БІР ТАЛ ӨРІК
2018 ж. 21 тамыз
7304
0
(Ұлмекен Жаналиеваға арнаймын. Авт.)
Ұлмекен. (Кейіпкердің жас шағы). Суретті салған автор.
Содан бергі арада жиырма жылдан аса уақыт өтіпті. «Өзі, тұзы жеңілдеу адам едім, ұмытып кетпеңдер мені!» деген сөзі құлағымда әлі тұрғандай... *** «Қасқыр мен журналисті аяғы асырайды» дейді. Әзілмен айтылса да, шындығы басым. Тілші ретінде кең-байтақ елдің түкпір-түкпірін талай араладық. О заманда біздің де әрбір «жортуылымыз» түрлі шырғалаңға толы болушы еді. Ойлап отырсам, іссапар кезінде пойыздан, тіпті, ұшақтан кешігіп қалған сәттер де бар. Жастық албырттық, алаңғасарлық... Ақымақтық... Дәуіріміздің де ауаны ара-арасында сондай ойқы-шойқылау ма еді; әйтеуір, «тоқырау» деп аталған кезең мен одан сәл беріректегі тұстардың жақсылығымен қатар, расында да, кейбір қисық-қыңырлау «салт-дәстүрі» жоқ емес-ті. Бірақ, обалы не, жүктелген тапсырманы мейлінше жоғары деңгейде орындап қайтуға тырысатынбыз. Майдан даласында алғы шепте жүрген жауынгердей, өл, тіріл, діттеген жұмысты дер шағында және қалайда биік деңгейде атқару міндет саналатын. Жә... Әңгімені басынан баяндайықшы.
О кезде республикалық «Қазақстан мектебі» журналы бас редакторының бірінші орынбасарымын. Басшымыз Сайраш Әбішқызы әлдебір жиында Қызылорда облысының сол кездегі су жаңа әкімі Бердібек Сапарбаевпен кезігіп қалады да, аймақ жетекшісі бұ кісіден басылымның бір нөмірін өлкенің білім саласына арнауға қолқа салады. Апай «жарайды, мұндай ұсынысқа қуана келіскеннен басқа қандай қарсылық болуы мүмкін» деген секілді. Жаңылмасам, бұл 1996 жылдың маусым-шілде айларының бірі. Сонымен, асай-мүсей керек-жарақты сайлап алған белгілі фототілші Зейнел Үйсінбай екеуіміз материал жинап қайту үшін жүрдек пойызбен Қызылорданы бетке алып жөнеп бара жаттық. Күн ыстық. Қарғаның миы қайнайды дейтіндей аптап. Ығы-жығы жолаушы да мұнша көп болар ма; купелі вагонның ұзын дәлізінде ерсілі-қарсылы жөңкілген жұрт аяғы талайға дейін басылмады. Бір сәт отарба тамбурына желпінуге шыққан екі журналист алдағы шаруа төңірегінде ақылдасып тұрдық. Тапсырма әжептәуір салмақты еді. Кезінде республика астанасы болған тарихи өлкеден, кемінде, үлкенді-кішілі жиырма-отыздай мақала әзірленуі қажет. Сапасы жоғары суреттер түсірілуге тиісті. Межелеген оншақты күн арасында біздің келе жатқанымызды біліп, күтіп отырған әкімнен бастап, өзге де кейбір лауазымды адамдардан, жетекші-педагог мамандардан, білікті ұстаздар қауымынан сұхбат алынады. Қатардағы мұғалімдердің портреттері кестеленеді. Сол жоспардың ауызша нобайын түздік. Ел ішіне барғанда өз-өзімізді қалай ұстаймыз деген мәселеге де «шолу» жасалды. Басты сұрақ: «Ішеміз бе, жоқ, ішпейміз бе?». Менен едәуір ересек Зейнел ойлы көзбен тіктеніп, сынай қарап: – Ағайынды екеуіміз қосыла ләйліп алсақ шаруа жайына қалады. (Екеуіміз де Қарағанды облысының тумасы едік). Елден ұят. Абыройдан айырыламыз... Ал ішпесек тағы