КЕҢ ОЙДЫҢ КЕМЕЛ БИІГІ
2018 ж. 28 тамыз
5028
0
Жарылқап Бейсенбайұлы, жазушы
Халқымыздың заңғар ғұламасы, академик Әлкей Марғұлан сексеннің сеңгіріне шыққан 1984 жылы жастар газетінің тапсырмасымен ақылман ақсақалдың өз шаңырағына арнайы барып әңгімелескеніміз бар-ды.
– Ә, кел, кел, – деді академик есіктен кіріп келе жатқан мені көріп.
– Ассалаумағалейкум, Әлеке! – деп ұмтылып барып төрдегі жұмсақ диванда отырған ақсақалдың қолын алдым.
– Анау орындықты әкеліп, бері жақынырақ жайғас, – деді Әлекең.
(Шеткерек тұрған арқалы орындықты сүйрей көтеріп ғұламаның алдындағы аласа столдың бір шетіне мен де жанаса келіп отырдым. Стол үстінде шағын дәптер жатыр. Беті ширатпа араб жазуына толы. Жанында қаламсап).
Академикті 80-ге келген жасымен құттықтап, денсаулығын хал-жағдайын сұрастырып жатырмын.
– Жақсы, жақсы. Кешелері ғана ауруханада аз күн жатып келген бетім. Соңғы кездері осылайша ауық-ауық емдік курс алып қайтатын «әдет» тапқанмын. Кәрілік келгесін адам бір ауық денсаулығына да қарамаса болмайды екен. Әйтпесе осы жасқа дейін ауруханаға үйір болмаған адаммын ғой. Қазір жағдайым, көңіл-қошым жақсы. Міне, ертелі бері жұмыс істеп отырмын, – деп алдындағы дәптерді нұсқады.
– Соңғы шыққан «За рубежомды» оқыдың ба? Сонда жазған ғой. Адам бойында сексеннен асқаннан кейін еңбек қабілеті артатын кезең туады деп. Сол дұрыс. Қазіргі кезде жұмысқа ықыласымның тәуір екенін өзім де байқап жүрмін. Ісім өнімді. Содан кейін маған қарады.
– Сөйтіп «Лениншіл жастан» келдім де. Сендердің газеттеріңді жақсы білемін. Анау отызыншы жылдары оған біраз мақалаларымды да жариялатқанмын. Өзін көп жылдар бойы жаздырып алып та тұрдым. Халыққа, жастарға керек дүниелерді мол шығарасыңдар. Өзінің тиражы қанша қазір?
– 300 мыңды төңіректеп тұр, Әлеке!
– Е, талай адам оқиды екен ғой. Бір өзі қаншама жасты тәрбиелеп жатыр десейші.
– Сол оқырманға Сіздің 80 жылдығыңызға байланысты той мақала дайындау маған жүктеліп еді.
– Өзің жазасың ба?
– Иә.
– Онда әуелі саған ескертерім, бұған дейінгі көп дүниелерде мені, көбінесе этнограф ретінде басыңқырап айтып жүр. Соған қарағанда, менің екі ғылым докторы екенімді көп жұрт біле бермейді ғой деймін. 1946 жылы «Қазақ халқының эпикалық шығармалары» атты тақырыпты қорғап, филология ғылымының докторы атанғанымнан басқа, ВАК кейіннен маған ежелгі Қазақстан жеріндегі мәдениет пен өнер үлгілерін, қалалар мен сәулет өнерінің тарихын, қазақтың халық өнерін зерттеген бірқатар кітаптарым мен еңбектерім үшін өнертану ғылымының докторы атағын қорғатпай-ақ берген. Сондықтан да мен өзімді ең әуелі өнертанушымын, одан кейін Шоқанды зерттеушімін (оған қанша жылымды арнадым), сосын ғана барып әдебиетшімін, этнографпын, археологпын деп есептеймін. Осылай деп жазарсың.– Мақұл, Әлеке. Халқымызға Сіздің жан-жақты, ғылым салаларын меңгерген ғұламалығыңыз жақсы мәлім. Сіз жазған талай-талай мәйекті дүниелеріңізді бәріміз де іздеп жүріп тамсана оқимыз. Осындайда оқырман көкейінде Сіздің ғылымға қалай келгеніңізді білсек дейтін сауалдың тұратыны да анық. (Әлекең көп бөгелген жоқ. Аздап тотығыңқырап шықан майда үнмен сөйлеп кетті. Асылы, Әлекеңнен әңгіме тыңдаудан жалығу еш мүмкін емес. Аспай-саспай бірқалыпты әуенмен есілген үн әркімді де шалқыған ой дариясына бастап кетеді. Қазақ тіліндегі небір шұрайлы, ажарлы сөздерді кең қолдана отырып, шешен сөйлейтін ғұлама көпке белгісіз жайлар жайында ағыл-тегіл толқытады).
