Шеберлігімен шыңды бағындырған
2018 ж. 12 шілде
3349
0
Биылғы жылы қазақстандықтар үшін айтулы мерекенің бірі-тоғыз жолдың торабы Сарыарқаның төсінде, ерке Есілдің жағасында, Бозақ шаһарының орны болған Ұлы Жібек жолында бой көтерген сымбатты да кербез қала Астана шаһарына жиырма жыл толмақ. Осы орайда әрбір өңірдің елімізге аты мәшһүр өнер қайраткерлері келіп, өнерлерін паш етіп, жұршылықтың ықыласына бөленуде. Сөйтіп,Астананың талап деңгейіне сай өз өнерлерін таразылап, алдағы межелерін белгілеп жатады. Сондай талап тұрғысынан Елордамыздың жиырма жылдық төл мерекесі қарсаңында әскери-тарихи мұражайда бір көрме өтті.
«Төбеге шықсаң көңілің ашылар, жақсымен сөйлессең зердең ашылар» демекші, осы бір қарапайым жанмен, сыйлас, тілектес болып келе жатқаныма да көп уақыт өте қойған жоқ. Онымен кездесіп, танысқанымыз қасиетті ұлы тұлға Кейкі батырдың бас сүйегі қанды қол жендеттердің зұлымдығымен туған топырақтан тоқсан жылдай шалғайда жатып, өзінің ата-баба мекеніндегі қорымына әкеліп табысталған мемлекеттік шарадан бастау алған еді. Иә, ол бір халқымыздың рухы көтеріліп, тәуелсіздікке және бір тәу етіп, ұлттық рухтың марқайған кезі болатын. Осы оқиғаға арналған ғылыми конференцияда бас қосып танысып едім.
Өзі Торғай өңірінің тумасы. Негізінен Торғай жерін-елге тұтқа болған сайыпқыран батырлар, сөз ұстаған шешендер, темірден түйін түйген шеберлер, әулие-әмбиелер, ақын-жыршылар, не керек өнері толысқан майталмандар шыққан киелі мекен деп санайды. Яғни-қырандар мекені. Демек, сондай киелі өңірде кіндігі кесіліп, қасиетті топырақтан нәр алған Шөптібай Байділдин бауырым да қара жаяу адам емес. Айта кетейін, бұл замандасым он саусағынан өнер тамған ісмер, оюшы, тарихты жете зерттеген саналы саңылақ, кешегі өткен баһадүр бабалардың бүгінге жеткен тұяғы, сарқыты. Олай деуіміздің де өзіндік сыры бар.
«Тектен нәр алған тозбайды» дегендей, түпкі аталары Орта жүздің ханы болған Қайып-ханның тікелей ұрпағы. Аталары Жыланшық өзені мен Ақкөл арасында би, сұлтан болып, төрелік еткен.Кеңес өкіметі орнап, ел басына төнген зұлматты жылдардың бірі-би-төрелерді жаппай қуғын-сүргінге ұшыратқанда аталары жан сауғалау үшін екіге бөлініп оңтүстік ауған. Бірі Созақ, Ташкент, Бұқара жаққа өтсе, екіншісі Ақтөбе, Ырғыз жағын паналаған.
«Қолы білген құм үстінен кеме жүргізер» деген ғой. Оюшы, қолөнер шебері, өлкетанушы Шөптібай да табиғи талантымен талайды тамсандырып жүрген атпал азамат. Өз ісінің хас шебері. Бағындырған биіктері де бір басына жетерлік. Абылай хан атындағы халықаралық конференцияның «Алтын медалі», «Қазына сыйлығының» екі мәрте иегері, Әлемдік Шыңғысхан Академиясының құрметті академигі, «Арқалық қаласының құрметті» азаматы деген атақтары да бар. Жақында Шөптібайдың «Оюмен ой айтқан елміз» атты көрмесі өтіп, елге еңбегі сіңген қолөнер шеберінің туындылары халыққа кеңінен таныстырылды.
