ЕРЛАН РЫСҚАЛИ: ҰЛЫБРИТАНИЯ ЕКІНШІ ТЫНЫСЫМДЫ АШТЫ
2018 ж. 03 қыркүйек
4813
2
Қазаққа танымал дәстүрлі әнші Ерлан Рысқали жақында жаңа ән жинағын шығарды. Ішіне 38 ән енген жинақ – «Маңмаңгер» деп аталады. Бұл жұмыстың ерекшелігі сол – ән дискі Ұлыбританияда жарық көріп отыр. Әннің барлығы дерлік Лестер қаласындағы дыбыс жазу студиясында жазылып, өңделген. Осы орайда шалғайдағы ағамызға хабарласып, сұхбат құрған едік.
– Біраз уақыттан бері Ұлыбританияда тұрып жатырсыз. Ол жаққа қандай себеппен бардыңыз және нақты қай қаласына орналастыңыз?
– Отбасымызбен Ұлыбританияның Лестер қаласына көшіп келіп, қоныстанғанбыз. Ол қала Лондоннан бір жарым сағаттық жерде орналасқан. Англия бойынша ең жылы, ең шағын, жинақы шаһар екен. Барғандағы мақсатымыз – «Қазақ» және «Шалқар» радиосының журналисі, келіншегім Жадыра Жұмакүлбай «Болашақ» бағдарламасымен оқуға түскен болатын. Сол себеппен осында келіп қалған жайымыз бар. Мен де ол жаққа барғалы бері текке жатқан жоқпын. Ағылшын тілін меңгердік. Қазақстаннан аттанған кезде бірауыз ағылшынша білмейтін едім, қазір Аллаға шүкір pre intermediate деңгейіне жеттім.
– Басқа ел, жаңа тұрмысқа отбасыңызбен бірге бой үйретіп кете алдыңыздар ма?
– Әрине, жаңа ел, жаңа ортаға үйренісіп кету оңай болған жоқ. Тіл білмедім. Айналамдағы адамдармен сөйлесе алмадым. Бір аптадай қиналдым. Сосын барып бой үйрете бастадық. Бір қызығарлығы – бұл жақта қарапайым адамға қажетті дүниенің бәрі жасалған. Бір ғана жетіспеушілік – шақырайған күннің, ашық аспанның аздығы. Аспанды бұлт торлап тұрғандықтан, көңіл күйің де біртүрлі алабұртып тұрғандай болады. Осы жағы кәдімгідей әсер етті. Бірақ уақыт өте келе айналаңа үйренісіп, бұлтты күнмен де бітеқайнасып кетеді екенсің. Лестер – 500 мыңдай тұрғыны бар қала. Кереметі сол, өзің іздеген қажет нүктелерге жаяулатып барып келе бересің. Өйткені бәрі жақын жерде орналасқан. Инфрақұрылымы өте қолайлы ойластырылған.
– Сол жақта ән жинағыңызды шығарыпсыз. Бұл жобаны қолға алып, дайындауға қанша уақыт кетті?
– Бұл жобаға алты айдай дайындалдым. Әуелі, Лестердегі барлық дыбыс жазатын студияларды қарап, таңдап, бағалары мен сапасын салыстырып шықтым. Ақыры бір жақсы студияға тоқталдым. Ол Лестердегі ғана емес Англиядағы алдыңғықатарлы дыбыс жазу орталығы екен. Өйткені бұл жерге Еуропаның беделді әншілері келіп, дыбыс жазады. Орталықтың техникасы – әлемдегі брендке айналған мықты фирмалардың өнімдерінен жасақталған. Өте заманауи. Сондай студияда кәсіби біліктілігі жоғары әрі өз жұмысына адал мықты маманның жұмыс істеуі сіздің шығармашылығыңызға әсер, шабытыңызға шабыт қосады екен. Айтайын дегенім, Қазақстандағы дыбыс жазу студияларында домбырамен ән айтатындарға бір, кейде домбыра мен дауысқа арнап екі микрофон қояды. Ал Алекс есімді дыбыс операторы менің жаныма бес микрофон орнатты. Біреуін қарсы – алдыма, екіншісін – оң жағыма сәл жоғарырақ, үшіншісін сол жағыма сәл төменірек қойды. Бір күні «микрофондарды неге олай қойдың?» деп сұрасам «дауысты тексеру кезінде байқағаным – сіз көбінесе ән айтқан кезде оң жаққа қарай басыңызды көтереді екенсіз. Сол кезде ауыздың да деңгейі көтеріледі. Ал домбыраңыздың мойнына қараған кезде басыңызды сол жаққа қарай еңкейтесіз. Бұл уақытта да дыбыс ауытқиды» дейді. Алекс соның бәрін қарап, ескеріп отыр. Яғни, ол үшін бірінші кезекте жазылған дауыс қай тұрғыдан да сапалы шығуы тиіс. Осы дискінің шығуына көмектесіп демеушілік жасаған Медіғат Құлжанов, Жомарт Омаров және Шыңғыс Құлжанов сынды ағаларыма ерекше алғыс айтамын.
