САХНА ПЕРІШТЕСІ
2018 ж. 21 шілде
7320
0
Сара ЛАТИЕВА, жазушы
Белгілі жазушы Сара Латиева – атақты әнші Күләш Байсейітова өмірінен алғаш деректі-көркем дүние туғызған бірден-бір автор. Қаламгердің «Бұлбұл» деп аталатын өмірбаяндық повесть-эссесі осыдан отыз бес жылдай бұрын мол таралыммен шыққан екен. Мұнда әншінің ұлттық опера өнерін дамытудағы еңбегі, оның әлемдік, сондай-ақ ұлттық классикалық шығармаларды игерудегі жемісті ізденістері жоғары кәсіби білік, нәзік сыршылдықпен баяндалады. Аталмыш кітап 2010 жылы «Ана тілі» баспасынан қайта жарық көрген. Бірақ бүгінде осындай бағалы дүниелердің белгілі себептермен қалың оқырманға жетпей жататыны да жасырын емес. Сан алуан тақырыптан тұратын кітаптың тағы бір құнды тұсы – еңбектің соңғы бөлігінде әйгілі әншімен қатар жүріп, қанаттаса ғұмыр кешкен қазақтың біртуар тұлғаларының естеліктері қаз-қалпында беріледі. Көпшілік назарына Күләш өміріне қатысты халыққа беймәлім жәйттер қамтылатын сол әңгіменің кейбір үзінділері ұсынылып отыр.
Ғабит Мүсірепов, Халық жазушысы, Еңбек ері, академик: – Гүләш сахнадағы 22-23 жылында 12-13 образ жасады, сонда екі жылда – бір образ. Соның бір де бірін нашар, төмен еді деуге болмайды. Ол не істесе де жарқырап, жайнап тұратын. Ал режиссердің, либреттистің кемшіліктері болса, ол кейін еске түсетін. Спектакль үстінде көз де, көңіл де тек қана Гүләшта болатын. Гүләш сұлу адам емес-ті. Гүләш сымбатты адам емес-ті. Өзі жүдеулеу, орта бойлы, сүйегі ұсақтау, кәдімгі қазақтың қарапайым көп әйелдерінің бірі болатын. Ұзындау, молдау пальтосы бар, бәтеңкесі сәл үлкендеу, хлопчатобумажный чулкиі бар, онысы сәл бостау – театр сахнасын алғашқы аттаған кездегі бейнесі осындай болатын. Оның шын аты – Гүлбаһрам болатын, бірақ шешесі Күләш дейтін. Және Гүләш дегенде әлгі бір орыстың тағамымен ұқсап тұр ғой. Негізінде Гүлбаһрамнан – Гүләш болуға керек еді. Опера – венец искусства. Гүләш (Ғабит Мүсірепов оны – Гүләш деп айтты, біз өзгертпедік. С.Л.) оны оп-оңай меңгеріп әкетті. Оп-оңай болып сырттай қарағанда ғана. Біз ол кезде барлық репетицияға түгел барып жүретінбіз. Ең қызығы, опералық театрды ұйымдастырған кезде арнайы білімді композиторларымыз, әншілеріміз, режиссерларымыз жоқ, бірақ нағыз дирижерларымыз бар еді. Басқа мамандар театрмен бірге өсті ғой. Сонда Гүләш композиторларға кәдімгідей ескерту жасайтын. Ол адамның табиғаты мен музыкалық характердің үйлесімін ерекше сезетін. Өзі өте шыншыл болатын. Сахнадағы образды да шыншылдықпен бейнелейтін. Музыкалық сауаты жоқ адамның екі жылда бір образ жасауы, әрі оны ешкім қайталай алмайтындай жұп-жұмыр етіп, мәңгілікке соққан ескерткіштей етіп жасау әркімнің қолынан келмейтін нәрсе. Ол сахнаның періштесі болатын. Бір спектакльден бір спектакльге өсіп, жаңарып отыратын. 