Иә, «өнер - мінсең ат, ұшсаң - қанат, кисең - жанат, ішсең – тамақ» деп дана халқымыз бекер айтпаған ғой. Өйткеніөнер – халық тарихының шежіресі іспеттес. Себебі, өнер арқылы ғана өмірдің кең тынысы, тіршілік құбылыстары, адамның әр түрлі сезімін жаныңа жақын қабылдай аласың. Соның ішінде қолөнершілік адам өмірінің сан ғасырлық тарихын көз алдыңа әкеліп, алуан түрлі сыр шертеді. Әсіресе, қазақ халқының басынан өткерген сан қилы тағдырын, тіршілігі мен тынысын, салт-дәстүрін, сана-сезімін, өмір сүрген ортасы, әдет-ғұрпын ұлттық өнер арқылы ұрпақтан ұрпаққа жалғастырып келеді. Сонау қошқар мүйізден бастау алған қазақ ұлттық ою-өрнегінің сан ғасырлық тарихы бар. Айталық, біздің жыл санауымыздан бұрынғы V-III ғасыр аралығындаАлтай өңірінен, Қара теңізге дейінгі сайын далаға қоныстанған түркі халықтарының түп аталары-сақтар мәдени өмірінде осы ою-өрнектерді қолданған.
Әріректен саралар болсақ, ою - өрнек қазақ даласына оқу - сызу пайда болмай тұрып, дүниеге келген деп айтылып жүр. Айтулы өнерді нақты бір адам немесе қолөнер шеберлері ойлап тапқан жоқ, тек халықтың қалауымен өміршеңдікке айналды. Әрине, ол заманда қолөнер шеберлерінің қазіргідей арнайы шеберханалары болған жоқ. Әйтседе, әркім қоршаған дүниені тасқа бейнелеуден бастап, бертін келе киім - кешектерге, ыдыс-аяқтарға сурет етіп салу арқылы бірте - бірте ою-өрнекті қалыптастырған. Ою-өрнекөнері осылайша халқымыздың тұрмыс - тіршілігінде үлкен орын алған. Әр шебер бүл өнерді өз үлгісінде әрқалай дамытқан, жетілдіріп өзінің қолынан шыққан оюға атау берген, астарына терең ұғым сыйғызған білген. Бұдан шығар қорытынды ою - өрнектің тілін, сырын, тарихын, мәнісін шеберден артық ешкім білмейді.
Егер «Өнер - таусылмас азық, жұтамас байлық»,- десек, Шөптібай Байділдин осы ұлттық өнерімізді таза қалпында келер ұрпаққа табыстап жүрген шебер деуге әбден тұрарлық. Жарты ғасырға жуық, яғни қырық жылдан астам уақыттан бері қолөнерімен айналысып, оның ыстық-суығына көндігіп, асыл өнердің нағыз майын ішкен хас шеберге айналуы сөзіміздің нақты дәлелі. Осы мерзім аралығында екі мыңнан аса ою-өрнектің түрін жасаған екен. Оның қолынан шыққан ою-өрнек туындылары 1992 жылы Түркияда, 1996 жылы америкада өткен Атланта олимпиадасында қойылып, бүкіл әлем жұртшылығының таңдайын қақтырғаны да рас. Сонымен қатар Тұңғыш Президент мұражайында, астанада өткен ЭКСПО-2017 көрмесінде де Шөптібайдың қолынан шыққан ою-өрнектер қазақстандық және шетелдік меймандардың назарына ұсынылды. Одан қалды оның ою-өрнектері республикалық басылымдарда жарияланып, телехабарларда да жиі насихатталып қана қоймай, мақал-мәтел, аталы сөздер, сирек шертпе күйлер, фотосуреттер жинаумен айналысатын қыры да дәріптелуде. «Рухани жаңғыру», «Мәдени мұра» бағдарламасы негізінде «Тарихымызды түгендейік» атты көлемді еңбегі мен қатар 1200 оюды құраған «Оюмен ой айтқан елміз» жинағының 3-ші кітабы да оқырманға жол тартуға әзір. Қазақ хандығының 550 жылдығына орай Астана мен Тараз қалаларында өткен халықаралық конференцияларға қатысып, ою-өрнектен көрме өткізді. Еңбегі еленіп «Әлемдік Шыңғысхан академиясының құрметті академигі дипломымен марапатталып, төс белгісін кеудесіне тақты. Қазақ халқының тарихына, мәдениетіне, өнеріне, дәстүріне байланысты 300-ден аса еңбектер жазып, Алматы, Түркістан, Қостанай, Арқалық, Жезқазған, Қарағанды, Қытайдың Құлжа қалаларында өткен ғылыми-практикалық конференцияларда баяндамалары оқылып, жазбалары баспада жарық көрді.
