Мырзан Кенжебай: Қазақ тобырлық мәдениеттің табынушысына айналды
2018 ж. 11 тамыз
6578
1
Көңіліңізге келсе де айтайық. инвестор тарту деген сылтаумен мұнайын, газын, жерасты, жерүсті байлығын сатып, тарихи жергілікті ұлтының тілін қажеті жоқ тілге айналдырып, аузынан емшек сүті кетпеген сәбиінің уылжыған жас миына үштілдік деген уды құйып әлемдегі озық мемлекеттердің қатарына кірген ел не о заман, не бұ заман тарихында болған емес. Мұндай саясатты ойлап тапқан тек Қазақстан басшылығы ғана және оны қазаққа ниеті түзу, қазаққа ішкі пиғылы дұрыс адам «ойлап тапқанына» күмәнданудың еш айыбы жоқ.
Мұнайды қойыңызшы, мұнай көбейсе қазаққа құдай көбейеді екен, одан да тілді ғана айтыңызшы. Әлемдегі ең озық, ең қуатты елдерді былай қойғанда ауылы аралас, қойы қоралас көрші Өзбекстан мен Түркіменстанның өзі ең әуелі өзбектің, түркіменнің ұлттық тілін, ұлттық мәдениетін мемлекетінің ең басты идеологиялық қаруы етіп-ақ аштан қатып, көштен қалып жатқан жоқ. Қытайыңыз да, орысыңыз да ғасырлар бойы басына қандай зауал шақ туса да ұлттық мәдениетін, ұлттық тілін аман сақтап қалуды бірінші күн тәртібіне қойып келгенін тарихтан оқып отырмыз. Ал 2000 жылға жуық алты әлемнің түкпір-түкпіріне шашырап кеткен еврейлер ше? Олар қай әдіспен болса да әйтеуір 1947 жылы мемлекетін құрып ала-салысымен ең әуелі еврейдің ұлттық мәдениетін, ұлттық тілін, ұлттық салт-дәстүрін қалпына келтіруді, қазекеңше ұрандатып айтсақ «Рухани жаңғыруды» бірден қолға алды. Сөйткен алақандай ғана Израильдің ішкі, сыртқы саясатымен бүгінде әлемнің алпауыт елдері санасады. Ендеше тілі орысша шыққан, бір ауыз сөз жазса, оны да орысша жазатын Қазақстан Республикасы деп аталып кеткен елде соңғы 27 жыл бойы қандай, кімнің мәдениеті, кімнің тілі салтанат құрып келеді деп ойлайсыз? Мұндай сұрақ қоюға неге мәжбүр болып отырмыз?
Өйткені, Қазақстан билігі ғасырлар бойы біресе патшалық Ресейдің, біресе Кеңестік Ресейдің табаны астында ұлттық мақтанышынан, ұлттық ерекшелігінен айрылған тілі шұбарланып, орыс не істесе соны істейтін, орыс қалай сөйлесе солай сөйлеп, солар не ішсе соны ішіп, ең күшті, ең білгір ұлт та солар деп ұлттық санасы әбден тапталып қалған қазақты оятатын не бірде-бір қаулы-қарар, не бірде-бір заң қабылдаған жоқ. Керісінше......
Керісінше, қазақ жері мен байлығы басқа елдерге де ортақ, инвестор болып келіңдер де алыңдар деген даңғой, дарақы ұран тасталғаны аз болғандай күндердің күні болғанда төлқұжатта (паспортта) ұлтын көрсетудің қажеті жоқ, «қазақстандық» деген ұлт құрамыз деп біраз шалабын шайқағандар шықты. Қай ұлтты да бір Алла тағала ғана жасай алатынына биліктің тас төбесінде отырғандардың көзі жетті ме (әй, қайдам ау!), әлде өздерінен күші басымдау біреулер бір жерін ашып күлді ме, қайдам ол сөз бүгінде көп айтылмайтын болды. Енді қазақ басшылары оның орнына «біртұтас ұлт», «біртұтас ұлт мәдениеті» дегенді шығарды. Бұл жымысқы саясатсымақ, қай құрлықтың адамы екенін айыру мүмкін емес әлдебір ұлт өкілінен некесіз туған тілі алашұбар біреуді тамағын тоқ қылып, орыстың арағын, ағылшынның вискиін, қытайдың жун-жунын қазақтың қымызына қосып беріп әнші еместерді әнші қып, көзі жыпылықтаған сайқымазақты телеэкранға шығарып той-тойлатып қоюдың бір амалы ғана. Басқа түк те емес.