1936 жылы Мәскеуге бірінші Онкүндікке барғанда қазіргі опера театрының ашылғанына төрт жыл ғана болған. Сол онкүндікті «Қыз-Жібек» операсымен аштық. Үкімет адамдары опера басталып кеткен соң, Гүләш «Гәккуді» айтып бола бергенде келді. Соңын ғана естіп қалған олар өкіне бас шайқап, қол соғып жіберді. Соларға қарады ма, әйтеуір зал да болмастан сұрап «Гәккуді» қайтадан айтқызды. Иә-ә, операның ариясын қайталап айтқызды. Сонда үкімет басшысы қасындағыларға қарап: «Қап, мына әншіні басынан бастап тыңдау керек екен», – деген. Олар да қостап, сол жерде біздің Исаевқа әлгі сөзді жеткізген ғой. Сондықтан, «Қыз-Жібек» бір күн өткен соң екінші рет қойылды. И этот автор который присутствовал при этом, сидит перед вами собственной персоной. «Алтыншаштың» премьерасына келген Назиб Жиганов спектакльдің басында шымылдық ашылып, орман ішінен Алтыншаш – Гүләш әндетіп шығып келе жатқанда елеңдеп, қозғалақтап, қатты толқыды. «Бізде мұндай Алтыншаш ешқашан болмайды» деп күбірледі сонда. Қасында бақылап, естіп отырдым. Спектакль біткен соң сол сөзін қайталап айтты. Бұл жәй сыпайылық емес, композитордың, өз шығармасының бағасын білетін адамның сөзі болатын. «Чио-чио-санның» премьерасында Наталья Сац: «Жаль что Пуччини нету здесь» деп қалды. Бұл премьераға сол кезде Алматыда болған Эйзенштейн, Черкасов сияқты майталмандардың бәрі келген. Және бәрі де естерінен танып шықты. («Чио-чио-санның» премьерасы жайлы оны қойған режисер Наталья Сац өзінің өмірбаяндық кітабында егжей-тегжейлі жазды. Сол кітаптағы Күләшқа қатысты үзінділер Әбілмәжін Жұмабаевтың аудармасында қазақ басылымдарында жарияланды. С.Л.) Олардың қазақша қойылған «Чио-чио-санға» әртүрлі оймен келгені түсінікті ғой. Сацты сыйлағандықтан, мәдениетті қауым ретінде қалада болып жатқан өнер жаңалықтарын біліп жүру үшін, қазақ әншілерінің өресін байқайын деген әуестік дегендей «Майдандағы» Пүлішті ойнағанда шелектегі суға қарап орамалын түзеп жатқанының өзінен-ақ оның актрисалық табиғаты байқалып тұратын. Гүләштің сеңсең қаракөл тоны, сондай бөркі бар, баспалдақтан түсіп келе жатып, қолғабын киіп жатқан бір суреті бар еді. Сол суретін көрген сайын Мұхтар екеуміз «Мына суретті көрген адам бірден-ақ бұл актриса ғой» деп бірден айтады екен дейтінбіз. Сол суретін кейін көп іздеп, таппай қойдым. Тірісінде Қанабектен де сұрап едім... Ол өте нәзік, ласковый, женственный жан еді. Әдейі сынықсу, сыпайысу емес, табиғатына берген, жаратылысына қонған нәрсе болатын. Ол ешқашан артист едім дегенді байқатпайтын. Адамға ең алдымен қарындас болып келетін адам еді. Оның сахнадағы бейнесіне тамсану, таңғалуды мынау қыз-ау, қатын-ау деп емес, «сахнаның періштесі» деп түсіну керек. Өзінде баланың аңқаулығы, сенгіштігі бар еді. Өле-өлгенше солай етті. Өзімен сөйлескен, тілдескен адамның бәріне бірдей ілтипатпен қарайтын. Оның ойында бөтендік, маған әйел деп қарайды-ау деген пікір болмайтын. Гүләштің үй-ішілік тіршілігі жайсыздау өткен адам. Қазақ әйелінің көнбістігі болады, я не понимаю этого. Соған бақты ма, намыс па, әйтеуір ешқашан, ешкімге, ешқандай арыз айтпай өтті. Құралайдың атын Мұхтар қойған. Құралай туарда олардың үй-ішінің жайын білгендіктен, он адамнан құралған