ҚАЗАҚ ПОЭЗИЯСЫНЫҢ БАҒЫНА ЖАРАЛҒАН АҚЫН
2011 ж. 06 қыркүйек
9631
3
Сәбит ДОСАНОВ:
Осы жылы белгілі ақын, ұлт жанашыры Қасым Аманжоловтың туылғанына 100 жыл толады. Осы дүбірлі мерекені еліміздің түкпір-түкпірінде атап өтуде. Ал, басты мереке, үлкен той Қасымның туған жері Қарағандыда 9-10-ы қыркүйек күні аталып өтілмек. Қасым секілді Алаштың бір туары туралы қанша жазсаң да, қанша жырласаң да артық емес. Алайда, Қасым жайлы «Екінші өмір» атты роман жазып, өмірінің көп бөлігін арнаған адамнан артық кім айтып бере алсын! Біз белгілі жазушы Сәбит Досановтың сұхбатын жариялап отырмыз.
-Әңгімені, әрине, ақиық ақын Қасымға қалай келгеніңіз туралы бастасақ...-Адамзат жаратылғаннан бері өнердің сан алуан түрі болды. Соның ішіндегі мәңгі өлмейтін, ескірмейтін өнер-сөз өнері. Қасиетті кітаптарда да бірінші сөз болғандығы жазылған. Тағы бір қанатты сөз бар «бар әлемді билейтін ақын, ақынды билейтін сөз» деген. Әркім әдебиетке әрқалай келеді. Жалпы әдебиетке келуім, Қасымға ғашық болуым ортаға байланысты болды. Ұлттың ұясы деп аталатын Торғай өлкесінің тумасымын. Жас кезімізде сорымызға қарай М.Дулатов, А.Байтұрсыновтың атын атап, өлеңдерінен сусындай алмай өстік. Бірақ біздің өлкеде жыраулар болды, халық қазынасын білетін адамдар, соларды тыңдап есейдік. Солай хат таныдым, өлең жаза бастадым. Өлең жазған соң, өзгенің өлеңін оқисын. Сонан Қасымды оқып, бала кезімнен ғашық болдым. Сөйтіп жүргенде Бейсенбек Әбенов деген нағашым, 1955 жылы Алматыдан Қасымның үш томдық жинағын әкелді. Мен сол үш томдағы өлеңдерді тегіс жаттап алдым. Қасым өте ғажайып ақын. Оның үш ерекшелігін атап айтып кеткім келеді: Бірінші – бүкіл дүние жүзінде бар үрдіс, әдебиетке таланттар толқын-толқын болып келеді. Бір толқынды бір толқын жалғап жатады. Абай он ғасырда бір туатын данышпан. Абайдан кейін тағы бір толқын болды, олар Мағжан, Шәкәрім, Ілиястар... Тағдыр солай болды, бұлар жазықсыз атылып кетті де, бір толқын болмай қалды. Одан кейінгі қуатты толқын, ол Ә.Тәжібаев, С.Мәуленов, Х.Бекхожин, Ж.Молдағалиев сынды мықты ақындар. Алайда осы екі ортада бір толқын үзіліп қалды, сол үзілген кезде, Абай мен Әбділдәлар арасын жалғаған талантты Алла Тағала қазаққа берді. Ол – Қасым еді. Алла Қасымды қазақ поэзиясының бағы үшін, қазақтың бағы үшін жарата салды. Қасым үзіліп қалған бір толқынның міндетін атқарып кетті. Қасым Абай мен онан кейінгі алыптар арасын жалғаған «алтын көпір». Екінші ерекшелігі, Алла өзі бір құлын сүйсе құлай сүйеді. Қасымға тек ақындық ғана талант бермеген, оған батырлық та берген. Жалпы ақындық пен батырлық егіз. Батырлығы жоқ адамнан үлкен суреткер де шықпайды. Кеңестік жүйе жарқ еткен таланттың мүлт кеткен қадамын қапысыз қабатын қуатты қасқыр қақпан болса, Қасым сол қақпанға түскен арлан сөзді айбарлы ақын еді. Қасқырдың арланы қақпанға түссе де, айбарынан айрылмай айбат шегеді.
Хантәңірі –
Ешкімге бой бермеген,
Хантәңірі –
Еш бағынып көрмеген.
Хантәңірі –
бағынбасқа серт қылған,
Хантәңірі –
Қарсылассаң мерт қылған.
Хантәңірі күнге ғана табынған,
Хантәңірі –
Хабар алған сағымнан – деп жазды Қасым. Осы жанар таудай жанып тұрған отты жолдарда ұлт намысын қайраған күрескерлік рух ат ойнатып, атойлап тұрған жоқ па?!
Жүрегім торда отырған емес тоты,
Күлем бе, жылаймын ба, тек өз еркім, -
деп «арбасып тұрып алған арпалыс ала құйын заманда» уақыттан оза арлан сөзді айбарлы ақын Қасым ғана айта алды! «Құр басының бақытын ойламай, «ой сәулесін шар тарапқа түсірген» Қасым ғой бұл! Қасым Сталиндік диктатура кезінде:
Кең далалы, кең пейілді қазақпыз,
Құл емеспіз, еркін жанбыз, азатпыз.
Қас тағдырдың қиқаңына көнбейміз,
Ел намысын кескілеспей бермейміз,
Сертің осы азат жігіт, азат қыз.