Бүгінгі қазақтың осындай тобырлық мәдениетке табынушыға айналғанын қазіргі үйлену, қыз ұзату сияқты той-томалақтарынан, тіпті бақиға аттанған адамды жерлеу үрдісіне (традициясына) қарасаңыз да ап- анық көресіз. Сенбесеңіз, келін боп түсіп жатқан қыздың омырауы қос анардың ұшына шейін, арқасы беломыртқасына шейін ашық-шашық көйлегіне қараңыз. Ал оның біресе күйеуімен, біресе тойға келгендермен қосыла секіріп билегеніне, ешкімнен қымсынбай шамадан тыс мәз-мәйрам жүріс-тұрысына қосыла қол соғып отырған жасы әлдеқашан 70-тің желкесіне мінген, 80-нің белортасына кеп қалған қазақтың кәрі-құртаңдары ше? Солар дір-дір қаққан қолына шарап (не арақ) толы шыныаяқты ұстап тұрып сөз сөйлейді, оны өздері бата бердік дейді. Ол ол ма сол кәрі-құртаңдар әрі-берідесін қос қолын аспанға көтеріп, тәлтіректеген аяқтарымен жерді тепкілеген болып билей бастайды. Сосын атасы аузын арандай ашып келінінің қасық толы тортын асап жатқаны қандай жиркенішті десеңізші. Одан соң «тост» көтеру басталады. Бірінен соң бірі сөз алғандардың бәрінің айтары «қане, ағайын сол үшін алып қояйықпен» аяқталады. Шымшық сирақ рюмкаларды ауыз бен дастархан арасына бірнеше рет «сапарлатып» алған кейбіреулер енді «Горько, горько» деп айғай салады. Со бойда күйеудің еріндері мен қалыңдықтың еріндері желімше жабысып, алай-дүлей сүйіс басталады. Бұл да бізге орыстан келген мәдениеттілік. Бұл тойлардағы бүкіл рәсім орысша ішу, тамаданың грузинше, армянша анекдот айтуымен, батысша аласұрып билеуімен, қалтасы қалыңдардың әнші еместерге, сөзі мас адамның сандырағындай бірнәрселерді айтқызып, соларға мыңдап доллар бергеніне мәз болумен өтеді.
Абзалы осының бәрін мәдениет дегеннен гөрі өзінен үстем, күші басым ұлт не істесе соны істейтін, солардың тілінде сөйлейтін, солар не ішсе-соны ішіп, солар не жесе соны жейтін «Құлдық мәдениет», яғни, өзгеге бағнышты топтың, тобырдың мәдениеті деуге әбден болады. Бүгінгі қазақ өзі де, сөйлеген сөзі де құлдықтан арылмаған, тобырлық мәдениеттің тобына айналғанын о дүниелік болған ата-анасының, бауырының басына қоятын құлпытасты да орысша «памятниктен» тәржімелеп «ескерткіш» деп жүргенінен- ақ көресіз.