компаниямыз бар, «бүгін Күләш туады» деп өтірік жариялап 10 шампан, конфет, тағы сондайларды алып жинадық. Компанияға кезек екіден, кейбіреуге үштен келіп, солай бір ай жинадық. Ақыры бір семіз жылқы алып, Құралайдың тууын бір апта тойладық. Сол тойдан қалған шампанды есептеп (130 дана), бастығымыз – ақсақалымыз Мұхтар, хаттап тізіп, осылардың біреуін Құралай 18-ге толғанда ашармыз деп келістік. Соны жазып, бәріміз қол қойғанда шампанның қағазы әбден шұбарала болды. Келер жылы Құралай 1 жасқа толғанда шақырып, Мұхтар екеуміз звондасып, төрт адам болып бардық. Біз келсек, Күләш қоңырқайлау қарсы алды. Былтырғы 130-дан бір де бір шампан жоқ. Жаңадан алынғандардың біреуін ашып, біз түрегеліп тұрып: «Сенің денсаулығың үшін» деп ауыз тиіп кеттік. Гүләш арақ ішпейтін. Бірнеше спектакльдерді табысты өткізіп тойлап жатқан кездерде ол аузына алмайтын. Үш-төрт жыл күтіп, зарығып көрген тұңғыш қызының шілдеханасында да тіпті шампан ұрттаған емес.
Күләш Байсейітова Жібек рөлінде. Суретші Г.Исмайлова. 1962 жыл.
Өзі серілеу Қанабек үй-ішінің берекесін кетіргенін көзіміз көрді. Бірақ Гүләштің тарапынан арыз, өтініш айтылмаған соң ешкім араласа алмады. Қарлығаның бейнесі шешесіне ұқсаған да, түрі қараторы (смуглый) болатын. Сол 2-3 жастар кезінде еркелеп өзіне ұмтылған баланы Қанабек қолынан түсіріп алады. Содан бала талып қалған. Екі-үш күнге дейін есі дұрыс кірмей жүрген. «Бұл енді есі ауыс болып қалса қайтем, ақылы кем болса қайтем, балаларымның ішінде үміт күтетінім осы еді» деп жылайды екен Күләш. Ақыры сол қызы 5 жасында қайтыс болды. Күләштің өліміне көп себептер болды. Рухани жалғыздық. Тіршіліктегі берекесіздік. Қытайға барады деп жиналып жүргенде басы осы аты өшкір... (осы жерде Ғабең бір-екі белгілі адамның атын атады. Бірақ мен этикалық себептерден жазбай отырмын. Қазір кейбіреулері өмірде жоқ, барының жасы келген адам. Әркімге өзінің ары төреші болсын дедім. С.Л.) бірнеше адам арыз жазып, Күләштің орнына басқа адамды салып жіберген. Оған Москваның қатысы жоқ, осы өзімізден. Сонан соң әйелдің өміріндегі бір қиын, критический кезең болады екен. Сол кездерде өте қауіпті сигналдар болады екен. Мәселен, Фурцева (көп жыл КСРО мәдениет министрі болған әйел) – өзі министр, күйеуі де мықты, тұрмысы дұрыс, өмірден қағу керген жоқ, сол моментінде өзін-өзі мауыздап (Ғабеңнің өзі осылай айтты. С.Л.) жіберген. Күләштің сондай сәттері бір тоғысып қалған. Ол Москвада «Украина» қонақ үйінде, 5-бөлмеде ваннада өлген. Сол күні Брусиловскийдің әйелі келген, екеуі біраз отырған. Сонан соң ваннаға түскен. Тұншыққан ба... жүрек шыдамаған, денесінде дақ жоқ, ваннада қан бар, но естественно. Қанабек бейіттің басында ма, әлде үйде ме, енді үйленбеймін дегендей бірдеңе айтыпты. Бірақ сол екі-үш айға жетпеді-ау деймін. Қараусыз қалған үй тозып кетті. Құралайды Магомаев (Муслим Магомаев) алып кетіп, сол жақта үш-төрт ай жүріп қайтқан. Содан қайтарда Москвада Брусиловскийдің үйіне соғып, қонып шығайын дегенде, біз