"Абай мен Мұхтарды үнемі дұғасына қосып отыратын..." - ұлағатты ұстаз туралы сыр
2018 ж. 09 қыркүйек
4069
0
Асыл адам, ардақты ұстазымыз Қанипа Бітібаеваны келмес сапарға ұзатқанымызға да төрт жыл өтіпті. Сағына еске аламыз...
МЕНІҢ ХАН АПАМ
Алғашқы кездесу
Өр Алтайдың етегінде туып, баурайында өскен мен үшін сонау бала кезімде Мұзтаудың басынан биік асқар, назайдай шаншылған құзынан сұсты қаталдық, қарлы шыңынан аппақ тазалық, күнгейінен асқан жаймашуақтық, аса бай табиғатынан асып түсер дархандық жоқ сияқты болып көрінетін. Алайда, осындай кесек бітім, кең мінез, кеніш білім, алып тұлғалылық адам баласына да бітетінін, кейін ұлағатты ұстаз Қанипа Бітібаевамен танысқан соң ғана танып білдім. Әсілі, Алла Тағала тек табиғаттың ардақты төлдеріне тарту ететін бұл алып сыйды тек адамның адамы ғана қиналмай көтере алса керек. Хан апамыз сондай еді. Нағыз тау тұлға-тұғын. Таулардың биіктігі бауырында жүргенде байқалмайды, қасынан алыстағанда ғана алып тұлғасы аспанмен астасып жатқаны айқындалады. Міне, Қанипа апайдың да әзиз бейнесі аспанмен астасып, рухы бұлттан әрі асып, биікке шырқап кетті... Тауда туып, таста өскен менің құлын тағдырымды Қанипа апайдай біртуар ұстаздың қолына әкеліп табыстаған алашқа аты әйгілі айтыскер ақын Абаш Кәкенов. Аузын ашса, ақ жүрегі көрінетін аңғал-саңғал Абекем маған да жат адам емес, немере інілерімнің нағашысы. Бойымдағы аз-кем өнерді алғаш байқаған да, жетектеп Жамбыл атындағы дарынды балаларға арналған гимназия-интернатына алып келген де сол кісі. Мені Қанипа апайға таныстырған кезде мақтауын асыра сілтеп жібермесі бар ма. - Уа, Қапеке, бұл бала өзі ағып тұрған ақын. Қалиханның, Оралханның жерлесі. Адам топырағына тартып тумай ма, қызыл тілдің толғамдысы, от ауыздың орамдысы, - деп саудасын өткізе алмай отырған сартша сарнады. Менің екі көзім шарасынан шықты. Себебі, осы уақытқа дейін шағын әңгіме-сымақтар, мақалалар жазғанменен, өлең шығарып көрмеген көкөрім едім. Тіпті, жазған-сызған дүниемді Абаш ағаға оқытпағаным да айдан анық. «Мынауыңыз қып-қызыл өтірік қой» деп қызарақтаған маған құлақ асатын біреу болсашы. Кенет Хан апа: - Әй, Абаш, зырылдамай тоқтай тұршы. Сені білеміз ғой. Алдың бар да, артың жоқ. Салдыр-гүлдір келесің, былдыр-былдыр сөйлейсің де, шаруаң біткен соң, төбеңді көрсетпей кетесің, – деді әзіл-шыны аралас. Сосын мені бастан-аяқ шолып шықты да: - Әй, бала, сен шыныменен ақынсың ба? – деді төтесінен. Қапелімде не айтарымды білмей састым. Абекемнің сөзін қалай жоққа шығарам, «шешінген судан тайынбас» дегендей: - Апай, мен әлі піспеген, шикі ақынмын, - дедім. - Пәлі-әй, сөзін қара-ей, піспесең пісіреміз! Ұстаздың «піспесең пісірем» дегені тым бекер емес еді. Ертеректегі түлектері: «Қанипа апайдың қазанында қайнағанбыз» десе, кейінгілері «Қанипа апайдың пешінде пісіп, духовкасында қарылғанбыз» деп қалжыңдайтынын кейін талай естідім. Біз оның байсал тартқан байыпты шағына тап болдық, бұрқ-сарқ қайнап тұрған кезінде жолыққандар «қара қазанның» не екенін жақсы біледі. Осылай мен оқу жылының басталып кеткеніне қарамастан, ешбір емтихан тапсырмай дарынды