ғой. Мағынасы терең, күрмегі күрделі, философиялық ұғым. Мен саған бір тәмсіл айтайын, бәлкім, содан бірдеңе ұғарсың. Ертеректе Н.Завадский деген мәскеулік көрнекті режиссер болды. Атақ-даңқы одан да биік Галина Уланова деген биші болды. Олардың арасындағы аңызға бергісіз махаббат хикаясы жұрттың бәріне бес саусақтай мәлім-тін. Әне, соларды жастары ұлғайған шақтарында бір көргенім есімде. Завадскийді жақынырақ танитынмын да, Уланованы сырттай білетінмін. Үшеуміз жолыққан сәтте Завадский Улановаға соншалық нәзік сезіммен елжірей қарап: «Друг мой! Я хочу познакомить вас с великолепным певцом из Алматы Ермеком Серкебаевым», – деді оған «сіз» деп сөйлеп. Сол-ақ екен, жанары сөне бастаған көздерінде кілт жарқыл пайда болған Уланова маған қарай кірт бұрылып: «Солай ма? Өте тамаша. Айтыңызшы, қымбаттым, пәлен қыраттың үстіндегі пәлен үй орнында ма, бұзылған жоқ па?» – деп жік-жапар болсын, соғыс жылдары Алматыда тұрғанын меңзеп. Бір ол емес, сол бір қиын шақтарда Алматыға ұлы кинорежиссер С.Эйзенштейн, М.Рошаль, ұлы актер Н.Черкасов, белгілі жазушы А.Толстойдан бастап көптеген мәскеулік әдебиет, өнер қайраткерлері уақытша көшіп келген-ді. Іштерінде Г.Уланова да болатын, әрине. Басқалар бірнеше отбасы боп бір үй, тіпті, бір подвалды (онда көптеген жеке меншік, барақ үйлердің асты толы пәтерге лайықталған подвал болатын) мекендесе, Г.Улановаға жеке ғимарат беріпті. Айтып тұрғаны сол. «Ой, ол үй орнында, бұзылған жоқ, бұзбайды да. Көрген сайын сізді еске аламыз», – деп жатырмын. Байқап отырсың ба, Н.Завадскийдің сол жолы Улановаға «друг мой» деп сөйлегенін. Біле білгенге, шын пейілден зор ізеттілікпен айтылған сол сөзде қаншама құрмет, нәзік сезім, терең астар жатыр. «Дос» дегеннің осындай құдіреті болады.
Ал енді осы жасыма дейін менде дос болды ма, болды, әрине. Олардың ішіндегі бір де бірегейі – жас арамызда едәуір алшақтық болғанмен – Шәкен Айманов еді. Маңдайға сыймай кетті ғой. Ойлағанда әлі күнге дейін сай сүйегім сырқырайды. Онан соңғы бір досым ұзақ жыл опера театрында дирижер болған Халық артисі Тұрғыт Османовпен жұбымыз жазылмайтын. Бірге жүріп, бірге тұрдық, арамыздан қыл өтпейтін. Ол да кетті бақиға. Мүсілім Абдуллин де кетті.
Қазір қуаныштан жабырқау басым, құлазу жиі. Мұны дұрыс ұғын. Шүкірлік ететін жайлар да жетеді. Әкемнің бірінші әйелінен туған Талдықорғандағы Ғалия апам жиі хабарласып, хал-жайымды сұрап тұрады. Таяуда осындағы органда істейтін полковник қызының үйінде бас қосып, арқа-жарқа болдық. Қыз деген мейірімді ғой, Ғалия апам мені әлі күнге сол баяғыша басымнан сипап аялайды, еркелетеді (сексендегі шалдың қалай еркелейтінін көз алдыңа елестете бер, ха-ха-ха!). Бұл да болса зор медеу, сүйеніш. Өзім ешкімді онша көп іздемеймін, бара бермеймін, елпілдеп-желпілдеуге жоқпын. Туабітті мінезім солай болса, қайтейін. Бірақ жаным жұмсақ.
– Ермек Бекмұхамбетұлы, енді өткендегі кейін жауап беремін деген сұраққа келсек.
– Есімде жоқ. Ол не сұрақ?
– Бір сөзіңізде осы жасыма дейін төрт рет үйлендім, төрт әйелімнің әрқайсысымен өзімізше бақытты ғұмыр кештім дегенсіз. Сол некелі әйелдеріңіз хақында егжей-тегжейлі баяндасаңыз қайтеді? Олардан қанша перзент көрдіңіз? Балаларыңыз қанша, іштерінде сіздің жолыңызды қуғандары бар ма? Олар қазір қайда, не істейді? Барлығы да алыс, жақын шетелдерде тұрады деген рас па?