болмайды, онда да іс ақсайды, – деді сенімді түрде. – Сондықтан шөлмек жағына ақырындап біреуіміз ғана жуысайық. Мен де жағдайдың «күрделілігін» түсініп тұрмын: – Онда қайтеміз... Үлкенсің ғой, сенің ішкенің жөн. Зекең күмілжіңкіреді. – Жоқ, – деді содан соң. – Сақалды басыммен стақанға жармасып отыруым онша жараса қоймас. Қайта, мұндайда жолдың кішіге берілгені қисындырақ. Еркелеп жүре бересің. Ештеңе етпес. Сөйтейік. Ал мен Алматыға қайта оралғанша арақ-шараптан татып алмаймын. Иә, сөйт. Сен іш... Осылайша көңілді сәл жайлап алып, жатар орнымызға қарай беттедік. – Жаңағы байламға тоқтадық қой сонымен? – дедім мен купеге кіре бергенде сөзді біржола «бекітіп» алу ниетімен Зейнелге күле қарап. – Уәде ме? – Уәде! – Ендеше ренжімейсің. Серігім мәз болып қолын сілтеді: – Мейлің... «Іздегенге – сұраған» дегендей, бізбен көршілес екі жігіт «шөлдеңкіреп» отыр екен. Олармен тез тіл табыстық та, біраздан кейін әңгімеміз жарасқан үшеуміз кітабын құшақтаған Зекеңді оңаша қалдырып, аздап «сусындап» қайтпаққа вагон-ресторанға тарттық. Көлігіміз Қызылордаға дейін бір тәуліктен аса жүретін секілді. Кішкене уақыт өткізейік дестік. Жаңа таныстар әр нәрсені айтып, ұзақ бөгелгендейміз. «Кешіміздің» соңы осы жігіттердің дастархан басында жолыққан достарының вагонында жалғасқан. Олардың жайы тіпті түпте көрінеді, дөңгелектері тасыр-тұсыр етіп, алға қарай ырғатыла, аршындай жүйткіген составпен қоса теңселіп, қабырға жағалап, оншақты вагон тізбегін ендей өтуге тура келді. Одан тура сондай жолмен кештетіп кері қайтқан соң да отырысты түн ортасы ауғанша өз купемізде қыздырдық. Қаншалықты шектен шықпауға тырысқанмен, масайған адамның жағдайы белгілі ғой. «Құжыраға» бір кірдік, бір шықтық, дөңгелектер әуеніне қосылып әндеттік... арасында дауластық, даурығып күлдік – мұның бәрі Зейнел ағамның берекесін алыңқырағаны түсінікті. Әйтсе де, әрине, жалпы тәртіпті, жауапкершілікті ұмыта қоймайсың. Одан соң бұл мүлде ойсыз, бос далақтау да емес, мұндайда қаламгердің өмірді зерттеу процесі де жүріп жатады. Бір кезең дүниеге өзге «ракурстан» қарап, өзіңді көптен толғандырған түрлі сұрақтардың жауабын іздей жүресің. Түрлі құбылыстардың нәзік қалтарыстарына бойлай түсесің. Қым-қуыт тартыстар сыры безбенделеді. Кейде әңгіме үстінде белгілі бір жәйтке қатысты өзің ғұмыр бойы білмей келген шындық көріністері сойған малдың қарнындай «ақ май-көк май» болып жайрап, ақтарылып та түседі. Журналист машығындағы осындай үдеріс кейде бейсана түрде де жалғасады. Бірақ бұл жағдайыңның мәніне көп ешкім тереңдей қоймайтыны анық; сондықтан аса ауа жайылмай, тізгінді тартыңқырайсың... Таңертеңіне мыңғы-дыңғылау күйде оянған соң, қой, ойбай, ертерек жинақталайық деп атып тұрып, сабын-сүлгіні алып, әжетханаға қарай аяңдадым. Кешегідей «тірлігің» үшін іштей қысылып та қоясың. Өзіңді біртүрлі кінәлі сезініп, пұшаймандау хәлге түсесің. Зейнел орнында жоқ, бұрынырақ тұрып кеткен сияқты... Әжетхана есігін ашсам, серігім қоқырайған бұйра-бұйра бурыл шашын тарап тұр екен. Енді ғана жуынып-шайынып болған беті секілді. Ештеңеге ұрынбай жақсы тыныққан адамға қандай рахат. Көз жанары шырадай жанып, жүзі жайнап, әйнектей мөлдіреп тұр. Дегенмен, мені байқағанда кілт сұстана қалды. – О-о, Зеке! Таң атпай тұрып кетіпсің ғой! – «Ұялған тек тұрмас» демекші, әйтеуір бірдеңе айту «парыз». – Немене, шашыңыз бозғылт тарта бастаған ба? – деймін әзілдеген түрмен аузыма түскен сөзді ойланбастан қойып қалып. Зейнел бүкіл ашуын көзіне жинап, маған іргедегі үлкен айна арқылы сонша зілдене қарайды: – Кешеден бері осы шаштың тең жартысын сен ағарттың! Не дерімді білмей ыржия берсем керек. Жүрегі жұмсақ ағам маған орын босатып тұрып, аяды ма екен, кенет түсін жылытып, «өй, жының құрғыр, нақұрыс-ай!» дегендей бас шайқап, қулана күлді. Сәлден соң мен де асықпай реттеліп, қырынып, тісті де ұзақ ысып, иіс су себініп, купеге оралдым. Одан бірер шынаяқ ыстық шәй ішіп, жан шақырдық. Қағаз-қаламды дайындап, ойды да жүйелеп, жұмысқа ыңғайлана бастадық. Дегенмен, арасында гудогін аңыратып, желмен жарысқан алып отарба доңғалақтарының дүбірі ұлы сәскеге дейін жалғасты. Әлден мезгілде шағында Ақмешіт атанған үлкен шаһарға да келіп жеттік-ау. Мұнда да күн шыжып тұрған секілді. Перрондағы елден көз сүрінеді. Мен сол жаз еңбек демалысына шығып, күнге қатты күйген едім. Онсыз да қоңырқай адам, қап-қара болып тотығып алғанмын. Тікірейген шашымның қалыңдығы бір елідей ғана. Кеудемде қаракөк түймелі ақ көйлек. Көзде – қара көзілдірік. Қызылшырайлы Зейнелдің кигені жасыл гүлді қысқа жең жейде. Қалың, толқынды көкшулан шашы бұрқырап, жан-жағына маңғаз қарайды. Ығы-жығы жүргіншілер арасынан екі әйел мойындарын созып, қол бұлғап, бізге қарай ұмсына ұмтылды. Күтіп тұрған адамдар сияқты. – Журналдансыздар ма? – деді алғаш жеткен бикеш ентігіңкіреп. – Иә, иә... – Бәсе, айттым ғой, Алматының адамдарын анадайдан танимыз. Қош келдіңіздер! Сыңғырлай күледі. Көмекшісін ертіп шыққан Әлима Әбдіхалықова апайымыз екен. Мәншүк Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық колледжінің директоры. Жатын орнымызды сол оқу орнының жатақханасынан сайлапты. Шопыр жігіт шағын екі сөмкені көлігіне салып, өзімізді отырғызып алған соң сонда тарттық. Жолшыбай түрлі сұрақтарымызды қоюға кірістік. Директор аталған колледжде кезінде әйгілі әншілер Бақыт Әшімова мен Мәдина Ералиева, белгілі мемлекет қайраткері Шәмша Беркімбаева, атақты ақын Надежда Лушникова оқығанын мақтанышпен жеткізді. – О-о-о! – деп таңырқамасқа лаж қалмайды. Кейбір ақпарат дүр сілкінтеді ғой. Расында да, қазақтың көптеген көрнекті тұлғаларының осындай құбатөбел білім шаңырақтарынан түлеп ұшқанын ескере қоймаймыз... Бөлмемізге кіріп, заттарымызды тастаған соң көп бөгелмей Бердібек Сапарбаевтың қабылдануына жөнедік. Ерте күнді кеш қылмай, іске кірісуге асыққанбыз.