деп жазды. Сталин заманында алаштың арлан сөзді ақыны Қасым ғана қасқайып тұрып айта алды. Үшінші ерекшелігі – Қасым әрі лирик, әрі эпик ақын. Қасымның шығармаларының барлығы сом алтын. Бірақ соның ішінде шоқтықты үш шығармасын бөліп айтар едім. Біріншісі, «Ақын өлімі туралы аңыз» Абдолла Жұмағалиев жайлы поэма. Трагедияның өзінен романтика тұрғызған Абдолла ерлігін асқақтата, жаңаша жырлаған бұл поэма Қасымды поэзияның алтын тағына отырғызды. Екінші – «Өзім туралы» туындысында өзі жайлы айта отырып, ол терең философиялық ойлар толғады. Бір романның жүгін көтеріп тұр. Үшінші – шың «Дариға сол қыз»
Келемін қайтып,
Өліңімді айтып..
Қайда екен, қайда,
Дариға сол қыз-
Жүрек қылын шерткен сағыныш сазын қалай дәл бейнелеген десеңізші!
Қасымның тағы бір ерекшелігі музыкалық аспаптардың барлығында ойнаған. Үйінде екі баян, домбыра, мандалон т.б. музыкалық аспаптары болған.
- Аға, қай ақынды алып қарасаңыз қалыптасуына өскен ортасы әсер етеді. Қасымның өмір жолы қалай болған?
- Алла Тағалы бірін берсе, бірін бермейді. Ол қанша талантты болғанымен өмірі өте ауыр, тағдыры қиын болған. Қасым Қарағандыдағы «Аққора» деген кентте туған. Әкесі Рахымжан сері жігіт болған, жүйрік ат мінген, ел ішінде беделі болған. Рахымжан ерте қайтыс болып кетеді, әйелі Айғанша, екі жетім баламен жесір қалады. Тұрмыс ауыр, жағдай қиын. Алыс ағайындары Айханшаны бір қап бидайға сатып жібереді. Алған адам балалардан бас тартып, жалғыз Айғаншаны жылатып алып кетеді. Қасымның қарындасы аштан өледі. Жападан жалғыз қалған Қасым интернатқа орналасады. Семейге, одан Оралға барады. Оралда атты әскер полкында қызмет етеді. Сонда көркемөнерпаздар үйірмесін құрады, театрда жұмыс жасайды. Қасымның ақын болып қалыптасуына Орал үлкен әсер етті. Орал Қасымды төсінде еркелетті, қолтығынан демеді, жұмыс берді, сол жерде ақын болып қалыптасты. Қасым сол қарызды еселеп қайтарды.
Шағанның бойы көк шалғын,
Шалқамнан жатқам шаңқай түс.
Гүл болып менің құшағым,
Кеудемде қонған бұлбұл құс-
деп жырлады Қасым.
- Ақын жүрегі сезімтал болады ғой. Қасымның ұнатқан қыздары, сүйген жары туралы айтып беріңізші.
- Оралда жүргенде Марфуға деген сұлуға ғашық болады. Оған арналған он бес шақты өлеңі бар. Бірақ Марфуға жалаң аяқ, баспанасы жоқ ақынға қарай қоймайды, талантын бағалағанмен әрі-сәрі болады. Сөйтіп жүргенде Қасымның өзі де одан суып, Сақыпжамалға кездеседі. Сақыпжамал Әнуар дейтін жас жігіттің жұбайы екен. Жас кезінде тұрмысқа шыққан, ол әскери адам болған. Әнуардың үйіне барғанда Сақыпжамалды көреді де, бірден ғашық болады. Өзім Сақыпжамалды кездестірдім, талай әңгіме айтып берді. «Сонда Қасым үйге келеді де, басқалар іште болғанда, «су ішіп келем» деп сыртқа шығып кетеді екен. Аулада тамақ даярлайтын кішілеу бір жай бар. Сонда мен нан жайып жатқанмын, Қасым келді де мені құшақтап, сүйіп алды. Мен сасып қалдым, қызарып кеттім. Ол «мен сені сүйем, саған үйленемін» деп айтты. Мен болсам күйеуім, балам бар десем, «сен кемпір болсаң да саған үйленем, саған үйленбей мен өлмеймін» деп айтқан. Сонда жаспын, күйеуіме Қасым туралы айтам, ол болса «сондай ақын ғашық болса мақтанбайсын ба?» деп айтатын. Ақылды, поэзияны жақсы көретін жігіт еді. Сөйтіп жүргенде Әнуар Алматыға ауысады. Сонымен Қасым Сақыпжамалдан үмітін үзеді, үйлене алмайтынын біледі. Сонан басқа қызға үйленеді. Райхан деген сұлуға. Бірақ онымен де көңілі тыншымайды. Бес-алты ай тұрады да, ажырасып кетеді. Сөйтіп жүргенде соғыс басталады. Әнуар соғысқа кетеді, Қасым атағы шығып қалған ақын, соғысқа бармауға құқы болған. Мен фабрикада жұмыс жасап жүрген кезімде, маған келіп «соғысқа кетіп барамын» деп айтты. Бір түрлі қимадым, жүрегім дір ете қалды. Ол кетті. Екеуінің де тілегін тілеп қала бердім. Тағдыр ғой, Әнуар соғыстан оралмады, Қасым аман-сау келді. Әнуардан Жанна есімді кішкентай қыз қалады. Қасым сол қызбен дос болып алады, сонымен ойнайды. Бір күні Жанна екеумізді шанаға отырғызды да, қыдырып келейік деп өзеннің арғы жағындағы Ахметжан деген ағасының үйіне алып барды да «мен келіншек алып келдім, той жасаңдар» деп айтты. Сонымен қалып қойдық. Тауықтың күркесіндей кішкентай үй, қара чемоданды қойып соның үстінде өлең жазады. Өлеңді ойланып, басында қорытып барып қағазға түсіреді. Күндіз көп жаза алмайды, түнде жазады. Жазып болған соң мені оятады, «оқы, сына» деп. Солай тұрып жаттық. Өмірге Дариға келді»- деп естеліктерін бөлісіп отыратын ақынның жары.