кәрі адамдармыз, артық төсек болмайды, басқа жер ізде депті. Сонда вокзалға қонған. Күләш қайтқанда мен Пекинде едім. Пекинде өтетін қазақ өнерінің күндеріне Күләш та қатысуға тиіс еді. Әлгі айтқанымдай оған кедергі келтірушілер болды. «Пекин» қонақүйінің екі телефонды, екі туалетті, бірнеше бөлмелі апартаментін беріп қойған. Бейқам отыр едім, жер-көкті күңіренткен бір дауыс естіле түсіп, кеулеп барады, Арасында «Ғабит аға-ау, айрылдық қой, енді кіміміз қалды-ы-ы» дегенді естідім. Ендігі сәтте дауыс менің апартаментіме кірді, бұл кездегісі тіпті бөлек, айналаның бәрі күңіреніп барады, сол қалпымен келіп мені бассалып жоқтау айта көрісті. Анықтасам, Күләштің қазасын жоқтау екен. Сол кезде менің «Оянған өлкемді» қытай тіліне аударып жатқан бір қазақ жігіті бар-ды. Жоқтап тұрған соның әйелі екен. Ол Пекиндегі халықтар достығы институтының қазақ бөлімінің ұлттық ансамбліне қатынасатын еді. Ертеңіне институттың барлық ұлттарының ансамблінің (Қытай тұтас бір атаумен аталғанмен 30 елден тұрады) өкілдері келіп көңіл айтты. Елге келген соң мұнда тек қана қырғыздың Сайрасы (Сайра Киізбаева, қырғыз әншісі, КСРО Халық артисі, Күләшті қатты қадірлеген адам) жоқтау айтып келіпті деп естідім. Өзімізден ешкім жоқтамапты... Күләштің көзі ерекше болатын. Қарашығы үлкендеу, ерекше нұрлы, төмен қарағанда көзінің сәулесі бетіне түсіп тұратын. Таңдайының формасы да басқаша екен, мамандардың айтқанынан естідім. Біз үй арасында үй жоқ, көрші болатынбыз. Көшенің екі бетінде. Жиі араласып тұрдық. Театрға кетіп бара жатып шәй іше кетуге, болмаса біздің үйде тамақ жоқ еді деп келе салуға болатын. Мен де, әйелім де телефондасып, сөйлесе беретінбіз. Ол періште емес, әйел еді. Пендешілігі де болған. Бірақ ол таза адам болатын. Ал өнерде, тағы айтамын, шын періште болатын. Біз қатар өскен, бірге жүрген адамдармыз. Күләш туралы бар білетінім осы ғана демеймін, бірақ айта алатындарым осылар. Риза бол, шырағым... Мәриям Хакімжанова, Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты: – Күләшті бірінші рет 1931 жылы көрдім. Ол кезде Рабфакта оқимын. Бізден жоғары курста Иса ағай (Байзақов) оқиды. Оқып жүріп «Әйел теңдігінде» (қазіргі «Қазақстан әйелдері» журналы) тілші болып қызмет істеймін. Ал, рабфактағы қоғамдық жұмыстардың ішінде маған бөлінгені драма үйірмесін жүргізу. Соған байланысты арнайы барып Иса ағаймен сөйлестім. Ол театрдағы Серке ағаймен (атақты Серке Қожамқұлов) таныстырды. Содан Серағаң біздің үйірмеге жетекші болды. Осыны білетін редакторымыз Сара Есова: «Күләштің суретін сұрап әкел, журналға басайық», – деп тапсырма берді. Ұяла, ұяла, барып суретін сұрадым. «Оны қайтеді екен?» деді Күләш сызыла сөйлеп. Сонан Еңлік рөліндегі үкілі тақиямен түскен суретін берді. Бірақ сурет журналға шықпады. (Күләш бұрын тұрмыста болған еді. Күйеуі сол кездегі алғашқы техникалық мамандық алған қазақтардың бірі, инженер болған. Сол кісі Күләштің театрға баруына, артистігіне кесімді түрде қарсы болған. Содан келісе алмай екеуі ажырасып кеткен. Журнал осы себепті суретті баса алмапты). Бұрынғыдан бетер ұялып суретті қайта апарып бердім. Сонан таныс, біліс болдық. 