"Сарыарқа" газетінің 45 жылдық мерейтойы аталып өтті

"ӘР ЖОЛЫНДА - ЕРДЕННІҢ ЕСТІ СӨЗІ, ӘР БЕТІНДЕ - ҚАНЫШТЫҢ ҒҰЛАМА ОЙЫ!"

Кәдімгі күнделікті тірлікте көріп жүргеніміздей, алты алашқа ат шаптырып, той жасамақ түгілі, үйге қонақ шақыру да оңай емес. Алғашқы шығарылымы 1973 жылғы 12 сәуірде жарық көрген бұрынғы "Жезқазған туы", қазіргі "Сарыарқа" газетінің ұжымы қырықтың қырқасына енді ғана көтеріліп жатқанына қарамастан тәуекелге бел буды, жылдың басынан-ақ биылғы жыл газеттің мерейтойы тойланатын жыл екенін оқырманына жариялады. Сол тойды көп болып жоғары деңгейде қалайша тойлауға болатындығы жөнінде ой қосуларын да өтінді. Өтінішке құлақ асқандар да, жүре тыңдағандар да, тіпті, мүлдем естімей қалғандар да болмай қалған жоқ. Мұның өзі заңдылық, өйткені, әркімнің өз шаруасы, өз ұстанымы, өз мінезі бар дегендей.. "Той тағылымды болуы керек, тарихты тірілтіп, жоғалтқанды жаңғырта білгені жөн". Газет осындай ұстаным ұстанып, өзінің әрбір дерлік шығарылымында естелік мақалалар жариялап отырды. Сөйтіп, газеттің өн бойынан тойдың тынысы сезіліп тұрды. Сол естеліктер топтамасы Астана қаласындағы "Кәусар" баспасынан 12 баспатабақ көлемінде "Ақпарат айдынында "Сарыарқа" ("Жезқазған туы") газетіне - 45 жыл" деген атаумен кітап болып жарық көрді. Алыс-жақыннан тойға жиналған қауымның әрқайсына сыйланған сыйқалтаның ішіндегі ең басты сыйлық та - осы кітап болды. 45 жыл аса көп уақыт болмаса да, айтатын әңгіме, шертетін сыр таусыла ма? "Сарыарқа" ("Жезқазған туы") газетінің бүгінге шейін жүріп өткен жолының бәрі дерлік кітапқа енген мақалалармен шектеліп қалады деуге мүлдем болмайды, тіпті, солай ойлаудың өзі - қисынсыз. Бұған кітап дайын болып, баспаға беріліп қойғаннан кейін де газет бетінде жарияланып жатқан естеліктер куә. Алдағы уақытта да " менің де айтатыным бар еді" деп қалам тербегісі келетін оқырмандар, газеттің бұрынғы қызметкерлері кездесіп жатса, құба-құп. Газет мұндай мақалаларды әрқашан қуанышпен қабылдап, жариялап отыратын болады. Сонымен, шыңылтыр аязы бет қаратпайтын қытымыр қаңтарда елге жар салып, жария етілген "Сарыарқаның" 45 жылдық мерейтойын ресми түрде атап өту жанға жайлы тамылжыған тамыздың 6 - жұлдызына тура келді. Тойға жан-жақтан жиналған құрметті қонақтардың құшақтары ең алдымен С.Сейфуллин атындағы қалалық әмбебап кітапханада қауышты. Неге? Газеттің тойы неғып редакцияның өз шаңырағында басталмады? Қазақта әруақ деген қастерлі де қасиетті ұғым бар. "Әруақ аттаған оңбайды" дейді халық даналығы. Той қарсаңында газетте бұрын қызмет істеп, дүниеден көшкен тұлғалардың отбастарына, туған-туысқандарына хабарласып, тойдың ішінде болуға шақырту жіберілгені де сондықтан. Мүмкін, кейбір кісілердің мекенжайлары табыла қоймағандықтан, хабар тие қоймаса, бұған кешіріммен қараған да абзал. Ең бастысы, әруақтар газеттің қазіргі ұжымының өздерінің рухтарына деген адалдығын сезіне білсе