- Ақынның қыздарының одан кейінгі тағдыры не болды?
- Дариға жас кезінен ауру болып өседі. Алайда сезімтал, сұлу болып бой жетеді. Өлең жазады, орысша оқыған, сондықтан орысша жазады. Кітапханада көп жыл қызмет атқарды. Қасым Сырбай Мәуленовты қатты бағалаған. Сырбай да мұны бағалаған. Сосын екеуі бесік құда болады. Сырбайдың Дүйсен деген ұлы бар, Қасымның Жанна деген қызы бар. Жастар үлкендердің айтқанын орындап, үйленеді. Тағдыр ғой, Дүйсен де, одан туған балалар да қайтыс болып кетеді. Жанна жалғыз қалады. Дариға тұрмыс құрмаған, екі мұңлық қазір бір үйде отыр.
-Аға, Қасым аға жөнінде көлемді шығарма жазған қаламгер өзіңізсіз. 1982 жылы жарық көрген «Екінші өмір» атты Қасым Аманжолов жөніндегі романыңызға тоқталсаңыз...
- Қасым өлгеннен кейін де жолы болмаған адам. Жас қайтыс болды, уақыт өте ұмыта бастадық. Қасымның жоқшылары ауыздарынан тастамайды, өлеңін айтады. Содан маған Қасымды жаңғырту керек деген ой келді. «Қазақ әдебиетінде» жұмыс істеймін. Қасымның аты өшіп бара жатқандығына қатты қайғырдым, жүрегім ауырды. Сосын Сырбай ағаға айттым «орыстың әдебиеттерін оқимыз. Оларда творчестволық лаборатория деген болады екен. Біз де, жазушылардың шығармашылық лабораториясы туралы жазсақ қалай болады?» дедім. «Бұл ойың өте дұрыс, сен Қасымнан баста» деді. «Ол кісі туралы қалай жазам, өмірде жоқ» дедім. «Өзі болмаса да әйелі бар» деді. Содан Сақыпжамал апайға бардым, қалай жазды, қашан жазды бәрін сұрадым. Содан мақала жаздым, атын «Қасым қалай жазды?» деп қойдым.
Сол мақаланың шығуы мұң екен, қоңырау деген қаптап кетті. Хаттар келді. Сол хаттардан есімде қалғаны, Нүкістен Бұрхан деген жігіттен келген хат. Онда мынадай жолдар бар екен:
Жазушы қауымға бір құлаққағыс,
Қасым-жыр, Қасым-күрес,Қасым-ағыс.
Жазылса от өмірден бір роман,
Халқымыз айтар еді миллион алғыс.
Содан мен Қасым туралы мақала жазғанмын, «Сымбаты бөлек сырлы әлем» деген зерттеулерім бар, бұл газетке де, кітабыма да шықты. Онда Қасымның шығармашылық ерекшелігі туралы жаздым. Кейін «Аманат» деген пьеса жаздым, онда Қасымның соғыстағы өмірі, «Абдолла» романының қалай жазылғандығы туралы баяндадым. Оны радиоға да берді. «Алтын қорда» сақтаулы. Бүкіл өмірін қамту қиын.
Содан кейін роман жазу ойға келді. Біреулермен ақылдасып көрсем «Сен жындысың ба, қалай жазасың романды? Алдыңда «Абай жолы» тұр, Әуезов данышпан. Қасым Абайдан асқан емес, сен Мұхтардан асқан емессің» дейді бәрі. Бірақ, Қасымға деген ғашықтық бар, ойландым, біраз дайындығым бар. «Аруана» деген повесть жазғанмын, Мұқанов «Әдебиетке талант келді» деп мақтаған, «Тау жолы» деген роман жаздым, ол да жақсы бағаланды. Сонымен тәуекел деп кірісейін дедім. Содан бәрін тастап Қарағандыға тарттым. «Қызыларайды» тауын, Шайтанкөлді көрдім. Қасым жүрген жерлермен жүрдім, ешкім бармаған Аққораға бардым. Алыс жер екен. Кішкентай мектебі бар. «Бұл заманның шалдарында бата жоқ, балаларында ата жоқ заман», сұрасам шалдар ештеңе білмейді. Одан Оралға бардым, Қасым жүрген жерлермен қиялданып жүрдім. Қайтып келіп өлеңдерін оқыдым да, тәуекел деп отырдым. Романның сюжетін ойладым, қалай бастаймын деп, содан атын ойладым. Көп сөздің ішінен «Екінші өмір» дегенді таңдадым. Өмірін кезең кезеңге бөліп жаздым. «Дауыл»-төңкеріске дейінгі өмірі. Содан кейінгі «Жас дәурен»-Оралдағы өмірі, ақындығының қалыптасуы, «От кешу»-майдандағы өмірі,соңғысы-«Қиын асу». Соғыстан қайтып келген соң да көп қиындықтарды бастан кешірді.
Мұндағы кейіпкерлер өмірде бар адамдар. Қасымның әйелі Сәпен, Қамажай, Райхан және басқа да қыздар бар, оның бәрін жаза берсем болмайды. Сондықтан бәрін жинақтап бір-ақ образ Қамажайды алдым. Шәкірттері де көп болған, соларды жинақтап Шуақ деген образды алдым. Шуақ бойы қысқа адам екен, өлең оқығанда бойы ұзарып, сұлуланып кетеді екен деп суреттейді. Кейін Ғафу аға роман шыққанда өзін танып, мені құшақтап, «Мені айнытпай беріпсің ғой» деді. «Сіз емес, Шуаққой» десем, «мен ғой» деп, өзін танып қойды.