О, тоба! Аяқ астынан нілдей бұзылған Ерекең жиырыла, қабағын түйіп: «Олардың не керегі бар, ішкі мәселеге араласып қайтесің, түк те айтпаймын!», – деп шарт кетсін. «Сіздей тұлғаның ішкі болсын, сыртқы болсын, өмір иірімдері қалың оқырманға, қала берді өзіңізге керек, мен үшін қажеті аз» дегім келіп бір тұрдым да, тілімді тістеп, үнімді жұттым. «Айтпасаңыз айтпаңыз, – дедім сәлден соң. – Кейбіреуі туралы айтып қойғансыз, жазылған да. Мәселен,бірінші әйеліңіз жөнінде. Ең болмаса, соларды толықтырмайсыз ба? Жұрт барлығын өз аузыңыздан білгені дұрыс емес пе?»
Сол-ақ екен, айтуы да, қайтуы да тез жарықтық: «Ә, мейлі, айтсам айтайын», – десін бірден шөлден көлге айналып.
– Бірінші жаным қалап үйленген әйелім Тамара Ефимовна. Мамандығы химик болатын, химия институтында істеген, мәдениетті, тәрбиелі жан еді. Одан Алмас, Байғали деген екі ұлымыз болды.
– Сөзіңіз аузыңызда, не үшін ажырастыңыздар?
– Не үшін болсын, дәм-тұзымыз жараспады да.
– Соны былай, тарқатыңқырап айтсаңыз қайтеді?
– Әй, өзің бір сүліктей жабысқан неме екенсің. Айтқызбасты айтқызатын болдың ақыры. Сірә, жастықтың әсері болу керек, әйтеуір, көрінеу жолдан таю, көрсеқызарлық, не кеңестік жүйенің тілімен айтсақ, моральдық азғындау емес, мен бір әйелге өліп-өшіп ғашық болдым, білдің бе? Бала-шағалы екеніме қарамастан, жан-тәніммен сүйдім. Ол бар жерде өмір құлпырып, жоқ болса, қараңғы қапасқа айналады. Көбіне үйге қонбай, түзде болуым жиі. Соны Тамара да сезіп жүрді, бірақ сыр білдірмейтін. Оған да, маған да қиын. Ақыры жаңадан тапқан жан қалауыма біржола кетуге бел будым. Киім-кешегімді арқаладым да, үй-жай, дүние-мүліктің бәрін қалдырып, соқа басым шығып жүре бердім. Қайтейін,тағдыр солай екен, өзімді тежеуге, тоқтатуға әл-дәрменім жетпеді.
– Әйеліңіз сотқа жүгініп, дау-жанжал шығарған жоқ па?
– Ойбай-ау, айтып отырған жоқпын ба бәрін соған тастадым деп. Не деп жүгінеді сотқа?! Өз басым кейбіреулердей қазан-табақ, көйлек-көншекке таласып, ит-ыржың болуды жек көремін. Сол үшін соттасатындарды түсінбеймін. Пәлені бастадың ба, мойныңмен көтер. Некеден ажырау басқа әңгіме.
– Іргелеріңіз бөлінген соң балалар кіммен қалды, оларға көмектесіп тұрдыңыз ба?
– Балалар анасымен қалды. Көмектеспей не көрініпті, көмектестім, әрине. Тамара қайтқан соң да балаларды жетімсіреткен жоқпын.
– Бірінші әйеліңіз қашан, неден қайтыс болды?Ауырды ма?
– Ой, одан бері не заман. Әлдебір қиын дерттен айыға алмады ғой. Жерлегенде басы-қасында боп, топырақ салдым, рухынан кешірім өтіндім.
– Сізді отбасыңыздан ажыратып, есіңізден тандыра ғашық еткен әйел кім? Елден-ерек сұлулығына қызықтыңыз ба, әлде ақылы асқан данагөй ме еді?
– Біріншіден, отбасымнан ажыратқан ешкім емес, өзіммін. Екіншіден, мәселе сұлулықта емес, «сұлу сұлу емес, сүйген сұлу» демей ме? Үшіншіден, көркіне ақылы сай болмаса, жолап нем бар? Күйдіріп-жандырған ғашығымның аты-жөні – кейін екінші әйелім болған – Лидия Сергеевна. Қазір Америкада тұратын қызым Иринаның анасы. Мамандығы педагог болатын. Жоғары және орта дәрежелі оқу орындары министрлігінде инспектор боп істеді. Кеше ескі фотосуреттерді қарап отырып, Лидияның бейнесіне ұзақ үңілдім. Жан-дүнием толқып, жүрегім шымырлады. Қарғашым еді ғой, аяулым, асылым. Дәм-тұзымыз келіспеді, жазмыш шығар.