болғаны... Газеттің алғашқы толқын аға буынының арасындағы шоқтығы биік тұлғалардың бірі Марал Хасен болатын. Ол кім еді? Әрине, бұрынғылар білер, дегенмен, бүгінгілердің де біле жүргені дұрыс. Ендеше, Мәкең туралы бірер сөз. 1945 жылы өмірге келген Марал Сағынтайұлы табиғатынан аса талант иесі еді. Ол журналист, жазушы, публицист, аудармашы бола білді.1973 жылы Жезқазған облыс болып құрылып жатқанда, облыстық газетке жауапты хатшының орынбасары болып қызметке келді.1974 жылы Ақадыр ауданы ашылғанда жаңа аудандағы жоқ газеттің шаңырағын көтеріп, қазақ және орыс тілдерінде шығатын қос газеттің тізгінін он төрт жыл бойы жалғыз ұстады. Осы жылдары оның тек журналистік, ұйымдастырушылық қабылеттері ғана жарқырап көрінген жоқ, ол өзінің керемет аудармашы екендігін де танытты. Ол үшін қазақшадан орысшаға, орысшадан қазақшаға тәржіма жасаудың түк те қиындығы болмайтын. Егер оның аудармаларының ағымдағы ақпараттар емес, әлемдік деңгейдегі жазушылардың шығармалары екенін ескерсеңіз, М.Хасеннің қандай деңгейдегі аудармашы болғанын әрі қарай айтпасақ та болатын шығар. Ол Нобель сыйлығын алған әлем жазушыларын қазақ тілінде сөйлеткен адам! Міне, 45 жылдық мерейтойға жиналған "сарыарқалықтар" осындай тұлғаны еске алып, оның өзі өмірден өткен 2016 жылдан кейін жарық көрген кітаптарының таныстырылымына жиналған еді. Кеш барысында ардагер журналистер Қасым Орынбетов, Амандық Рахұлы, аймағымызға танымал ақсақалдардың бірі, қарт геолог Сұлтан Сүтбаев пен ғалым, ақын Кенжебай Ахметов Марал Хасеннің шығармашылық һәм адами болмыс-бітімі туралы естеліктерін ортаға салды. Әдемі кешті белгілі әнші Ғалым Мұхамедин әнмен әрлеп отырды. Көпшілік кітапхана ұжымының М.Хасеннің шығармашылығына арналған «Шеберлік пен кемелдік иесі» деген кітап көрмесін тамашалады. Жазушының жары Рымбала тәте Кенжебайқызы өткенді еске алып, әруақты ардақтап, арнайы кеш өткізуге мұрындық болған газеттің, кітапхананың ұжымына жүрекжарды алғыс сезімін білдіріп, кітаптар тарту етті. Кітапханадан шыға салысымен мұнда жиналған көпшілік қаланың Ілияс Есенберлин көшесіндегі, 63 -үйді асыға бетке алды. "Асыға" дегенді әсірелеп айтып отырғанымыз жоқ, шыны солай? Неге? Ол үйде тойшыл қауымды қандай салтанат күтіп тұр еді? Ескіден жеткен ескі аңызда Жиренше жыртық-жыртық күркесіне келіп ұзынынан түсіп жата кеткенде, таршылық еткені соншалық , жарықтықтың аяғы табалдырықтың арғы жағынан бір-ақ шықса керек. Сонда да Жиренше бабамыз "ай-хай, менің өз үйім, кең сарайдай боз үйім" деп бір рахаттанып қалған екен. "Сарыарқа" газетінің ұжымы да баспана мәселесінен көп қиындық көрді.