Қазақ деп соққан жүрегі
2018 ж. 03 қыркүйек
5272
0
Біз қашан да туған жеріне, халқына өмір бойы қызмет еткен, қызмет етіп келе жатқан тұлғаларға құрметпен қараймыз. Өйткені, ондай азаматтардың атқарып жүрген келелі істері елінің жарқын келешегіне бағытталған. Бұл орайда замандастары құрметтейтін, қоғам жақсы танитын сондай ардақты азаматтардың бірі – Дәурен Сатыбалдыұлы туралы сөз қозғасақ дейміз. Ол ұлт ұлына керекті қасиеттердің барлығын бойына жиған және соларды нақты ісімен көрсетіп жүрген азамат. Қайраткерлік пен намыс. Ар мен адалдық. Әділдік пен әділеттілік. Шыншылдық пен шынайылық. Міне, осы құндылықтарды күллі өміріне темірқазық етіп алған тұлға қай істе де Қазақ елінің жарқын болашағын ойлап, кез-келген мәселеге ұлттық мүдде тұрғысынан қарайды.
Дәурен ағаның ана тіліне деген жанашырлығын ерекше айтсақ болады. Туған тіліңді білу бар да, ана тіліңнің өркен жаюына, тұғырының биік болуына білім-білігіңді салып қызмет ету бар. Мемлекеттік тіл – тұтас ұлттың, күллі республиканың аумағын қамтитын кешенді мәселе болғандықтан, оның бір жүйеге түсіп, қалыптасып кетуі де оңай дүние емес екені мәлім. Өткен шақтарға көз жүгіртсек, қазақ тілінің жанашырлары заң болсын, бағдарлама болсын ондағы жазылған, айтылған әрбір сөзге келешекті бағдарлай отырып зер салды. Келіспеген тұстары болса, түзету енгізіп, өзіндік көзқарасын ашық әрі айқын білдірді. Мәселен, 1997 жылы Дәурен Сатыбалдыұлының Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы заңның балама нұсқасын дайындағаны тілге деген жанашырлықтан туындаған шынайы перзенттік ниеті, патриоттық, азаматтық ұстанымы деп түсінуге болады.
Сол заң жобасының балама нұсқасындағы айтылған мәселелердің өзектілігі бірден аңғарылады. Мәселен, кіріспе мәтіндегі мына бір жолдарға назар аударсақ: «Егер қазақтың тілін өз дәрежесінде, шын мәніндегі мемлекеттік мәртебесі бар тіл ретінде қабылдасақ, онда оны неге елдің рәміздерінің біріне жатқызбасқа? Қазіргі кезде «қазақпын» деген қазақтардың белгілі бір бөлігі қазақ тілін ана тілі ретінде қанағаттанарлық деңгейде білмейтіні анық. Қазақ тілін меңгеру деңгейіне байланысты олардың бір бөлігі үшін қазақ тілі ана тілі ретінде өлі, жоқ тіл болса, ал екінші бір бөлігі үшін шалажансар болса, енді бір бөлігі үшін ол тірі, бар тіл болып саналатыны белгілі». Осы ойлардың ортаға салынғанына біршама жылдар өтсе де, көкейкестілігі әлі де өз күшін жойған жоқ. Тіл мәселесі халықтың өзегі, рухани бастауларының түп негізі болғандықтан кейіпкерім мұны ұлтының ұлы жауһарларына жатқызып, тот бастырмай, жарқырата көрсету мақсатын ұстанып, құр сөзбен емес, нақты іс жүзіне асатындай шаруаларды қолға алғаны белгілі. Иә, бірі орындалар, бірі тіпті ойдағыдай да бола бермес, бірақ бағдар айқын – ол қайтсек тәй-тәй басқан тәуелсіз мемлекетіміздің абыройын асырып, айбынын күшейту. Бүгінде дамудың даңғыл жолына түскен Тәуелсіз Қазақ елін қарыштап дамыған әлемнің өзге елдерімен терезесін тең етуге күш салу. Барша рухани құндылықтарды тәуелсіз сана тұрғысынан қайыра бір шолып шығып, олқылықары болса, орнын толықтыруға, қисықты түзеуге, түнекке жарық түсіруге күш салу еді. Қай кезде де осындай келелі шаруалардың басы-қасынан табылып, ұлттық мүдде жолында жан дүниесін мәңгілік мұраттармен астастырып жүрген Дәурен Сатыбалдыұлы қоғам қайраткері ретінде күні бүгінге дейін талмай еңбек етіп келеді.
