Орыс тілі ықпалымен бұрмаланған жер-су аттары қашан қазақшаланады?
2018 ж. 09 шілде
4486
0
Жақсының аты, ғалымның хаты қалады дейміз. «Жерімнің аты – елімнің хаты» деген де сөз бар. Яғни жер-су аты да – хат, біз білетін хаттардың бір түрі. Әрі ол – қағаздағы ғана емес, бүкіл халықтың құлағына құйылып, жадына жазылып, көмейіне қойылып, тіліне ұстартылып, байланып кеткен және қойған хат. Сондай-ақ елдің саяси-тарихының хаты, жер мен судың меншіктілік белгісі. Кез келген ел мен халықтың өткен тарихын, тағдырын, кешегісі мен бүгінін, ақыл-ойын, таным деңгейін, мәдениетін осы жер-су аттары арқылы да байқауға, пайымдауға болады.
Үйткені тіл, сөз – ойдың көрінісі ғана емес, олар өз кезегінде ойды өзгертіп, оны жаңадан жасайды да. Біріншіден, біз өмір сүріп отырған ортадағы жер-су аты біздің санамызға, сана астарына (подсознание) әсер етеді. Ол қай тілде аталса, біз сол тілге, сол ділге, сол мәдениетке бейімделе бастаймыз. Біз ол атаулардың дұрыс-бұрысын, жанымызға алыс-жақындығын біліп-ажыратып жатпай-ақ оған ыңғайланатын боламыз. Мысалы, еңбек, еңбекші, алғабас, еркіндік, азаттық, бостандық, бірлік, төңкеріс, теңдік, ынтымақ, кеңес, кеңесарық, қызыл ту, жаңа тұрмыс, жаңа құрлыс, жаңа талап, коммунизм сияқты елаттары (елді мекен аттары) біздің түйсігімізге таптық көзқарас дәнін септі.
Ал патшалық Ресей, Кеңес үкіметі тұсында пайда болған және жамырай көбейген орыстекті жер-су аттары қазақ халқының орыстана түсуіне, орыс жұртын ұлы, күшті ұлт ретінде қабылдауына, мойындауына қызмет етті. Орыс қазақ жеріне өзі ғана келген жоқ. Троицк, Свердловск, Комсомольский-Тагильский, Славянка сияқты өздері көшіп шыққан жер аттарын ала келді немесе Саратовка, Самарское, Донское, Малороссийка [1] Новотроицк, Новоодесская, Новониколаевка, Новоалексеевка деп олардан туынды елат жасап алды. Яғни олар өздерінің шаруашылық түрі, өмір салты, ырым-жырымына қоса орыс тілді жер-су аттарын да қалыптастырып, қазақ жерінің тілдік ортасын да өзгертті. Сөйтіп, орыс жұрты өз жерлерінен мыңдаған шақырым алыста тұрса да, өздерін өз елдерінде жүргендей сезінетіндей жағдай жасап-бақты. Мысалы, осы мақала иесі еліміздің оңтүстігінің өзінде бір ұжымшардағы Кончасть, Сеславино, Карл Маркс, Лесхоз, Ақсай, Кельтемашат (Шахты), Чеченгород, Военка, Димитров, Антоновка деп аталған елдімекендер арасында, осы атауларды күнде есітіп, айтып, жаттап өсті. Бұлардың Ақсайдан басқасының бәрі де біз үшін түсініксіз әрі сөз ретінде де, дыбыстық тіркесім ретінде де құлағымызға да, тілімізге де жат болды. Тіл арқылы бізді өз жер-суымызбен, қоршаған ортамен байланыстыра, туыстыра алмады. Керісінше, оларды алыстата, өз елімізді өзімізге өгейсіте түсті.
Екіншіден, жер-су аты бұл жерде бұдан бұрын кімдер өмір сүріп, кімдердің сөзі жүргенінің, бір заманда кімге тиесілі болғанының куәгері, кепілгері болады әрі бәріміз үшін де бұлтартпас тарихи шындық ретінде көрінеді. Мысалы, бүгінде Саратовтың – сары тау, Красноярскінің – қызыл жар деген түрік сөзімен, ал Семейдің – семь палат, Өскеменнің – устья каменных гор деген орыс сөзімен аталғанына әрі бұлардан туындар тарихи ой-тұжырымдармен ешкім де таласа алмайды. Бұл – тілдің жадтық қызметінің көрінісі, тарихтың хаты болғаны. Біз сөз, әсіресе жер-су аттары арқылы атамзаманда болып өткен жайларға жарық түсіріп, олар туралы шын, жаңсақ, жалған мәлімет ала немесе құрастыра аламыз. Мысалы, Келтемасат, Ұзынмасат деген өзен, су аттарына қарап және өздерін тікелей көріп-білмей-ақ, біз тарихтан олардың өзара ұқсас, тек бірі ұзын, бірі қысқа болғаны туралы шын, қисынды мәлімет аламыз.