Ол роман үлкен қиыншылықпен шықты. Ол заманда жазуда қиын, жазудан бұрын шығару қиын. Сөйтіп жүріп баспаға кетті, жоспарға атын «Қалыптасу» деп қойыпты. Қарсы шықтым. Екінші ғұмыр дегеннің ақын үшін маңызын түсіндірдім. Ақыры баспа менің айтқаныма көнді.
Халық кітапты жақсы қарсыалды. 30 мың тиражбен шығып еді, жетпей қайта басылды. Кейін орыс тіліне аударылды. Не дерсің, соңында маған Халықаралық Шолохов сыйлығын алып берді ғой.
Қасымның айта кетерлік тағы бір ерекшелігі, ол өте көпшіл адам болған. Оның шәкірттері өте көп. Соның ішінде Ғафуды ерекше бағалаған. Ғафу ақындығынан басқа, ән айтады, домбыра тартады. Сол Ғафу Алматыға алғаш келгенде үйі жоқ, барар туыстары жоқ, сонда Қасым оған өз үйінің төрін ұсынған. Өзі кедей болғанымен, жүрегі кең адам болған. Пәтері де кішкентай екен. Он жыл бойы пәтер ала алмай жүрген. Тұрмыс ауыр, ақша жетпейді. Арасында аздап ішеді екен. Оның үстіне ақындық екпін бар, екі қызу қосылады да, бұл қатты-қатты сөйлейді ғой. Тік мінез, тура айтатын адам кімге ұнасын, ұнамайды ғой. Көреалмағандар газетке неше түрлі мақала жазады. Оған ұлтшыл деген жала жауып, партия жиналысында қаралайды. Сонан алдын-ала ақылдасып, партиядан шығаратын болады. Ол заманда партиядан шығу деген, далада қалу деген сөз. Қасым жиналысқа келеді, өзімен бірге өлеңін де ала келеді.
Ей, Қасым, неге сонша қателестің,
Қателесу заң ба екен ақындарға.
Ей, Қасым, адасуға қақың бар ма...
Мұхтар, Сәбит, Ғабиттей атың бар ма?
– деп өз-өзін кінәлап, кешірім сұрайды. С.Мұқанов, М.Әуезов бастаған ақсақалдар «Мынау өзі талант қой. Кешірейік. Бүлдіріп тастаған ештеңесі жоқ» деп партияда қалдырады.
Содан қызмет жоқ, өлеңдері бірде шықса, бірде шықпайды. Соғыстан ауырып келген, қиын өмір сүріп жатады. Үй сұрап барады, бермейді. Сонда айтқан өлеңі бар:
Берсең бер, бермесең қой баспанаңды,
Сонда да тастамаймын Астанамды.
Өлеңнің отын жағып,жылытамын,
Өзімді, әйелімді, жас баламды.
Бір күні «Ілияс Омаров шақырып жатыр» деген хабар келеді. Қасым сасқалақтап қалады. «Не бүлдіріп қойдым» деп. Партияның дүрілдеп тұрған кезі. Орталық Комитеттің идеология жөніндегі хатшысының өзі шақырып тұр. Жай хатшылардың бірі емес, беделді хатшы.
Былғары ескі етігі бар екен, басы жем-жем. Жұмыртқаның сарысы мен қазанның күйесін қосып, майлап алады. Үстіне барын киіп, ертесіне барады. Сонда Сәпен апай айтады ғой, «мені өмірі жанынан тастамайды. Комитетке келдік. Мені қабылдау бөлмесіне қалдырды да, өзі кіріп кетті. Бір кезде шықты. Жылап шықты. Қасым өмірі жыламайтын. «Не болды?» дедім. «Қуанғаннан жылап тұрмын ғой. Менің де сөзімді сөйлейтін, мені де іздейтін адам бар екен-ау» деді. Үй беретін болған екен. Соның қуанышынан жылапты. Кішкене үш бөлмелі пәтерге ие болдық. Бірақ сол замандарда көп қабатты үйлерге де от жағатын. От жақтық. Бірде көмір жоқ, бірде ақша жоқ. Қасым ауырып жүрді. Бірақ қанша ауырса да өлең жазуын тоқтатпады. Қасымға фтивазид деген бір дәрі керек болды. Таптырмайтын дәрі екен. Қанша іздегенмен таба алмадық. Ол уақытта Денсаулық сақтау министрі Ишанбай Қарақұлов еді. Қасым мені сол кісіге жұмсады. «Қасым Аманжолов деген ақынның жарымын де. Өзі ауырып жатыр. Мына бір дәрі ем екен. Соған көмектессін деп жіберді» дерсің. Бардым. Өзім ұяалшақпын. Қабылдау бөлмесіндегі адамдардың барлығы кетіп қалған. Бір кезде ана кісі шықты. Мені көрді де «Қарағым, жай келдің бе? Кімге келдің?» деді. «Сізге келдім» дедім. «Бағанадан бері айтпайсың ба, кабинетке жүр» деді. Бар жағдайды айттым. Қасымды жақсы білетін болып шықты. Жаңағы дәрі тек министрліктің рұқсатымен ғана беріледі екен. «Қасымға бермегенде кімге береміз» деп, шамалы уақыттан соң дәріні қолыма ұстатты. Әлгі дәріні пайдаланған соң кішкене жеңілденді. Осы І. Омаров пен И.Қарақұловты аузынан тастамайтын. «Солардан жақсылық көрдім» деп». И.Қарақұловпен менің өзім бірнеше рет кездестім. Бір бас қосуда «Қызметте жүргенде талай адамға қол ұшын берген болдым. Алайда ақынға жасалған жақсылық ұмытылмайды екен. Қасымға жасаған кішкене көмегім мені тарихта қалдырды» дегені бар-тын.
