Өскемендегі Ворошилов көшесі Шәкәрім даңғылы болып өзгертілді
2018 ж. 11 шілде
3636
0
Өскемендегі Ворошилов көшесі Шәкәрім атындағы даңғылға айналуы мүмкін. Көшелерді қайта атау бойынша тұрақты комиссияның қоғамдық тыңдауында осындай шешім қабылданды, деп хабарлайды altaynews.kz.
Әуелі облыс орталығындағы 23 атаусыз көшеге есім үлестірілді. Оның көбі Ақбауыр, Толағай, Ақшоқы, Арасан деген сияқты қастерлі мекен атауларына ие болды.
Ал ұзындығы 3,6 шақырым болатын, бойында 5000-нан астам халық тұратын Ворошилов көшесіне Жақия Шайжүнісов пен Шәкәрім Құдайбердіұлы есімдерін беру туралы екі ұсыныс көтерілді. Алғашқы ұсынысты «Центр активного долголетия» әлеуметтік бастамалар қоры мен «Казгипроцветмет» ЖШС ұжымы берген. Ал Шәкәрім Құдайбердіұлының есімі Қазақстан жазушылар одағы облыстық филиалының, Мәдениет, спорт және ақпарат саласы қызметкерлері кәсіподақ ұйымының өңірлік филиалының және «Алтай асуы» қоғамдық бірлестігі тарапынан ұсынылған. Тұрғындар арасында көшенің атын кеңестік атауымен қалдыру керектігін айтқандар да табылды. Тараптардың пікірін тыңдай келе, қалалық мәслихат депутаттары Шәкәрім Құдайбердіұлының есімін беру туралы ұсынысты бірауыздан қолдады.
Бұдан бөлек, Питер коммунарлары көшесі Лев Толстойдың атымен, Лениногор көшесі Теміржолшылар атауымен, Комсомол көшесі Жастар деген атпен қайта аталды.
Сондай-ақ, қаланың қақ ортасындағы «Жастар» саябағына Халық қаһарманы Қасым Қайсеновтің есімі берілді. Осыған ұқсас ұсынысты жыл басында өңірдің ақсақалдары көтерген болатын.
«Ұсыныстарды қалалық мәслихаттың депутаттары бір ауыздан қолдады. Қоғамдық тыңдау бойынша қаулы дайындалып, құжат енді республикалық ономастикалық комиссияға жіберіледі. Ақырғы шешім сол жерден шығады» – дейді қалалық мәслихаттың депутаты Майраш Екібасова.