– Мені тікелей ғылымға әкелген бірден-бір адам – Мұхтар. 1924 жылы Семейде педагогикалық техникумның үшінші курсында жүргенімде, бізге сол кезде Ленинград университетінде оқитын Мұхтар Әуезов келіп әдебиеттен сабақ берді. Мұхтардың ол кездегі қияпаты қандай. Әдемі бұйра шашты, сұңқардың көзіндей сүзіле терең қарайтын тұңғиық қара көзі бар. Маңдайынан ақыл мен ойдың лебі аңқыған, жүрек сезімі романтикаға бөленген, сөйлегенде саспай, майын тамыза сөйлейтін сөзі шөлдеген адамның мейірін қандыратын тау бұлағындай, сыпайы, көркем бір жігіт. Күн сайын педтехникумға келіп, әдебиетті оқытқанымен тынбай, қаладағы әртүрлі мәдени шараларға да қатысады.
Төртінші курста оқып жүргенімде Мұхтар мені өзімен бірге тұруға шақырды. «Кінәмшіл бойжеткен», «Ескілік көлеңкесінде», «Қаралы сұлу» сияқты әдемі әңгімелерді де ол сол кезде жазды. Мұхтардың әсерімен мен де әдебиетке араласа бастадым.
1925 жылы Мұхтар Ленинградтағы оқуын қайта жалғастырмақ болды да, сол жылы техникумды бітірген маған «бірге жүр, Ленинградтың Күншығыс институтына түсесің» деді. Әдебиетке, фольклорды зерттеуге деген құмарлық жетелеп, сол жылы Күншығыс институтының түркология факультетіне түстім. Онымен қоса Ленинград университетінің қоғамдық ғылымдар факультетінің Шығыс бөлімінде тыңдаушы болып та тіркелдім.
Ол кезде бұл оқу орындарында Бартольд, Самойлович, Марр, Крачковский, Ольденбург, Бакланов, Мещанинов сынды ірі ғұламалар, жойқын адамдар сабақ береді. Мұхтардан кейін олардың тікелей әсері мені біржола ғылым жолына түсірді.
– Әрине, ғылымға келу үшін де адамның өз басының оған бейім болмағы керек. Ұлы жазушы Мухтар Әуезов Сіздің сол қырыңызды дәл таныған ғой. Демек, Сіздің бейімділігіңіздің осындай болып тәрбиеленуіне туып-өскен ортаңыз бен алған тәліміңіздің ықпал-әсері аз емес-ау.
– Ол да әбден мүмкін. Менің атам Марғұлан жас кезінде Баянауылға белгілі салдардың бірі болыпты. Ол кісінің шығарған бір-екі күйі де бар. Сол Мәкең дәстүрінің әсері болар, ауылымызда толқынды әншілер мен келісті күйшілер жиі бас қосатын. Әжем Әймен – Тәттімбеттің туысқандарының қызы, жарқын, сыпайы, ашық жүзді адам еді, немерелеріне көп үлгі берді. Әдемі ақындарды жүйрік тілмен айтып отыратын. Әкем Хақан да бала күнінде Мәшһүр-Жүсіппен Баянауыл мектебінде бірге оқыған, арабша сауатты кісі болды. Қазанда басылатын қазақ кітаптарын көп оқитын. Революциядан бұрын шыққан қазақ газеттерін алдырып оқып, терезенің алдына үйіп қоятын. Ол кісі маған бес жасымнан бастап арабша хат танытты.