балаларға арналған гимназияның оқушысы болып шыға келдім. Жаңа мектепте басқа ешкімді танымаймын, бар білетінім Қанипа апай. Ертеңінде қағаз-қаламымды сайлап, апайдың авторлық сыныбының есігінен аттадым да, кіруге рұқсат сұрап, состиып тұрып қалдым. Хан апам өзін қоршап алып, бірдеңе сұрап жатқан оқушыларының иығынан асыра маған көз тастады да үндемеді, сабағын жалғастыра берді. Мені ешкім елер емес. Не істерімді білмей қалшиып тұрдым. Кенет Қанипа апай: - Өй, немене мелшиіп тұрсың. Орын тап та отыр. Сені төбесіне отырғызады деп пе едің! Түйеден түскендей дүңк еткен сөзден дымым құрып кетті. Бұндайды бұрын көрмегем. Үндемей бос орынға жайғастым. Сыныптағы оқушылар маған ересектеу көрінді. Ішімнен «гимназия болғандықтан сайдың тасындай іріктеп алынған балалар ғой» деймін. Талқыға түсіп жатқан тақырып та тоғысыншы сынып үшін тым күрделі сияқты. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясындағы кейіпкерлер бейнесі. Қыздар жағы толықсыған Тоғжанды сипаттап жатса, ұлдар жас Абайдың болмысын ашықтап әлек. Бір қызығы мұнда мен – мұғалім, сен – шәкірт деген қағида жоқ. Балалардың ойын жеткізуі, сөз сөйлеуі, тіпті жүріс-тұрысы – бәрі еркін. Оқушылары партада сымға тізілген торғайдай тырп етпей отыратын ауылдық мектептен келген мен үшін, бұл жойдасыз жаңалық. Топ-топқа бөлінген шәкірттер, өзара пікір алмасып, мұғалімнің қатысуынсыз-ақ қызыл кеңірдек болып жатыр. Ал Қанипа апай кейбіреулеріне түсіндірме жүргізуде. Сынып ішіндегі мұндай демократия маған таңсық. Бағана, мен есіктен кіргендегі ығайсыз жағдай, осы еркін қарым-қатынасты білмеуімнен туындағанын ұқтым. Басқа балалар соған үйренген, сыныпқа еркін кіріп, еркін шығады екен. Қазақ баласының қанына сіңген қасиеттер - ұяңдық, биязылық қой, алайда оқуға келгенде өжеттік, опалы озбырлық қажет. Хан апа соңы аңғартса керек. - Сен бала, құжаттарыңды өткіздің бе? Қай сыныпқа қабылдандың? - 9-шы «А», - деуім мұң екен оқушылар ду күлді. - Айдың, күннің аманында адасып жүрген неткен адамсың өзің. Өй, мынау 11 сынып, бар әйда, өзіңнің сыныбыңды тап! – деді. Тағы да бетімнен отым шықты. Пәледен машайық қашыпты дегендей зыта жөнелдім. Сабақ кестесін де алмай, «түйенің танығаны жапырақ» деп апайдың кабинетіне қойып кеткем ғой. Өз сыныптастарым орыс тілі сабағында екен, үйіріме қосылдым. Абаш ағаның «бұл бала ақпа-төкпе ақын» дегені бәрінен қиын соқты. Әрбір әдебиет сабағы басталған сайын Хан апамыз: «Әй, шикі ақын, бүгін қандай өлең жаздың, оқып бер,» - дейтін болды. Күн сайынғы тергеу мені қара терге түсіретін. Басқа амал қалмады, «қысылғаннан қыз болдық» демекші түнімен жүз ойланып, мың толғанып қағаз шимайлаймын. Өлең жазу – отар жаю емес, өте ауыр. Жаным тіпті қысылғанда Абекеңе жүгірем, «ақын деген өзіңіз, сұрыпта деп сұранған жоқпын, апай тапсырма берді, маған жыр жазып беріңіз» деймін. Абаш: «Мен суырып салма ақынмын ғой, жазба ақын емеспін, өлеңді отырып жаза алмаймын,» - деп жалтарып кетеді ондайда. Қойшы, әйтеуір, сөйтіп қысыла-қысыла, ысыла-ысыла жүріп мектепке, қалаға танымал ақын атандық. Оралханша айтсам, «Бәрі де жаман апамның арқасы ғой!»
