Арыстанбек Мұхамедиұлы: Біздің мақсатымыз - ата-баба дәстүрін дүние жүзіне таныстыру
2018 ж. 07 тамыз
4095
0
Теңіз деңгейінен 2 500 метр биіктікте жатқан осы бір мұқым қазаққа әлі де белгілі бола қоймаған, эко-туризмге сұранып тұрған өлкенің шымылдығын ашуға министр Мұхамедиұлы мен кәсіпкер Оспановпен бірге «Қазмұнайгаз» АҚ басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев, Алматы облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Омаров, Алакөл ауданының әкімі Әлібек Жақанбаев, кәсіпкер Эдуард Ким, Қазақстанның грек-рим және еркін күрес федерациясының вице-президенті Ерлан Қожасбай бастаған шенділер мен әйгілі спортшыларымыз - бокстан олимпиада чемпионы, Олимпиада-2004 Вэл Баркер Кубогы иегері, Astana Arlans бокс клубының менеджері Бақтияр Артаев, боксшы Қанат Ислам, грек-рим күресінен Олимпиада-2008 күміс жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаев, ММА чемпиондары Қайрат Ахметов пен Арман Оспанов сынды кіл мықтылар атпен жолға шықты.
Бұл туралы abai.kz хабарлады.
Министріміз кабинеттен жиі шығып, сенбі-жексенбі сайын ел аралайтынды әдет еткелі құлағымыз тіпті елеңдеп тұратын болды. Мұхамедиұлының өткенде ғана Алакөлде дуатлон сайысын өткізіп, жиырма шақырым жерді шайтанарбамен жүріп өткенінде "енді атқа мініп, еліміздегі эко-туризмнің дамуына ықпал етсек" деп қалған болатын. Министрдің сөзін белгілі кәсіпкер Бауыржан Оспанов қолдай кетіп, "бізде ат та, эко-туризмді дамытуға болатын көрікті жер де бар" деді.
Әрине, адам болған соң, сөз айтылады. Айтылған сөз сол жерде қалатын кезі одан да көп.
Министр Мұхамедиұлы да, кәсіпкер Оспанов та сөздің емес, істің адамы екен.
Бауыржан Оспанов Алакөлден тікелей Лепсіге тартады. Колхоз-совхоз кезінен кейін жөндеу көрмеген жайлауға апаратын ескі 90 шақырымдық қара жолға тас төсетіп, жауын-шашын жырып кеткен жыраларды тегістеп, екі аптаның ішінде шекараның өтінде тұрған мекеннің тамырына қан жүгіртіп үлгеріпті. Солай қазірдің өзінде Бауыржан байдың (Оспановты айтып отырмыз) 5 мың жылқысы жайылған қан жайлауға жол түскен соң, ол көрікті, көркем өлкеге енді малшылар ғана емес, кез-келген адамның қыдырып баруына жол ашылды, - деп жазады басылым.
Арыстанбек Мұхамедиұлы, Мәдениет және спорт министрі:
- Біздің басты мақсатымыз - Елбасымыз айтқан "Рухани жаңғыру" аясында ата-бабадан келе жатқан көне дәстүрімізді жаңғырту. Екінші мақсат - ата-баба дәстүрін дүние жүзіне таныстыру. Үшінші мақсат - Қазақстанның туристік әлеуетін бүкіл елге көрсету. Неге біз жер жаннаты Жетісуды, асқар шыңды Алтайды, қасиетті Бекет атаны әлемге танытпауымыз керек. Мен "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында осы шараны ұйымдастырып жатқан барша азаматтарға алғыс айтқым келеді. Елу шақырым жерді атпен жүріп өту - мен үшін үлкен қуаныш. Елбасы "Ұлы ел - ұлы мақсатқа ғана ұмтылуы керек" деп жиі айтады. Сол себепті, "дүниежүзі туристері бізге келсін, қазақтың қасиетті жерін көрсін" деген мақсатты алға қою керек. Қазақтың аттарының мықтылығын қараңыз. Аттардың дені елу шақырым жерді бір рет те тоқтамай жүріп өтті. Тек алға ұмтылады. Біз де дәл солай шаршамай биіктерге ұмытлуға тиіспіз. Жоғарыға талпынған сайын - адам рухани кемелдене түседі.