Бірде Шөптібайдың өзін әңгімеге тартып, сыр суыртпақтағанымызда:-«Жалпы, ою-өрнек дегеніміз-қазақ мәдениетінің шежіресі, ата-бабадан қалған мәдени мұра. Іске берілген, жұмысқа төселген, оюларды жатқа жасайтын, өз бетімен жаңа түрлі оюлар жасаушы адамды «оюшы» деп атаған. Оюшылар оюды қиып, құйып, илеп, батырып, кептеп, сызып, шекетулеп, нүктелеп, өз ортасына қарай ою үлгілері болған. Мәселен: «Орта жүздің үлгісі», «Керей үлгісі»,» Арғын үлгісі», «Торғай үлгісі» деп
аталған. Қазақтың ою-өрнектерінің қай түрін алсаңыз да арасында міндетті түрде «Қошқар мүйіз» оюы болуы шарт. Себебі, сол белгі арқылы ғана қазақтың ою-өрнегі екенін анықтаймыз. Қазақтың ою-өрнегінің қазақ тұрмысында қолданылмайтын саласы жоқ. Тіпті, жаңа туған нәрестенің тал бесігінен, дүниеден озған адамның жер бесігіне дейінгі кезең де ою-өрнекпен қамтылған»-деп салиқалы ойын ортаға тастағаны бар.
Иә, қазақтың ою-өрнегінде -халқымыздың мәдениеті мен өнері әрі даналығы жатыр. Сондай-ақ, аталмыш өнер мәнді, сәнді, көркемдік мағынасымен ғасырлар бойы халқымыздың талғамынан өткен асыл қазынасы. Бабалардан мұра етілген өнер бұл. Ал, бабалардан қалған қандай өнер, қандай қазына бар?,-дейтін болсақ, оның бір тармағы осы ою-өрнек өнері. Яғни, осындай ғажайып өнерімізді жоғалтпай, әрі қарай дамыту әр исі қазақтың міндеті болмақ. Бұл орайда біз тілге тиек етіп отырған Шөптібай Байділдиннің көтерген жүгі ауыр, еңбегі ұшан -теңіз екені айтпасақ та түсінікті дер едім.
Қазақ халқы жері от, суы мол жайылым қуып, кең сахарада жүріп жер-суының қадір қасиетін жетік білген, жайлы қоныс іздей жүріп, өсімдік қасиетін мол байыптаған.Жалпы, қолөнерін игерумен айналысу кез-келген адамды еңбексүйгіштікке, әсемдікке талаптандыру арқылы халқының тарихын жадында зерделеп, мәдени мұрасын қадірлеп, құрметтеуге баулиды.Ұлттық өнерді, оның ішінде сәндік қолданбалы өнерді ойдағыдай меңгерген адамда ұлттық талғамның қалыптасатыны сөзсіз. Осы орайда мына бір оқиға ойыма оралып отыр. Халқымыздың атақты суретшісі Әбілхан Қастеевке: «Ою - өрнекті қайдан, кімнен үйрендің»- деп сауал тастағанда:
"Таудың бұлағынан,
Қойдың құлағынан,
Апамның киізінен
Ешкінің мүйізінен"- деп ұтымды жауап қайтарса, танымал ғалым Әлкей Марғұлан "қазақтар ою - өрнек әлемінде өмір сүреді"- деп ой түйіндеуі, қазақы ою – өрнек өнерінің тұғырын биіктетіп тұрған жоқ па?
Ендеше, қаймағы бұзылмаған асыл қазынамыз ұлттық ою-өрнек өнерімізді насихаттауда үлан-ғайыр еңбек етіп, сол жолда ұлағатты іс атқарған атпал азаматымыз Шөптібай Байділдинді, қалайша ұлықтамасқа, қадір тұтпасқа. Саналы ғұмырын ұлттық өнеріміздің қанатын кеңге жаюына сүбелі үлес қосқан абзал жан Шөптібайдың есімі құрметтеуге әбден лайық деп білемін.