– Лидиямен неге ажырастыңыз?
– Оны айтпаймын, әуре болма.
– Үшінші зайыбыңыз кім еді? Одан неге ажырастыңыз?
– Оның есімі Раушан, ештеңе бітірмеген, үй шаруасындағы адам болатын. Перзент көргеміз жоқ. Үйлендік, ажырастық. Жаман тұрдық дей алмаймын. Басқадай қосып-аларым жоқ, бітті. Сұрамасаң да айтайын, бәрібір сұрайсың ғой, өзің көріп жүрген төртінші әйелім Альфия ақылды, нәзік, сезімтал, қонақжай, жаным сүйетін ардағым. Білімді, сауатты. Консерваторияның хор дирижерлігі факультетін бітірген, қазір опера театрында, басқа салада істейді.
– Ендеше, балаларыңызға келейік. Қанша балаңыз бар, не бітірді, іштерінде сіздің ізіңізді қуғандары бар ма? Немерелеріңіз қанша? Қазір қайда тұрады дегендей.
– Үш перзент сүйдім. Алғашқы әйелімнен көрген Алмас пен Байғали әке жолына түсіп опера әншісі болмағанмен, екеуі де музыкалық білім алды. Қазір Американың Бостон қаласындағы балетте (солай аталады) істейтін Алмастың мамандығы пианист, композитор ретінде де танымал. Классикалық бағыттағы шығармалары, әсіресе, батыстық елдерде жиі орындалады. Бір қуанарлығы, шығармаларының ұлттық нақышы мен қазақы бояуы қанық деседі айтушылар (өзім де байқаймын). Шетелдердегі қазақ музыканттарының дені Алмастың шығармаларын орындауға бейіл, шеттерінен мақтайды. Алмас Америкаға 1999 жылы кетті. Алғашқыда әлқисассын фортепианодан бастап, ептеп музыкатанумен де айналысқан-ды. Үйленген. Келінімнің ұлты орыс. Анастасия деген қызы, (есімін менің келіскен-келіспегеніме қарамастан қойған) Ермек атты ұлдары бар. Мәскеуде тұратын екінші ұлым Байғали сондағы «A’Studio» ұжымының жетекшісі. Байғали Күләш Байсейітова атындағы музыка мектебін, одан соң консерваторияны бітірген. Оның да мамандығы пианист. Кәмилә, Сана дейтін қыздары бар. Раушан келінім қарапайым қазақ қызы. Сәтбек, Сұлу есімді құда-құдағиым бар, осында тұрады.
– Ирина ше? Қайда, не істейді, тұрмыс құрды ма?
– Ол менің Лидия Сергеевнадан көрген періштем ғой, айналайын. Әке үшін қыз деген тәтті болады екен. Ирина Мәскеу университетін бітірген. Белгілі жазушы Сапар Байжановтың Ерлан деген ұлымен тұрмыс құрған еді, әлденеден ажырасып кетті. Бірақ Дидар атты ұлдарын бірге тәрбиелеп, қарым-қатынастарын үзбейді. Ирина қазір Америкадағы – аса құзырлы саналатын – мүгедектер пансионатында істейді. Алмас ағасымен араласып тұрады. Дидар немерем де сонда, сауда флотында оқиды, бұйырса, кеме капитаны болатын шығар.
Ал Сапар құдам бүгінде бақилық. Күләш құдағиым зейнетке шықса да, жұмыс істейді деп естимін. Айтқандай, кеше Сапарды еске алу мәзіріне қатыстым.
– Әсіресе, қыз-келіншектердің сіздің көрікті де көркем келбетіңіз бен ерекше әншілігіңізді меңзеп «бір басына Құдай бәрін үйіп-төгіп бере салған» дейтінін талай естідік, куә болдық. Ендеше, үй сыртында да нақсүйерлеріңіз аз болмаған шығар? Қалай дейсіз? Бармақ басты, көз қысты махаббат дастандарыңыз жайлы айтарыңыз бар ма?