Әкім Бердібек Сапарбаев дәл сол сәтте.
Әкім мені бірден шырамытты. Бекеңмен мұның алдындағы жылдарда біршама уақыт Президент Аппаратында жұмыс істеген тұсында, одан Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинеті Аппаратының жетекшісі болған кезінде жиі ұшырасатынбыз. Жүзтаныс. Мен онда «Жас алаш» газетінің Саясат бөлімінде істедім де, мемлекет басшысы өткізген мәслихаттарда Бердібек ағамыз лауазымды қызметкер едім демей-ақ, тілшілердің арасында қасы-көзі мойылдай болып, монтиып қана отыратын сыпайы жігіт-ті. Жанары жарқылдап, ерекше қуанышты жүзбен: – О, сен бе бұл келіп қалған... Мұнда қашан келіп едің? – деп орнынан тұрып құшақтай алды. – Бүгін... жаңа ғана келдік қой... – Жоқ, «Қазақстан мектебіне» – деді. – Е-е... Бір жылдай болып қалды. Келген шаруамыз түсінікті. – Жарайды онда, – деді. – Көрерміз. Жұмысқа кірісе беріңдер. Мән-жайға қанық әкімнің көмекшісі біз үшін қажетінше қысылмай жүріп-тұратын машина даярлап қойғанын айтты. Сыртқа шықсақ, «Ақбоз ат менің тұлпарым» дегендей, аппақ «Жигули» автокөлігін көлденең тартқан жүргізуші жігіт пен бір сымбатты әйел адам күтіп тұр. Таныса келсек, Ұлмекен Жаналиева, Тереңөзек аудандық Оқу бөлімінің меңгерушісі көрінеді. (Кейін білдім, Ұлекең о кезде қырық бес-қырық алтылар шамасында екен. Ал біздің отыз жасты орталаған шағымыз). Жергілікті ахуалды жақсы білетін жолбастаушы ретінде белгіленген адам екенін біліп, қуанып қалдық. Шынында, бұ кісі жұмысымыздың жартысын атқарып та қойған сияқтанды. Бізді әкімшілік ғимаратына алып келген колледждің автомашинасын босатып, «өз» көлігімізге жайғасқан соң осы апайдың көмегі арқылы қай мекемеде кіммен жолығамыз, қандай нысан қамтылады дегендей, бүкіл іс жоспарын енді жазбаша түрде нақтыладық. Істі алдымен қаламен жапсарлас жатқан елдімекендерден бастау ұйғарылды. Ал облыс орталығындағы білім шаңырақтарын кез келген сәтте аралап үлгереміз деп шештік. Әлден мезгілде тақтайдай сайраған асфальт жолдың апшысын қуырып, діттеген межелердің біріне қарай зауылдап бердік. Ұлмекен тәтеміз бірден баураған. Журналист те пенде баласы, қаншалықты алғыр едім дегенмен, сыртқа шыққанда танымайтын жердің ой-шұқыры көп, аздап абдырайтын сәттер де кездеспей қалмайды. Сондайда ежелден таныс-біліс адамдай бүкпесіздік байқататын Ұлекеңе қамқор әпкеңе жолыққандай үйірілмей қайтесің. Сабырлы дауысы, нық сөз саптасы да көңілге берік сенім ұялатқан. Әрбір қимыл-әрекетінен мол парасат, ақыл лебі сезілетін жанның армандай биік тұлғасы көрінгендей болды. Көліктің алдыңғы орындығынан ара-арасында артқы жақтағы қос тілшіге бұрыла қарап, кейбір кәперде ұстайтын жәйттерді