Қасым кішкене көріпкелдігі бар адам екен. Сәпенге «Сәпен, менің әкем қырық төрт жасаған, мен де содан ұзамаспын. Сол жасқа келіп қалдым, өлемін-ау енді. Егер осыдан аман кетсем жүзге келемін, алайда осы қыстан қалмаспын» деп айтқан екен. Осы сөздерді айтқаннан кейін, Қасым, екі аптадан соң көз жұмады. Оның мынадай көрегендік өлеңі бар:
Сен неткен бақытты едің,келер ұрпақ,
Қараймын келбетіңе мен таңырқап.
Жаңғыртып жер сарайын сен келгенде,
Көрпемді мен жатармын қырда қымтап.
Алда бақытты өмір бар екенін, елдің азат боларын білген адам. Міне, Қасымның тағдыры осындай. Талантты адамдардың өмірі қашанда қиын болады ғой.
-Аға, әлі де болса Қасым Аманжолов зерттеліп біткен жоқ. Қандай мәселелерді қарастыруымыз керек?
- Ол Ленинградта оқыды. Ол туралы өлең жазбауы мүмін емес. Мұны іздеу керек. Соғыста жүргенде С.Мұқановпен, Қапан Сатыбалдинмен де хат жазысты. Қапанға жазған хатының біреуін жатқа білемін. «Менің жүрегімнен кетпей жүрген жалғыз әйел Сәпен. Бұл уақытша нәрсе емес, бұл нағыз махаббат» деп жазған. Одан кейін ол Бакуда Сана деген қызға сұхбат берген. Санаға қолтаңба бергенде, өлең жолдарын арнаған екен. Міне сол сұхбат бір газетке шықты ғой, соны іздеу керек. Зерттеушілер осыны іздеуі керек. Ақша осыған жұмсалуы керек. Сонымен қатар Марфуғаға жазған өлеңдерін іздеу керек. Марфуға кейін өкініпті дейді, «Жақсы адам екен, кеш білдім» деп. Оның балалары бар ғой, іздесең табылады.
Қасымның көркемдік құпиясы әлі ашылған жоқ. Бәріміз Қасым-ұлы ақын деп айтамыз. Алайда, Қасымның несімен құдіретті, несімен талантты, оның ерекшелігі неде, көркемдіктің құпиясы қайда, кілті қайда, жаңашылдығы неде екнін зерттеушілер айтуы керек. Мұны, әлі, ешкім айтпады. Қасым өлеңдерінің текстологиялары әлі бір ізге түскен жоқ. Оны білетін адамдар азайып бара жатыр. Соны білетін үлкен ғұламалардың бірі академик Серік Қирабаев, Қасым туралы алғаш мақала жазған адамдардың бірі. Осы кісілер тірі тұрғанда текстологиясын көрсетіп, бір ізге түсіру керек. Одан кейін, ақынның кейбір жинақтарында Саталинге, Лелинге байланысты сөздер және Совет деген сөздер алынып тасталып жүр. Бұл дұрыс емес. Сол қалпында беру керек. Бұл заманның рухын беріп тұрған нәрсе. Астына тек жылын көрсету керек. Қасымның мынадай сөзі бар екен. Қасым өзі тапсырыспен де өлеңдер жазған ғой. «Социалистік Қазақстан» көбінесе осыған береді екен.Себебі Қасым жылдам және керемет етіп жазып беретін болған. Сонда «Советтік менің өз елім» деген мына өлеңін қараңызшы.
Өмірге келдім еңбектеп,
Шалқалап әкем шықты үйден.
Жетімдік тағдыр жетті ептеп,
Қабағын жаба түксиген.
Өмірден үміт жоқ өзге,
Даланың тердім тезегін.
Әкем боп таптың сол кезде,
Советтік менің өз елім.
Керемет емес пе, бір сөзін өзгерте алмайсын. Заман солай «жаз» деді. Қасымның бір сөзі бар екен «Менің жаман өлеңдерімді жақсы өлеңдерім асырайды» деген. Осының көркемдік құпиясын ашу керек.
- Осы жылы Қасым ағаның жүз жылдық мерей тойы емес пе...
- Оның тойларының барлығы жетім кыздың тойындай болып өтті. 70 жылдығын Жазушылар Одағында өткізсін деп, театрды бермей қойыпты. Мен Д.Қонаевпен жақсы арласам, сол кісіге осы жайды айтып, қоңырау шалдым. «Қасымды білемін, алайда мен әдебиетші емеспін, терең білмеймін. Шыныңызды айтыңызшы сол театрда өткізуге оның шығармашылығы көтере ме?» деді. Мен ойланбастан: «Қазіргі қазақ жазушыларының барлығы халыққа қарыздармыз. Ал, Қасым туралы айтсақ керісінше, халық Қасымға қарыздар. Себебі Қасым майданға барды, содан ауру тапты. Отанды жырлады, партияны жырлады, өзі жоқтықпен өлді. Артында өлмейтін мұра қалдырып кетті. Абайдан кейінгі классик ақын»,- дедім. «Жарайды, театр беріледі» деді. Осы жаңалықты естігенде Сәпен апай көзіне жас алды. Ол кезде банкет дегенді білмейді. Үйге келіп шәй іштік. Кейін 80 жылдық, 90 жылдық мерейтойларында қызмет еттім.