Үшіншіден, жер-су аттары бізге саналы түрде, саналық деңгейде де әсер етеді. Яғни біз кімнің жерінде жүрміз, бұл жерде кім қожа, шаңыраққа қарай жүр дегендей, астарлы емес, анық түсінік қалыптасады. Бұл оның саяси тұрғыдағы, тікелей әсері. Төртіншіден,
жер-су аттары күнделікті өмірде аса жиі қайталанып айтылатын, қоғамдағы ең белсенді қолданысты сөздер тобына кіреді.
Осы себептерге орай, жер-су аттарына көпшіліктің күнделікті қарекетіне қажетті атау сөз, тіл білімінің ғана нысаны ретінде қарамай, оны мемлекеттік саясат пен ұлттық салт-сана (идеология) негізі деп тану, соған сай мән-мағына беру керек болады. Қазақстандағы жер-су аттарының бұған дейінгі тарихы қазақ жұртын орыстандыруға қызмет етіп келсе, енді олардың қазақшалануы басқа ұлт өкілдерінің қазақтана түсуіне, елімізде мақсат-мүддесі бір, бір тұтас қауым қалыптасуына негіз болады.
Өкінішке орай, тілдік басқыншылық саясатының, басқа ел, басқа тіл үстемдігінің тілдің басқа салаларын былай қойып, тек жер-су аттары арқылы келтірілетін және тек тілдің өзіне ғана тигізетін зардабының өзі орасан дерлік. Мұндай кері ықпал салдарынан халық өзінің дұрыс тілдік дағдысынан жаңылады. Тілдің ғасырлар бойы тірнектелген, Ақаңша айтсақ, асыл жүйесі бұзылып, бей-берекеттене түседі. Тіл өзінің тарихи, табиғи бастауларынан ажырап, онда түсініксіз, төркіндетілуі қиын сөздер үлесі артады немесе олар жаңсақ түсінілетін болады. Мысалы, Алматы облысындағы Инин, Шиен, Киз, Шығыс Қазақстандағы Верхуба, Ардынка [1], Орталық Қазақстандағы Иабай, Жалбаше, Матекол, Кулшин, Колутон, Алутау, Бурташ, Монадыр, Килагир, Киндор [2, 3] немесе Чугучаг, Тюкалинск, Калочинск, Шердаяк, Селшярка, Балакшино, Осакаровка сияқты қазақ жеріндегі басқа да елаттарының нендей сөз екенін, қайдан шығып, не мән берерін тұлғасына қарап біле қою қиын. Тіпті бұлардың бірқатарын тілші, жер-су аттарын зерттеуші мамандардың өзі айтып бере алмайды. Сондай-ақ кейінірек қазақша дыбысталуы бойынша тұлғасы өзгеріп кетуі мүкін Киз атауы тек орыс тілінде ғана тарқатыла алады. Ең бастысы – бұл атаулар орысша айтылуында ғана емес, қазақша айтуда, жай жұрттың сөйлеу тілінде орысша дыбысталуы бойынша қолданылып, бұл жай жазуда, соның ішінде арнайы қабылданатын әкімшлік-аумақтық құжаттарда, іс қағаздарында да көрініс беріп, тұрақтай түсуде.