Жігерлендіру
Өлең жазуға бейімім артып, икемделе бастаған кезімде, апам ақыл айтып, Серік Ғабдуллаұлы басқаратын «Шабыт» ақындар мектебіне жазылдым. Онда мені ертіп апарған Құралай Омарова мен Ержан Жаубай болатын. Сол уақытта үнемі жылаңқы, өмірден түңілген жырлар жазу етек алған кез. Бәріміздің бесіктен беліміз шықпай жатып бойымыз толы мұң мен зар. Бірде өмірден әкемнің өтіп кеткенін, анамның тартқан азабын, өзім көрген қиындықты айтып, қиыннан қиыстырып, Қанипа апайға мұң шағып, өлеңмен хат жолдадым. Ол былай басталатын: «Жалғыз екем, жалғыз екем, Жүрсемде қалың көптің ішінде. Қайтыс болып жалғыз әкем, Жүреді ылғи түсімде...» Ары қарай жыламсыраған, өмірден түңілген мәтін кетеді. Ертеңінде Хан апам сабақ үстінде маған бір парақ қағаз ұсынды да: «Бөлмеңе барып, мұқият оқы, түсініп, миыңа тоқып ал» деді. Сосын мынаны айтты: - Осы қазіргі қазақтың жігіттері ез, ынжық болып бара жатқан секілді. Айбек, сен ренжіме, бірақ айтайын, осы ер-азаматқа алып-ұшып, әсіре қиялданып өлең жазып, ақын болудың не қажеті бар. Қиялға ерік беру, қиялға еріп көру, нәзік сезімнің қылын шерту – қыздарға тән қылық емес пе?! Құдай-ау, қазақтың ер-азаматтары жылаңқы болса, ел тізгінін кім ұстайды, жерді кім қориды, елге кім қамқор болады? Сен, көзің көкшірейіп алып, тым қиялшылсың, өлең жазуды қыздарға қалдырсаң қайтеді?.
Өлең жазуды қыздарға қалдыр дегені несі? Аздап кейіп қалдым. Сабақтан соң хатты оқысам, төрт шумақ өлең жазып жіберіпті. Соның екеуі ерекше есімде қалды:
«Өзіңе болсын сөзім түбі кеңес, Жігері шын жігіттің түбіт емес. Ойлаушы ем дарынды бала ғой деп, Сен өзің жігітпісің мігіт емес!?
Қазақтың жігіттері нар емес пе, Бабасы батыр туған ер емес пе? Ер-азамат басыңмен мұңың шағып, Әйелге жылағаның ар емес пе!
Осы оттай қарып түсер жалынды жыр жазылған парақты бертінге дейін сақтап келдім. Парықсыз басым, ары-бері көшіп жүргенде, жоғалтып алғаныма өкінем. Апамның өзінің жазу мәнеріне тән емлесі аса ұсақ, әрі ұғынықсыздау қолтаңбасы, қызыл сиямен жазылған шумақтар әлі күнге санамда сайрап тұр. Иә, Хан апамның осындай да ерекше қасиеті бар-тын.
Қамқорлық
Қанипа апайды бір көргеннен жан-жақты тани кету мүмкін емес. Ол кісі еркелете білетін, - есіртпейтін, сырласа білетін, - сыр алдырмайтын, жанындай жақсы көретін, - жалбақтамайтын, қатал бола білетін, - қаһарланбайтын, мұңыңды тыңдай білетін, - мұң шақпайтын, мектеп үшін жанын беретін, - міндетсінбейтін. Хан апамыздың жанында жүрсек, біз үшін алынбайтын асу, аспайтын белес жоқ еді. Қайда барса да, қасынан талапты, талантты балаларын тастамайтын. Байыпты, беделді бәйбішенің балаларына жіліктің майлысы, орынның жайлысы тиетіні секілді біздің де ол бар жерде айымыз оңынан туатын. Алайда, ешкімді алалағанын көргенім жоқ. Біреуді белден басып, өз оқушысына бәйгені және әперген емес. Өнерің аспаса, өзеуреп алға сүйремейтін. 2005 жылы әлемге әйгілі жазушы, шебер аудармашы Роллан Сейсенбаевтың ұйымдастыруымен Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ-де «Халықаралық Абай клубының» конференциясы өтті. Соған мені ертіп Қанипа апай қатысты. Алдын ала Абайға, Мұхтарға арнаған өлеңдерімді, дәптерімді әкелуді тапсырған да өзі. Жиналыстың ортасына таман сөз алып: - Мұнда бір шәкіртімді ерте келіп едім, Роллан. Ойымызды сергітсін, өзі өлең жазады. Өлең тыңдайық, - деді. Бәрі құптасты. Мен қатарынан 3-4 өлең оқыдым. Роллан Сейсенбаев ризалық білдіріп, сол кездегі ШҚТУ ректоры Ғалымқайыр Мүтәновке: «Мына баланы оқуға қабылдап, грант бермейсіз бе?»