Мен роман жазғаннан кейін сол отбасының бір мүшесіне айналдым. Сол үйге еркін кіретін санаулы адам болды. Сырбай құдасы, досы, Ғафу шәкірті, одан кейін мен. Үлкен құрметке ие болып жүрдік. Сақыпжамал апай бізді қатты жақсы көрді. Апаймен қатты дос болдық. Апай сұлу адам еді. Қартайған кезі, «сырлы аяқтың сұры кетсе де, сыры кетпейді» дейді, ұзын бойлы, ақ құба келген, көздері ботаның көзіндей, жүзінен нұр төгіліп тұратын адам болған. Қолымнан келген жақсылықтың барлығын жасап жүрдім, Сәпен апай көз жұмды. Оны жоқтап «Ақынның жары еді» деп «Қазақ әдебетінде» қоштасу сөзін жаздым. Осыдан кейін ол отбасымен қатынасымыз үзіле бастады. Себебі жастар басқа, біз басқамыз, апаймен сөзіміз жарасатын. Анда-санда тілектес болып жүремін. Ғафудың жары Бәтіш деген жеңгемізден хабарларын біліп тұрамын. Содан жүз жылдығы келе жатыр ғой. Ал елде үнсіздік, тыныш. Бұл тыныштықты бұзу керек дедім де, «Егемен Қазақстанға» мақала жаздым. Кейін, тағы көлемді мақала жаздым. «Айқынға» шықты. Аты былай аталады: «Ардың жүгі нардың жүгінен де ауыр». Қасымның тойы жайлы айттым. Қасымның тойын ЮНЕСКО көлемінде өткізуге болатын еді деген ойымды білдірдім. Жайбасарлығымызбен оны өткізіп алдық, енді, ең болмаса Республика деңгейінде дұрыс өткізейік дедім. Ол үшін мынадай нәрселер істеу керек деп, өз ұсыныстарымды айттым.
Қасымның балаларының жағдайын білейін деп, Қасымның қызы Жаннаға қоңырау шалдым. Қасекеңнің мерейтойы келе жатыр, үкімет тарапынан қандай көмек, қандай қолғабыс керек екенін сұрадым. «Бізге көп нәрсенің керегі жоқ. Бір нәрседен көмек болса. Сіз білесіз, Дариғаның денсаулығы онша емес. Төртінші қабатта тұрамыз. Түсу қиын. Сол үш бөлмелі пәтерді бірінші қабаттағы сондай пәтерге ауыстырып берсе болды» деді. Ойланып отырдым да, «бұл аз ғой, тағы не жақсылық жасау керек» дедім. Дариғаны Президент ауруханасына тіркеу керек дедім. Сонымен қатар оларға ақша керек емес пе? Үшінші, Дариғаға үкімет пе, Қарағанды облысының әкімдігі ме стипендия тағайындауы керек деп. Хатты жазып Мемлекеттік хатшыға жібердім. Оның оң қолы хабарласып, бұл мәселенің бақылауда тұрғанын айтты.
Жалпы, Қасымның биылғы ғасырлық мерей тойы ел мерейін көтеретін ұлттық рухты асқақтататын тағылымы мол мереке болар деп үміттенеміз.
- Ақиық ақын жөніндегі ашық әңгімеңізге рахмет. Алайда Қасымдар жырлаған қазақтың тағдыр қалай қазір? Өзіңіз білесіз, қазір Батыс Қазақстанда көптеген келеңсіз жағдайлар болып жатыр. Маңғыстаудағы оқиға жайлы пікіріңіз қандай?
- Бұл жеке әңгіме болатын өткір тақырып. Дегенмен, сұрақ қойлып қалған соң, қысқа ғана жауап берейін. Жаңаөзендегі еңбекке жарамды 50 мың халықтың 30 мыңы жұмыссыз. Өңірдегі тұрмыс ауыр, ешкім еріккенінен ереуілге шықпайды. Әлеуметтік әділетсіздікті халық көріп отыр. Ереуіл басталған 4 айдан бері жоғары билікпен мұнайшылар арасында парасатты диалог болған жоқ. Ереуіл созылған сайын жағдай шиеленісе береді. Бұл мемлекет үшін де, халық үшін де зиян. Мұнай өндіру азайып, бюджетке түсер қаржы да кеми бермек. Мен ереуілшілер жағындамын. Олардың заңды талаптары тезірек орындалып, елде тыныштық болуын қалаймын.