Отыз жылға жуық ордасына айналған ғимаратынан танауының астынан арғыны көре алмайтындар әкім болған кезде бір-ақ күнде айрылды да қалды. "Жекешелендіру" деген сылтаумен қазақтілді газеттің отырған шаңырағын қазақшадан мақұрым әлдекімнің қанжығасына байлады да жіберді. Сөз арасында айта кетейік, сондай әкімді де аяқ-қолын жерге тигізбей мақтайтындар да баршылық. Аймақтағы ұлт руханиятының бір ордасын шаңырағынан айырған адамды қалай ғана мақтап, мадақтауға болады? Жә, бұл бөлек әңгіменің тақырыбы. Сол қиянаттан соң, жиырма жылдан аса қаланың біресе ана бұрышын, біресе мына бұрышын жағалап, жетімнің жадау күйін кешкен "Сарыарқаның" 45 жылдық мерейтойында өзінің дербес ғимараты болмаса елдікке сын болатын. Газеттің қалтасы - жұқа. Бірақ, солай екен деп қол қусырып отыруға болмайтын еді. Бұл ретте газет басшысының ұсынысына қала басшысының оң түсіністік танытқанын айрықша атап өтуге тұрарлық. Соның нәтижесінде, "Сарыарқа" той қарсаңында аталмыш мекенжайдан өзінің дербес кеңсесін ашты, бейнелеп айтқанда, өз шаңырағын көтерді. Бұл газеттің бүгінгі ұжымын ғана емес, бұрынғы қызметкерлерін, оқырмандарының кереметтей қуанышқа кенелткен болатын. Бұған дейін де барып көргендері жол бастап, көрмегендерінің көңілдері өз аяқтарымен өздері жарысып "Сарыарқаның" шаңырағын асыға бетке алғандары содан еді. Орталыққа жақын жерден орын тепкен ғимарат көптің көңілінен шықты. Газеттің мерейтойымен құттықтауға және жаңа кеңсе орталығының ашылу салтанатына қала әкімі Қайрат Баяндыұлы Бегімовтің өзі келгені оның руханиятқа деген көзқарасын танытқандай болды. Қала тізгінін ұстағанына соншалықты көп бола қоймағандықтан, оның әр қадамына халықтың сынай қарап отырғаны анық. Қаланың, тіпті, берісі аймақ, әрісі республиканың зиялы қауымының алдыңғы легінен көрінетін тұлғалар жиналған орта араларына әкімнің өзі арнайы келіп, шынайы көңілмен жылы лебіз білдіргеніне ризашылықтарын жаудырды. Ал, қала басшысының жаңа ғимараттың көрімдігі ретінде компьютер сыйлағаны газеттің осы заманға сай жұмыс істеуіне қажетті жағдай туғызудың бір жолын қарастырғаны деп қабылданды. Қарт журналист Қасым Орынбетов құттықтау лебізін алдағы уақытта шешімін табуға тиісті мәселеге аударды. Бұл - баспахана мәселесі. Ал, оның тек "Сарыарқа" газетіне ғана емес, аймақтағы барлық газеттерге де қатысы бар зәрулік екені рас. Ардагер айтқан сөз жерде қалмайды деп үміттенейік. Қазақ поэзиясындағы айшықты орны бар ақын, республикалық "Жұлдыз" журналының бас редакторы Ғалым Жайлыбай "Сарыарқаның" тойына сонау Алматыдан ат арылтып әдейі келуі сүйсінерлік және басқаларға үлгі болуға тиісті. Ол өз сөзімен айтқанда, "он бес жасында елге ақын етіп" танытқан газетінің мерейтойына деген тілегін жыр жолдарымен жеткізді. (Өлең газетте жарияланып отыр - авт.) Жаңа ғимараттың ашылу салтанаты қазақы жолмен ақын Ізтөлеу Түсіповтің арнауымен басталып, қала басшысының, ардагер журналистің, ардакүрең ақынның ақ тілектеріне жалғасқан соң, ресми түрде лента қию салтанатына ұласты. Бұл салтанатты орындау құрметі қала әкімі Қайрат Баяндыұлы Бегімов пен ардагер журналист Аманжол Үсеновке берілді. Күмбірлеген күй ойнап, шашу шашылып, ел біткен мәре-сәре болды да қалды.

Қарашаңырақтың жаңа шаңырағындағы алғашқы дастархан қала басшылығы мен ардагер журналистерге, газеттің тұрақты авторлары мен жанашырларына арнап жайылды. Ақ тілектер ақтарылды, өткен күндер еске түсті. Дастархан басында көптен көріспеген жандардың арқа-жарқа қауқылдасып отырғандарына қарап тұрып, баспанаға қолы жете алмай жүрген жандардың әңгімелесе қалғанда неліктен "шіркін,өз үйің-өлең төсегің болғанға не жетсін?" дейтінін түсіне түскендейсің. Сағыныштары басылмаған салтанат иелері шаңырақтағы дастарханнан соң "Керуен" тойханасына бағыт алды. Неге? Бекзат Алтынбеков. Бұл есім қазіргі кезде республикаға танымал. Облыстық мәслихаттың депутаты. Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық филиалы төрағасының қоғамдық негіздегі орынбасары. Және тағы басқа лауазым, атақтары бір атанға жүк боларлық Бекзаттың ең басты ерекшелігі - оның биік адамгершілігінде, барын жұртпен бөлісе білетін Атымтай Жомарт жүрегінде. Өзі де журналистер ортасынан шыққан Бекең "Сарыарқаның" тойын толықтай өз міндетіме аламын" деді. Сол сөзінде тұрды, көңілін дастархан етіп алдымызға жайып салды. Дастархан басындағы ресми салтанаттағы алғашқы құттықтау сөзді қала әкімінің орынбасары З.Ж. Ақылбекова алды. Зина Жұманазарқызы газет ұжымын, ардагерлер мен авторларды, оқырмандарды мерейтоймен құттықтап, жаңа шығармашылық табыстар тілеп, қала әкімінің Құттықтау хатын табыстады. Тойға дайындық барысында арнайы мерейтойлық медаль жасалған болатын. Газет ардагерлеріне бұл марапатты З.Ж.Ақылбекова табыстады. Ал, марапат иелерінің арсында кімдер болды дейсіз ғой?! Газеттің тұңғыш шығарылымына қол қоюшылардың бірі, яғни, редакцияның алғашқы жауапты хатшысы Қасым Орынбетов, Халықаралық "Алаш" сыйлығының иегері, "Жұлдыз" журналының қазіргі бас редакторы Ғалым Жайлыбай, көптеген жылдар бойы бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары болған, Кеңес дәуірінде газеттің мемлекеттік марапаттамаға ие болған бірден-бір қызметкері яғни, "Еңбектегі ерлігі үшін" медалімен марапатталған Балтабек Әбеу, "Сарыарқаға " келгенге шейін де газеттің бүге-шүгесін жақсы білгенімен, бірақ, "Сарыарқадағы" еңбек жолын қатардағы әдеби қызметкер болудан қайта бастап бас редактордың бірінші орынбасары қызметіне дейін көтерілген, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, газет ұжымы арасынан Жезқазған қаласының Құрметті азаматы атағын иеленген бірден-бір қызметкер Көбейсін Еңсебаев, "Сарыарқа" газетіне 45 жыл болса, ол кісінің журналистік жолына 47 жыл толған, аймақ журналистері арасынан Қазақстанның Құрметті журналисі атағының тұңғыш әрі әзірге бірден бір иегері Батырбек Мырзабеков, қарым-қабылеті "Сарыарқаның" қабырғасында шыңдалған, аймағымыздағы ең алғашқы тәуелсіз " АСУ" газетінің бас редакторы болған Шахмұрат Ибадатұлы, газетке телевидениеден келіп, көптеген жылдар бойы тілші, жауапты хатшы қызметтерін атқарған Аманжол Үсентегі, облыстық "Сарыарқада" тілші, бөлім меңгерушісі, кейін қалалық "Сарыарқада" бас редактордың орынбасары, бас редактор болған, "Сарыарқаның" үзіліп қалған жылнамасын қалпына келтіріп, қайта жалғастырған, Қазақстан Республикасы Ақпарат саласының үздігі атағының аймағымыздан шыққан алғашқы иегері Амандық Рахұлы, Халықаралық "Сорос" қоры жариялаған "Жүректен-жүрекке" байқауының "Сарыарқадан" шыққан тұңғыш әрі бірден-бір жеңімпазы, бірнеше жыл газеттің бас редакторының орынбасары болған Сара Смағұл, "Сарыарқа" газетінің белді де беделді тілшісі бола жүріп бай тәжірибе