Бүгінгі қазекеңнің марқұм болған адамды о дүниеге жөнелтіп салуының өзінен-ақ орысқа еліктеушіліктің және басқа да тобырлықтың неше атасын көресіз. Бұрынғы коммунистер қайтыс болғанда оның мүрдесінің қос қапталында қарына қызыл шүберек байлаған «қарауылдар» сапқа тұратын еді. Қазір бізде елге танымалы бір тұлғаны бақиға жөнелту рәсімінде қарына көк шүберек байлағандар тұратын болды. Осының өзінен-ақ біздің ұлтшылдығымыз, қасиетті дінімізді қадірлеуіміз тек сырт киімімізді, қарымызға байлаған шүберекті өзгерткен, бірақ баяғы қызыл өкіметке, «ұлы орыс халқы» деген халыққа адал берілген құлмінез екенімізді көрсетіп тұрған жоқ дей аласыз ба? Бұл да кеше ғана Мәскеуге адал қызмет еткен, бүгін сыртын ғана өзгертіп билікті тағы да қолдарына алып алғандардың ойлап тапқан сайқали саясатсымағы.
Оны да қоя тұралық. Ал сіз о заман да, бұ заман не қазақтың, не басқа мұсылманның жерленіп жатқан өлі дененің қасында тұрып ап сұңқылдап, өлең оқығанын көріп пе едіңіз. Көрмесеңіз бұл да бүгінгі қазақтың жаңа мәдениетінің бір бөлшегіне айналды. Осыдан біраз бұрын бір әскери қолбасшы марқұм болғанда Жазушылар Одағының бір өкілі «бүлінбеген жерім едің, тілінбеген төрім едің», «қабағымен ай ұстаған», «қиындықты кесіп өткен», біресе «ту ұстаған далам», біресе «құрыш сынды ғалам», «Алаш ойлы заман» едің дегендей қисынсыз, бейпәтуа сөзге толы өлең оқыды. Ол өлеңсымақты өзін аға газет деп атайтын газет жариялады.
Исі қазаққа есімі белгілі ақын апамыз дүниеден өтті. Сонда еліміздегі ең жасы үлкен қарттың бірі ғой деп сөз берілген ақсақал марқұмның бұрын бір жігіті болғаны, содан кейін бұл марқұм күйеуге тимей дүниеден өткені туралы «баяндап» берді. Ал телеарналардың сол ақын апамыз туралы түсірген жобалары нағыз ток-шоу болды. Жүргізуші жігіт жиналған жұртқа бір минут түрегеп тұруға пәрмен беріп, бәрі саптағы сарбаздай қақиып қатты да қалды. Біреулер сөз сөйлеп апамыз өзіне «Шабыт» фестивалінің дипломын тапсырғанын, үйіне келгендерге ол кісі асты мол қып пісіргенін айтып жатты. Оны да қоя тұрыңыз! Сол кездері, яғни сол кісінің жамбасы жерге тимей жатып М.Мақатаевтың оған арнаған өлеңін қосып отыруды әдетке айналдырды. Біле-білген адамға бұл да әлдебіреулердің Мұқағалиды ана жерге де, мына жерге де тыққыштағысы кеп жүретін парықсыздығы, парасатсыздығы, әрі надандығы сияқты көрінеді де тұрады. Ал Мұқағалидың сол «Фаризаға» деген өлеңі ауыздан тастамай, кез-келген жерге кірістіріп отыратындай керемет өлең де емес. Бұл өлеңде не керемет образ, не асып баратқан терең ой, не алуан түсті бояулы сурет те жоқ. Осы күні екінің бірі жазып жүрген арнау өлең ғана. Ондағы «Шаң басқан архивтерден табылармыз» деген ешқандай адам таңданарлық, таңғаларлық сөзде емес. Мұнда Мұқағалидің Фаризаға деген ғашықтық сезімі де жоқ. Жәй бір ақынның бір ақынға арнауы ғана. Ал оны қайтыс болып жатқан адамның қаралы қоштасуы кезінде жасанды күңіреністі дауысқа салып қайталай беру де сірә, тобырлық мәдениет бүгінгі қазақтың төріне шыққанының айқын айғағы шығар- ау, ә?