Жалпы қазақ жер-су аттарының басқа тіл ықпалы салдарынан мүлдем түсініксіз немесе жаңсақ түсінілетін болып қалуы, яғни бұрмалануы бірнеше деңгейде жүреді. Мысалы, Архарлы (арқарлы), Шарафкент (шарапкент), Сүмбе (сүмбі), Мерке (меркі), Тобол (тобыл) атауларының орысша айту ыңғайына қарай бір ғана дыбыстары ауысқан. Бұлар адам танығысыз күйге жетіп, айрықша қолайсыздық тудырмайтынымен, дыбыстау құралымыздың, қазақ тілінің өзіне тән дыбыстық тіркесім жүйесінің орыс тіліне икемделіп, өзінің табиғи қалбынан айырыла бастағанын көрсетеді. Ең қауіптісі – сырт көзге байқаусыз, елеусіз, бір дыбыста тұрған не бар дейсің дейтіндей, ереңсіз күйде. Айталық, Украина, Америка, Афина, Каспий, Аякөз, Машат сияқты елаттарын да ешкім де қандай да қатесі бар, қазақ тілі дыбыстық жүйесіне жат сөздер деп есептемейді. Дегенмен бұл атауларда қазақ тілінің дыбыс үндестігі, кейінді ықпал заңдары, тіліміздегі дыбыстық тіркесім дәстүрі бұзылып тұр және қазақшалай айтсақ, украин, әмірик(е), апиын, сарқан, самарқан, қоқан, аягөз, масат болар еді. Шын мәнінде бұл атаулардағы артық не кем, ауысқан бір дыбыстың өзі бүкіл сөздің дыбысталу ырғағын, айту екпінін өзгертеді. Мысалы, сүмбе, мерке, тобол дегенімізде дауысымыз қаттырақ шығып, сөздің соңына және бүкіл бойына екпін қаттырақ түседі, яғни айту демі көбірек шығып, күш те көбірек жұмсалады.
Сөйлеу тілімізде де қазақтың әуелден бар Башқұртыстан, Үндістан, Жапон, Отар, Шу атауларын жоқ қылып, Башкиря, Индия, Япония, Атар, Чу, Түркия немесе Турция дейтін болдық. Әуелгі Қорғасты орысша мәнермен Харгос деу арқылы қазақ тілінің өзіне ғана тән «қ» дыбысы, онда болмаған «х»-ға айналды әрі дыбыстардың сөз бойында келу заңдылықтары бұзылды.
Ал Сибинка (сібе), Шульба (үлбі), Кумашкино, Убинка, Таловочка [1], Куракина, Кульса, Таволжанка, Дамса, Ерголка, Еруслановка, Чилинка [2], Ишим, Искитам, Иссык, Мойынты, Куучеки (қушоқы), немесе Курминка (құрма), Боровое, Нуринск (нұра), Топаровка, Борлуха, Бурное сияқты дыбыстық өзгеріс үстіне орыс тілі қосымшасын
жалғаған, әуелгі тұлғасы қалай болғаны белгісізденіп бара жатқан атаулар да баршылық. Бір қызығы – қазақ тіліндегі Есік, Ыстық атаулары орысша ыңғайда иссык түріндегі бір тұлғаға айналса, шилі атауы бірде Чайлы [3], бірде Чилинка [2] болып екі түрлі, ал қамысты сөзі бірде Камышановка, бірде Камышинский, бірде Камышинка болып, үш түрлі бұрмаланған. Осы дыбыстық бұрмалану салдарынан әуелгі Алтыүй атауының Ялтаға, Кімасар атауының бірнеше сатыда Коммисаровскийге айналып [3], Қопалы – Копалинское – Копальское – Капальское - Капал болып өзгеріп және соңғы тұлғасы бойынша Қапал деген қаламақ ханының атымен байланыстырылса [4], бір кездегі Жем атауы әуелі Эмба, кейінірек Ембі болып, бұлардың негізінде тағы бірнеше елат, мекеме аттары пайда болды.
Сондай-ақ орыс тілінің «за-» сөзалды қосымшасы арқылы Затобол, Заилийск, Затон, Забадам, Задария сияқты дүбара атаулар туып, әсіресе соңғы екеуіндегі «за» буыны барған сайын көзден тасаланып, қазақ тілінің өз сөзіндей болып барады және түбінде өзімізді адастырып, әуреге салатын болады. Бұлар дыбыс пен қосымша ауысуы және үстемеленуі арқылы ғана бұрмаланған жер-су аттары.