– Сен, бауырым, менімен кездескелі бері осы сұрақты тікелей де, жанамалап та қоюдай қойып келесің. Алғаш ғашық болған қызыңыз болды ма дедің, айттым. Сізге ғашық болған қыз-келіншектер болды ма, олардың сезіміне сезіммен жауап бердіңіз бе дедің, айттым. Жас кездегі көңілдес болған кейбір бикештердің аттарын да атадым. Енді неғыл дейсің? Тамара Ефимовнаның көзі тірісінде құпия түрде басталып, (Лидия Сергеевнаға) үйленумен аяқталған күйдім-пістім ахуалдан басқа кейін менде атын атап, түсін түстеп айта қоятындай махаббат романы болған емес. Болса, жасырып қайтемін, қорқамын ба? Шамасы, сендер батыстық жұлдыздар емін-еркін сілтей беретін ғашық-машықтыққа естерің кете елтіп, менен де сондай бірдеңе-шірдеңені дәметесіңдер-ау деймін. Әлбетте, бәріміз де басы жұмыр пендеміз, бәлкім, арғы-бергіде кездейсоқ көз түйіскен арулармен қас-қағымдық ыстық сәттер болса болған шығар. Оларды сөз етіп керегі не? Ешкімнің аты-жөні де есте жоқ. Егер көкейіңді тесіп отырған – мен жоғарыда атаған – Уланова мен Завадскийдің ұзақ жылдық құпия махаббатына ұқсас хикаят болса, иегің қышымай-ақ қойсын. Жоқ, жоқ, тағы да жоқ. Біз қалай дегенде де, отбасына адал болу керек дейтін кеңестік идеалды берік ұстандық, бауырым. Сол есіңде болсын.
– Түсінікті, Ереке! Кешегі кеңес кезінде қазақ музыка өнері айтарлықтай өсті, дамыды. Өзіңіздей әншілер шықты. Музыкалық сауаты бар композиторлар пайда болды. Олардың шығармаларын бірнеше буын өкілдері тыңдап, шырқап, патриоттық, ұлттық тәлім-тәрбие, рухани нәр алды. Бүгінде көбі орындалмайды, авторлары аталмайды. Жазықтары не сонда? Кеңестік қоғам, социалистік үрдіс, компартияны әздектегені ме? Мәтіні болмаса да, жүз толғатып, мың ойланудан туындаған музыкалық жәдігерліктер мәңгі сақталуы үшін не істеу керек? Қазір қайта жаңғыртылып жатқан алтын қорға солар қосылар ма екен? Ғұмыр бойы өнерге қызмет еттік, соңымызға өлмейтін-өшпейтін үлес, мұра қалдырдық деп бақиға аттанған тұлғаларға обал емес пе? Рас, сіздің қолыңызда тұрған пәрмен жоқ. Сонда да... Жаныңыз ауыра ма?
– Түсінемін. Жаным неге ауырмайды, жаным түгіл, жүрегім де ауырады. Міне, сен ескі жараның бетін тырнап, тағы да ауыртып отырсың. Бірақ өзің айтқандай, бұл жөнінен менде қазір не қайран бар. Ойланса, анау мәдениеттің тұтқасын ұстап, өнерге қорған боп жүрміз дейтін әкімдер ойлансын. Солар өздері Т.Жүргенов, І.Омаров, Ө.Жәнібековтердің істегенін істемек тұрмақ, аты-жөндерін білер ме екен? Әлде, кеңестік кезеңдегі көл-көсір музыкалық туындыларды мұртын бұзбай сақтау үшін социализмге қарай кері шегінеміз бе? Олай болмайды ғой. Сен кеңес дәуіріндегі қазақ композиторларын айтсаң, осы күнде сол замандағы ұлылардың ұлысы Исаак Осипович Дунаевский бастаған алыптардың өзі назардан тыс қалып тұрған жоқ па? Айтшы, қазір Шостакович, Пахмутова, Соловьев-Седой, Островский, Блантер, Бабаджанян, Хачатурян, т.б. кім біліп, кім ескеріп жатыр? Қаншама құлақтан кіріп, бойды алатын жеңіл музыкасы бар Дунаевскийдің «Капитан Гранттың балалары» фильміне жазған музыкасы қандай еді, шіркін! (Осы арада көзі жасаураған Ерекең аталмыш фильмнен бір-екі әнді айтып жіберді). «Широка страна моя роднаясы» ше?! Мен оны Чайковскиймен қатар қоямын.
Өзімізге келсек, егер қазақтың халық әндері өлмесе, біріншіден, өз әндері ұмытылса да, бірақ Брусиловский өлмейді, соны біліп қой. Ахмет, Мұқан да солай. Ахмет демекші, «Абай» операсының афишасына амалсыз жазылатыны болмаса, қайран Ахмет Жұбановтың аты да аталмайтын боп барады емес пе? Не еске алу кеші, не байқау, жарыс, жүлде өтпейді. Бірнеше бөлімнен тұратын «Тәжік билері» неліктен насихатталмайтынына таңмын. Ол деген классика ғой. Ахаң марқұм сол үшін Тәжікстан ғылым академиясына толық мүше боп сайланбап па еді?