- Аға, әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен
Гүлнұр ДОСБОЛ
Бірақ рет келетін бір ғасырда
Ей, тәкаппар дүние! Маған да бір қарашы! Танисың ба, сен мені? Мен – Қазақтын баласы! Қасым Аманжолов
Сырбай Мәуленов
Қасым туралы өлеңдер Бірінші өлең Алақандай бұл жерге, Қалайша енді сиярсың. Жақын ең кеше жүргенде, Бүгін сен алыс қиялсың. Жырладың өзің өлкенің -Даласын, тауын, көлдерін. Көре алмай кеттің ертеңін, Көре алмай кеттің көп жерін. Сілтедің ұшқыр қаламды, Өмірдің сырын ерте ұғып. Алшаңдап бастың қадамды, Өсірді елің ерке ғып. Ой тізгінін ірікпей, Күнде жаңа жыр туып. Дауылмен ойнап бүркіттей, Алушы едің сілкініп. Өлді деу сені қиянат, Өлмейтін жан дер едім, Әр жүректе ұялап, Жатыр тулап өлеңің. Екінші өлең Теректерге асыла Шықты ол таудың басына. Ой жүгіртіп, кез салды, Құздың қия тасына. Ойнақ салып лепіріп, Жатты бұлақ өкіріп, Табиғатпен сырласты, Ақын жалғыз отырып. Қонды ойына құбылып Жұмбақ сырлы дүние. Айқай салып жыр буып, Жүгірді ақын үйіне. Сүйді бұлақ Қасымды, Құлағына сыбырлап Қайта-қайта ашылды, Дәптер беті судырлап. Үшінші өлең Нық бұралып құлағы, Домбырасы тұр әлі. Шертпейді ақын сені енді Алысқа ол жөнелді. Жаңғыртты да жер, көкті, Ерте бастап, ерте өтті. Өленде үлкен орны бар, Соған көңіл орнығар. Төртінші өлең Бар еді жырдың кеңесі, Кешікті неге ол енді. Болаттай балқып денесі. Отыр ғой құйып өленді. Алдында оның көп арман, Артында өзен, көк тоғай. Асыға аттап Оралды, Тартады қиял тоқтамай. Арпалысқа кеуде де, От жалынды бір тасқын. Дүние қалды төменде, Кезеді ақын бұлт астын. Табиғатпен тұтасып, Туысты барып ол енді. Қиялдың бұлты от шашып, Құяды нөсер еленді. Бесінші өлең Көк жүзінде көк жұлдыз бар, Бірі сөніп, бірі қалар. Кейде жылы, кейде ызғар, Табиғаттың күні болар. Күндер шіркін өте берер, Зырлап, зулап, асыр салып. Ақын даңқы кете берер, Алар оны ғасыр танып. Ғафу Қайырбеков ...Өлеңнің жазып кетсе бәрін Қасым Еске алсам, ескі күннің мұнарынан Бой созып бір өзгеше шығады ұлан. Еңіреп, ерте айрылып кеткен еді ол Өмірдің маздап жанған шырағынан. Сондықтан бейітіне қатарлатып, Қойып ек қолымыздан от орнатып. Тұр сол от әлі күнге лаулап жанып, Жанынан өткен жұртты жалт қаратып. Жанады ол «өлмес өмір өлеңіндей», Жұлдыздың жерге түскен бөлегіндей. Әлдилеп асау дауыл қанатымен, Ақ нөсер сүйеді оны бөбегіндей. Сол ұлан — ақын еді Қасым деген, Бір туған біздің өжет ғасырменен. Ортаймас оның жомарт қиялынан Жалындай жан-жағына шашылды өлең. Жасынан нөсер құйып, дауылға ерген, Сол дауыл қанатына дабыл берген. Оңаша «от шайнаған» кездерінде Ер Дәуіт тентектігін қабыл көрген. Атына ғашық болып алыстан мен, Түсімде жолыққандай арыстанмен. Аспанның қос бұлтының нажағайы Секілді шарт-шұрт келіп табысқан мен. Ол сонда маңдайымнан сүйген менің, Есімде жұмбақ бақыт күйге енгенім. Ақ көңіл ақтарылған жаныменен Шарт етпе мінезін де үйренгенім. Жарқырап ә дегеннен көрінді ашық, Көңлімді танығандай менің ғашық, «Түбінде шатастырып алмайын -деп Жібердім ақындықтың мөрін басып». Дер еді маған қарап, жұмсақ күліп, Бусанған маңдайыма көз сап тұрып. Маздаған қара шоқтай қос жанарын, Бүркітке қойған тағдыр ұқсастырып. Көп еді айтары да, жазары да, Аурудың жаны күйді азабына. «Кеш» - деген жалғыз сөзбен кетті өшіп, Жалт қарап жалпақ туыс қазағына. Көргем жоқ содан бері оны ұмытып, Тұрғандай болам күнде қолын тұтып, Сипасам маңдайымды жыр жазғанда Кеткендей өлеңіме жалын бітіп. Еске алдым мінезіңді сағынғасын, Жасамай кеткен сабаз жарым жасын. Бұл күні біз қайтеміз деймін тағы Өлеңнің жазып кетсе бәрін Қасым.Мұқағали Мақатаев
Қасым солай болмаса... Дейсіңдер-ау, Қасымның несі басым?! Қасым солай болмаса, несі Қасым, «Ақынмын» деп қопаңдап жүргендердің Әммесінен Қасымның десі басым. Қуат алып жырына бәз-даладан, Ол жанған. Күні жоқ-ты маздамаған! Өлісінде өнеге болғаны анық, Тірісінде біреуге жазған Адам...» Жалын жұтып, жанын жеп жазған құрлы, Өлеңінің өлмеуін арман қылды. Тасқа басып қалдырды тәкаппар жан, Қан менен жас аралас тарлан-жырды. Жеді. Тынды... Керемет дерттер төиіп, Кең кеудеде кетті ғой кектер сөніп. Қасым деген - қалғыған жанартау ғой, Жанартау ғой. Жанды да кетті өртеніп. «Бір күй бар домбырамда...» (Иесі Қасым) Қасым солай болмаса, несі Қасым!? Жыр бәйгеге аттанған адам болса, Сөредегі Қасымын есіне алсын!.. Әнуарбек Дүйсенбиев Зират басындағы сөз I Кім келіп, бұл өмірге кім кетпеген, Ащы өлім кімнің көңілін жүдетпеген, Ақын аға, арадан сен де кеттің, Алысып