Елімізге танымал әнші 5 жылдан бері өзінің тірі екенін дәлелдей алмай жүр

Танымал әнші Қажымұрат Шешенқұлдың есімі өлілердің тізіміне кіріп кеткен. Оның өзінің тірі екенін дәлелдей алмай жүргеніне 5 жыл болған. Ал мемлекеттік органдардың ешбірі ақпараттың қай жерінен қате кеткені білмейді.

Бұл туралы Алматы арнасы хабарлайды.

Қажымұрат Шешенқұлдың есімі өлі адамдардың тізіміне 2013 жылы кіріп кеткен. Ол бұл туралы 2 жыл бұрын көлігін рәсімдегелі жүрген кезде бір-ақ біліпті. Қатты таңғалған ол бірден ХҚКО-ға барып, құжатын қалпына келтіруін сұраған.

«5 жыл болды. Сол бес жылдан бері бір жерге барып тіркелгім келсе де, медицина орталығына барып тіркелейін десем де, маған өлілердің қатарындасың дейді. Көлігімді сатсам да, бір жұмыс орнына барсам да аты-жөнім қызыл сызықта тұрады», – дейді әнші Қажымұрат Шешенқұл.

Қажымұраттың сөзінше, ол бір жыл бұрын ғана Қазақстан азаматтығын алған.  Алайда балаларымен бірге медициналық орталыққа тіркеуге барғанда, дәрігерлер «өлген адамға қызмет көрсете алмайтындарын» айтқан.

Ал дәрігерлердің сөзінше, әділет министрлігі Қажымұраттың 2013 жылы 11 маусымда «қайтыс болғанын» тіркеген.

«Болған қателік біздің деңгейімізде жасалмаған. Анықталған жайтты жоғарғы жаққа мәлімдедік. Ол жерде мәселені анықтайды. Менің ойымша проблеманы олар шешуі керек, өйткені адам тірі, сау, құжаты қолында. Оның отбасы, балаларын емханаға бір күннің ішінде тіркедік», – дейді №15 қалалық емхана МКК бас дәрігерінің орынбасары Жанна Кужаева.

Ал ХҚКО басшыларының айтуынша, қазіргі уақытта құжат дұрысталып, Қажымұрат тірілердің қатарына қосылған.

«Біз арқылы тапсырады, тек тапсырады. Біз мәліметтерді алғанан кейін тек келген, тапсырған адамдардың ғана деректерін енгіземіз. Бірақ адам қашан қайтыс болды, туылды, қашан, не істеді деген мәліметтерді енгізбейміз. Бізде ондай архив те, база да жоқ. Оны тек АХАЖ ғана тексеріп бере алады», – деді Алматы қаласы Медеу аудандық ХҚКО құжат қабылдау бөлімінің маманы Лаура Дауылбай.

Осыдан бес жыл бұрын Қажымұраттың інісі кісі қолынан көз жұмған екен. Әнші ақпараттық орталықтағылар өзін інісімен шатастыруы мүмкін деп болжап отыр.

Айта кетсек, әнші «Мұң бар менің кеудемде», «Қаражорға», «Бүлдірген қыз», «Сен ғана» сынды  көптеген әнімен көрерменнің жүрегіне жол тапқан.