Тобырлық мәдениет те құлдық психология басым, ол сондықтан өзінікінен гөрі өзгенікіне құмар болады. Егер билік басында өз ұлтының тілін, дінін, бүкіл қадір-қасиетін бірінші кезекке қоюды ойламайтын дүбәра, шұбартіл мәңгүрттер отырса, олар ең әуелі өз ұлтын оңай басқарып тұқыртып ұстау үшін де осындай тобырлық мәдениетті қолдап,жел беріп отырады.
Қазақстанда үштілділік дегенді енгізу де осы жымысқы саясаттың, қазақты тобырға айналдырудың үлкен бір тәсілі. «Үштұғырлы тіл» деген өте залалды сұрқиялықпен жасалған ұсыныс. Бұл жобаны жасаушылар жастайынан бірнеше тілді үйренем деп миы қасаңданған жас ұрпақ өсе келе өзінің ұлтын ұмытатын, неғұрлым саны көп, мемлекеті күшті елдің тілінде сөйлейтін, яғни, ұлтсызданған мәңгүрт болып шығатынын өте жақсы біледі. Оларға керегі де сол, өйткені бүгінгі биліктегілердің өздері орысша сөйлеп өскендер. Міне, тобырлық мәдениет әлгіндей шұбартіл, өзгені пір тұтатын, жат жерліктердің жүрген-тұрғанына, ішкен-жегеніне шейін еліктейтіндердің кесірінен қазақтың төріне шықты.
Егер қай мемлекеттің де басшылығында ең әуелі жергілікті тарихи ұлттың салт-дәстүрін, дүниетанымын, ұлттық тәрбиесін қадірлемейтін, оның орнына, қайткенде де елді жуас момын күйде ұстап, оңай билеп-төстеуді ғана ойлайтын адамдар отырса, олар тобырлық мәдениетті қолдап отырады. Қазіргі қазақ телеарналарынан көрсетіліп жатқан, адам жанына рухани азық болудың орнына керісінше адамдарды мас адамның сандырағы сияқты ойсыз, түйсіксіз шуылдақ әндерге мағынасыз селкілдеген биге құмар қып қоятын көрсетілімдер мен неше түрлі арзанқол, дөрекі әзіл-сымақтар, бет-аузын қисаландатып, көзін жыпылықтатып сөйлейтін сайқымазақтарды экранға шығарып қоюдың арғы жағында биліктің осындай сұрқиялығы жатыр. Бұл тұтас бір ұлтты санасыз, қарны тоқтығына мәз тойқұмар жануаризмге айналдырып барады.
Бүгінде Қазақстанның қай қаласына, қай аудан орталығына, тіпті ауылдарына барсақ та бір-бір бетон атқа мініп, қолына бетон қылыш не найза (іші арматура)ұстаған көздері бадырайған, мұрты едірейген бірінен-бірі айнымайтын батырдың ескерткішін көреміз. Олардың әрқайсысы бір-бір рудың, тіпті сол рудың ішіндегі аз ғана аталықтың батыры. Олар кіммен, қай жерде, қай жылы соғысты, ол туралы қандай дерек бар десең, айтатындары жоңғарға қарсы соғысқан дейді. Соларға қарап кейде қазақтың батырлары жоңғардың әскерінен де көп болған ба деп қаласың. Олар туралы әр ру, әр аудан, әр облыс кітап шығарады. Ішінде «е, солай болған екен ғой» деп көзіңді жеткізерлік сыңар ауыз дерек жоқ. Сосын оларға арнап шартараптан меймандар шақырылып ағыл-тегіл ас беріледі. Баяғы құнан бәйгі, дөнен бәйгі, балуандар күресі, айтыс, концерт, лепірме сөз! Міне «өлгеніміз -тірілгенінің, өшкеніміз - жанғанының», әсіресе тәуелсіздік алғанымыздың «айқын айғағы» осы ғана.