Одан кейін Шідертідегі қыстауда ашылған қазақ мектебінде оқыдым. Онда қазақ ауыз әдебиетінен, қыпшақ, шағатай әдебиетінен дәрістер алдым. Сегіз жасымнан бастап Қазанда шыққан қазақ кітаптарын саулатып еркін оқуға жетілдім. Оларды әкем Қоянды жәрмеңкесінен алып келетін. Менің қиссаларды оқи алатынымды білетін ауыл адамдары төбенің басына шақырып алып, дөңгеленіп отырып маған жыр, қисса оқытатын. Олардың ішінде «Қобыланды», «Алпамыс», «Мұңлық – Зарлық», «Көрұғлы» сияқты жырлар мен дастандар бар болатын. Ауылдан екі шақырымдай жерде Қисық деген тау бар. Соның басына шығып Абай өлеңдерін жаттаушы едім.
Жастайымнан Абылайдың оң қолы, «Ақтабан – Шұбырынды» кезінде жойқын істерімен халыққа ардақты болған, менің арғы бабам Ер Олжабай туралы аңыз-әңгімелерді көп естіп өстім. Батырдан бері таратқанда Олжабайдан – Дулат, Дулаттан – Марғұлан, Марғұланнан – Хақан болып келеді. Әкем Хақан бабасының мұраларын үйдегі әбдіреде таза ұстап, қастерлеп сақтайтын. Олжекеңнің қалған әскери қарулардан көзге ерекше түсетіні – шарайна, алтын балдақты бүкір қылыш, дулыға еді.
Олар сол кездерде Омбы музейіне тапсырылған. Үйде көпке дейін сақталып келгендері – жібектен жасалған ұзындығы бір жарым метр, көлденеңі 70 сантиметрдей сары ала ту, Ғалдан – Шеріннің Олжекеңе тартқан үш жарлығы, жай шақыратын жұмыр қара тас болды. Тағы бір ғажайып нәрсе, Олжекеңнің өткен тарихта, шайқастарда не болғанын жазған «Қара кітабы». Оның ішінде Абылайдың, Бөгенбайдың, Қазыбек бидің, Амурсананың аттары кездесіп отыратын. Әттең, ең күйініштісі, Ер Олжекемнің осындай аяулы мұраларынан кейін айырылып қалдық. 1930 жылы мен Ленинградта жүргенде, қиын күндерге ұшыраған анам Нұриланы Қарағандыда шахтер болып істейтін інісі үйіне әкетпек болады да, шешем жолда дүниеден қайтып, Олжекеңнің барлық мұраларын сол кісінің басына қояды. Кейіннен анам қойылған орынды қанша іздесем де таба алмадым.
Расында да, менің ғалым болуыма туып-өскен ортамның әсері аз тимеген болуы керек. Менің бала күнімде Баянауылда құйылған ақындығымен Сұлтанмахмұт шықты. Орысша оқу қуған Әбікей, Қаныш Сәтбаевтар, Хакім Иманбеков, Жағыпар Секербаев секілді талапты жастар көрінді. Олармен қабат менің Маусым деген ағам да маңдайы жарқырап шығып еді. Ақан серінің, Жарылғапбердінің, өзімізге туысқан болып келетін Жаяу Мұсаның әндерін соншама салтанатпен орындап, толқытып күй шерткенде жан дүниені балқытатын. Әттең, жүйрік өнерпаздың бірі болып келе жатқанда 1914 жылы жиырма жасында дүниеден қайтты. Осылар тектес бір қауым жастардың әсері бізді де бозбала шағымыздан өнер, білімге ұмтылдыратын.
