МЕН ҚАЛАЙ «ҚАЗАҚ» БОЛДЫМ?
2018 ж. 05 шілде
5723
1
Қазақстан Республикасы Президентінің: «Ұлты қазақ азаматтардың тегі мен әкесінің атын жазуға байланысты мәселелерді шешу тәртібі туралы» Жарлығы 1996 жылы сәуірдің екісі күні шықты.Аты-жөнімізді қазақшалау туралы бұған дейін ойлап жүрген едік, Жарлық шыққанда қуандық, «өзгертеміз» дедік. Бірақ, ойлау бар да, ойыңды жүзеге асыру бар. Тоқсаныншы жылдары құжатқа қарайтын уақыт болмады, «кейін өзгертемін» деп жүргенде он жылдан астам уақыттың қалай өте шыққанын байқамай қалыппыз.
Ол кезде жұмыс бабымен Павлодар қаласында тұрдым.Темір жол саласында бір кәсіпорынның аудармашысы және мемлекеттік тіл мұғалімі болдым. 2007 жылдың мамыр айында кәсіпорынға өндірістік тәжірибеден өтуге студенттер келді. «Жұмысқа қабылдау туралы» қазақша бұйрық шығардым. Біздің аты-жөніміз сияқты, әлгі жас балалардың аты-жөндері құжатында орысша қате жазылған, оған «-ов», «-ович» жұрнақтары жалғанған. Қазақ тіліндегі бұйрыққа практиканттардың аты-жөндерін әдеттегідей – қазақшалап, әке есіміне «-ұлы» деген жұрнақты жалғадым. Осыны байқаған бір бала: «Аға, аты-жөнімді жеке куәлікте көрсетілген нұсқада жазыңызшы» деп өтінді. «Бұл – бұйрықтың қазақша нұсқасы ғой, орысша нұсқасына құжатыңда көрсетілгендей жазамын» десем де болмады: «бұйрықтың қазақша нұсқасында да, орысша нұсқасында да аты-жөнім құжаттағы үлгіден айнымауы тиіс» деп талапты нақты қойды. Кәсіпорын заңгеріне бардым. «Баланың талабы орынды. Бала өз аты-жөнін құжатымен дәлелдей алады, ал Сіз оның есімін қазақшаға қай заң, қай құжат негізінде «бұрып» отырсыз? Ертең сотқа берсе, ол жеңіп шығады» деді заңгеріміз. Айтқаны қисынға келетін сияқты. Сондықтан, студент балаға: «Өзіңнің намысың бар ма? Аты-жөніңді тым болмаса қазақ тіліндегі бұйрыққа қазақша жаздыруға болады ғой» деп өзімше ақыл айтқан болдым. Ренжіген кейпімді көрген студент: «Аға, бәріміздің жанымызға батады. Мен де – қазақпын, намысым бар. Биыл қарындасым мектеп бітіріп, ҰБТ тапсыру құжаттарын толтырғанда аты-жөнін құжаттағы нұсқадан «ауытқып» қазақша жазып, басы бәлеге қалды. «Жеке куәлігіндегі аты-жөні мен ҰБТ құжатындағы аты-жөні сәйкес болмағандықтан», тесті өзі тапсырғанын дәлелдеу үшін көп қиындық көрді, «оқуға түсу уақытын оздырып ала ма?» отбасымызбен алаңдадық. Қарындасымның басынан өткен оқиға жаныма батқаны соншалық, «бұдан былай кез-келген жерде аты-жөнімді тек құжаттағы нұсқада көрсетілгендей жазу керек» екенін түсіндім. Дауласып, құжат қуалап жүретін уақытым жоқ, ренжімеңіз, аға» деді. Осы жерде мен «гәп балада емес, құжатта» екенін, «аты-жөніңді қазақша жаздырмайсың деген намысымның бекер» екенін түсіндім.
Демек, «аты-жөнімізді жазғанда құжатта көрсетілген нұсқасы ғана заңды болса, онда аты-жөнімізді «өзімізді алдап, алдарқату үшін ғана» қазақша жазып неміз бар?» деген ой келді.
Оқиға ой салды. Сол күні бір қазақ оянды. Құжаттарымды қолыма алып, жерге қарадым. Жеке куәлік, СТН (рнн), ӘЖК (сик), әскери билет, жүргізуші куәлігі...бәрі – орысша. Құжат бойынша аты-жөнім «Туркенов Тулен Рамазанович» екен. Қазақстанда тусам да, тәуелсіз атамекенімде өмір сүріп жатсам да, аты-жөнімді ұлттық дәстүр бойынша жазу құқым болса да, құжат бойынша ұлтым – «қазақ» емес, «казах» екен. Бұрын мән бермеппін-ау. «Құжаттағы аты-жөніміздің ғана заңды күші болса, осы күнге дейін неге қазақшалатпай жүрмін?» деген ой келді. Студенттің отбасында болған оқиға мені тіл үшін күреске шақырды, тіпті, күресті қалай, неден бастау керек екенін үйретті. Қазақшаға өзгертіп, мекемелерден: «Аты-жөнімді құжаттағы нұсқадан айнытпай жазыңыз» деп, неге талап етпеске?. Осылай өз «қаруын» өздеріне қарсы қолдану керек екенін түсіндім. Бұл – ана тіліміздің бағын ашу үшін нақты қадам болар еді ғой.