дерт мендеген жүрекпенен. Өмірдің өгейі емес, өз ұлы едің, Тым ерте өмір мәнін сезіп едің, Жаныңды жақсылыққа салып едің, Жиреніп жамандықтан безіп едің... II ... Қар ұшып долы желмен бұрқырады, Үскірік үйге іргеден ұмтылады. Алаңсыз Жылы бесік арасында Ақын бала тынышсыз бұлқынады. Уақыт өтіп жатты. Есің кірді, Көп жайды өмір өзі түсіндірді. Қой бағып, қозы қуып, құнан мініп, Жүргенде жұптап алғаш айттың жырды. Жылысып өтіп кетіп жігіт кезің, Жүректе талай сұлу туды сезім. Жырға толы жаныңды еліңе арнап, Еңбектің ортасыңда жүрдің өзің... Жасқанып жаудан сен еш көрмеген ең, Ел үшін жан қиюға дайын ер ең. Соғыстың сор топырақ күндерінде Шоқ басып, от жастанып жаздың өлең. Күрестің менің нұрлы шағым үшін, Миуалы өзің еккен бағың үшін. Жыр болып жүрегіңмен бірге келді. Елге деген көп жылғы сағынышың. Өмірге келіп едің өлең үшін, Көрсеттің талай жерде өлең күшін. Сенімен ауру келіп айқасты енді, Қасым аға, шынымен өлемісің?.. Өте берді осылай жыл азапты, Өлім қауіпі түн сайын шырақ жақты. - Домбырамды әперші, домбырамды, Өлтірмейді, - деуші едің, — жыр қазақты. Өрекпен ғой өзімшіл өлім бірақ, Ала алмадың өмірді одан сұрап. Гүл махаббат көмкерген айналасын, Зиратыңа бүгін кеп тұрмын жылап. Қара жер бассын мейлі, ер еңсенді, Күн сайын мен өмірден көрем сені. Сан қазақ сырласады өзіңменен, Өлмепсің, өлтірмепті өлең сені. Жұмекен Нәжімеденов. Қасым аға Тұтап шығып сөзі ойдан, аһ дегенде пеш-демі, Жалын айдап шығатын – Уа, ақ жалын, кеш мені, Ұшқын ұшса жалыннан ойып түсіп бір түрлі, бетіңе леп ұратын қағаз күйген сықылды. Әр жолының астына Қалың мағына қапты ұйып, теңеулері сондықтан көрінеді баттиып. Үтірлері – тұлпардың Ізі сын-ды бір ұлы, Нүктелерінің өзі жұдырықтай жұмулы. Тентек-телі сөздерді айдап келіп қамарда, жақшалары ұқсайды Тәңір соққан қамалға. Сәл шытынса қабағын Шыңдарына қар түсіп, Сәл жымиса – Африка, Антарктида шарпысып сықырлайды мұз болып, Әлемнің бір жартысы, Мұзға қарсы жалын боп Шарпысады жартысы... О, космос ақыны! Ашық бояу өртенген, бір жалт етіп құйрықты жұлдыз сынды ерте өлген, – Жоқ, өлген жоқ, ізі, әне Жосып жатыр – саспаңар, Құдай тартқан секілді бір сызықты ақ бормен Қара тақта-аспанға! Жүрсін Ерман. Ақынның үйі Дегені қайда басылды үйін - Ақылым жетпей, Ашиды миым: Виноградов көшесіндегі Қиратып жатыр Қасымның үйін! Шақұр да шұқыр шаққанда әйнегін Ажалдың сездім ақпандай лебін. Бір-бірлеп сөгіп қабырғаларымды Кеудемді бұзып жатқандай менің! Төбесі үйдің ашылды міне, Бұрқырап тозаң, шашылды күлі. Топырақ шашып жатыр ма дерсің Қиянаттарға Қасымның үйі! Мезгілдің мойырт кесімі сынды Пеші құлады. Есігі сынды. Ақынның соңғы мекені еді - Сәби жырлардың бесігі сынды! Үй керек емес Қасымға енді. Қарайып тұрса басында белгі, Күркілдеп жүріп, кешірер ақын Майманасы бұл тасынған елді! Алдымда сенің елесің тұрды, Тәңірдің өзі жебесін жырды. Жаутаңдап маған қараңды ұлым: «Ақынның үйін неге сындырды?» Шешімін алса қалалық совет - Қиратар үйді бар анық себеп. «Ұғынып» өскен мен ұғармын-ау, Қорқамын бірақ балам ұқса деп! Тағы бір сауал тұрғандай ойда. Тахауи қайда? Сырбайлар қайда? Ақынның үйін қиратып жатыр, Шырылдап бізбен бірге айғайламай ма! Шындықтан үміт үзген бе бәрі, Алқынса жүрек, іздер ме дәрі. Келеді кезек, келеді кезек Сіздерге де әлі, Біздерге де әлі! Дүлділім еді жыр көшіндегі Бауырын жазып бір көсілмеді. Қиратып жатыр Қасымның үйін. ...Біздің үй соның іргесінде еді... Қазыбек ИСА Қасыммен Сырласу Шабыт сыйлап ақынның сазы көпке, Қанат қақты айдынның қазы көкке... Басайын деп Қасымнан қалған ізді, Келген еді қалаға Қазыбек те... Көрместерден көрдім де көрерімді, Немкеттіге білмедім не дерімді... Өзегімді жалғар деп жүрмін мен де Өзегімді жалайтын өлеңімді... Асып жүрсем келдім деп астанаға, Тап болыппын таскерең, тас қалаға. Қасқа жолын Қасымның жалғап келем, Зарын талай тартқызды баспана да... Ойы төмен отырса жоғарыда... Ойлағаның өмірде болады ма... Соғыс емес... Тірлікте қайран ақын Айналатын Оралдың боранына... Желігіп ем жетер деп айға да үнім, Тұрмыстың да тұсауы байлады мың. Өлеңіме айналып ғайып болған, Қайда сол қыз, Дариға, қайда бүгін?.. Бір-ақ рет келетін бір ғасырда, Бұлағай күн бұйырған бұл Қасымға... «Сертке таққан серінің семсеріндей» Айналдырып айшықты жырды асылға, Сырласың да болады, мұңдасың да... Тіршілікке мән бермес жанбыз онша... Талай күттім үмітпен таң қызарса... Қасымды іздеп кеп тұрмын, Қарсы ал мені – Қарқаралы басында жалғыз арша...