пысықтап, түсіндіріп қояды. Алтын жиекті көзәйнегі күн сәулесіне шағылысып, жалт етіп қараған сайын алға тартқан әлдебір үміт отындай жетелейді. Өзінің ұтқыр әзілі де жоқ еместей. Барған жеріміздің бәрінде жұрттың Ұлмекен Шанайқызын хан көтере құрметтейтінін аңғардық. Қайда келсек те, алдымыздан құрақ ұшқан топ кісі мен мол дастархан күтіп тұрады. Бірақ мұнда ішіп-жеп, думандатып қайту үшін келген жоқсың; көл-көсір ілтипатқа іш жылығанмен, аздап қысылыңқырайды екенсің. Үй иелеріне «ниеттеріңізге рахмет, әйтсе де, мұншалықты ықылас артықтау шығар» деген емеурініміз іске аспады. Жеті-сегіз күндей уақыт ішінде зор іждағат еш ортаймады. Кейде, тіпті, бір күнде үш табақ етке бата жасаған кезіміз бар. Әйтеуір, осындай жүздесулерде бірнеше маманмен сұхбаттасып үлгеріп отырдық. Үстелде, әлбетте, жеміс-жидек, көкөніс арасынан мойындары қылқиған шөлмектер жылтырайды. Зейнел достың: «Ішпесек тағы болмайды» деуінің мәнісі – мұндайда жоғарыдан арыз тексеріп келген уәкілше қабағың кіржиіп, сіресіп отырсаң сөздің қиюласа қоймайтыны мәлім. Кейіпкерің ашылмайды. Ал сен жарқын пейілді жайып салып, арқа-жарқа сөйлесіп, ел қатарлы «өңеш жібітуге» кіріскен беттен-ақ әңгіме ауаны өзгеріп сала бермекші. Алматыдан шығардағы «шартқа» сәйкес ауыл-үй иелерімен рөмке түйістіріп, «дәм» тата бастаған мен «бұралқы сөз күлуге жақсы» дегендей, арагідік атты-бұттылап, тосын бірдеңелерді айтып қалып отырамын. Жағалай жұрт ду-ду күледі. (Бұл, бір жағынан, кәсіби «қулыққа» жататын әдісіміз). Ұлекең де мұнымды теріс көрмеді: – Дұрыс. Ішімдегіні тап деп сызданып, кісімсімей, осылай ашық, батыл болған жақсы! – деп қоштау білдірді. Зекең сөзінде тұрған. Қаздиып, жан-жағына екі шекеден кезек қарап, ішкілік дегенді ғұмыры татып көрмеген «пірәдар» кейпінде жүр. Ел жағдай мәнін қайдан білсін, мені «е, мына қатқан қара өзіміздің адам екен. Бұдан ешқандай қауіп жоқ» дегендей жайылып түседі. Ал қосулы кішкене қара диктофон «жарықтық» түк білмегендей, тымпиып, өз жұмысын мүлтіксіз атқарып жатады... Мол дастархан кешкісін жатақханаға жеткен соң да жалғасқан кездер ұшырасты. Бір күні Зейнел екеуіміз кезекті «жорықтан» кейін бөлмеде отыр едік, телефон шырылдады. Тұтқаны көтерсем әлдебір ер адам: – Амансыз ба? Сіз бәленше емессің бе, тілдесуге болар ма екен? – деп атымды атайды. «Аллау, мұнда мені кім тануы мүмкін?!» деп ойран-асыр болдым. Ақмешіт еліне алғашқы сапарым еді. Сөйтсем, қоңыраулатып тұрған – майор Ерболат Жүсіпов ағамыз. Жергілікті жазушы. Ұзақ жылдар Ішкі істер саласында қызмет еткен адам. Кезінде «Жалын» журналына детектив жанрындағы хикаяттары жиі жарияланатын-ды. Сол күні Сырдария