жинақтаған соң орыстілді газеттерге қазақша материалдар жариялауға жол сала білген Сағынкүл Жантурина, "Сарыарқаның" қабырғасында жүріп тұрмысқа да шыққан, зейнеткерлікке де шыққан Бақыт Еркебұланова, "Сарыарқаның" санаулы сұлуларының арасындағы сәуледей жарқыраған Сәуле Нүрекенова, машбюроның "маршалы" атанған Базар Жолдыбаева, қанша айтсаң да мақтауға сөз жетпейтін Мәкен Үсенова, ең алғашқы қате тергіштердің, яғни, корректорлардың бірі Сәрсен Махамбетова, интернеті жоқ заманда газетті телетайп арқылы дүниемен жалғастыра білген Райхан Серікбаева болды. Ардагерлер атынан Көбейсін Еңсебаев пен Батырбек Мырзабеков құттықтау лебіздерін жеткізді , ризашылықтарын білдірді. - Бұған дейін де әртүрлі "темір-терсекті" кеудемізге тақтық қой, бірақ, біз үшін мына мерейтойлық медальдің орны бөлек. Бұл - біздің "Сарыарқа" газеті үшін көп жылғы төккен теріміздің өтеуі. Медаль бізге сонысымен де ыстық - деген Батырбек Мырзабековтің сөзі марапат иелерінің бәрінің көңілін дөп басып, ойларынан шықты. "Сарыарқа" - Жезқазған - Ұлытау өңіріндегі қазақ журналистикасының қарашаңырағы. Қарашаңырақтың қазіргі кезде есімдері елге кеңінен танымал болған, мақтаныштарына айналған, еліміздің әр қиырында жүрген қарлығаштары да жетерлік. Олардың бір тобы той төрінен табыла білді, ал, кейбірінің әртүрлі себептермен жолдары түспеді. Дегенмен, олардың бәрі де мерейтойлық медальмен марапатталды. Өздерін өкшелеп келе жатқан іні - қарындастарын марапаттау ардагер журналист Қасым аға Орынбетовке тапсырылды.

Қаскеңнің қолынан медаль алу құрметін ҚР Мәдениет қайраткері, Ақпарат саласының үздігі, ҚР Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, «Шабыт» шығармашылық орталығының директоры, журналистика саласына маман даярлау ісіне атсалысып жүрген ұстаз, атажұртына Мұңғұлия елінен оралғанда алғашқы еңбек жолын "Сарыарқа" газетінен бастаған Қуандық Шамахайұлы, 80-жылдардың ортасында алғашында студент ретінде тәжірибеден өтіп, КазГУ-ді бітірген соң жүрек қалауымен жолдама алып, "Сарыарқаға" жас маман ретінде келген, кейін аймаққа танымал атпал азаматқа айналған, республикалық "Азат" қозғалысының Жезқазған облыстық филиалының төрасы болған, Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайына аймақ журналистері арасынан қатысқан бірден -бір делегат, қазір Шымкент қаласынан шығатын республикалық "Дөңгеленген дүние" газеті бас редакторының бірінші орынбасары Аманғали Әбуов, газеттің бұрынғы жауапты хатшысы, белгілі қаламгер, қазір Тараз қаласында тұратын Мақұлбек Рысдәулетов, өндірісті өлкенің тыныс-тіршілігін көрікті етіп кесте тіккендей сипаттап беретін қабылетімен дараланған, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, республикалық дәрежедегі бірнеше байқаулардың жүлдегері һәм жеңімпазы, қазіргі кездегі облыстық "Орталық Қазақстан" газетінің Балқаш өңіріндегі меншікті тілшісі Әлібек Әбдіраш, сөзі мірдің оғындай өткірлігімен ерекшеленген, Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының иегері, қазір Астанада тұратын, газеттің бұрынғы тілшісі Рәзиға Әшеева, танымал ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, қазір Алматыда тұратын, газеттің тілшісі, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшысы қызметтерін атқарған Ибраһим Бекмаханов, редакцияның техникалық жұмыстарын тап-тұйнақтай етіп орындауы арқылы басшылардың, мінезінің кеңдігімен көпшіліктің сүйіктісіне айналған, қазір Қарағанды қаласында тұратын Гүлбаршын Ахтамберлина, "Сарыарқаға" 