Қой, айта берсе сөз көп, реніш-нала көп. Меніңше, кеңес дәуіріндегі қазақ композиторларының, ең болмаса, лирикалық сарындағы шығармаларын жиі-жиі насихаттағаннан ұтпасақ, ұтылмаймыз. Жақында, ұмытпасам, сондай бір кеш өтті-ау деймін. Шақырса барар ма едім, кім білсін, шақырған жоқ. Бірақ соны ұйымдастырған азаматтарға алғысым үлкен.
Менің ұстанымым: темірқазық, тамыр мықты болсын. Әне, анау Иосиф Кобзон, Лев Лещенколар Алматыға келген сайын зал толы көрерменге қасқия қарап тұрып: «Сендерде Ермек Серкебаев деген әнші бар, білесіңдер ме?» – дейді. Тамырдың мықтылығы деген сол емес пе? Бәріне төреші – уақыт. Орнына қояр, не қоймас, бірақ үмітсіз сайтан. Еліміз тәуелсіздік алған тұстарда тозығы жетіп, ұсқыны қашқан опера театрының есігі ұзақ жыл кілттеліп, өнерсүйер қауым оны біржола жабылып, құрдымға кете ме деп дағдарды. Абырой болғанда, қайта қалпына келтіретін мүмкіндік табылып аман қалды.
– Сол кездерде сізге де оңай тимеген шығар, қандай күй кештіңіз?
– Ау, бүкіл өмірі сол театрда өткен адам қандай күй кешуші еді, жүрдік қой ашық күнде төбемізге жай түскендей «а, құдайлап». Жалпы, театрдың жыры одан көп бұрын басталған-ды. Сахнасы салдырлап, едені шіріп, қабырғасы қаусаған ғимарат жөнінде Қонаевқа барып: «Димеке, театрды күрделі жөндеуден өткізбесе болмайды, нобайын жаңалау керек», – деп дабыл қаққанмын. Ол: «Қарсы емеспін, жаңа жоба бар ма, болса көрсет», – деді. Мен: «Архитектор емеспін, қалай көрсетемін, менікі ұсыныс қой», – дедім. «Бір амалын жасармыз», – деген Димекең кейін ұмытып кетті ме, басқадай себеп болды ма, оң нәтиже шықпай, ақыры жабылып тынды ғой. Күн көрісі қиындаған артистер бірі ойға, бірі қырға кетіп, базбіреулері барған жақтарында қалып та қойды. Театрдың іші-сырты сауда дүңгіршектеріне толып кеткен шақтағы ахуалымды сен сұрама, мен айтпайын. Шүкір, бәрі артта, соған тәубе етемін.
– Өткендегі бір сөзіңізде Италиядағы опера театрының төменгі қабатынан ресторан көрдім деп едіңіз.
– Түсіндім. Бізге де керек пе демексің ғой. Оларда ресторан болса, жоқшылықтан емес, баршылықтан. Өйткені, ол Италия. Біз Италия емеспіз. Италияда өнердің қай саласы болмасын, күшті дамыған. Әсіресе опера.
Барлығының байырғы дәстүрі, тарихы бар. Біз үйренушіміз. Әлбетте, үйрене алсақ. Сонау жылдары Қонаев пен Имашев Жамбыл облысындағы әлдебір шаруаның баласын айтулы әнші бола ма деп Италияға жіберді. Қамқорлықтарын аямай, барлық жағдайды жасады. Әттең, не керек, ол жігіт үмітті ақтамады. Ақтай алмады. Мәскеуде бір жолыққанымызда Димекең «сол баладан көңілім қалыңқырап жүр» деп еді, айтқаны айдай келді. Ол кім деп сұрама, аты-жөнінде тұрған ештеңе жоқ, былтыр ма екен, марқұм боп кетті. Сөзіміз ауыр болмасын, жұрт білетін жай болған соң айтып жатқаным да.
***
Бүгін онша шаршамағандай. Кірпияздығы, зекуі кем. Қимастық басым. Жылы қоштасып, жайдары тарастық.
Ұлының аты ұлы ғой, шіркін. Қазақтың бақыты үшін ұзақ жасап, аман жүре беріңізші, Ереке!
2006 жыл.
qazaquni.kz