Мамадияр Жақып аты аталғанда әйгілі Желтоқсан оқиғасы ойға орала кетеді...
2018 ж. 29 маусым
4519
0
Қазақ журналистикасының ардагері Мамадияр Жақып 80 жаста
Қазақ журналистикасының қайраткері, Қазақстанның Құрметті журналисі, ҚР Журналистер одағы сыйлығының лауреаты Мамадияр Жақып мырзаға
Көрнекті қаламгер, Қазақ журналистикасының қайраткері, Қазақстанның Құрметті журналисі, ҚР Журналистер одағы сыйлығының алты мәрте лауреаты Мамадияр Жақып ағамыз, Сізді сексеннің сеңгіріне шығып отырған мерейлі мерейтойыңызбен құттықтаймыз!
Мамадияр Жақып аға, Сіздің атыңыз аталғанда әйгілі Желтоқсан оқиғасы ойға орала кетеді. Алматы облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы болып жүріп, газеттің бірінші бетіне Қайрат Рысқұлбеков бастаған Желтоқсан көтерілісінің төрт оғланының сотта қасқайып тұрған суреттерін жарқ еткізгенде кеңестік кертартпа биліктің үрейі ұшып кеткені белгілі. Сонымен Желтоқсанның ызғары марғасқа Мамадияр ағамызды да облыстық партия комитеті органы болып табылатын газеттің бас редакторлығынан босатты… Коммунистік партия қатарынан шығарды. Ол кезде Коммунистік партияның қылышынан қан тамып тұрған қаһарлы кезеңде партия қатарынан шығару деген сөз – барлығы бітті деген қатал үкім еді. Ел басына туған сергелдеңнен ерді ел болашағына деген сенім ғана аман алып шықты…
Сіз қырық жылдай уақыт ел газеті «Егемен Қазақстанға» ерен еңбек сіңірдіңіз. Бас басылымның бетінде сіздің жүйрік қаламыңыздың жарқын іздері де сайрап жатыр.
Соңғы ширек ғасырдай уақытта, негізінен, халықаралық тақырыпқа қалам тартып жүрген Сіздің бүгінге дейін екі мыңнан аса мақалаңыз жарияланған екен. Төрт очерктер жинағы, «Абырой», «Ұстаз», «Сағыныш», «Мергенбай айтқан екен» сынды бірқатар кітаптарыңыз жарық көрді. Бұл шығармалардың барлығы тағылымы мол тартымды шығармалар ретінде оқырман азығына айналды.
Қадірлі Мамадияр Ділдабекұлы, «Ақ жол» партиясы атынан Сізді сексен жасқа толған мерейтойыңызбен құттықтай отырып, партиямыз бен Қазақ тарихшылары бірлесіп тағайындаған «Қазақ хандығына 550 жыл» мерекелік медалімен марапаттаймыз!
Еселі еңбегіңіздің жемісі жайқалып, саялы бәйтеректей тамырыңыз тереңге тарта бергей! Қаламыңыздан қуат, келбетіңізден шуақ кетпесін!
Денсаулығыңыз мықты болып, шаңырағыңызда шаттық шалқи бергей! Жүзіңіз жарқын күйде Жүзге жетіңіз деп тілейміз.
Құрметпен,
Азат ПЕРУАШЕВ, «Ақ жол» партиясы төрағасы,
ҚР Мәжіліс депутаты.
30 маусым 2018 жыл