1934 жылы мен тұрмысқа шығып, жолдасымның қызметіне қарай Алматыдан көшіп кеттік. 1936-37 жылдары демалысымызда бала-шағамызбен келіп жүрдік. Сол кездерде театрға – «Қыз-Жібекке» барып, шығар жерде шатасып бір есікті ашып қалсақ, Күләштің киінетін бөлмесі екен. Кескіні бөлекше еді ғой шіркіннің. «Кел, кел, Мәке» деп жатыр. Бір әңгімелесейік, келсеңші дегені әлі есімде. Мұның алдында Күләш «СССР Халық артисі» атағын алғанда мен «Сайра, Күләш» деген өлең жазып жіберген едім. Соған өзі керемет қуаныпты. Ал, Алматыға қайта келген соң «Қыз-Жібек» болатын күндері дүние өртеніп жатса да қарамай баратынбыз. Сахнада Жібектен басқа ешкім көрінбейтін еді ғой. Мен жазушылар баспасындағы халық ақындары бөлімінде істедім. Ол кезде қазіргідей қонақүй қызметі қалыптаспаған, әрі елден келгендер де қаланың тұрмысына онша үйрене қоймаған. Облыстардан келген халық ақындары үйге келеді. Менің шешем де елдің әңгімесін сағынып отырады, әрі өнерді сыйлайтын, өнерлінің ортасында өскен адам, ақын-жыршылармен сөзі жараса қалады. Олар да шешемнің шайына терлеп-тепшіп мәз болады. Бірде Шашубай (атақты Шашубай Қошқарбаев) келе қалды. Шашекең өте шапшаңшыл, пікірін кесіп айтатын бірбеткей, сыйласқан адамның алдында тік тұратын жайсаң адам. Келіп аман-түгел сұрасып, жол аптығын басқан соң «Мен Жасынға барып келе қояйын» деп кетіп қалды. (Күләштің әкесі Жасын мен Шашекең жолдас, кезінде серілікті бірге құрған адамдар еді). Бір кезде бұрқырап ашуланып қайтып келді. Оның мәнісін сұрағанымызда: «Ой, қаланың адамының тіршілігі құрысын. Өзім осы күнге дейін балаларымды жақтырмасам ақ таяқпен төбесінде ойнап аламын» деп бұрқырады. Бұл кісі барса Қанабек пен Күләш үйде ренжісіп жатыр екен де, Жасын мен Зибажан сыртта отыр екен. «Бүгін біздің үйде дауыл тұрып, үйге кір деп айта алмай отырмыз» депті Жасын. Күләш өзіміздің жолдасымыз, сырлас болған адам. Қанабекке ренжіп қалса да үйге келетін. «Айналайын, Күләш-ай, осыны қайдан таптың» дегенде, «Мәке-ай, адам өзі күйіп тұрғанда сіз де...» деп жылап қоя беретін. Қазір бәрі де дүниеден өтті, сөзіміз ауыр болмасын. Қанабек бұрын елде үйленген, кәдімгі қазақтың байшыкеш тұрмысын көрген, балуан болып күреске түскен, болмысында сондай өктемдік бар еді. Бітімі де сондай кесек, бетінде қорасан дағы қалған, иықты, мойыны қысқа адам болатын. Соған және бетіне қарап кейде «тарғыл бұқа» деп қыжыртатынбыз. Бірақ ренжімейтін, жарықтық, қайта разы болғандай лекіте күліп қоятын. Қанша дегенмен өнер қонған адам ғой, әзілді түсінетін. Екінші жағынан серілігі бар адам, әлгіндей әзілдерді комплимент есебінде қабылдайтын. Бірде: «Айналайын-ай, «Қазақтың бұлбұлы атанған Күләш» басыңмен отбасындағы қатынның тірлігіне қалай шыдайсың!» деп айтқаным бар. «Е, Мәке, көрінбей тұрған өз қайғың жақсы, көрінбей тұрған өз қайғың жақсы» деді жарықтық. Кейін