– Жинаққа қандай авторлардың қандай әндері еніп отыр?
– Жинаққа халық композиторларының шығармалары мен халық әндері енді. Оның ішінде Абай, Сегіз сері, Ақан, Біржан, Уәйіс аталарымыздың әндері бар. Одан кейін солардың ізімен шыққан Кеңес кезіндегі Манарбек Ержанов, бертіндегі Тұрсынғазы ағамыз, Әділбек Атығаев, Секен Тұрысбеков, Кентау Назарбеков сияқты композиторлардың әндері жинаққа кірді. Одан кейін өзіміздің Шал ақынның, Дулат Бабатайұлының жырлары, толғауларын енгіздік. Жалпы бас-аяғы 38 ән таңдап алынды. Екі табақтан тұрады. Дискінің өзінің де, сыртындағы қорабының да сапасы жоғары. Шалғайда жүрсем де тыңдармандарыма өзімнің есеп беруім болсын деп, осы жобаны қолға алып, аяқтап отырмын. Бұл еңбекті – Сегіз серінің 200 жылдығы, Естайдың 150 жылдығы, Әміренің 130 жылдығына және Астананың 20 жылдығына қосқан кішкентай үлесім деп есептеймін. Жинақ Англияда таратылмайды. Ол үшін ән авторларынан жазбаша рұқсаттарын алуым керек екен. Алайда ол көп уақытты алып кететіндіктен, «тек Қазақстанда ғана таратылады» деген шартқа келісім бердік.
– Дәстүрлі ән өнерінде өз жолыңыз, өз стиліңізбен даралана білдіңіз. Міне, шет жерде жинақ та шығарып жатырсыз. Алда игерсем, бағындырсам деген қандай биіктер бар. Сізді алға үлкен мақсат қойып, өз-өзіңізді алға жетелеп отыратын тынымсыз жандардың қатарынан санауға бола ма?
– Өзімді ондай тынымсыз жан деп айта алмас едім. Өмірдің ағысымен, біреуден ілгері, біреуден кейін жүріп жатамыз. Шығармашылығыма келетін болсақ, алға қойған жоспар көп. Соларды біртіндеп орындасам деймін. Жалпы, өнерге адал берілген адам үнемі ізденіс үстінде болуы қажет. Өзін шығармашылық тұрғыдан жетілдіріп отыруы қажет. Оның үстіне заман аса керемет жылдамдықпен дамып жатыр. Бүгін күшті деген нәрсе ертең ортаңқол дүниеге айналып шыға келуі мүмкін. Заманның көшімен қатар жүру үшін жан-жақты ізденіп, жан-жаққа кеңінен көз тастай білу керек.
– Өнердің біраз қыр-сырын меңгердіңіз. Қандай да бір бағытты нысана етіп алып, оқулық немесе кітап жазу ойда бар ма?
– Кітап жазу – ойда жоқ дүние емес, бар. Осы уақытқа дейінгі қазақтың әншілігі, дауыс қоюының өзі, сосын оқу орындарында сабақ беру әдістемесі толықтай жасалмаған. Әр ұстаз, әр оқу орны өз білген-түйгендерімен үйретіп, сабақ беріп жүр. Қазіргі мамандар көбіне Кеңес дәуіріндегі ескі-құсқы, жетілмей қалған дүниелерге арқа сүйейді. Өзім осы мәселенің түрлі қыр-сырын екшеп, зерттеп, ақырындап қағазға түсіріп жүрмін. Бұйыртса, «Қазақтың ән айту үлгісі» деген сияқты атауды үкілеп айдар тағып, дауыс қоюға, ән үйретуге байланысты кітап жазсам ба деп ойлаймын. Қазір сол жобаны бастап кеттім.