- деді. Ғалымқайыр Мүтәнұлы: «Сөз жоқ, оқуға қуана қабылдаймыз. Бірақ бұл бала әлі 10-сыныпта екен. Күте тұрайық,» - деді. Алайда, мен техникалық мамандықты қаламадым. Қанипа апай үміт күткен оқушыларына үнемі оза шабатын өріс іздеп, үлкен азаматтардың көзіне түсіруге тырысатын. Өз қара басы үшін билік басындағы адамдардан бірдеңе сұраған емес, шәкірттеріне қажет болса, қайда да болсын баруға дайын еді. Өмірінің соңына дейін бір бөлмелі пәтерде тұрып келді. Өтініш айтса, Өскеменнің ортасынан ойып тұрып кең пәтер алатын еді. Өйтпеді. Тіпті Елбасының қолынан «Құрмет» орденін алған кезде де, оқушыларының тілегін жеткізіп, қамын күйттеген еді ғой. Мектеп бітірер кезде, аяқ астынан бүлініп, әдебиетші емес әскери боламын деп қиғылық шығардым. Ағаларым әсер етсе керек. ҰҚҚ (КНБ) қатарына қабылдануға бел будым. Тіпті, бірнеше тестілеуден де өттім. Хан апам сонда маған қатты ренжіді: «Жүр сол, шуаш сасыған шұлғауыңды сүйретіп, керзі етігіңді тырпылдатып. Біле білсең, Алаштың Арыстарын атып, асып, түрмелерге айдап, азаптап құрытқан сенің КГБ-ің, оның атасы НКВД болатын». Шымбайыма батқаны соңғы сөз. Ойымнан дереу қайттым. Апамнан кешірім сұрап, алдына оралдым, тіл және әдебиет бағытын таңдадым. ҰБТ-дан айтарлықтай жоғары балл жинағанмен, журналистика факультетіне берілетін мемлекеттік грантқа бір ұпайым жетпей, тегін оқуға түсе алмадым. Бір жыл жарым ақылы түрде оқып, кейін қаражат таппай курсты тастап кеттім. Сол шақта Қанипа апайдың қамқорлығын тағы да сезіндім. Тегін дәріс беріп, дайындады. Жұмыс іздеп, Өскеменнен басқа қалаға кеткенімде де, үзбей хабар алмасып тұрдық. 2009 жылдың көктемінде, сәуір айында маған қоңырау шалды: «Әй, жүгірмек, не істеп жүрсің, өзің, қаңғымай Өскеменге кел, ҚАЕУ-дың (КАСУ) президенті Ережеп Мәмбетқазиевпен сөйлесіп қойдым. Оқуға түсесің.» Апамның айтуы бойынша мамырда Өскеменге оралдым. Бірақ, бір шартымды айттым. «Өз күшіммен тағы да тест тапсырып, бағымды сынаймын. Егер грантқа ілікпесем, соңыңыздан еріп ҚАЕУ-ге түсем» дедім. Алла қолдап, апам сенім артып, тестілеу балым жоғары шығып, өзім қалаған институтқа мемлекеттік оқу грантын ұттым. Бұл да болса менің айналайым Хан апамның арқасы!
Өміріме тірек бес өсиет
1. Хан апам, менің шынайы досым, сенімді сырласым еді. Оның алдында жүрегіңнің түбіне сыр жасыру мүмкін емес, оңай шешілетінсің. «Әй, осы, мына біреу өлеңіңді қай қызға арнап жаздың?» - деп сұрайтын бір әредікте. «Өй, әнеубіреу пәмпіш мұрын шөпжелкеге ме? Соны да сұлу деп, ақындарда ес болмайтыны тегі рас,» - дейтін өңін құбылтып, жорта жақтырмағансып. Сосын іле-шала: «Ойбай-ау, әншейін айтқаным ғой. Баяғыда Естай ақынға бір досы: «Сонша өліп-өшіп, үздігіп әнге қосатын, ғашығың - Қорланды маған бір көрсетші, әлемде әспетіне шендесетін ешкім жоқ шығар» деп сыртынан танысса керек. Сөйтсе, әлгі Қорланы қарапайым ғана қараторы қыз екен. «Өй, осыны да сұлу деп жүрсің бе» деп кейіген досына: «Сен оған менің көзіммен қарап көрші» деп жауап беріпті. Сол сияқты сенің көзіңмен қарап көрмесем, таңдаған қызың маған ұнамады. Отыр ғой, міне, ақылына көркі сай, сұлу қыздар. (Өзіммен бірге оқитын қызды нұсқайды). Соған арнап жазсаңшы өлеңді». Тамаша психолог еді ғой, сол қыздың менде көңілі барын сұңғыла санасы әлдеқашан сезген сияқты. «Естеріңде болсын, жігіттер, ертең осы қыздардан артық жар, қыздар, осы жігіттерден артық ер таппайсыңдар. Бірге өскен балалар бір-біріне бауырмал келеді!» - дейтін. Әрине, ұлағатты ұстаздың тәрбиесін көрген қыздар көргенді болмай қайтсін. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы». Хан апамның осы өсиет сөзі менің жадымда берік жатталды, жүрегімде сақталды. Дуалы ауыздың дегені болып, мектеп бітірген соң, сол сыныптас қыздан сүйкімді, содан сүйікті ешкім жоқ екеніне көзім жетті. Біздің тағдырымыз тоғысып, шаңырақ көтердік. Тойымызға шақырып, апамыздың батасын алдық. Ол кісінің бізге тарту еткен сыйлығы да ерекше-тін. Мектепте оқып жүргенімізде үнемі: «Араларыңнан біреу-міреу үйленсе, ата-аналарыңа айтыңдар, сендерге, тұрмыстық техника, көлік сыйлаудың орнына «Абай жолының» 4-томын сыйласын. Ұлттық рух та, отбасылық тәрбие де осы кітаптың ішінде тұнып тұр. Ұрпақ Абайды оқуы керек» дейтін. Сол сөзіне орай бізге, «Абай жолының» 4-томын ұсынды. Ұлыларға деген құрметін өзі жұмылса да тоқтатқан жоқ. Төрт том «Абай жолын» «басыма жастап жатамын» деп, өзімен бірге көмдіргеніне де куә болдық. 2. Хан апам мені жақсы көретін, онысын ешкімнен ірікпей ашық айтатын. Мектепті бітірер кезде математика пәнінен үлгерімім нашар еді. Содан қауіптеніп жүргенімді сезіп, сыныптастарымның көзінше: «Сені бәрібір грантқа түсірем» - дейтін. Кейін осы сөзін орындай алмады. Баламын ғой, соған бола өкпелеп, ұстазыма біразға дейін жолықпай қойдым. ШҚМУ-дың ақылы түрде білім алатын көп студенттерінің біріне айналсам да, өзіме өз көңілім толмай жүретін. Жарытып сабақ та оқымадым. Ал, айналайын Хан апамның қолынан келер қайран қалмағанға ұқсайды. Сол жылы жаз айларында ШҚМУ-дың бұрынғы ректоры, Қанипа апайды аса құрметтейтін ғалым ... аяқ астынан ауысып, орнына А. Ғазалиев деген жаңа басшы келген. Оны апам аса танымайды. Оның үстіне «болар-болмас басшылардың алдында құл болғысы келмейтін» асқақ мінезді апам әркімге сөзін қор еткізгісі келмесе керек. Сөйтіп, арада біраз уақыт өтті. Менің сабаққа салғырт қарап, тіпті, әлдекімдерге еріп, шамама қарамай шайырсынып, шарап ішіп, шылым шегіп, шалықтап жүргенімді құлағы шалған көрінеді. Факультет оқытушыларының тең жартысы өз шәкірттері ғой. Мені ұстап беріпті. «Сені Қанипа апай шақырып жатыр,» - деді. Ішім қылп ете қалды. Мектепте оқып жүргенімізде бір тентектік жасап, не бір ерсі қылық шығарып қойсақ, басқа-басқа оны Қанипа апайға айтамыз десе, безек қағататын едік. Өлімнен ұят күшті. Үміт күткен адам үмітіңді, сенген кісің сеніміңді ақтамаса сор емес пе. Бармасқа әддім жоқ. Хан апамның кабинетіне келсем, қосалқы бөлменің төрінде, ашық терезенің түбінде қабағы қатыңқы, «түтіндеп» отыр екен. - Әй, бәтшағар! Сол орыңнан тапжылма! – деді босағадан енді ғана аттаған маған зекіп. Өзі жүзіме тік қарамай бір қырындай отырды. Ұнатпай тұр білем. Егер дәл қазір назарын тура қадаса, жасын жанары жаурынымнан бірақ шығары анық. «Осы сендер мектептен түлегенде менің бойыма біткен барлық жақсы қасиеттерді іліп ұшудың орнына, жалғыз ғана жамандығымды жамап алып шығатындарың не?! Осы «бәлеге» жалғыз бауырым қайтыс болған соң, үйір болдым. Әйтпесе...» Жаңа ғана ашуы апшымды қуырған апамның даусынан өксік аралас өкініш табы сезілді. Бағанағыдай емес, үні байсал тапқан. «Сені дарынды бала ғой деп, қорғаштап жүрсем, темекі тартып, арақ ішіп, адасып барады дейді ғой. Мен саған соны үйретіп пе ем? Есіңде болсын, барлық мықты ақындарды құртқан арақ. Арақ – дарындардың жауы. Мұқағалиды білесің ғой, маңайыңа абай бол! Келесі жолы арақты көрсең, көз алдыңа менің бейнем елестейтін болсын! Мені сыйласың ба? Сыйласаң сөйт, итішпеске жолама! Болды, бар, жүре бер». Мен апамның айтқан ақылын тыңдадым. Содан бері жынды суға жоламайтын болдым. Хан апамның сол күнгі қаһарлы бейнесі әлі көз алдымда. 