Қанабектің «Құштар көңіл» деген кітабы шықты ғой, қадалып оқып шықтым. Тілінің жатықтығы, құрылысында әдеби нұсқасын жасаған жігіттің еңбегі бар шығар, бірақ әңгімесін айтқан өзі ғой. Күләшті қыздай алғандай баяндапты, сонысына риза болып қалдым. Күләштің адалдығын, сезімін де білгенін түсіндім, бірақ әйелінің беделі де, өнері де, кісілігі де өзінен жоғары екенін мойындау қазақ еркегінің қолынан келе бермейтіні де белгілі ғой, Қанекең де көп жерде содан аса алмапты. Күләштің сөзі рас, әркімнің көрінбей тұрған өз қайғысы жақсы, әркімнің өз маңдайына жазған тағдыры ғой... Жақсы көріп жолдас болған соң артық мақтағаным емес, Күләш өнер үшін туған адам еді. Үй-іші, бала-шағасына қамқор, ағайын-туғанға мейрімді, азаматына адал болатын. Бірақ олардың бәрі өнерінен кейін тұратын. Халқының алдындағы міндетіне, өнерінің қасиетіне қылау түсірмей өткен адам. Ол қазақтың ақын Сарасын, аяулы Ажарын, ертегідей Қыз-Жібегін тірілтуге туған жан еді. Латиф Хамиди, Халық артисі, композитор: – Күләш Еңліктің қоштасу әнін айтқанда жыламаған адам қалмайтын, қанша тыңдап жүрсек те өзіміздің де көңіліміз босап кететін. Оның бір құдіреті бар еді. Оның музыкалық сауаты да жоқ еді, дауысы жөнді қойылмаған да болатын. Соған қарамастан сахнада ойнағанда сұмдық болатын. Драмалық спектакльде тұңғыш рет кәдімгідей ән салған Күләш еді. Сол Еңліктің әнін кейбіреу ыңылдап айтып, кейбіреу бір-екі жолын ғана айтып жүрген екен бұрын. Театр Қызылордадан Алматыға көшіп келген соң жаңадан адамдар алынған, бұрынғы ойнап жүргендердің кейбірі Қызылордада қалып қойған. Күләш театрға 1930 жылы алынған, онда да ең төменгі жалақымен, сынақ үшін. Сонда өз бетімен театрдың бүкіл репертуарын жаттап жүреді екен. Бір жолы ауырып қалған бір актрисаның орнына спектакльге шыққан ғой. Сонан бастап кәдімгідей рөлдер ала бастаған. Бір жолы Еңлікті ойнап жүріп, өзі де байқамай қоштасу әнін түгел айтып жіберіпті. Қалибек марқұм (Қаллеки Қуанышбаев) айтатын: өзім де байқамай жылап отыр екенмін, Құдай оңдап ешкім байқамапты деп. Күләш деген әлгі жазушылар айтатын «самородок» қой. Ешқандай қоспасыз, табиғаттан тұтас табылатын сом алтын. Күләш – симфониялық оркестрмен ән салған тұңғыш қазақ. Оркестрді кинодан, рестораннан жинаған 17 адам құрады. Музтеатрдың тұңғышы «Айман-Шолпан» бір маусымда 101 рет қойылды. Сонда халық ылғи толып отыратын. Бір маусымда бір спектакльдің жүзден артық қойылуы өте сирек жағдай. Күләш марқұм ойнаған Айман жұрттың есінде. Оның әнін жұрт көшеде айтып жүрді. Ондай құрметке ие болу оңай емес. Күләш – тұңғыш рет орыс тілінде ән салған қазақ әншісі. Шопеннің «Желаниесін» қазақ топырағында тұңғыш үйреніп, орыс тілінде сахнаға шығарған Күләш еді. Соны өзі Варшавада өткен екінші Дүниежүзілік Бейбітшілік сақтау конгресінде айтты. Ол ән Күләштан кейін ғана сахнадан тұрақты орын алды. Одан бұрын «Желаниені» майдан даласында айтқан. Соғыс кезінде біздің артистер бірнеше бригада болып майданға барып, концерт бергенін білесің