Қадиша Ермекбайқызы: Би өнері – халықтың тұрмыс-болмысын бейнелейді
2018 ж. 13 шілде
6959
0
Қадиша Ермекбайқызы,
ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Наз» театрының көркемдік жетекшісі:
– Қазір Қазақстанның өңірлерін аралауға шықтыңыздар. Байқауымызша, мұның соңы үлкен концертке ұласатын тәрізді.
– Бұл концерттік бағдарламамыздың өзі әдеттегі концерттерден өзгеше. Себебі, біз бағдарламаны Астанамыздың айбынын асқақтатын, халыққа Елордамыз жайлы ақпар беретіндей етіп жасадық. Би өнері – өте күрделі жанр. Сөзсіз тек әрекет пен қимыл арқылы ойыңды, мақсатыңды жеткізу үшін аянбай тер төгу керек. Бұл жерде қарап отырсаңыз бимен қатар ойыңды ашатындай музыка табу. Оған сәйкес сахналық костюм дайындау. Суретшілердің кеңесімен сахналық көркем декорациялар құру. Мұның барлығы шығармашылық ізденістен, парасат пайымыңнан туатын дүние. Осы концертті даярлау барысында бірнеше тың жаңа хореографиялық композициялар және жаңа әндер келді. Өнер адамында шабыт деген тылсым күштің бар екенін білесіздер. Осындай ізденісте шабытың да үнемі қасыңнан табылса, онда бағыңның жанғаны. Әлі алда Павлодар, Тараз, Шымкент, Талдықорған, Алматы сынды шаһарларда үлкен концерттеріміз тұр. Сол сапарларымызды ойдағыдай аяқтасақ, «Елімнің жүрегі – Астана!» концерттік бағдарламасын Астанамыздың үлкен сарайларының бірінде қойып, елорда жұртшылығына би құдіретін тағы бір танытсақ деген ниетіміз бар.
– Ұжымдарыңыз ансамбль емес, «мемлекеттік би театры» деген статусқа ие. Би театрының жалпы мақсаты, ұстанымы қандай?
– Театр құрылғалы бері біздің ұжым би өнерінде үлкен жетістіктерге жетті. Бояуы қанық ұлттық нақыштағы қазақ биінің алуан түрін көрермендарге тарту еттік. Халықтық биді дамытумен қатар, өзге ұлттар мен ұлыстардың салты мен дәстүрін танытатын небір ғажайып билерді сахналадық. Би өнері де халықтың тұрмыс-болмысын бейнелейді емес пе! Сондай-ақ, «Тұйғындар» (2005ж.), «Болеро» (2009ж.), «Нұрғиса» (2010ж.), «Мың бір түннің бір түні» (2013ж.), «У-сана»(2018 ж.) атты хореографиялық спектакльдерді қойдық. Жан-жақтан кәсіби би режиссерлі мен білікті мамандарды шақырып, тәжірибе алмастық. Театрдың басқа театрлардан көркемдік, шығармашылық деңгейінің кем еместігін көрермендер мен театр сыншылары айтып жүр. Ұжым «Театр» деген атқа толықтай лайық. Әрине, сән салтанаты келіскен ғимаратымыз болса, біз де басқа драма театрлары сияқты аптасына бірнеше рет қойылым қоюға мүмкіндігіміз бар. Ұстанымымыз – «театр» деген ұғымның барлық талаптарына жауап беріп, өнерімізді заман көшінен қалдырмай ұштай беру.
– Сөз соңында алдағы жоспарларыңызды білсек.
– Жоспарымыздың шет жағасын ғана айтайын. Біздің театрымыз тарихи қойылымдарды сахналағанды құп көреді. Келер жылы «Шыңғысхан» хореографиялық спектаклін қоюды жоспарлап отырмыз. Бұл шығарманы таңдағанымызға біраз уақыт болды. Дайындық та басталып кетті. «Шыңғысхан» тақырыбы тек қазақ халқын ғана емес әлем тарихшыларын, киногерлерді қызықтыратын, құпиясы мол тарих. Алайда, би театрында алғашқы рет қойылғалы тұр деп ойлаймыз. Одан бөлек тағы тарихи спектаклдеріміз бар. Ол әзірге құпия бола тұрсын. Оны кезінде көрермендеріміз өздері көріп бағасын бере жатар...
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Толқын Сұлтанова
qazaquni.kz
БИ ӨНЕРІ - ХАЛЫҚТЫҢ ТҰРМЫС-БОЛМЫСЫН БЕЙНЕЛЕЙДІ

