Алтынай Жорабаева аралас некені қолдаған Баян Алагөзоваға қарсы шықты
2018 ж. 28 маусым
8152
0
“Махаббат ұлтқа да, нәсілге де қарамайды” деп қытайға тұрмысқа шыққан қазақ қызын қолдаған Баян Алагөзованың басы дауға қалды. Танымал продюсердің пікіріне өнер иелері қарсы шығуда. Мәселен, Алтынай Жорабаева қытайдың сөзін сөйлеген продюсерді сынға алды, деп жазады Stan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі.
“Алла сақтай гөр! Намыс қайда?! Алла бетін аулақ қылсын. Өнер адамдарының осыны қолдағандары жағаны ұстатты: “Киімін киюге, теxнологиясын пайдалануға болады да, тұрмысқа шығуға болмайды ма? Жүрекке әмір жүрмейді” деген не сөз? Ол жүректің дұрыс әмір беруі үшін, ұлтымыз, дінімізді құрметтеу, сүю дегенді ата-ана санаға құю керек қой. Сүюдің жағдайы осылай екен деп, дінді сатып бетімен кету емес қой. Басқа ұлтқа құрметпен қара, сыйлау керек, өйткені біздің атамыз қазақ қонақты сыйлап, төрге отырғызған дұрыс. Бірақ оған қаныңды араластырып, тегіңді былғау деген емес қой, айналайын-ау”, – деді ол.
Еске сала кетейік, Баян Алагөзова теңін таңдауда қыздарға еркіндік беру керектігін мәлімдеді. Ол қытай азаматтарына қарсы шықпас бұрын, олардың техникасы мен көлігін, тым құрығанда тіс жуғыш пастасын жасап үйренуге кеңес берді.
“Айтқым келгені, жүрек қалауын ұлтына, терісінің түсіне, менталитетіне, салт-дәстүріне қарап таңдамайды. Жүрек тек қана сүйеді. Барлық өркениетті елдерде біреудің қарым-қатынасына араласу көргенсіздік саналады. Тәрбиелі адамдар ондай ойдан ада. Мұндай зұлымдыққа қашанға дейін төзуіміз керек?”- деген еді Баян Мақсатқызы.