ғой. Сонда концерттің репертуарында ылғи саяси-патриоттық емес, кәдімгі лирикалық әндер де болу керек, олар туған жерін, үй-ішін сағынып жүрген адамдар деп осы «Желаниені», бірнеше халық әндерін кіргізген Күләш болатын. Шынында да, осындай әндерді айтқанда солдаттардың көзінде жас тұрады, қайта-қайта сұрайтын еді деп, бірге барғандар айтып келді. Күләш сондай адам жанын түсінетін нәзік адам болатын. Қазақта вальс жазуға себеп болған да, оны айтқан адам да Күләш еді. Оның өтінішімен мен әуелі вальстің музыкасын жаздым. Соны ойнап бергенде, бір тыңдағаннан кейін та-та-та деп қосылып ала жөнелген. Музыкалық слух керемет болатын. «Абсолютный слух» дейді ондайды. Содан осындай музыка бар еді, сөз керек деп Сәбит Мұқановқа бардық. Сөзі жоқ вальсті Күләш айтып бергенде Сәбең де елеңдеп қалды. Сонан «Қазақ вальсі» жазылды. Содан кейін «Бұлбұл» туды. О-о, қызым! Бұл әндердің тууы қазақ эстрадасындағы жаңалық болды ғой. Сол Күләштің қалауымен болған. Ол өте еңбекқор адам еді. Ылғи жаңалық іздеп, біреулерден үйреніп жүретін. Күләш өзгелермен таласудан, қызғанудан аулақ еді. Ол өзім өссем, білмегенімді үйренсем деп талпынатын. Ғарифолла Құрманғалиев, Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты: – Театрға келгеннен бастап өмірден өткенінше қызметтес болдық, партнер де болдық. Күләштай біреу айтты, ойнады дей алмаймыз. Оның әрбір жасаған образы мінсіз шебердің қолынан шыққандай, ешбір алып-қосары жоқ болатын. Бұл өсіре мақтау да емес, атақты адам еді деп көлгірсу де емес, ақиқаты солай болатын. Қазақ өнерінде тағы бір Күләш болады деп айта алмаймын. Жоқ, қарғам, одан бері 20 жылдан асты, (мен Ғарекеңмен 1980 жылы әңгімелескенмін С.Л.) небір күміс көмей, жез таңдайлармен бірге жұмыс жасадық. Міне, алдымнан сабақ алып отырған жастар бар. Ешқайсысының өнерін кемітпеймін, бәрінің де өз орны бар, тіпті білімі одан ілгері де болар. Бірақ өнерге де, өмірге де Күләштай адал, бүкіл болмысымен, жан-тәнімен қызмет ететін тағы біреу келеді-ау деп ойламаймын. Күләш туған қалпымен өлген адам. Ондай адал, ақпейілдік... әй, қайдам... Опералардың жартысынан көбі менен алынған әндер дедім ғой. Одан басқалары да бар ғой. Сонда сол әндердің тарихын, шығуын біледі дегендердің бәрінен ерінбей, ұялмай сұрап жүретін. Образ жасауға көмектеседі-ау деп ойлаймын. Онымен ойнағандай жұрттың бәрі жанып кететін. Өзі жалпы адамға жылы, сыйластықты адам болатын. Ал сахнада мүлдем тартып әкететін құдіреті бар еді. Онымен ойнағанда жұрттың бәрі шынымен ғашық болып, шынымен жек көріп, ғажап өзгеріске түсетін. Айттым ғой, туған қалпымен өлген адам деп. Күләштің ешкімге ештеңеге қызғанышы, күншілдігі болмайтын. Кейінгі жастарға, партнерге үйретуі керемет болатын. Музыкалық оқуы жоқ еді ғой. Бірақ табиғи слух, сахнаны сезінуі, образдың табиғатын түсіну, партнерлерінің мүмкіндігін байқауы ғажап еді. Оның әншілігі, ойыны, партнерлігі бір-біріне сай болатын. Жасаған образдарының мінсіздігі содан болар. Кәукен