АЛТАЙ АСПАНЫ ЖЫРҒА БӨЛЕНДІ

      Естеріңізде болар, өткен жылы дәл осы уақытта Шығыс Қазақстанда Өскемен қаласының әкімінің ұйытқы болуымен алғаш рет ұйымдастырылған «Шығыс шынары» халықаралық жыр мүшәйрасы туралы «Өскеменге өлең келді» деп жазған болатынбыз. Жыр сайысының жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп тұратынын да айтқанбыз сол кезде. Игі дәстүр биыл да жалғасын тапты. Қазақтың азуын айға білеген ақын-жазушылары тағы да Алтай бауырына жиналды. Тағы да төгілтіп жыр оқыды. Былтырғы жыр сайысы Ата заңымыздың 15 жылдығы, Өскемен қаласының іргетасының қаланғанына 290 жылдығы мен ұлы Абайдың туғанына 165 жылдық мерейтойға арналса, биылғы мүшәйра ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналды. Жыр мүшәйрасының шымылдығы Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың құттықтау сөзімен ашылды. – Елдің елдігін танытатын, әлемге атын шығаратын әдебиет екені белгілі. Әрі өлең-жыр – халқымыздың атадан балаға жалғасып келе жатқан киелі өнерінің бірі. Сол өнердің кіндігі үзілмей, ұрпақтан ұрпаққа жалғасуы үшін, кемелдене беруі үшін жыр мүшәйрасын дәстүрге айналдырмақ ниеттеміз. Бұл – біздің егемендігіміздің арқасы. Өскемен қаласында қазақ ақындарының мүшәйрасын өткізу бір кездері өңіміз түгіл, түсімізге кірмеген. Сондықтан Тәуелсіздігіміздің Туын көтеріп, тұғырын бекемдеген Елбасымызға алғыс айтамын. Өткен жылғы мүшәйра ұлы Абай бабамыздың туғанына 165 жыл толу мерекесіне арналса, биыл ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналып отыр, – деді аймақ басшысы. Өткен жылы мүшәйраға көршілес елдерді қоса алғанда ұзын-саны 170-ге тарта ақын қатысса, биыл жыр сайысында бағын сынауға 107 ақын тілек білдірген көрінеді. Оның ішінде іріктеу-сұрыптаудан өткені 16 ақын. Әуелі он алты ақын жұрт алдында жырларын оқыды. Әрқайсысы бір-бір өлеңнен. Қорытындысында бас жүлдеге тігілген 1 миллион 200 мың теңгені облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, «Қазақ энцикло­педиясының» бас редакторы Бауыржан Жақыпқа табыстады. Бірінші орынды Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты, «Жас қазақ үні» газетінің Бас директоры, ақын Қазыбек Иса еншіледі. «Жапандағы жалғыз үй» атты нәзік өрнекті өлеңін нақышына келтіріп, төгілте оқыған ақынға сыйлықты Өскемен қаласының әкімі Ислам Әбішев тапсырды. 2-орынға алматылық ақын Жарас Сәрсек пен астаналық Жанат Әскербекқызы лайық деп табылса, 3-орынды ақын Жәркен Бөдеш, Жүрсін Ерман мен Ұларбек Дәбей өзара бөлісті. Ақын Әлия Дәулетбаева, Бақыт Беделхан, Кәдірбек Құныпиялар – арнаулы сыйлыққа, Азамат Тасқара, Динара Мәлікова, Асанқадыр Исабек, Қорғанбек Аманжолдар ынталандыру сыйлықтарына ие болды. Айта кетейік, бұл күні жыр мүшәйрасы аясында «Демократия салтанаты», «Шығыс жұлдыздары», «Шығыс шынары» атты үш бірдей кітаптың тұсауы кесілді. Жаңа кітаптарды жұртшылықпен облыс басшысының өзі таныстырды. «Тұран» баспасы шығарған «Шығыс шынары» кітабы былтырғы мүшәйраға қатысқан ақындардың іріктелген жырларынан тұрады. Соңғы жылдары өңір басшылығы өзге аймақтарда жоқ игі бір істі дәстүрге айналдырды. Қандай дәстүр дейсіз ғой ол? Ол – өңірден түлеп ұшқан таланттарға құрмет көрсету дәстүрі. Мәселен, былтыр ұлы Абайдың 165 жылдық мерейтойы кезінде Шығыстың жұртының ғана емес, ұлтының аяулы ұлдарына айналған саз өнерінің қайраткері, өнер майталманы Еркеғали Рахмадиевке, төр Алтайдың түлегі, классик жазушы Қалихан Ысқаққа, көрнекті ғалым, академик Сейіт Қасқабасов пен сан ғасырлар бойы шаң басып мұрағаттарда жатқан ұлтымыздың мұраларын қайта жаңғыртып, қазақтың жыраулық әдебиетін ұрпағымен қауыштырған үлкен ғалым, классик жазушы Мұхтар Мағауинге, белгілі ақын Несіпбек Айтовқа айрықша құрмет көрсетіліп, сый-сияпат жасалған болатын. Биыл мүшәйра аясында қазақ әдебиетінің дамуына қосқан үлесі үшін Қазақстанның Халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов, бүкіл өмірін баспасөз қызметіне арнаған, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері Кеңес Юсупов, мемлекеттік «Ақ жауын» камералық оркестрінің көркемдік жетекшісі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, күйші, сазгер Секен Тұрысбеков биылғы жылдың мерейтойы сыйлығының иегері ретінде марапатталып, бағалы сыйлықтарға ие болды. Сонымен қатар Бердібек Сапарбаев қазақтың көрнекті ақыны Тұманбай Молдағалиевке құны 1 миллион теңгені құрайтын Абай атындағы арнайы сыйлықты табыстады.  

Азамат Әбілұлы,

Өскемен