Бекжан Тұрыс: ӨМІР ЕСТЕЛІГІМЕН ҚЫМБАТ
2018 ж. 28 тамыз
5127
0
...Қарияның дауысын салып Салиха апайға хабарласқаным Әнуар ағама қатты ұнап қалды, білем, енді ол кісі Уайыс ағама хабарласу керектігін айтып, «жөн сілтесін».
Бұл жолы – ауылдан келген «кемпірмін». Мұндайда ауылымдағы шешелерімнің аты аузыма оңай ілінетін. Нөмірді теріп, ар жақтан тұтқаның көтерілгенін күтіп тұрмын. Шолпан апай сәлемімді құлықсыз алды. Уайыс ағам үйде жоқ көрінеді.
– Келін, айналайын, ауылдағы Сапихан апаңмын мен. Әлгі осында оқитын жүгермек оқудан шығып қалып, соған келдім. Уайыс қарағым «тлипонның» нөмірін өзі беріп, көмектесетінін де айтқан соң, сонау жақтан осында кеп... Вокзалда тұрмын.
– Барлығына Уайыс жүгіреді деп ойлайсыздар... Балаңыздың үйіне бармайсыз ба? – деп салды ол.
Шолпан апайдың ренжитін жөні бар. Сол жылдары Уайыс, Құман, Мейірман ағаларым Алматының «паспорты» болатын. Біреуміздің танысымыз милицияға түсіп қалса да, ауылдағы біреудің баласы оқудан қуылса да, енді біріміздің жерлесіміз емтиханнан құласа да, ағаларды сүйрейтін едік. Осы ағаларымның араласуымен, әйтеуір, кез келген келеңсіздік оңтайланып реттеле кететін. Шолпан апайдың жақтырыңқырамай тұрғаны да содан.
– Ол жүгермек оқудан шығып қалды ғой. Құдай-ай, 80-нен асқанда елдің алдында жүрген азаматқа сеніп үлкен қалаға қайдан ғана келіп едім, енді қайда барам? Барар жер, басар тауым да жоқ, құдай-ай... Оны да қойшы, өздеріңе деп, ана баланың мұғалімдеріне деп екі ірі қараның етін қапқа сап әкелген едім, оны қайттым, – деп, шынымен, кәдімгідей жыладым.
Көз жасым «араласып» діріл қосылған дауысым жүрегін жібітті ме, әлде етті ауызға алған соң ойы өзгерді ме, Шолпан апай да бағанағыдай емес, тұтқаны қоюға асықпай, сөйлесетін ыңғай танытты. Мұнысын сезген мен жыламсыраған үнімді үдете түстім. – Тұра тұрыңызшы... Қай вокзалда тұр едіңіз? – деп сұрады ол. – Қайдан білем, шырағым! Пойыздан түскенім осы... – Қасыңыздағы біреулерден сұрасаңызшы, – дегені сол тағы да сол Жарқын ағаны қасыма шақыра сап, жағдайымды «түсіндірген» болып жатырмын. Тұтқаны қайтадан қолыма ұстатқанша асыққан ол күлкіден булығып әрең тұр. – Сіз ешқайда кетіп қалмай, сол жерде күтіңіз, апа! – деген Шолпан апайға ешқайда кетпей күтетінімді айтып, телефонды қойғаным сол, ағаларымның «ха-ха-халаған», «хи-хи-хилаған» дауысы кетті дейсің ғимаратты жаңғыртып. Әбден күлдік. Артынша Уайыс ағамның үйіне қоңырау шалдым. Бірақ тұтқаны сол күйі ешкім көтермеді... Театрдағы лифтінің қасында кішкентай қуыс деуге де, алаңқай деуге де келмейтін шағын жер бар. Әнуар ағам сонда тұр екен. Амандасып, қал сұрасып жатырмын. Маған риза кейіппен қарайды. Енді ше, Салиха апайдың «құдаларға» деп асқан етін жеп, әріптес достар арқа-жарқа болып, әңгімелесіп қайтты ғой күні кеше. Бір кезде... Уайыс ағамның төбесі көрінді. Қабағы салыңқы, дұрыс ұйықтамаған секілді. Масқара-а-а! Кеше әзілдеуін әзілдеп үйіне қоңырау шалғаныммен, артынан ескертуді есімнен шығарыппын ғой. Звондауын звондағам, бірақ үйінде болмаған сыңайлы, қоңырауға ешкім жауап бермеген. Қап! Енді қайттім! Әнуар ағаға «ештеңе айтпаңызшы» дегендей ымдап үлгердім. Әдеттегідей амандық-саулық