1914 жылдан 1919 жылға дейін Шілдертіде Хакім Иманбеков ашқан орыс мектебінде оқыдым. Оның мұғалімдері Уфадан қашып шыққан семинаристер, Омбыда, Павлодарда оқыған қазақ оқытушылары еді. Олар орысша жақсы білетін, сабақты жақсы беретін. Мектепте орыс тілі мен әдебиеті, тарих, география, математиканы оқып, бірталай білім алдым.
1916 жылдың жазында темір жол салатын орыс инженерлеріне еріп, Ірбіт қаласының маңындағы темір жол құрылысында да жұмыс істедім. Мені ертіп кеткен орыс инженері Свердлов қаласындағы гимназияға түсіруге көмектесем деген болатын. Бірақ, соғыс жүріп жатқан кез. Ақшам жоқ... Түсе алмадым. Қысқа қарай елге оралып, Хакімнің мектебіндегі оқуымды қайта жалғастырдым. Содан 1910 жылы Мәшһүр-Жүсіптің Әмен деген баласына еріп Керекуге барып, бір жылдық мұғалімдік курске түстім. Әйгілі әнші Майраның үйінде жатып оқыдым. Оны бітіргесін елге келіп балаларға сабақ бердім. Қайтсем әрі қарай оқимын деп армандап жүргенімде Әбікей Сәтбаевқа кездестім. Ол кісі сол кезде Семей губерниялық оқу бөлімінде істеп, әрі мұғалімдер курсінде сабақ беретін. «Аз біліммен қайда барасың, ілгерілеп оқығаның жөн ғой», – деді. Сол кісінің кеңесімен 1921 жылы күзде Семейге келіп, педтехникумға түстім. Содан кейін қалай Ленинградқа барып Күншығыс институтында оқи бастағанымды жаңа өзіңе айттым.
– Сіз Ленинградта Шығыстау институты мен Ленинград Мемлекеттік университетінің Шығыс бөлімінде қатар оқыдыңыз. Оған қоса Өнер тарихы институтында да лекциялар тыңдадыңыз. Үш оқу орнында сабаққа қатысудың өзі оңай емес. Бәрін қалай игердіңіз?
– Алдыңғы екі институтқа күндіз барамын. Сосын үйге келіп екі сағат демаламын да, кешке қарай Өнер тарихы институтына тартамын. Ол «Астория» мейманханасының алдында. Біз Мұхтар екеуміз Васильев аралығындағы жетінші линияның бойында пәтерде тұрдық. Монет зауытында істейтін жұмысшының үйі еді, кейін Мұхтар оқуын бітіріп кеткен соң оның орнына өзбек жазушысы Айбек келіп орналасты. Екеуміз Өнер тарихы институтына бірге барамыз. Эйхенбаум, Томашевский, Жирмунский сияқты профессорлардьщ тамаша етіп өткізген лекцияларын тыңдаймыз.
Ауық-ауық Мұхтар оқитын әдебиет факультетінің қызықты сабақтарына да барып қоямын. Олардың арасында, әсіресе XIX ғасырдың отызыншы жылдарындағы орыс романтизмі туралы әңгімелейтін профессор Сиповскийдің лекциялары аса ұнаушы еді. Ол кісі Пушкин мен Лермонтовтың трагедиялы тағдырын сондай жақсы айтатындықтан, аудиториядағы көп қыздар, келіншектер көздерінен мөлдіретіп жас төгіп отыратын. Бір күні профессор Сиповскийдің сондай лекцияларының біріне Мұхтар екеуміз қатысып отырғанбыз. Есіл-дертіміз мұғалімнің сөзінде болып ештеңе байқамаппыз. Бір уақытта қарасам, Мұхтардың шашының арасында бір қағаз қыстырулы тұр. «Мұхтар, шашыңдағы қағазды қара», – дедім. Ол: «Бұл не?» – деп алып қарап жатыр. Бір жапырақ қағазға: «Сіздің шашыңыз біздің лекция тыңдауымызға кедергі жасап отыр» – деп жазылыпты. Қызықты лекция үстінде де Мұхтардың әдемі бұйра шашы артымызда жайғасқан нұр жүзді арулардың назарын аудара берсе керек. Сөйтсем, олардың арасында өзіміздің болашақ жеңгеміз Валентина да бар екен ғой.