3. Бірде: «Бір аптадан соң, менің атымдағы халықаралық оқушылар олимпиадасы өтеді, соны жүргізесің» - деді әй-шайға қаратпай. Бұл менің еңсем түсіп, езіліп жүрген кезім еді. Ауқымды оқушылар олимпиадасының ашылу салтанатын жүргізетіндердің қатарына мені кейбір адамдардың қарсылығына қарамастан қосуы, бұл баланың өз-өзіне деген сенімі артсын, жұрт алдында жүрсін, жігері жығылмасын дегені екен. Ғылым докторы, Дихан Қамзабекұлы, профессор Сейіт Қасқабасов, Мекемтас Мырзахметов, т.б. үлкен ғалымдар қатысқан жиыннан соң, апам мені шақырып алып былай деді: «Айбек, өмірде жаман адамдар жетерлік, алайда жақсы адамдар олардан әлдеқайда көп, бұл дүние солардың арқасында жасап тұр, олар әлі талай рет сенің алдыңнан жолығады, жақсы адамдарға сен, жақсылыққа сен, соны ұмытпа!» 4. Кейде Хан апамның үйіне барып әңгімесін тыңдайтынмын. Солардың басым бөлігі адалдық жайын сөз қылатын. «Атам мен әжемнің бауырында өстім,» - деп бастады әңгімесін. «Бітібай ақсақал тұңғыш немересінің қыз болып туғанына онша қуана қоймаса керек. Жалғыз ұлдан ұрпақ жалғастығын көруді көксейді ғой баяғы. Құдай ол тілеуін берді де. Кейін, көп қыздың соңынан жалғыз ұл, інім ерді. Амал не, ғұмыры қысқа болып, ерте үзілді. Жарайды бұл басқа шерлі-шежіренің желісі... Содан атам мен әжемнің қолындамын дедім. Үш жасар кезім шығар, ересектер жұмысқа кеткенде мені көрші үйге қалдырады, әлгі шаңырақтың ши борбай, шөпжелкелерімен ойнап отырам. Бір күні сол үйдегі өзім құралпылас қыздың қолдан тігілген шүберек қуыршағына қатты қызықтым. Баламын ғой. Жоқшылық заман. Сол ойыншықты үйге қайтарда ешкімге байқатпай етегіме орап әкеттім. Ол шақта электр шамы жоқ. Майшам жағылады. Үйге сығырайған сынық сәуле түскенде, әжем менің бір нәрсеге әуестеніп, ойнап жүргенімді байқап, жаныма жетіп келді. Қуыршақты көріп, мұны қайдан алғанымды сұрады. Шынымды айттым. Әжем қатты ашуланды. Қолымнан жетектеп, жарым түнде көрші кемпірдің есігін қақты. Құдай-ау, сондағы қызығып жүрген қуыршағым, кенеп қаптың жыртылған бір пұшпағынан тігіліп, белін буған, көзінің орнына қос түйме қадаған бірдеңе. - Әй, көрші, мен саған ұрыны ұстап әкелдім! – деді босағадан аттай бере. Көрші кемпір сасып қалды. - Көтек, ұрысы несі? - Міне, мына Қанипа, сенің қызыңның қуыршағын ұрлап алыпты. Айыбын өзің кес. - Қойшы, сен де, жаман шүберекке бола, баланың әбден зәресін ұшырып. Қызыққан екен, ала ғойсын, басы бүтін сыйладық, - деп еді. Әжем көнбеді. - Мен мұны «ала жылан, аш бақа» болсын деп бақпаймын. Біреудің ала жібін аттау – арға сын. Тегін алаймыз, сатып аламыз,» - деп, көрші кемпірдің қарсыласқанына қоймай, әлгіні сатып алды. Сол оқиғадан бері осы алпыстан асқан жасыма дейін бір адамның ала жібін аттап көрген емеспін. Айбек, сен де сөйт, «арамның ісі алға баспайды». Ешкімннің ала жібін аттама! Аққа құдай жақ! – деп тәмсіл айтты. 5. Соңғы рет ол кісімен бір мерейтойлық жиында жолықтық. Құрметті қонақ ретінде шақырылыпты. Тойдың басында ұжымдастарының ортасында біраз отырды да, тілегін білдіріп болған соң, денсаулығым бұрынғыдай емес деген уәж айтып, менен үйіне жеткізіп салуымды өтінді. Қоштасарда қолымды уысына қатты қысып тұрып айтқан соңғы өсиеті: «Айбек сен ақынсың ғой, ақындар әсершіл келеді. Әркімге әуес келеді. Сонда да ұмытпа, әлемдегі ең сұлу әйел - сенің балаларыңның анасы!». Біздің балғын жүректеріміздегі сезімді оятқан, Хан апамыздың «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Еңлік -Кебек», «Қыз Жібек пен Төлеген», «Абай мен Тоқжандардың» мөлдір махабатты жайлы шерткен сыры еді. Енді міне сол кіршіксіз айдынды кір шалмасын деп, тату-тәтті өмір сүрудің таптырмас формуласын айтып жатыр. Иә, бұл әлемде анадан сұлу жан жоқ. «Хан апа, сіз менің де анамсыз, сізден асқан сұлу жан жоқ әлемде, жаныңыз сондай сұлу» дедім ішімнен. Туған анам айта алмаған ақылды, рухани анамнан есіттім.