Тобырлық мәдениетке душар болған ұлттың әдебиеті де, ән-күйі де не дәмі, не татымы жоқ, жанды баурайтын көркемдіктен мақұрым, сөйте тұра дақпырты құлақ жарарлық даңғаза, құнсыз сыпырындыға айналады. Өлең деп жазғандарында не тұжырым, не кейіпкер, не айтар ой жоқ өлеңшілер күпінің битіндей қаптап кетеді, қоғамдық, мемлекеттік деңгейдегі жүлделер мен сыйлықтар соларға шүлен таратқандай үлестіріледі. Әдебиетке, музыкаға не шалажансар, не талғамсыз, не өзіне ат қойылған жанр талаптарына жауап бермек түгіл сол жанрға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын қоқыс дүниелер әкелгендер ана сыйлықтың, мына сыйлықтың лауреаты атанады. Кейбіреулер бұл сөзге тулап өті аузына құйылып кетсе де айтайық, бүгінде әсіресе ақын атанып жүрген өлеңшілер арасында «Шабыт», «Дарын» сыйлығы Мемлекеттік сыйлық лауреаты атағын алып жүргендердің ішінде сондайлар қаптап кетті.
Тобырлық мәдениеттің тыңдарманы Дінмұхаммед (Димаш) Құдайбергеннен, Әлішер Каримовтен гөрі Қайрат Нұртас пен Сәкен Майғазиев күштірек деп біледі. Ерлі-зайыпты екеуі қосылып алып ел аралап концерт қоятын болды. Ол екеуінің айтып тұрған әндері дуэтке мүлде келмейтін нәрселер екенін тобырлық мәдениеттің қарны тоқтығына мәз көрермендері қайдан білсін?!
Иә, Бүгінде екі қазақтың бірі ақын, екі қазақтың бірі жазушы болды. Күні кешеге шейін Жазушылар одағын басқарған басшылық Одаққа әншіні де, актерді де, спортшыны да, кәсіпкерді де мүше қып, әдебиетті де тобырлық әдебиетке айналдырды. Қазір кім көрінген ақша тапса өлеңдерін ағылшын, испан тіліне тәжімалатқанына мақтанып, поэзиямызды шетелдің күлкісіне айналдырып барады. Астана мен Алматының Орталық кітапханасында күніге - «Тұсаукесер». Қазақ сәбидің тұсаукесерін жасайтын еді, енді не көркемдік деңгейі жоқ, не ғибрат алар үлгі-өнегесі жоқ шимай-шатпақ кітаптардың тұсаукесері деген шықты.
Кейінгі кезде мұндай шаралар «Рухани жаңғырудың» айқын көрінісі деп берілетін болды. Тобырлық мәдениет емес дей беріңіз, бірақ қазақпен көршілес тілі бір, діні бір, салт-дәстүрі, тағлым-тәрбиесі ұқсас мемлекеттер бізге ұқсап «жаңғырмай» да, Еуропа мен Американы аралағанына мәз болып шуылдамай да сонау 1991 жылдың қаракүзінде-ақ мойнынан Мәскеу қамытын алып тастап тілін де, дінін де, ұлттық сана-сезімін де, ұлттық ар-намысын да ың-шыңсыз-ақ қалпына келтіріп рухани жаңғырып алғанын ойласа есі дұрыс қазақ еңіреп жылар еді ғой! Әлде ғұлама шайыр Әбубәкір Кердері айтқан «пенденің бәрі де арманда, ақымақтың ғана мұңы жоқ» екені рас па? Ал сол Әбубәкірдің:
"Айрылсаң өмір бойы жиғаныңнан,
Ей, пенде! Айрылмашы иманыңнан".
деген жолдары бүгінгі Қазақстанға қаратып «әлі де есіңді жи, ұлтыңнын, ұрпағыңнын ертеңін ойла!» деп тұрғандай көрінеді де тұрады, өзіме. Сізге ше?
Мырзан Кенжебай, ақын, ҚР Мәдениет қайраткері
Қазақ үні