ауданының әкімі Оңалбек Сәпиевке соққанбыз. Біздің жүргенімізді сол кісі айтыпты. «Құлтөлеу келді. Қара тастан қашаған қалақтай ғана жігіт екен. Өзі ептеп қызыңқырап алыпты. Дегенмен, оқасы жоқ; мұндай жігіттер сондай болады ғой!» – деп күліпті. Оңекеңмен сырттай таныспыз, әрине. Аты-жөнімізді баспасөз арқылы біледі. Тілдесіп болған соң Ерболаттың өзі де жетіп келіп, Зейнел екеуімізді қоярда-қоймай үйіне алып кетті. (Бұ кісінің шаңырағындағы кездесуіміз жеке бір әңгімеге татиды). Қысқасы, іссапарымыз осындай күндіз-түнгі «меймангершілік» арқылы ақырын жылжып жатты. Әр үстелден бірлі-жарым стақаннан татқанның өзінде «бірқыдыруға» барып қалатының белгілі; шаршаңқырайсың. Сөйтіп, ақ «Жигулиге» жайғасып, қиыр дала, қиян жондар арқылы бір ауылдан екінші елдімекенге аттанған кезімізде артқы жақ орындыққа шалқая отырып алып, «мызғуға» кірісемін. Терезе саңлауынан қарсы соққан ерке жел лекілдей желпіп, жаға-жеңді жұлқылаған кезде ақырындап көзімді ашып, кірпік астынан жол жиегіндегі күріш алқаптарын шолып қаламын. Арасында қалың зират тұсынан өтеміз. Ондайда ескі әдет бойынша бет сипайсың. Қасымда қатар отырған Зекеңе қылжақ керек, бұл қылығыма бас шайқап, үнсіз ұзақ күледі. Анда-санда оның сұрақтарына жауап қатып отырған Ұлмекен апайдың әңгімесі құлаққа жетеді. Екі кішкене ұлмен отыз жаста жесір қалыпты. Жолдасы Бертай отыз төрт жасында көз жұмған. «Бәсе. Ұлекең айтарын айтып салатын өр мінез, бетті көрінгенімен ұяңдығы да жоқ емес сияқтанып еді. Табиғатында күрделі тағдыр ізі жатыр екен-ау» деп толғанамын. Есте қалған айрықша көріністің бірі – Қызылорданың қыздары керемет сұлу екен. Қайран қалдым. Кезінде қатар оқыған қызылордалық құрбыларымыз да бар еді. Бірақ дәл мұнша таңырқатқан емес. «Қыз Жібектің құрметі... жиһаннан асқан сәулеті» дегендей, шараптың әсерінен бе, бейіштің хор қызындай арулар көздері мөлтілдеп, бірінен-бірі өтіп, сиқырдай арбады. Тіпті, бір мезет басым айналып кетті-ау деймін. Зейнелдің де сыр бергісі келмегенімен, аңырып, тіл-жақтан айрылғанын байқаймын. Әлгіндей отырыстарда әзілдеп: – Мынандай аймаңдайларды Алматыға жібермейсіздер-ау, ә?! – дегенімде атан өгіздей бір жігіт жамбастап жатып ыржия күліп: – Иә, ол өтірік емес. Анау Шымкенттің жігіттері-ақ әрі асырмайды. Жолда алып қалуға тырысады, – деді. Ұлмекеннің кейпінен сол сұлулардың кемелденген, толысқан, сындарлы тұсын көргендей болар ең. Бірақ о кісінің сөз орайында «мен әдемі емеспін» деп қалғаны еске түседі. Кішіпейілдікпен айтты-ау деп түйгенмін. Әлде көріктің де кейде салыстырмалы нәрсе екенін еске салғаны ма екен. Сыртқы ажар мен жан әлемі сәтті үйлессе нағыз