Ленинградта оқып жүріп көп ойланған нәрсем, ерте кездерде Қазақстан туралы не жазылды, соны зерттеп білу болды, бұл жағынан Ленинград қаласының бір аяулы жері музейлері, кітапханалары өте көп. Олар адамға білім бермей қоймайды ғой. Білім алудың қия көздері, әсіресе Салтыков-Щедрин атындағы мемлекетгік көпшілік кітапханасы, Ғылым академиясының, Күншығыс институтының, Археология институтының кітапханаларында, толып жатқан архивтерде. Бұлардың бәрі кісіге білім беретін ақыл-ой ордалары сияқты. Оларда Қазақстанға қатысты материалдар өте көп.
– Сіз 1943 жылдан Оңтүстік Қазақстан мен Жетісудағы көне мәдениет орындарында қазба жұмыстарын жүргізуге бас болдыңыз. 1946 жылдан бастап ұзақ жылдар бойы Орталық Қазақстандағы ежелгі мәдениет іздерін зерттедіңіз. Ол археологиялық қазбалардың қорытындылары көне қазақ жерінде байтақ мәдениет үлгілері болғанын бұлтартқызбай дәлелдейді.Мәселен, мына шығармаңыздан да бұл жайында талай жарқын фактілерге ұшырасамыз, – дедім де өзіммен бірге осы кездесуге арнайы ала келген «Орталық Қазақстанның Беғазы-Дәндібай мәдениеті» атты 1979 жылы шыққан жалпақ қара кітапты папкамның ішінен алып стол үстіне қойдым.
– Ә, мына кітап сенде де бар екен ғой, – деп Әлекең оны қолына алып отырып сөзін жалғады.
– Бұл Беғазы-Дәндібай мәдениеті деген ғажайып бір кеніш, сарқылмайтын мәдениет дүниесінің келісті бір түрі. Жалпы, қазақ жерінде біздің эрамызға дейінгі мың жылдықтарды қамтыған қола дәуірінің мәдениеті жойқын дамығын. Соның сәулеттік бір белгілері – қыстақтар орны, зәулім обалар, биік үңгірлер – біздің эрамызға дейінгі XI-VIII ғасырларда Орталық Қазақстандағы Беғазы өзенінің бойы мен Дәндібай ауылы деп аталған мекен төңірегінде көп сақталған. Ғылымда Беғазы-Дәндібай мәдениеті деп аталатын бұл сәулет пен өнер үлгілері бір жағынан, көне Қазақстан жерінде қола дәуірінен кейінгі көркейген алғашқы сақ (скиф)мәдениетімен сабақтасып, ұштасып жатыр. Сақтардың жойқын өнерінің бір төркіні осы мәдениеттің жарқын дәстүрлерінен бастау алады.
Кейбіреулердің көне Қазақстанда бағзы замандарда мәдениет ошақтары болмаған, қала салуды білмеген дейтіні бар. Ол қате. Ежелгі Қазақстанның байтақ жерін мекендеп, мал баққан, егін еккен, кен қазған бабаларымыздың дүниежүзілік цивилизацияға қосқан үлесі орасан көп. Ана жылы Есіктен табылған «Алтын киімді адам» да сол байтақ мәдениетіміздің сәулетті бір айғағы...
(Әлекеңнің нағыз ғылыми ерлікке лайық атқарған үлкен жұмысы – ұлы ғалым, ағартушы Шоқан Уәлихановтың өмірі мен шығармасын тыңғылықты зерттеп, бес томдық академиялық шығармалар жинағын шығаруға бас болғаны. Шоқанға қатысты бұған дейін еліміздің сан архивтерінде жүйесіз шашырап жатқан бай мұраны жинақтап, реттестіріп, баспаға әзірлеу қаншама күшті, ыждаһаттылықты, білгірлікті керек ететіні өз-өзінен түсінікті. Бес томдықты зерделей отырып, ондағы Әлекең жазған Шоқанның өмірі мен қызметі туралы тамаша очеркті, әр томдыққа жасалған тиянақты алғы сөздерді, өздері үлкен бір татымды еңбекке әбден пара-пар қыруар түсініктерді, сілтемелерді оқыған кезде нағыз ғылымға деген адалдықпен, патриоттықпен атқарылған ұлан-ғайыр іске куә боламыз).