Дәурен аға Тәулесіздік тұғырының нығая түсуіне, қоғамдағы қарапайым халықты алаңдатқан мәселелердің оңды шешілуіне азаматтық зор үлес қосқанын айту парыз. Ол әрбір жасаған ісін байыппен бағдарлап, халықтың мұң-мұқтажымен сабақтасып жатқан сан түрлі күрделі сауалдардың бәріне ақыл-парасат, әділдік тұрғысынан жауап іздеп, сол дәрежеден шешілгенін қалайды. Егемен ел ретінде еңсемізді тіктеуге, алғашқы қалыптасу кезеңдерін басынан кешіп жатқан кез-келген елде түзетілуі керек мәселелер аз болмаған. Мемлекет тарапынан бірде ескеріліп, бірде ескерілмей, кейбір жағдайда тиісті мән берілмей, қордаланып тұрған мәселелерге белсенді араласып, батыл үн қата білді. Бұл тұрғыда үндеу жариялап, Ашық хат жазып, көпшілікпен бірге тынымсыз әрекеттің арқасында халықтың қадау-қадау мәселелерін бір жүйеге келтіруге үлес қосқандардың алдыңғы сапында осы азамат жүргенін бүгінде біреу білсе, біреу білмес. Ол ұлт жанашыры ретінде өзін ешуақытта жарнамалаған емес. Әлі күнге дейін сол қарапайым болмысынан танған жоқ. Дәурен ағаны жаратылысынан қоғамшыл, елшіл, мемлекетшіл тұлға болып өмірге келді ме деймін. Өйткені, әрбір адам ғұмырының бар асыл уақытын мұндай жолға арнай алмасы анық. Ол үшін ақы да талап етпей, мемлекеттен ештеңе де сұрамай, еліме, жұртыма болсын деген ұстанымды жүзеге асырып келе жатқан жаны ізгі жан. Қайраткер азаматтың «Стандарт-модель немесе егеменді мемлекет қалыптастырудың негізгі идеясы», «Ауылға араша» және т.б. жобалары жеке мақалаларға арқау боларлық тақырыптар екенін де айта кеткеніміз жөн.
Біз әйгілі жырау Қарғабойлы Қазтуғанды көрген жоқпыз. Ортадан аласалау бойы бар, қимылы ширақ, ісіне мығым, сөзі мірдің оғындай, қайраткерлігі бір басынан асып түсетін тұлғаны қарға бойлы Қазтуғанның бүгінгі замандағы бейнесіне ұқсатқым келіп тұрады. Қазтуған бабамыз өз уақытында «Қайран менің Еділім», «Мен салмадым, сен салдың», «Қайырлы болсын сіздерге», «Менен қалған мынау Еділ жұрт» деп ел мен жер тағдыры туралы тебірене толғады. Ел мүддесін қашан да жоғары қойып, сол жолда табанды еңбек етіп келе жатқан азаматтардың бірі – Дәурен Сатыбалдыұлы десек артық айтпағандық болар.
Кеңес Одағы күйреп, Қазақстан өз Тәуелсіздігін алғаннан кейін қоғамдағы құндылықтар қайта қарала бастады. Ендігі кезекте Кеңес одағы тұсында санамызға сіңіп, жүрегімізге ұялап, ойымызда бекіген құндылықтармен өмір сүру жарамайтын болды. Серпілетін, алға қарай нық қадаммен жылжитын кез туды. Демек ел де, қоғам да жаңғыру керек. Жаңғыру жолына түсу керек. Сол 1990 жылдардың басында қазақтың дербестігі мен азаттығына, жерінің тұтастығына қауіп төндірген ақпараттық шабуылдар да болмай қалған жоқ. Осы бір кездерде Дәурен Сатыбалдыұлы қазақтың ұлттық өркендеу орталығы 1992 жылдың 11-қаңтарында «Жаңғыру» ұйымын құрды. Ұйымның мақсаты, аты айтып тұрғандай, қазақ ұлтын өркендетіп, жаңғырту еді. Бұл бағытта атқарылар шаруа шаш етектен екені айтпаса да түсінікті. Ең бастылары – ұлттық ерекшелігімізді сақтай отырып, салт-дәстүрімізді кейінгі өскелең ұрпаққа аманат ету болатын.