Ал Каменка, Сосновка, Щущинск, Степная, Семиречье, Белые воды, Красные воды, Черные воды, Больше Нарым, Большая Буконь (бөкен), Большой мараленок, Красногорск, Синегорье, Степногорск атаулары жағдайында бүтін сөз, сөз тіркесі немесе оның бір бөлігі ауысып, атау түгелдей немесе жарым-жартылай орыс тіліне аударыла алынған және бірқатары бірден орысша жасалған. Нәтижесінде, біріншіден, қазақ қауымы жер-судың табиғи сипатына қарай қойлыған тастақ, қарағайлы, шортанды, дала қайнар, жетісу, ақсу, қызылсу, қарасу, үлкен нарын сияқты өз тілінен шыққан әдемі атауларынан, сөздерінен жаңылып, айрылып әрі өзі үшін түсініксіз, дыбыстауға да қолайсыз сөзді алуға, қолдануға мәжбүр болып отыр. Екіншіден, мұндай орысша атауларды қазақтың қазақша сөйлеу ырғағымен тез және жиі айтуы, қолдануы салдарынан Белауат, Шернауат, Краснауат сынды тағы да кейінірек түп-төркінін ажыратуда қиындық туғызатын адас атаулар пайда болуда.
Адамның, халықтың «аршып алып тастауға болмайтын» бір табиғи қасиеті – ол не нәрсеге де ат бере отырып, оның мәнін, мазмұнын аша, сыртқы дүниедегі және өзінің таным жүйесіндегі орнын көрсете атайды. Әрі кез келген енді ғана көріп-естіп тұрған нәрсенің де атын затына, затын атына байланыстыра қабылдауға, олардың арасынан қандай да байланыс көруге, табуға бейім болады. Бұл қасиет әсіресе қазақта басым. Үйткені, Ақаңша айтсақ, ол – «сөзге сергек қарайтын», оған үлкен мән беретін халық. Осы себептен болар – бір кездері орыс тілі ықпалымен тұлғасы елеулі өзгерісе ұшырап, әуелгі мәні мен уәжін жоғалтқан сөздерді кейінірек сол өзгерген тұлғасы бойынша басқаша түсініп, басқаша қазақшалау, қазақтың басқа бір сөзіне айналдыру жайы да аз кездеспейді. Мысалы, Алматы облысындағы бір аудан орталығы Шелек деп аталады. Алайда неге бұлай аталатынын ешкім де түсіндіре алмайды әрі шынында да неге Шелек деді екен деп, өздері де түсіне алмай, дал болады. Бірақ мұның орыс тілінен келген оғаштық екені ешкімнің де ойына кіріп-шықпайды. Сірә, тағы біраз уақыт өтіп, ұрпақ алмасса, Шелек жұмбағы сол бойы шешілмей қалуы және шелек-ведро түсінігі арқылы қабылданып кете беруі мүмкін.
Шындығында бұл елатының шелек-ведро-ға түк қатысы жоқ. Халық әуеліде өзеннің өзін, оны жағалай өскен шілік, яғни майда қамыс атымен шілік деп атап, содан шыққан елатын орыс жұрты Чилик түрінде өз тілдеріне икемдей айтқан. Кейінірек орыс тілінің, жұртының екпінімен шілікті ұмытуға мәжбүр болған қазақ, чилик деуге де тілі толық келіңкірмей, айта-айта оны шелек еткен. Нәтижесінде жер-судың табиғи сипатын көрсете атаушы әуелгі Шілік атауы, табиғат жайымен еш байланысы жоқ шатамптық атауға айналды әрі тілімізде жаңсақ түсінік тудырушы Шелек атауы пайда болды.
Дәл осы сияқты, Алматы қаласының оңтүстік батыс жағындағы төңіректе өсіп тұрған қалың қарағайға қатысты қарағайлы аталған жер, елді мекен орыс тілінің қосымшасы жалғана әуеліде – Карагайлинск, кейінірек – жиі қолданыс барысында ықшамдалып,
Каргалинка болған сыңайлы. Күні кешеге дейін Каргалинка болып келген сол жерді бүгінде Қарғалы дейміз және солай жазып та қойдық. Енді кейінгі ұрпақтың бұл жерде бір заманда қарға көп болған-ау деп ойлауына, ойлап қана қоймай, қабылдауына тура келеді. Жер-су аты арқылы өткен заманнан жаңсақ, жалған мәлімет алып, сол негізде шындық та қолдан құрастырылуы мүмкін деуіміздің мәнісі осы болады. Ал бұлай болмасын десек, жадымыздан жуылып кетпей тұрғанда мұндай төркін-тұлғасы күмәнді жалқы есімдерді тілдік, танымдық талдаудан өткізіп, әуелгі, қазақ тілі бұзылмай, бұрмаланбай тұрғандағы қалыбын орнықтыру керек болады.
Ыспандияр Ақайұлы,
Дереккөз: turki.kz