Кешкі бесті асыға күттім. Жұмыстан шыға, АХАТ-қа тура тарттым. Үлгердім. Қалалық АХАТ-тың бастығы З.Жумадельдинова орнында екен, мені қабылдап, келген мақсатымды білген соң, жаны ашығансып, «аты-жөнімді өзгерту» ойымнан дереу бас тартуымды өтінді. «Сіз ойлағандай емес, өте қиын» деді. Әр нені айтты, «зейнетке шығарда қиын болады, зейнетақы қорыңа ақша түспей қояды», «Баспанаңды сата алмай қаласың» деп үгіттеп отырғанда жұмыс уақыты да аяқталды. Сол күні түк бітірмей, үйге қайттым. Келесі күні жұмыстан шыға тағы АХАТ-қа келдім. Кешегі сценарий қайталанды. Бастық райымнан қайтуымды сұрады. Өз сөзін салмақтай түсу үшін ПМУ-дың бір профессорын мысалға келтірді. Ол да өзінше «қазақ болам» деп, аты-жөнін өзгерткісі келген, әрі-беріден соң, «қиын екен, құрысын» деп, қолын бір сілтеді. «Қайтадан бұрынғы «-ов», «-ович» жұрнағымен жазылатын тегін қайтаруды сұрады» деді. Сондағы ойы «Профессордың қолынан келмегенде, сен кім едің?» дегенге саяды. Бірақ, мен: «Апай, өз аты-жөнін қазақшалаймын деп, мақсатына жете алмаған профессор маған үлгі емес. Ал, мен аты-жөнімді өзгертпей қоймаймын! Сіз маған аты-жөнімді қалай өзгеру керек екенін айтып, жолын көрсетуді, көмектесуіңізді сұраймын» деп, талап еттім.Жұмыс уақыты жетпей, екінші күн «текке» өтті. Үшінші күні АХАТ бастығына: «Апай, мен алған бетімнен қайтпаймын, қайтсем де өзгертемін, көмектесіңіз» дегенде ғана Жанна Жұмажановна есімді маманды шақырып, тапсырма берді...
«Бұрын балалардың аты-жөндеріндегі Ә, Қ, Ұ сияқты әріптер А, К, У түрінде жазылып кеткені және -улы жұрнағы жалғанғаны бар екен. Отбасы мүшелерінің бәрінің туу туралы куәліктерін, неке куәлігін алып қалып, сол күні аты-жөнімді қазақы – «Түркен Төлен Рамазанұлы» нұсқасына өзгерту туралы куәлік берді. Осы куәлік негізінде қайтадан туу туралы куәлік, жеке куәлік, СТН (рнн) алдым. Келесі кезек мемлекеттік зейнетақы төлеу орталығынан (МЗТО) ӘЖК (сик) алу. МЗТО мемлекеттік мекеме болса да, ӘЖК құжатында аты-жөнімді «Туркен Толен Рамазанулы» деп көрсеткен. «Жеке куәлігімде жазылған аты-жөніме жазып беріңіздер» деген талап қойдым. Олар: «Бағдарлама Ө, Ү, Ұ сияқты әріптерді танымайды, ертең зейнетақы қорына жарна түспей қалуы мүмкін» деген сылтау айтты. Талабымды қанағаттандырғысы келмей, біраз қипақтады. «Талабымды орындамасаңыздар, сотқа жүгінейін!» дегенде ғана, ӘЖК-ні «Түркен Төлен Рамазанұлы» атына жазып берді. Ақталып: «Білесіз бе, бізге жоғарыдан (сұқ саусағын шошайтып): «ӘЖК құжатын толтырғанда Ө, Ә, Ұ, Ң сияқты әріптерді «айналып өтуге барынша тырысыңдар. Тек табанды талап еткендерге ғана беріңдер» деген ауызша нұсқау болды» деп, әбігерге салғанына кешірім сұрады.
Сонымен, жоғарыда аталған реттен кейін тұрғылықты мекен-жай бойынша тіркеуге қайта тұру; Зейнетақы қорына барып, мәліметтерге өзгерістер енгізу; Әскери билеттегі аты-жөнімді өзгерту; Жылжымайтын мүлік орталығына барып, иелігіміздегі пәтерге қатысты құжатқа, компьютерлік бағдарламаға өзгеріс енгізу; Жүргізуші куәлікті жаңартып, кітапшаны (банктердегі, Қазпочтадағы), төлем карточканы жаңарту болды.
Бұрын «казах» болсам, енді «қазақ» болдым. Бірақ, осы жолда жасанды кедергілер аз болмағанын айтып өттім.
«КСРО кезінде «не кием?, не ішем?» деп уайымдамадық, тәуелсіздікті ана тілімізді тірілтіп, қазақ болу үшін алмадық па?!» деген ой келгенде қанша жылдарды текке өткізіп алғаныма өкіндім.
Құжатты қазақшалау барысында мемлекеттік тілдің қолданыс аясының кеңеюіне үлес қосуға қауқары бар азаматтардың тіл тағдырына деген немқұрайдылығын көрдім. Ана тіліміздің дамуына өз үлесін қоспай, қалыс қалатын жандар да аз емес екен. Тілдің дамуына мүдделі емес сияқты. Кезінде практикант баланың қарындасының сергелдеңі күрес тәсілімі үлгі болды. Жүрген-тұрған жерімде құжат толтырғанда: «Менің құжатымда аты-жөнім қалай жазылған – айнытпай, дәл солай жазыңдар!» деген талап қоямын. Енді мен «казах» емеспін, «Қазақпын!». Елім – Қазақ, құжатымда аты-жөнім – қазақша, құжат бойынша ұлтым – «қазақ».
Төлен РАМАЗАНҰЛЫ
Қостанай облысы,
Қарабалық ауданы,
Өрнек ауылы.
qazaquni.kz