Бұл айтуға оңай шаруа болғанымен, орындауға келгенде ыждаһатталықты, қайтпас қайсарлықты, намыс отына шыжғырылған жігерлілікті, қажыр-қайратты талап ететін жұмыстар еді. Бұл әрине екінің бірінің қолынан келе бермесі де белгілі.
Сол сәтте ол былай деп тебірене сөз сөйледі: «Орталықтың үстемдігінен құтылып, ақсарбас қой атап та жатырмыз. Ал енді алдымызда талантты да, дарынды қазақ халқының күш-қуатына ерік-жігерін бір арнаға бағыттау міндеті тұр. «Қазақсымақтар» әлі де тілін бұрап сөйлеп, арамызда көбейіп бара жатқаны жаныңа батады. Әйтеуір, жан сауғалаудың кебін киіп біз де бір ел болып, «өз тірлігімізді өзіміз жасамасақ болмас» деген мақсатпен халқымыздың игілігі үшін қызмет ететін «Жаңғыру» атты ұлттық орталығын құрып отырмыз. «Жаңғыру» саяси ұйым емес. Өзінің аты айтып тұрғандай ол ұлттық өрлеу, өркендеу жолдарын қарастырып, ұмыт бола бастаған барлық дерлік игі дәстүрлерді қайта жаңғыртуға күш салады» деген болатын. Ұйым құрылған кезден бастап талай өзекті мәселелерді шешуге бағытталған кешенді істердің басы-қасында болды. Әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани салаларда түйткілдер көп еді. Ұйым ұлттық өркендеу, өрлеуді негізге ала отырып, жүйелі де нәтижелі жұмыстарды атқара білді. Алматыдағы қазақ мектептерінің көптеп ашылуына, Павлодар қаласындағы Ермак ескерткішінің, сондай-ақ Алматы қаласындағы Дзержинский ескерткішінің алынуына, Семей полигонының экологиялық зардаптарын азайтуға, «Шаңырақ» ауданының құрылуына, сөйтіп баспанасыз жүрген қазақтар мәселесінің оң шешім табуына зор үлес қосты.
«Қыз сыны», «Жігіт сұлтаны», «Келін сыны» тағы басқа да этнографиялық байқауларды өткізуді қолға алып, сол арқылы ұлттық құндылықтарды насихаттады. Өз кезегінде аталмыш байқаулар ұлттық салт-дәстүірімізді көздің қарашығындай сақтауға өзінің зор септігін тигізді.
Сонымен қатар, мұндай шараларды мектептегі, жоғары оқу орындарындағы тәрбие жұмыстарына енгізуге мән берді. Ал бұл ұлттық рухы мықты ұрпақ тәрбиелеуге жол ашты.
Кезінде «ов»-тың орнына неге «ұлы» мен «тегі» демеске деген мәселе көтеріп, «Қапы қалма, ағайын!», «Мұндай батыр аналар көп қалған жоқ», «Қара қылды қақ жарса», «Өз елімізде өгейсімейік», «Өзі тоймағанның сарқыты басты ауыртады» және т.б. қоғамдағы өзекті тақырыптарға қалам сілтеп, сұхбаттар берді. Ойын ашық айтып, әрдайым пайымды пікірлерін ортаға салып жүрді.
«Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» демекші, көкірек көзі ояу, бойын ұлт намысы кернеген, ел мүддесін бәрінен биік әрі жоғары қоятын қарымды қайраткердің болмыс-бітімі, жаратылысы туған жерінен нәр алып, тектілердің көзін көріп, тәлімін бойына сіңіргендігінен болса керек. Жастайынан білім мен ғылымға құмар болған ол ер жетіп, жоғары оқу орнына түскен соң ұзақ жылдар топырақтану ғылымын зерттеп, осы саланың білікті де білгір маманы атанды. Бұл орайда мына бір мәселені айтпай кетпеуге болмас. Кезінде Алматы қаласында өткен топырақтанушылардың симпозиуымына қатысқан ресейлік әріптесі В.И.Рослякова Қазақ топырақтану саласындағы ғылыми еңбегіне жоғары баға беріп, Нобель сыйлығына лайық ғылыми жаңалық деп бағалағаны қазақ баласының биік өресін ғана емес, дарындылығы мен таланттылығын да байқатты. Әрине, Дәурен Сатыбалдыұлы ғұмыр бойы тек топырақтану мәселесімен айналысып жүре берсе де болар еді. Онда бәлкім, тіпті Нобель сыйлығына да қолы жетер ме еді. Бірақ ол кісінің бойындағы қоғамның шаруаларынан тыс қала алмайтын, ой мен көзқарасының сергектігі, санасының ашықтығы, намыстылығы, қайраты мен жігері, ұлттың есесі кетіп бара жатқан тұста үйінде шыдап жата алмайтын азаматтық белсенділігі саяси-қоғамдық жұмыстардың бел ортасына алып келді. Ғылымға беретін қуатын, күш-қайратын, басында шоғырланған өміршең идеялар мен ойлы тұжырымдарын ұлт жолына, халқымыздың баянды болашағына арнады. Менің ойымша, Дәурен Сатыбалдыұлы қазақ деп ұйқыға кетіп, қазақ деп оянатын сияқты. Әрбір атқарған ісінен, қолға алған жоба-жоспарларынан ата-бабаларымыздың жолы менмұндалайды. Салиқалы әңгімесін айтып, зерделілігімен тәнті етеді. Қарапайым ғана болмыс иесі бір қарағанда баяу жылжып аққан бұлақ сияқты. Екінші бір қарағаныңда ел намысы, жұрт қамы деп күркіреген күндей, буырқанып-тасыған өзендей болып шыға келеді.
Өзі бір әңгімесінде: «Біз қазір тек экономикалық мәселеге көбірек мән беріп кеттік те, ұлтымыздың ең басты құндылығы – рухани құндылықтарымызды ұмыта бастадық. Ұлттық тәрбиеден алыстап, Батыстың болмысына көбірек көңіл аударып кеттік. Ұлттық тәрбиені қолға алмасақ, ұлттық құндылығымыздан айырыламыз» дегені бар. Шынтуайтына келгенде, ол кісінің бойындағы елдік мәселелерге бей-жай қарай алмайтын рухани сергектігі көзге ап-айқын көрініп тұрады. Қашан көрсең қолтығына қағаздарын, жазған-сызған дүниелерін қысып алып жүргені... Кітапханадан шықпай, ойдың шалқары мен теңізінде асылдары мен маржандарын іздеп шарқ ұрса, енді бірде мұрағаттарда отырып тарихи құжаттармен жұмыс істейді. Замандастарының ерекше құрметіне бөленген тұлға қайтсек ел боламыз деген мақсат жолында келеді.
Дәурен аға ұлт шаруасының басы-қасында жүріп, талай келелі істі тәмамдап, соңына дейін жеткізіп, одан кейін жаңа міндет-мақсаттарға бірден ойысып, сан-салалы сипаты бар, қарасаң көз ауқымың жетпейтін дүниелерге батыл араласты. Жасқанып, ығып қалған кезі болған жоқ.
Қысқасы, қазақтың қара шалы тындырған, тындырып келе жатқан бел-белесті жұмыстар аз емес. Олардың барлығын бір мақаланың көлемінде қозғап, жазу мақсатын ұстанғанымыз жоқ. Тек ол кісі туралы көңілге түйген ойды, көкейге қонақтаған пікірді ғана ақтардық. Әйтпесе, кейіпкерімінің тағдыр-талайы, мәнді де мағыналы ғұмырбаяны қоғамдық ғылымға келетін кейінгі жас толқынның диссертациялық зерттеу еңбегіне айналарына күмән жоқ. Мұндай азаматтардың елдік жолда атқарған өнегелі істері міндетті түрде зерттелуі керек деп білеміз. Бүгінгі өскелең ұрпақ осындай жандардан үлгі ала білсе еліміздің ертеңі жарқын болары анық.
Дәукен ЖҰМАТҰЛЫ
qazaquni.kz