«Шеберлік шыңға жеткізер» деген ғой. Шөпекең ұлттық өнерге ғана ден қойып қоймай шығармашылықпен де айналысып, әртүрлі тақырыпқа қалам сілтеп қояды. Мәселен, елдің, жердің тарихын, осы аймақта өмір сүрген хандар, сұлтандар, батырлар, бектер, билер, шешендер мен көсемдер, ақын-жырау, жыршылар, шеберлер, ұста, зергерлер, діни шамшырақтар, тарихи тұлғалардың кесенелері жайлы деректер жинақтап, әулие-әмбиелердің ерекше қасиеттерін, көне тарихи ескерткіштерді зерттеумен де айналысады. Ол қадамы да нәтижесіз емес. «Кейкі батыр» тарихи-зерттеу туындысы, кеңестік заманның қудалауына ұшырап қырық жылға абақтыға тоғытылған Шменбай Әлшориннің түрмеде жазған еңбектерін жинақтаған «Мұхиттан өткен қайық» кітабы қалың оқырманның көзайымына айналды. «Кейкі батыр» шығармасы үшін екі мәрте «Қазына» сыйлығын иемденді. «Үздік өлкетанушы» төсбелгісімен марапаттауы «Құпия сырлы өлке-Арқалық», «Санаулы ғұмырымдағы саналы ойларым» әдеби-танымдық шығармасы осы еңбегінің жемісі. Тағы бір айта кетерлік тұсы- былтырғы жылы «Қазақфильм» түсірген «Кейкі батыр» деректі фильмге кеңесші болса, өзінің «Кейкі батыр» кітабының желісімен түсіріліп жатқан 16 сериялы көркем фильмге де ақыл-кеңесін аямай белсене араласуда.
«Рухани жаңғыру» талаптары ата-баба мұраларына мұқият болуды, мүмкіндігінше бүгінгі өмірімізде олардың рухани тәрбиелік маңызын кеңінен пайдалануды талап етеді. Осы тұрғыдан алғанда халық шебері Шөптібай Байділдиннің ою-өрнектерін кеңінен насихаттау қажеттілігі туындап тұр. Оның алғашқы қарлығаштары да белгілі. Астана қаласында әдемі ғимарат-мемлекеттік мұражайдың сырт қабырғаларында қолданылған ою-өрнектер және «Эйр Астана» әуе компаниясы қызметкерлерінің үстіндегі ықшам, ыңғайлы киісмдерге салынған оюлар да көз қуантады. Алдағы күндердің міндеттері қазақ халқының белгісі ретінде қазақстанда шығарылған бұйымдарға өткізілетін көрмелерде, жаңа қаланың әсем ғимараттарында салынған оюлар ұлтымыздың өзіне тән нақышын көрсетпей ме? Әрине, бұл бағытта ойланатын, іске асыратын шаруалар баршылық. Астана қаласында өткізілген Шөптібай Байділдиннің көрмесі біздерді осындай ойларға жетеледі. Аталмыш көрмеде ұлттық өнеріміздің жанашырлары бас қосты. Олар көрмені аралаумен бірге Шөптібай шебердің көз ілеспес жылдамдықпен қиып, дайындап берген оюларын тұмар ретінде қабылдады.
Міне, Шөптібайдың шығармашылық жолындағы жетістіктерін жіпке тізгендей түгендер болсақ, айтып тауыса алмасымыз анық. Дегенмен де, «жақсы адам – жұрттың ырысы» деген ғой. Бір ақиқаты–Шөптібай ұзақ жылдардан бері қоғам тынысына белсене араласып, талай жауапты қызметтерді абыроймен атқарып, еліміздің рухани, мәдени өмірін, сан-салалы тарауын жандандыруға, жақсарта түсуге бір кісідей үлес қосқан көрнекті қайраткер, танымал өнерпаз әрі жұрттың ырысына айналған жақсы адам дер едім.
Өмірзақ Озғанбаев,
тарих ғылымдарының докторы