90- жылдардың бас кезінде келген, бүгінде аймақтағы айтулы журналистердің бірі Абдолла Дастанов иеленді. Марапатталғандар атынан Қуандық Шамақайұлы сөз сөйлеп, атажұртқа оралған алғаш еңбек жолын бастаған газет ұжымының өзіне ыстық екендігін айтты. Ол кәдесыйын жасады. Газеттің тағы бір ардагері Көбейсін Еңсебаев аймағымыздан шыққан алғашқы айтыскер ақындардың бірі, кезінде "Сарыарқа" газетінде мәдениет бөлімінің тілшісі болған, қазіргі кезде халқымызға танымал жазба ақын, республикалық жыр мүшайларының әлденеше дүркін жеңімпазы, бірнеше кітаптың авторы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Жезқазған қалалық "Тілтану" орталығының директоры Ғазиз Ештанаевқа, "Сарыарқаның" қазанында қайнап-піскен, көптеген жылдар бойы газетке басшылық жасаған, журналистер арасындағы облыстық "Алтын сұңқар" сыйлығының Жезқазған-Ұлытау өңірінен шыққан тұңғыш иегері Төлеш Асантегіне, газеттің бұрынғы тілшісі, "Сарыарқаның" газетінен шыққан тұңғыш кәсіпкер, қазіргі "Дидар" телеарнасының директоры Базарбай Әлеуханұлына, газеттің штабы саналатын секретариаттың жұмысын кезінде шыркөбелектей айналдырған, "Сарыарқада " жинаған бай тәжірибесінің арқасында елордамыз Астана қаласында шығатын республикалық басылымдарға еркін кірігіп кеткен Бибаят Үсеноваға, "Сарыарқа" газеті редакторының бұрынғы орынбасары, қазіргі "Орталық Қазақстан" газетінің Жезқазған - Ұлытау өңіріндегі меншікті тілшісі, ақын Ахат Құрмансейітовке, "Сарыарқаның" бұрынғы қатетергіштерінің бірі, яғни, корректоры болған Сарбиназ Сайдалинаға, бүгінгі қатетергіші Бикен Есенбаеваға, "Сарыарқада" шыңдалып, сыннан өткен сарбаздарының бірі, қазіргі кезде Сәтбаев қаласындағы "Шарайна" газеті сардарларының бірі, яғни, "Шарайна" газетінің бас редакторы Ізтай Белгібайға мерейтойлық медаль табыстады. Газеттің тұрақты авторлары мен жанашырларына мерейтойлық медальды газет басшысы Дархан Мұқанның өзі табыстады. Олардың қатарында бұрынғы Жезқазған облыстық "Қазақ тілі" қоғамы төрағасының орынбасары , Ұлытау ауданы әкімінің орынбасары, газеттің ғана емес жалпы руханияттың жанашыры, қазір Астана қаласында тұратын, бірақ Жезқазғандағы "Сарыарқаның" тұрақты авторларының бірі, саясаттанушы Кенжеболат Жолдыбай, аймағымыздағы журналистердің ақсақалы, Ұлытау ауданының Құрметті азаматы, "Сарыарқаның" тұрақты авторы һәм жанашыры Мағзұмбек Машайықұлы, өзін әрқашан "журналистпін" деп есептейтін азамат, ҚР Мәдениет қайраткері, "Сарыарқаның" бұрынғы тілшісі, қазіргі Ұлытау ауданының әкімі Әнуар Омар, қазаққа танымал әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, Тайжан Қалмағанбетов атындағы филорманияның әншісі, газет жанашыры Ғалым Мұхамедин, өлкенің, аймақтың шежіресін кеудесіне жинаған, қарашаңырақ Қарсақбайдағы тұрақты авторы әрі жанашыры, 1973 жылғы 13 сәуірде шыққан алғашқы шығарылымын редакцияға әкеліп тапсырған Тоңболат Мұқанұлы, аймағымыздағы руханияттың тұрақты демеуші, басқасын айтпағанда "Сарыарқаның" 45 жылдық той салтанатын толықтай өз міндетіне алған белгілі кәсіпкер Бекзат Қомарұлы, өндіріс саласында жүріп "Сарыарқаны" жарнамалаудан жалықпайтын әрі газеттің тұрақты демеушісі Бекзат Үмбетов, газеттің бұрынғы қызметкері, қазіргі жанашырларының бірі Асылхан Сәдуақасов, газеттің тұрақты авторы, бөз көмегі болмаса да, сөз көмегін аямайтын ақкөйлек азамат , ақын Ізтөлеу Түсіп болды. Сөз орайы келгенде, әнші Ғалым ағамыздың әлденеше мәрте ән салып, тойдың салтанатын асырғанын айрықша атап өткеніміз орынды болмақ.