сұрасып жөнімізбен кеттік. – Ай, Бекжан, ана ағаң әбден уайымдапты. Сонау І вокзалға барып Сапихан апасын іздеп сандалыпты. Шолпан дұрыс түсінбеген болар деп «Алматы-ІІ» вокзалына, одан «Сайран» автовокзалына барып табанын тоздырыпты күні бойы. Екі күннен бері дұрыс ұйықтамаған екен тіпті. Шолпанмен де сөзге келіп қалған көрінеді, – деді сәлден кейін Әнуар ағам кезіккенде. – Ойбай, аға, мен екенімді айтпаңызшы. Ренжітіп алатын болдым ғой, – деп енді мен алаңдайын. – Айтпаймын, – деді Әнуар ағам. – Бірақ көріп тұрсың ғой, Уайыс ағаңның көңіл күйі жоқ, бар бірдеңе алып келмесең болмайды, ауызбастырық бер маған, – деуді де ұмытпады. Айтқанын орындап, сұрағанын әкеп бердім. Арада бірер апта өтті. Уайыс ағамның жайын Әнуар ағамнан біліп жүрдім. – Бір апта болды дұрыс ұйықтамағаныма. Сапихан деген апаны есіме түк түсіре алмадым. Екі вокзалды да шарлап шықтым сол күні. Үйге кеп Шолпанмен ренжістім. Тіпті потрульдік тәртіп сақшыларына да кіріп, жағдайды түсіндіріп айттым. Мені іздеп жүрген апа табылса, хабарласуларын өтініп адресімді қалдырдым. Ауылда болғанда қызды-қыздымен біреуге уәде берген болып тұрмын ғой, әйтпесе, сонау жақтан адам маған сеніп келе ме? Енді елге қай бетіммен барам? – депті Уайыс ағам. «Кең болсаң, кем болмайсың», – деп қолында барды шашып жүретін ақеділ ағамның алдында бұрынғы қысылғаным қысылған ба, мұны естігенде өзім қиналдым енді. Сапихан «екенімді» айтып мойындайын десем, қорқам тағы. Сөйтіп, біраз күн өткен... Мұхтар Әуезовтің «Қилы заманында» Уайыс ағам – Ұзақ батырды, мен Жаңабайды ойнайтын едік. Қойылымның алдындағы ағам алдымнан шығып: – Қал қалай-ей? – деді. Байқаймын көңіл күйі жақсы. – Жақсы аға, – деп жауап беріп, жанымнан өтіп бара жатқан Уайыс ағама, не түлен түрткенін білмеймін, Сапиханның дауысына салып: – Әй, айналайын Уайыс, етіңді алып кетпейсің бе? – дегенім сол... Уайыс ағам артына бүкіл денесімен бұрыла қарады. Демде өңі бұзылып: – Өй, енеңді! – деп бір боқтап алды да, тез басып жүріп кетті. Ашуланғанын да, ренжігенін де бірден сездім. – Ағатай, кешіріңізші! Тоқтаңызшы! – деп артынан еріп келе жатқанымды Әнуар ағам да көріп, не болғанын түсіне қойды да, бізге ілесті. Уайыс ағам қайырылмаған күйі бөлмесіне кіріп, есігін ішінен іліп алды. Жалынғаныма құлақ аспады. Өкпе-реніші орынды. Ішім алай-дүлей болып аңыртылып тұрғанымда Әнуар ағам енді коньякқа жұмсасын.
– Звондатқызатын – өзіңіз, ауызбастырық сұрап, енді коньякқа жұмсап, – деп бұрқылдаған күйі айтқанын тағы орындадым. Жақсы көріп сыйлағаннан да ағалардың айтқанын екі етпеуші едім. Жалпы, сол уақыттарда үлкен мен кішінің арасындағы сыйластықтың жасандылығы жоқ еді, үлкеннің айтқаны табиғи түрде орындалып жататын. Ешқандай есеп болмаушы еді арада...
Артынан Уайыс ағам осыны рақаттанып өзіме талай айтып беріп еді. «Өй, енеңді!» – деп кейде ашуға ерік беріп, кейде еркелетіп өзімсінетін кеңпейіл ағалардың орны бөлек еді. Сол ағаларымның бәрі бақилық болды. Ендігі жерде осы оқиғаның көзі тірі куәсі – «кластас» деп әзілдеп, не ұйымдастырса да қалдырмай шақырып жүретін Асқар Наймантаев құрдасым мен Жоламан Әмір ағам аман болсын!
Бекжан Тұрыс, Қазақ үні