Кенжетаев, Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, әнші: – Күләш – табиғи қарапайым, сонымен бірге өте тартымды адам болатын. Оны бір көрген адам тағы көргісі келіп тұратын. Ол Қали (Байжанов), Әміре (Қашаубаев), Жүсіпбек (Елебеков) сияқты табиғи әнші болатын. Және ол басынан аяғына дейін музыкальный адам болатын. Күләшта ұлттық қасиет қанымен, жанымен бірігіп кеткен әнші болатын. Ал Ажар, Сара, Жібектермен шыққанда артист деген ойыңа келмейтін, солардың тура өзін көріп тұрғандай боласың. Артист сахнада өзін ұмыттырып жіберсе, ол оның нағыз артистігі, оған әркім жете бермейді. «Ұлттық дауыс» деуге болатын болса, Күләштің даусы сол. Ол сахнаға шыққанда мен үшін қазақтың домбырасы, қобызы шыққандай болады. Күләшта көкірек жоқ еді. Оның қарапайымдығы барлық жерде көрінетін. Күләштан мен өмір оқуын көп алдым. Халықпен өзіңді қалай ұстау, қалай жүру, қалай сөйлесу дегендей. Бірде Қарағандыда концерт бердік. Қарағандыда гүл жоқ қой, біреу кәдімгі даланың гүлдеп тұрған шөбін әкеп берді. Концерттен шыққан соң Күләшқа машина келіп тұр екен, «Жүр, Кәукен» деді. Машинаға жете беріп әлгі «гүлді» лақтырып тастайын дегенімде, Күләш шап беріп қолымнан ұстай алды. «Бұлай болмайды, олар саған шын ниетімен, қымбат гүл деп берді. Солай қабылдау керек. Халықтың ниетін «үлкен, кіші, арзан, қымбат» деуге болмайды, – деді. Күләшта қызғаншақтық жоқ еді, ол өзінен кейінгілерді бірге сүйреп жүретін. Күләш сахнада таза, өте ұқыпты болатын. Сахналық тазалық – киім, грим, бас-аяғының толық үйлесімі. Бір ғана дауыс болса жетті, қалғанына кім қарайды деген ұғым жоқ болатын. Ол кезде артистер ойынға дайындалып жатқанда көлденең шу, айқай жоқ. Әркім ерте келіп, киініп, гримін салып «тойға баратындай» дегендей дайындалып отырады. Қазір біздің арамызда костюмнің түймесін өзі салмайтын артистер кездеседі. Манекен сияқты қақиып тұрады, ол киім өзіне қонып тұр ма, келісе ме онда жұмысы жоқ. Костюмер киіндіреді, сол бетімен сахнаға шығады... Күләш – адамша сөйлесуге болатын, шәй ішуге болатын қарапайым адам болатын. Киім киісі де ерекше. Үнемі ұзын киеді, шашын өріп айналдыра түйіп қояды. Ал сол қарапайым адам сахнада қалай өзгереді дейсіз? Егер сахнаға шыққан артисті соның өзі деп танып отырсаң ол артиске абырой емес. Егер сахнадан Шегені, Бекежанды, Ажарды көріп отырғаныңа сеніп отырсаң, әне, сол мұрат. Нағыз артист өзін ұмытып кетеді, ұмыттырып жібереді. Күләш – сол еді. Қазір біз даусы бар адамдарды оқытып әкеліп, күнде тепкілеп дайындап жүреміз. Ал оларды құдай сахнаға әдейі жаратқандай еді ғой... «Қыз-Жібекте» мен Бекжанмын. Төлегеннің өлгенін естігенде Күлекең сол қолын көтеріп тұрып, аспанға қарап, екі көзінен жасы мөлдіреп тұрып қарғағанда жүзіне қарау мүмкін емес болатын. Мен тізерлеп тұрып: «Үрім-бұтақ зәу-затың мендей болып зарласын, қайғырып қалсаң далада, қасыңа досың бармасын...» деген қарғысты естігенде, төбе-құйқам шымырлап, жерге сіңіп бара жатқандай болатынмын. Әне, нағыз талант деген сол.
qazaquni.kz