– Жыл сайын консерватория мен басқа да оқу орындарын қаншама жас тамамдайды. Қазіргі дәстүрлі өнердің дамуына берер бағаңыз қандай?
– Қазіргі кезде дәстүрлі өнердің дамуы жаман емес, жақсы. Бірақ бізде, өкінішке қарай, әлі дұрыс жүйе жоқ. Оқу орындарында да, жұмыс орындарында да. «Ауруын жасырған өледі» дейді. Шынын айтайық – Алматы мен Астанадағы беделді оқу орындарын, Жүргенов атындағы академияны, Құрманғазы атындағы консерваторияны 100-ге жуық жас бітіріп шығады. Бірақ соның бәрі осы жолды ұстанып жүре алмайды. Сосын амалдың жоқтығынан эстрадаға ауысып кетеді. Осылай өзінің бұрынғы алған базасынан айырылып қалады. Эстрада сияқты дайындықты талап етпейтін, фонограммаға арқа сүйеп жүретін жеңіл жанрға ауысады да, өзінің білім-білігінен ажырап, ән орындау қабілетін төмендете береді. Бұл әрине, адамды қынжылтады. Олар өздерін «күнкөріс керек, жұмыс жоқ» деп ақтайды. Ал ән мекемелерінде, филармонияларда дәстүрлі әнші, термешілерге бөлінген штат жоқ. Бар болса да өте аз. Осының салдарынан жастарымыз түпкі мақсатынан айнып кетуде. Бірақ адал берілген жан дүние төңкеріліп кетсе де өз кәсібіне адалдық танытады деп есептеймін.
– «Өміріңіздің, өнеріңіздің дамуына тың серпін берген қандай жағдай?» дегенде есіңізге не оралады?
– Марқұм әкем Рысқали мен шешем Майраштың өнерге жақын болғандығы өнеріме серпіліс сыйлады. Әкемнің баянмен, домбырамен айтқан әндерін бала күнімнен тыңдап өстім. Біздің үйге сол уақыттағы қазақ өнерінің қаймақтары, әдебиеттің марғасқалары келіп, қонақ болатын. 1989 жылы үйге келген кезінде Жәнібек Кәрменовтің батасын алғанмын. Сол кезде әкем «Алла амандығын берсе осы балам өзіңе оқуға барады» деп айтқан болатын. Өкінішке қарай, мен Алматыға келем дегенше Жәнібек ағамыз өмірден өтіп кетті. Сосын ұстазым – Санақ Әбеуовпен жолыққаным, үйінде бірге тұрып, баласындай болғаным, тәлім алғанымды еске аламын. Алматыда оқып жүрсем де Семейге әдейілеп, Санақ ағамды іздеп баратынмын. Бекболат ағамды да ұстазым деп санаймын. Консерваторияға түскенімде ол кісі Үкіметке ауысып кетті. Ал Алматыға келген сайын әңгімелесіп, дидарласып үлкен сабақ алатынбыз.
– Балаларыңыз өнерге бет бұра ма, әлде мүлде басқа саланы таңдай ма?
– Балалар қай салаға баратынын келешекте өздері білер. Бірақ біз олардың жақсы адам болуы үшін қолдан келгенін жасаймыз. Үлкен қызым Ләйлім мәнерлеп сырғанауға барып жүр. Сол спортты қатты жақсы көреді. Ал Хабиба болса есепке біртабан жақын. Соған қарағанда болашақта техника ғылымдарының бірін таңдайды-ау деп үміттенемін. Ал ұлым мен қызым әзірге кішкентай. Олардың қолдарына домбыра беріп, ән үйретпеймін. Бірақ өнер жолына түсемін десе, беттерінен қақпаймын.
– Елге қашан ораласыз?
– Бұйырса, қыркүйек айының соңы, қазанның ішінде келіп қалатын шығармыз. Қыркүйек айының ортасында Англияда «Маңмаңгер» жинағымның тұсаукесерін жасасақ деп отырмыз. Әзірге бұл мәселе жайында сол жақтағы елші Ерлан Ыдырысов ағамызбен ойласып, ақылдасып жатырмыз. Бәрі жақсы шешілер болса, ән жинақтың тұсаукесерін шет елде салтанатты түрде атап өтілмек.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Абай АЙМАҒАМБЕТ Дереккөз: aikyn.kz