Қазақстан Жазушылар одағының Жезқазған филиалының директоры, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Жезқазған-Ұлытау өңірінен шыққан Қазақстанның Құрметті журналисі, Ұлытау ауданың Құрметті азаматы, ондаған кітаптардың авторы және көптеген жыр бәйгелерінің жүлдегері, "Ұлытау және Ұлт" журналының басшысы Батырбек Мырзабеков мерейтойлық медальды газеттің қазіргі басшысы Дархан Мұқанға табыс етті. Ұлытаудан келген қарт журналист Мағзұмбек Машайықовтың да газет басшысын құрметтеп, үлкендік жол көрсетіп, той үстінде иығына шапан жапқаны да жарасымды болды. Әрине, той тілеулестердің ақ тілектерімен мәнді де сәнді. Күллі қазаққа "даридай" атымен атағы жайылған айтыскер, Ұлытау ауданының Құрметті азаматы Мұқаш Сейтқазинов, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы, ақын Мұса Тілеуов, аймағымызға танымал даңғайыр жырау Мұқаш Қожахметов, ақын, драматург, ф.ғ.к. Кенжебай Ахметов той төрінен табылып, ақ тілектерін айтып, арнау жырларын оқып, текті сөздің төресі -термені төгілтті. Ақпарат айдынында адал бекелестік болғанмен бақталастық болмайды. Соның айғағындай "Сарыарқаны" мерейтойымен алыс-жақындағы ақпарат құралдарының өкілдері де құттықтай келіп, тиісті сый-сияпаттарын жасады. Астанадан келген "Кәусар" баспасының директоры Қуат Құрмансейітов, облыстық "Орталық Қазақстан" газеті бас редакторының орынбасары Қуаныш Аманқұлов, "Қазақмыс" корпорациясы ЖШС Жезқазған аймағы бойынша баспасөзбен байланыс жөніндегі менеджері Ардақ Құлжанбекова, "Жезказганский вестник" газетінің бас редакторы Эльвира Алпанбаева, Сәтбаев қалалық "Шарайна" газетінің директоры Нурия Ильясова, бас редакторы Ізтай Белгібай, "Подробности" газетінің бас редакторы Н.Барбутко құттықтады. Көптен күткен той да өтті. Тойға толымды табыстармен келген газет бір кездері өлмеудің қамын ойлаумен жүретін ауыр күндерді кейінге қалдырып, енді жасампаз істермен жалғасқан өрлеудің жолына түскенін байқатты. Көпшілік газет ұжымынан бірлікті тірлікті аңғарды, соған қуанды, сүйсінді. Ендігі міндет - сол сенімге селкеу түсіріп алмау. Тойдан түйген түйін -осы.

Абдолла ДАСТАНОВ,

(Жезқазған аймақтық "Сарыарқа" газеті, 10 тамыз, 2018 жыл).