Менің Хан апам...
Зейнолла Қабдолов М.Әуезов жайлы «Менің Әуезовім» деп толғанса, Қалихан Ысқақ З. Қабдоллов туралы «Келмес күндер елесі» эссесінде ерекше қадірлеп жылы лебіз арнап өтті. Ал Қанипа Бітібаева жайлы әңгіме қозғала қалса оқушылары: «Менің Хан апам сондай еді, менің Хан апам мұндай еді, менің Хан апам бұй деуші еді, менің Хан апам сүйтуші еді... Менің Хан апам.., Менің Хан апам...» деп, сөзінің әлқисасын осылай ерекше тебіреніспен, мерейлі мақтанышпен меншіктей сөйлеп бастайды. «Біздің Хан апа» демейді, «менің Хан апам» дейді. Неге? Өйткені, Қанипа апайдың дара қасиеті шәкірттерінің әрқайсысының жүрегіне жол таба білетін. Сол сәтте бұл әлемде ол кісі үшін сенен маңызды мәселе, сенен артық адам, сенен жақын сырлас жоқ болып сезілетін. Қоңырау шалса, тек қана саған телефон соғып, тек қана саған жылы лебізін білдіретіндей, қою қоңыр үнімен тек сенің ғана хәліңді сұрап, тек саған ғана кеңес беретіндей болушы еді. Шәкірт-жүректі соған иландыратын. Ал шын мәнінде, өзі ойдағы он оқушысына, қырдағы қырық шәкіртіне теңдей көңіл бөлуді ұмытпайтын. Педагогикалық шеберлік деп осыны айт. Мектепті баяғыда бітіріп, жыраққа кеткелі қашан. Сонда да ұстазымызбен арамызды үзгеміз жоқ. Көбінесе, Хан апам өзі іздеп, біраз уақыт хабарсыз кетсем, қоңырау шалатын. Сонда маған: «Әй, бәтшағар-ау, міне қарашы, сенің нөмірің менің телефонымдағы тізімде алғашқы болып тұр. Неге звандамайсың, ә!» деп назын білдіруші еді. Ендігіден әрі алғашқы болып мен хабарласамын дейтін ем. Міне, тағы да кеш қалдым... Бұл жолы телефон соққан өзі емес... басқа мұғалімдерім... суық хабар... төбемнен жай түскендей болды. Бірер ай бұрын ғана Өскеменге барғанда жолыққамыз. Есен-аман-тұғын. Бірақ... «жүрегім менің қырық жамау» деп жиі айтып отыратын. Ұлы жүрек қоңыр күзде тоқтады. Алайда, ұлы жүрек үнсіз қалды дегенге сенбеймін, сенгім келмейді. Ол кісі жыл сайын соңғы қоңырауда өзінен тәлім алған түлектермен қоштасу сәтінде, дархан жүрегінің бір жапырағын үзіп, үздіктеріне үлестіріп, таратып беріп жіберетін. Мұны біреу сезсе, біреу сезген емес. Міне, менің кеудемде де сол жаһұттың бір бөлшегі лүпіл қағып тұр. Өзгеден аямаған жан жылуы солғындап, жайсаң ғұмырының жалауы жығылмағанмен, қайсар да қажырлы жүрегі әбден жұқарған-ау, қалжырап барып, қалт тоқтаған-ау!.. Хан апам үнемі дұғасына қосып отыратын Абай мен Мұхтар Рухы еді. Сол Мұхтар Әуезовтің "Абай жолы" эпопеясы Абайдың мына сөздерімен аяқталатын. Осы үзіндіні 10-сыныпта оқып жүргенімде Қанипа апай маған өзі үйретіп, түсіндіріп, жаттатқан еді. «...Ей сорлы заман, менен аяған қастығың бар ма? Мен ішпеген у бар ма?!. Жүрегімді көрші, міне, жарадан сау жері қалды ма?!. ...