– Шоқан бір қарағанда, Мұзды мұхитындағы айсберг сияқты тұңғиық қой. Оның бес томдығы шықты десек те ашылмай жатқан мұралары әлі де мол, – дейді Әлекең бұл жөнінде. – Шоқанның бес томдық кітабы шыққаннан кейін мен тапқан мақалалары мен зерттеулерінің өзі қазір жеке бір том құрауға жетеді. Мен олардың бәрін Ғылым академиясындағы жігіттерге табыс еттім. Келесі жылы Шоқанның туғанына 150 жыл толуына байланысты оның шығармалары қайта толығып жарық көргелі жатыр.
– Жақында Сіз өзіңіздің осы уақытқа дейін жазып біткен қолжазбаларыңызды он том етіп ретке келтіріп, жүйелеп қойды деген қуанышты хабарды естідік.
– Ол рас. Ол томдардың әрқайсысының келемі шамамен 35-40 баспа табақтай болмақ. Әрі бұл он томдыққа археология материалдары кірмейді. Алғашқы үш томы түгелдей әдебиет туралы еңбектерден тұрады. Бірінші томда түркі тектес халықтарға ортақ асыл мұралар: «Ер Төстік», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Қорқыт», «Манас» жырлары жөніндегі ойлар айтылса, екінші томына көлемі 40 баспа табаққа жуық «Қазақ халқының эпикалық шығармалары» атты докторлық диссертациям кіреді. Онда Керей, Найман, Қыпшақ, дәуіріндегі эпикалық жырлар сөз болды. Үшінші томды «Қазақтың орта ғасырдағы әдебиет жазбалары» деп атап отырмын. Ол XV-XVIII ғасырлар аралығындағы қазақ жазушыларының еңбектері туралы ойлардан тұрады. Онда Қадырғали Жалаиридің жазбалары, Бапан бидің дәптері, Өтеміс қажының шежіресі мен Шорманның Мұсасының еңбектері, шежірелері сөз болды. Төртінші томға әр кездері жазған мақалаларым кіреді. Бесінші томымды түгелдей Шоқан Уәлиханов туралы жазғандарыма арнадым. Орысша-қазақша бірдей дайындалған ол еңбек келесі жылы Шоқанның 150 жылдығына орай шығып қалар деп те отырмын. Әні-міне жарық көрейін деп тұрған үлкен еңбегім – алтыншы томымды құрайтын, түгелдей қазақтың халық өнеріне арналған үш томдық монография. Оны «Өнер» баспасындағы жігіттер әдемілеп дайындап, өндіріске жіберген. Қазір басылып жатыр. Қалған томдарымда қазақ өнері мен мәдениетінің әрқилы мәселелері: көне заман өнерінің үлгілері, таңбалы тастар мен тас мүсіндер, ежелгі архитектуралық ескерткіштер және байырғы мәдениет белгілері сала-сала әңгіме арқауына айналады. Ендігі қалауым, сол он томдықты бір баспа шығарамын деп қолға алса тым дұрыс болар еді...
(Сексеннің қырқасына шығып, қимыл-қозғалысы шау тартса да, ойы жүйрік, санасы сергек күйінде қалған, баяғының абыздарындай ақылман қариямен әңгімеміз әлден уақытқа созылды...
...Әлекеңмен қош айтысып, үйден шыққаннан кейін Кіші Алматы өзенінің бойымен жоғары өрлеп жүріп келемін. Қолымда – халқымыздың заңғар ғұламасының ыстық алақанының табы мен қолтаңбасы түскен кітап, көңілде – телегей-теңіз ой дариясы іспетті шежіре жанның әңгімесінен алған көл-көсір әсер).
qazaquni.kz