сұлулық деген, бәлкім, сол шығар. Осыны ойлаған мезгілде аққұба жүзі алабұртып, сызылтып ән салды: – Көктемдей құлпырған, Ерекше нұр тұлғаң. Есімнен кетпейді Жанарың нұр тұнған... Нұр тұнған, сыр тұнған, Бір сырдаң, бір бұлғаң. Жолыңда болсамшы, Апыр-ай, мен құрбан... Жүректің тұңғиық тереңінен сыр үзгендей әсем үн жан тербеп, қиял қанаттандырады. Ертелі-кеш шабылумен жүрдік десек те, жұмыс арасында бір мезгіл осындай да ғажайып әсерлерді бастан кештік. Сол секілді жұлдыздары самсап, ақ самалы лекіген түнгі Қызылорданы тамашалауға да уақыт тауыппыз. Әйтеуір, өстіп жүріп, діттеген міндетімізді біртіндеп еңсергендей едік. Алматыға аттанар шақтағы шәй үстінде Ұлмекен маған салалы ақ саусақтары майысып, салфеткамен әдемілеп сүртіп, бір тал өрік ұсынады. Сол сәт көзіме қолындағы өріктің етін сүйегінен айырып, немересі Жәбраһилдің аузына салатын Абайдың кескіні келіп еді. Мен осынау дәмді Ұлекеңнің кіршіксіз ниетінің, зор құрметінің белгісіндей қабылдадым. – Өзі, тұзы жеңілдеу адам едім, ұмытып кетпеңдер, ә?! – дегенді дәл сол кезде айтты. Атаусыз қалмайын деген тілек қой. «Жоқ, ұмытпаймыз! Неге ұмытамыз!» деген сөзді дауыстап жеткізбесем де, әлгі өрікті ала беріп, көзім бақырайып бас изеп едім. Істі аяқтап, астанамызға да қайттық. Зейнел осы күндерді көпке дейін «жыр» қылып айтып жүрді. – Мына жынды көліктің артқы жағында қалғып отырады. Жолда төбешік немесе бір бұта ұшырасып қалса, алақанын жайып дұға жасайды, – деп жолдастардың ішек-сілесін қатырады. Күні бүгінге дейін кездесіп қалғанда: – Әй, қанымды іштің-ау сонда! Сенімен бірге жеті күнге Қызылордаға барғанша, жеті жыл Колымада жүріп келгенім жақсы еді! – деп көзінен жас аққанша шиқылдап күледі. Журнал шықты. Ұсақ заметкалармен бірге отыздай мақала жарияланған. Бірақ оның ішінде Ұлмекен Жаналиеваның аты жоқ-тын. Бұ кісіден сұхбат та алмаппыз. Жұмысқа зор қолғабыс тигізгені үшін арнайы алғыс айтпақшы едік, облыстық Білім басқармасының жетекшілері қоңырау шалып: «Ой, неғыласыңдар! Бір адамды жеке-дара атау ыңғайсыз ғой. Басшылық дұрыс түсінбей қалуы мүмкін» деп қарсылық білдірді. Қайтерімді білмей көп қиналдым. Сөйтіп, о кісі туралы алдағы сандардың біріне бөлек дүние дайындармын деп өз-өзімді жұбатқанымды білемін. Бірақ сол «даярлық» жиырма екі жылға созылыпты... Таяуда Көк базарға соққанмын. Саудагерлер тегін беретін кісіше, сонадайдан қол бұлғап шақырып, өрік-мейізін нұсқап: «Келіңіз! Алыңыз!» деп бәйек болады. Самсаған жеміс көз алдыма Қызылорда сапарын әкелді. Ұлмекен апай еске түсіп, қатты қысылдым. Расында, мен о кісіні ұмытқан жоқ едім. Қалай ұмытасың!
Құлтөлеу МҰҚАШ Алматы
qazaquni.kz