Жапан түз, елсіз, жолсыз сар далада жалғыз түп ағаш өсіпті. Айлар, жылдар өтіпті, не замандар жасапты, әрбір көктем күніне үмітін артып, шат қуаты жапырағын жарып, гүлін атыпты, талай жылдар өтіпті, әр жылдарының гүлідері мен дәндері ұшып, тарап кетіп жатыпты, сан жапырақ сарғая солып, жоқ болыпты. Бір заман солай даладағы жалғыз ағашқа жай түсіпті де, жайрапты. Бар бұтақтан, гүл-жапырақтан, дән-нәрден айрылыпты, ажырапты. Қуарып, шошайып қалған жалғыз қу ағаш көк аспанға тіл қатыпты: «Не жазып ем, не сұмдық, не зұлымдық етіп ем!? Біттім, міне, тек көк аспан куәм едің, сенен ғана сұраймын; сорымның да куәсі, көгерген, гүл атқан шағымның да куәсі сен едің, кең көк аспан; сен ғана бір айтшы, мен өлейін, бірақ, сол сан жылдарда сенің желдерің қуып әкеткен гүлдерім, дәндерімнен ұрпақ-нәсіл қалар ма?! Шанда біреу, санда бір, сайда болса да жас жапырағын көкке созып, гүл-жемісін жер жүзіне берер ме?! Әлде бір өлкеде, тағы бір замандарда сол гүлдердің бір тобынан саялы тоғай, мәуелі бақ өсер ме?! Бұтақтарында өнген-өскенді мадақтап, құмыр бұлбұл сайрар ма?! Саясында жас өмір, жаңа дәурен мекендер ме?!». Хан Апамыз да жапандағы жалғыз ағаш – алып бәйтерек еді. Гүлі, дәні, жапырағы – шәкірттері болатын. Бүгінде, «Бітібаеваның балапандары» Қазақстанның, шетелдердің әр қиырынан табылады, еліне қызмет етіп, жеріне тамыр тартып, жеміс беруде. Бір өкініштісі, алыптар шоғыры азайып барады. Пендешіліктен ада, жаны сәбидей пәк, жүрегі мен ары таза даланың даңқты, дана ұстаздарының соңғы Магиканы да МӘҢГІЛІККЕ көшті!
ҚОШ, БАҚҰЛ БОЛЫҢЫЗ, ХАН АПА!!!
Қабағында Қабандайдың сұсы бар, Ажарында Абылайдың мысы бар. Көздерінде күннің жылы шуағы, Жүрегінде жердің тарту күші бар. Аң мен құсқа жем қылғызбай қорғаған, Алақанда ана тілдің құсы бар. Ержүректер енші алып алдынан Ездің бәрі екпінінен қысалар. Ақын, хәкім, батыр, батыл ұстазым, Айналаға алтын сәуле ұсынар. Сіз жайында суық хабар естіліп, Солқ етті ғой кеудемнің сол тұсы дәл. Қайран менің, қарқарадай Хан Апам, Кез келді ме Сізді Көкке ұшырар. Тамырында түркілердің түбі бар, Танымында тектілердің үні бар. ЖанарындаМұхтарлардың мұңы бар, Жүрегінде Ұлы Абайдың жыры бар. Арлы, арда кеудесіне кілттеген, Алты Алаштың Арысының сыры бар. Қара жердей кең пішілген мінездім, «Мәңгі өлмейді,» - деуші едіңіз, - Ұлылар!» Мәңгілікке айналдыңыз, міне енді, Ұлылардан кем түспейтін құны бар. Қайран менің, айнам менің, Хан Апам, Енді жаным кімге барып жылынар?! Кімге жолым бұрылар?! Ажал неге иектеп жүр Алтайды, Ту сыртыңнан жұлыныңды суырар?! Қалиханды алып қашқан сұм Ажал, Қанипаңды ұрламақ па бұл Ажал?! Ей, сұм Ажал, жанын алып кетсең де, Менің мынау сөздерімді ұғып ал! Ұлы Ұстаздың ұлағатты «Рухын» Мықты болсаң жүрегімнен жұлып ал!!!
Оралханов Айбек,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі